Қазақстан Республикасының ҮкіметіҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Астана қаласында 2010 жылғы 13 мамырда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттарды иеленуші азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб
Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттарды
иеленуші азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы
келісім
(2011 жылғы 12 сәуірде күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2011 ж., № 3, 36-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі,
екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және екі жақты қарым-қатынастарды дамытуға ниет білдіре отырып,
Тараптар мемлекеттерінің азаматтары - дипломаттық паспорттар иелерінің екінші мемлекеттің аумағына кіруі жөнінде шаралар қабылдауға дайындықтарын растай отырып,
Дипломатиялық қатынастар туралы 1961 жылғы Вена конвенциясының және Консулдық қатынастар туралы 1963 жылғы Вена конвенциясының ережелерін ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан дипломатиялық және консулдық өкілдіктердің қызметкерлерін ескермегенде, бір Тарап мемлекетінің азаматтары - дипломаттық паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пункттері арқылы визасыз және тегін кіріп-шығуға, оны кесіп етуге және онда 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзімге болуға құқылы.
2-бап
1. Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен бастап 30 (отыз) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы қолданыстағы дипломаттық паспорттардың үлгілерімен алмасады.
2. Тараптардың бірі дипломаттық паспортқа қандай да бір өзгерістер енгізген жағдайда, паспорттың өзгертілген үлгісі күшіне енгізілгенге дейін 30 (отыз) күн бұрын екінші Тарапқа дипломаттық паспорттың өзгертілген үлгісін жіберуі, сондай-ақ өз мемлекетінің заңнамасына дипломаттық паспортқа қатысты енгізілген өзгерістер туралы хабарлауы тиіс.
3-бап
Тараптар мемлекетінің азаматтары - дипломаттық паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағында өзінің болуы мерзімі ішінде сол мемлекеттің заңнамасын сақтауға міндетті.
4-бап
Егер мұндайлар кіру үшін қажетсіз деп саналатын болса, Тараптар дипломаттық паспорттары бар бір Тарап мемлекеттің азаматтарына өз еліне кіруге, сондай-ақ онда болуға тыйым салу құқығын өзіне қалдырады.
5-бап
Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
6-бап
Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты туындайтын келіспеушіліктер дипломатиялық арналар арқылы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.
7-бап
Осы Келісімге өзгерістер Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке хаттамалар нысанында енгізіледі және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
8-бап
1. Тараптар ұлттық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке немесе қоғамдық денсаулыққа қатер туындаған жағдайда осы Келісімнің қолданылуын уақытша, толық немесе ішінара тоқтата тұруы мүмкін және осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру туралы қабылданған шешім туралы, сондай-ақ оның қолдануын қайта бастау туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы дереу хабарлауы тиіс.
2. Осы Келісімді тоқтата тұру екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы бірінші Тарап мемлекеті азаматтарының құқықтық жағдайына әсерін тигізбейді.
9-бап
Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және бір Тарап дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты өзінің оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабардар еткен сәттен бастап 30 (отыз) күн өткенге дейін күшінде қалады.
2010 жылғы 13 мамырда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктерінің
Үкімет үшін Үкіметі үшін
РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Келісімнің мәтіні араб және ағылшын тілдерінде берілген.