Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттарды иеленуші азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісімді бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2011 жылғы 18 ақпандағы № 156 Қаулысы.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының ҮкіметіҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Астана қаласында 2010 жылғы 13 мамырда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттарды иеленуші азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К.Мәсімов


Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттарды иеленуші азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісім

      Ескерту. Келісімнің атауы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.05.2017 № 298 қаулысымен.

(2011 жылғы 12 сәуірде күшіне енді -Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары
Бюллетені,2011 ж., № 3, 36-құжат)

      Ескерту. Келісімнің бүкіл мәтіні бойынша "дипломаттық паспорт" деген сөздер тиісті түрде "дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорт" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Үкіметінің 25.05.2017 № 298 қаулысымен.

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі,

      екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және екі жақты қарым-қатынастарды дамытуға ниет білдіре отырып,

      Тараптар мемлекеттерінің азаматтары - дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттар иелерінің екінші мемлекеттің аумағына кіруі жөнінде шаралар қабылдауға дайындықтарын растай отырып,

      Дипломатиялық қатынастар туралы 1961 жылғы Вена конвенциясының және Консулдық қатынастар туралы 1963 жылғы Вена конвенциясының ережелерін ескере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар Келісімді іске асыру мақсатында бір Тарап мемлекеті азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіруі үшін жарамды құжаттар тізбесіне мынадай құжаттарды енгізуге уағдаласты:

      - Қазақстан Республикасының азаматтары үшін:

      дипломатиялық паспорт;

       қызметтік паспорт;

      - Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтары үшін:

      дипломатиялық паспорт;

      арнайы паспорт.

      Бір Тарап мемлекетінің азаматтары – осы баптың 1-тармағында көрсетілген паспорттардың иелері, екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқандарын қоспағанда, дипломатиялық және консулдық өкілдіктердің қызметкерлері екінші Тарап мемлекетінің аумағына халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пунктері арқылы визасыз келуге және кетуге, оны кесіп өтуге және онда келген күннен бастап 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзімде болуға құқылы.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.05.2017 № 298 қаулысымен.

2-бап

      1. Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен бастап 30 (отыз) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы қолданыстағы дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттардың үлгілерімен алмасады.

      2. Тараптардың бірі дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспортқа қандай да бір өзгерістер енгізген жағдайда, паспорттың өзгертілген үлгісі күшіне енгізілгенге дейін 30 (отыз) күн бұрын екінші Тарапқа дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттың өзгертілген үлгісін жіберуі, сондай-ақ өз мемлекетінің заңнамасына дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспортқа қатысты енгізілген өзгерістер туралы хабарлауы тиіс.

3-бап

      Тараптар мемлекетінің азаматтары - дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағында өзінің болуы мерзімі ішінде сол мемлекеттің заңнамасын сақтауға міндетті.

4-бап

      Егер мұндайлар кіру үшін қажетсіз деп саналатын болса, Тараптар дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттары бар бір Тарап мемлекеттің азаматтарына өз еліне кіруге, сондай-ақ онда болуға тыйым салу құқығын өзіне қалдырады.

5-бап

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

6-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты туындайтын келіспеушіліктер дипломатиялық арналар арқылы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

7-бап

      Осы Келісімге өзгерістер Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке хаттамалар нысанында енгізіледі және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

8-бап

      1. Тараптар ұлттық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке немесе қоғамдық денсаулыққа қатер туындаған жағдайда осы Келісімнің қолданылуын уақытша, толық немесе ішінара тоқтата тұруы мүмкін және осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру туралы қабылданған шешім туралы, сондай-ақ оның қолдануын қайта бастау туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы дереу хабарлауы тиіс.

      2. Осы Келісімді тоқтата тұру екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы бірінші Тарап мемлекеті азаматтарының құқықтық жағдайына әсерін тигізбейді.

9-бап

      Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және бір Тарап дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты өзінің оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабардар еткен сәттен бастап 30 (отыз) күн өткенге дейін күшінде қалады.

      2010 жылғы 13 мамырда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

Қазақстан Республикасының

Біріккен Араб Әмірліктерінің

Үкімет үшін

Үкіметі үшін


      РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Келісімнің мәтіні араб және ағылшын тілдерінде берілген.