«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңы 16-бабының 29) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекет меншігінде болатын геологиялық ақпаратты оқу, ғылыми, коммерциялық мақсаттарда пайдалану және геологиялық ақпаратты Қазақстан Республикасынан тысқары жерге әкету қағидасы бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Мемлекет меншігіндегі геологиялық ақпарат және оны оқу, ғылыми, коммерциялық және өзге де мақсаттарда пайдалану тәртібі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 7 қарашадағы № 1357 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 45, 436-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің жер қойнауын пайдалану жөніндегі кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 22 маусымдағы № 578 қаулысының 1-тармағы 4) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1998 ж., № 19, 172-құжат);
3) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 7 қарашадағы № 1357 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 4 тамыздағы № 779 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 31, 314-құжат).
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 11 наурыздағы
№ 251 қаулысымен
бекітілген
Мемлекет меншігінде болатын геологиялық ақпаратты оқу, ғылыми,
коммерциялық мақсаттарда пайдалану және геологиялық ақпаратты
Қазақстан Республикасынан тысқары жерге әкету қағидасы
1. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының (бұдан әрі - Заң) 16-бабының 29) тармақшасына сәйкес әзірленген Мемлекет меншігінде болатын геологиялық ақпаратты оқу, ғылыми, коммерциялық мақсаттарда пайдалану және геологиялық ақпаратты Қазақстан Республикасынан тысқары жерге әкету қағидасы (бұдан әрі - Қағида) мемлекет меншігінде болатын геологиялық ақпаратты оқу, ғылыми және коммерциялық мақсаттарда пайдалану тәртібін (бұдан әрі - геологиялық ақпарат) анықтайды.
2. Мемлекет меншігінде болатын геологиялық ақпаратты
оқу, ғылыми, коммерциялық мақсаттарда пайдалану тәртібі
2. Осы Қағиданың 3-тармағында көрсетілген геологиялық ақпаратты қоспағанда, геологиялық ақпаратты пайдалануға ұсынуды Қазақстан Республикасында геологиялық ақпараттың сақтаушысы болып табылатын жер қойнауын зерделеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) жүзеге асырады.
3. Қағида мемлекеттік құпияларды қамтитын геологиялық ақпаратқа қолданылмайды.
4. Геологиялық ақпарат бастапқы және қайталама негізгі екі түрді қамтиды:
Геологиялық бастапқы ақпаратқа:
бұрғылау ұңғымаларының бағанасы, мұнай, су, газ сынамалары, тас материалдың үлгілері, сынамалары және коллекциялары, шлифтар, аншлифтар, минералдық ерітінділер мен ұнтақтар арқылы білдірілген табиғи таратушыларға арналған ақпарат (заттай ақпарат);
далалық байқау журналдары мен басқа да құжаттамаларда, оның ішінде сынау, сынамаларды талдау, геофизикалық байқауларды тіркеу журналдарында жасанды таратушыларда (қағаз және электронды) көрсетілген ақпарат жатады.
Қайталама геологиялық ақпаратқа бастапқы ақпаратты өңдеу, мағынасын ашу, талдау және қорыту нәтижесінде алынған ақпарат жатады.
5. Бастапқы және қайталама геологиялық ақпарат:
табиғи тасымалдаушылардағы ақпараттың телнұсқалары және құжаттардың көшірмелері түрінде;
геологиялық ақпаратты көшірме жасамай және алмай-ақ танысу жолымен берілуі мүмкін.
6. Геологиялық ақпарат оқу мақсаттарында мемлекеттік, сондай-ақ аккредиттелген жеке оқу орындарына беріледі. Ғылыми зерттеулер мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылған жағдайда, ғылыми мақсаттарда геологиялық ақпарат беріледі.
Мемлекеттік немесе аккредиттелген оқу орнының немесе ғылыми ұйымның сұрау салуы негізінде уәкілетті орган геологиялық ақпаратты оқу немесе ғылыми мақсаттарда пайдалануға беру туралы не оны беруден дәлелді бас тарту туралы шешім қабылдайды. Сұрау салу сұрау салынатын геологиялық ақпараттың мақсаты мен көлемін, оқу бағдарламасы туралы жалпы мәліметтерді, ғылыми зерттеулердің сипатын қамтуы тиіс.
Мына жағдайларда оқу немесе ғылыми мақсаттар үшін геологиялық ақпаратты беруден бас тартылуы мүмкін:
сұрау салынатын геологиялық ақпараттың көлемі мен мазмұны оқу бағдарламасының мазмұнына (егер геологиялық ақпаратқа оқу ұйымы сұрау салған жағдайда) немесе жүргізілетін ғылыми зерттеулердің сипатына (егер геологиялық ақпаратқа ғылыми ұйым сұрау салған жағдайда) сәйкес келмегенде;
сұрау салынатын геологиялық ақпарат конкурсқа қойылатын жер қойнауы учаскелерінің тізбесіне енгізілген жер қойнауы учаскесі жөніндегі геологиялық ақпарат пакетінің құрамына енгенде. Бұл ретте геологиялық ақпарат тек аталған жер қойнауы учаскесі бойынша келісімшарт жасалғаннан кейін не оны конкурсқа қойылатын жер қойнауы учаскелерінің тізбесінен алып тастаған жағдайда беріледі;
сұрау салынатын геологиялық ақпарат мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді құрағанда.
7. Геологиялық ақпаратты коммерциялық мақсаттарда мыналар пайдаланады:
жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған конкурсқа қатысушы - жұмыс бағдарламасы мен барлау және (немесе) өндіруді жүзеге асыру бойынша техникалық-экономикалық көрсеткіштерді әзірлеуге жеткілікті геологиялық, тау-кен-техникалық, технологиялық және өзге ақпарат көлемін қамтитын конкурстық пакет түрінде;
келісімшарттық міндеттемелерді орындау мақсатында жер қойнауын пайдаланушы;
уәкілетті органмен жасалған шарт негізінде мемлекеттік бюджеттік бағдарлама бойынша жер қойнауын геологиялық зерттеуге байланысты жұмыстарды жүргізетін тұлға;
мәлімделген мақсаттар үшін қажетті көлемде жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға жер қойнауын пайдалану құқығын алуға өтініш берген тұлға.
8. Жер қойнауын пайдаланудан бос пайдалы қазбалардың кен орындарымен танысу үшін геологиялық ақпарат уәкілетті органның шешімі бойынша мүдделі тұлғаның сұрау салуы негізінде Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы және мемлекеттік құпияларды қорғау туралы заңнамасының талаптары сақталған жағдайда беріледі.
9. Геологиялық ақпарат тұрақты немесе уақытша пайдалануға беріледі. Геологиялық ақпарат уақытша пайдалануға уәкілетті органмен жасалған шарт бойынша жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыстарды орындайтын тұлғаларға беріледі. Барлық өзге жағдайларда геологиялық ақпарат тұрақты пайдалануға беріледі.
10. Геологиялық ақпарат ақылы (төлем өндіру) немесе өтеусіз (төлем өндірмей) негізде беріледі. Төлем өндірмей (өтеусіз) геологиялық ақпарат:
мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жер қойнауын геологиялық зерделеуге байланысты жұмыстарды жүргізетін тұлғаларға;
ғылыми мақсаттар үшін, ғылыми зерттеулер мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылған жағдайда;
оқу мақсаттарында - мемлекеттік, сондай-ақ аккредиттелген жеке оқу орындарына;
мемлекеттік органдарға беріледі.
Осы тармақта көзделген жағдайларды қоспағанда, геологиялық ақпарат оның құны Қазақстан Республикасының бюджетіне төленген жағдайда ақылы негізде пайдалануға беріледі. Геологиялық ақпаратты ұсыну шарттарына қарамастан, одан көшірме жасау шығындарын ақпарат алушы жеке өндіріп алынады.
11. Конкурс туралы хабарландыруға дейін уәкілетті орган конкурсқа қойылатын жер қойнауының учаскелері жөнінде геологиялық ақпарат пакеттерін дайындайды және оның құнын анықтайды. Пакет өтініш берушінің конкурсқа қатысу туралы шешім қабылдауға қажетті геологиялық, тау-кен-техникалық, технологиялық және өзге де ақпараттардың көлемін қамтуы тиіс.
Конкурсқа қатысуға өтініш қабылданғаннан кейін уәкілетті орган өтініш берушінің жүгінуінен кейін бір айдың ішінде өтініш берушіге ақыға қойылатын жер қойнауы учаскесі жөнінде геологиялық ақпарат пакеті ұсынады.
Тікелей келіссөздерге қатысуға өтініш қабылданғаннан кейін уәкілетті орган өтініш берушінің жүгінуінен кейін бір айдың ішінде ақыға қойылатын жер қойнауы учаскесі жөнінде геологиялық ақпарат пакетін ұсынады.
Геологиялық ақпарат пакетінің құны тарихи шығындардың мөлшерін ескере отырып анықталады.
Геологиялық ақпарат пакетінің құны қайтаруға жатпайды.
Өтініш берушінің алынған геологиялық ақпаратты кез келген нысанда ашуға немесе үшінші тұлғаға беруге құқығы жоқ.
12. Мемлекет меншігінде болатын геологиялық ақпараттың құны тарихи шығындар сомасының бір бөлігі ретінде анықталады.
13. Геологиялық ақпарат уәкілетті орган мен заңды немесе жеке тұлға арасында жасалған келісім (бұдан әрі - Келісім) негізінде беріледі. Келісім заңды және жеке тұлғадан геологиялық ақпаратты алуға өтініш түскен сәттен бастап бір айдың ішінде жасалады.
14. Қағиданың 15-тармағында баяндалған жағдайдан басқа, геологиялық ақпаратты пайдалануға алған заңды немесе жеке тұлға оның құпиялылығын сақтайды: тираждамайды, үшінші тұлғаға бермейді, тек келісім мәні бойынша жұмыстарды орындау үшін ғана пайдаланады. Заңды немесе жеке тұлға құпиялылық талаптарын орындамаған жағдайда, геологиялық ақпаратты пайдалану құқығынан айырылады және уәкілетті органға барлық алынған материалдарды қайтарады.
Құпиялылық талаптары Келісімде реттеледі.
15. Уәкілетті органнан ақылы негізде геологиялық ақпарат алған заңды немесе жеке тұлға оның келісімшарттық аумақта жер қойнауын пайдаланушының ресми түрде ресімделген тапсырысы бойынша жұмыстарды орындайтын өзінің мердігеріне (бұдан әрі - мердігер) осы геологиялық ақпараттың көшірмесін уақытша пайдалануға бере алады. Мердігерге геологиялық ақпаратты беру жер қойнауын пайдаланушы, оның мердігері мен уәкілетті орган арасындағы үшжақты шартпен ресімделеді. Мердігердің геологиялық ақпаратты пайдалану мерзімі келісімшарттық аумақта мердігерлік жұмыстарды орындау мерзімімен анықталады.
Жер қойнауын пайдаланушының тапсырысы бойынша оның келісімшарттық аумағында жұмыстарын орындайтын заңдық және жеке тұлғадағы мердігер Қағиданың 14-тармағына сәйкес құпиялылық талаптарын сақтайды.
16. Геологиялық ақпарат көшірмелер түрінде ұсынылады. Геологиялық ақпаратты ұсыну талаптарына байланыссыз оған көшірме жасау жөніндегі шығыстарды геологиялық ақпаратты алушы жеке өтейді.
3. Геологиялық ақпаратты Қазақстан Республикасының
аумағынан тысқары жерлерге әкету тәртібі
17. Қазақстан Республикасынан тысқары жерге әкетуге заңды немесе жеке тұлғаларға (бұдан әрі - Өтініш беруші) уәкілетті орган берген немесе жер қойнауын пайдалану процесінде алынған геологиялық ақпарат жатады. Қазақстан Республикасынан тысқары жерге әкетуге Қағиданың 4-тармағында анықталған геологиялық ақпарат түрлері жатады.
18. Геологиялық ақпарат Қазақстан Республикасының аумағынан кеден одағының аумағында да, сондай-ақ кеден одағының аумағынан (бұдан әрі - кеден одағының аумағы) тысқары жерлерге әкетілуі мүмкін.
19. Кеден одағының аумағынан тысқары жерлерге геологиялық ақпаратты әкету кеден одағының уәкілетті мемлекеттік органы берген (бұдан әрі - мемлекеттік орган), уәкілетті органмен келісілген лицензиялардың негізінде, ал кеден одағының аумағында геологиялық ақпаратты әкету уәкілетті органның Рұқсаты негізінде жүзеге асырылады.
20. Геологиялық ақпаратты табиғи тасымалдағыштарда кеден одағының аумағынан тысқары жерге әкету үшін Өтініш беруші мемлекеттік органға және уәкілетті органның тиісті аумақтық органына (бұдан әрі - аумақтық орган) өтінішті және оған қоса Өтініш берушінің қолы қойылған геологиялық ақпаратты іріктеу актісін, өтініш беруші және аумақтық орган қол қойған геологиялық ақпаратты қарау актісін, әкетілетін геологиялық ақпараттың тізімін, кедендік зертхананың сараптамалық қорытындыны береді. Аумақтық орган өтінімді қарап, күнтізбелік он күн ішінде өзінің қорытындысын уәкілетті органға жібереді.
Мемлекеттік орган Өтініш берушінің өтінішін қарап, уәкілетті органға келісуге жолдайды. Уәкілетті орган оң шешім қабылдаған жағдайда, жеті күнтізбелік күн ішінде келісілген өтінімді мемлекеттік органға кедендік одақтың аумағы арқылы геологиялық ақпаратты әкетуге арналған лицензия беруге жолдайды.
21. Геологиялық ақпаратты жасанды тасымалдағыштарда кеден одағының аумағынан тысқары жерге әкету үшін Өтініш беруші мемлекеттік органға және тиісті аумақтық органға өтінішті және оған қоса өтініш беруші және аумақтық орган қол қойған геологиялық ақпаратты қарау актісін, әкетілетін геологиялық ақпараттың тізімін, аумақтық органның мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі бөлімшесі беретін құпия геологиялық ақпараттың жоқтығы туралы анықтаманы береді. Аумақтық орган өтінімді қарап, күнтізбелік он күн ішінде өзінің қорытындысын уәкілетті органға жібереді.
Мемлекеттік орган Өтініш берушінің өтінішін қарап, уәкілетті органға келісуге жолдайды. Уәкілетті орган оң шешім қабылдаған жағдайда, жеті күнтізбелік күн ішінде келісілген өтінішті мемлекеттік органға кеден одағының аумағы арқылы геологиялық ақпаратты әкетуге арналған лицензия беруге жолдайды.
22. Геологиялық ақпаратты табиғи тасымалдағыштарда кеден одағының аумағында жерлерге әкету үшін Өтініш беруші тиісті аумақтық органға өтінішті және оған қоса Өтініш берушінің қолы қойылған геологиялық ақпаратты іріктеу актісін, өтініш беруші және аумақтық орган қол қойған геологиялық ақпаратты қарау актісін, әкетілетін геологиялық ақпараттың тізімін, кедендік зертхананың сараптамалық қорытындыны береді. Аумақтық орган күнтізбелік он күн ішінде өтінішті қарап, өзінің қорытындысын уәкілетті органға жібереді, ол оң шешім қабылданған жағдайда, күнтізбелік он күн ішінде кеден одағының аумағы шегінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы геологиялық ақпаратты әкетуге арналған Рұқсатты береді.
23. Геологиялық ақпаратты жасанды тасымалдағыштарда кеден одағының аумағы шегіндегі жерлерге әкету үшін Өтініш беруші тиісті аумақтық органға өтінішті және оған өтініш беруші және аумақтық орган қол қойған геологиялық ақпараттарды қарау актісін, әкетілетін геологиялық ақпараттың тізімін, аумақтық органның мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі бөлімшесі берген құпия геологиялық ақпараттың жоқтығы туралы анықтаманы береді. Аумақтық орган күнтізбелік он күн ішінде өтінішті қарап, өзінің қорытындыны уәкілетті органға жібереді, ол оң шешім қабылданған жағдайда, күнтізбелік он күн ішінде кедендік одақтың аумағының шегінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы геологиялық ақпаратты әкетуге арналған Рұқсатты береді.
24. Қазақстан Республикасынан тысқары жерге әкетілетін геологиялық ақпараттарға рұқсат беруге құжаттарды ресімдеу индустриялық саясатты реттеу саласындағы уәкілетті орган бекітетін нұсқаулық сәйкес жүзеге асырылады.