Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 46-бабының 8-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Нысаналы даму трансферттерін бөлу қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 29 қаңтардағы
№ 40 қаулысымен
бекітілген
Нысаналы даму трансферттерін бөлу қағидасы 1. Жалпы ережелер
1. Осы Нысаналы даму трансферттерін бөлу қағидасы (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 46-бабының 8-тармағына сәйкес әзірленді және жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке берілетін нысаналы даму трансферттерін бөлу тәртібін анықтайды.
2. Нысаналы даму трансферттері жергілікті бюджеттік даму бағдарламаларын іске асыру үшін республикалық немесе облыстық бюджетте бекітілген сомалар шегінде жоғары тұрған бюджеттер төмен тұрған бюджеттерге беретін трансферттер болып табылады.
2. Нысаналы даму трансферттерін бөлу тәртібі
3. Темен тұрған бюджеттерге нысаналы даму трансферттерін бөлу кезінде нысаналы даму трансферттері бойынша нәтижелер туралы келісімдерде (бұдан әрі - Келісім) анықталған тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу алдыңғы қаржы жылында осы мақсаттарға нысаналы даму трансферттері бөлінген жағдайда ескеріледі. Кезекті қаржы жылында межеленген нәтижелерге қол жеткізілмеген жағдайда жоспарлы кезеңнің келесі қаржы жылына нысаналы даму трансферті берілмейді.
Кезекті қаржы жылына арнап бюджет қаражатын жоспарлау кезінде нысаналы даму трансферттері шеңберінде іске асырылатын жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалардың (бұдан әрі - ЖБИЖ) тікелей нәтижесіне қол жеткізуді бағалау Келісімде айқындалған нәтиже көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы қорытынды есептер мен жоғары тұрған бюджеттерден төмен тұрған бюджеттерге жоспарлы кезеңнің ағымдағы қаржы жылының алдындағы қаржы жылында бөлінген нысаналы трансферттердің іске асырылуы туралы талдамалық есептің негізінде іс жүзіндегі қол жеткізілген көрсеткіштердің жоспардағымен ара қатынасын салыстыру жолымен жүзеге асырылады.
Тікелей нәтижеге қол жеткізуді бағалауды тиісті орталық мемлекеттік орган немесе облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы немесе ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиісті жергілікті атқарушы органы бюджеттік өтінім ұсынған кезде ЖБИЖ бөлінісінде облыстық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган айқындайды.
ЖБИЖ-дің түпкілікті нәтижесіне қол жеткізді бағалауды тиісті орталық мемлекеттік орган немесе объектіні пайдалануға енгізгеннен кейінгі келесі қаржы жылына арналған облыстық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган жүргізеді.
4. ЖБИЖ-ні анықтау мақсатында жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 сәуірдегі № 545 қаулысымен бекітілген Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу, іске асыруды мониторингілеу және бағалау ережесінде (бұдан әрі - Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу, іске асыруды мониторингілеу және бағалау ережесі) белгіленген тәртіппен ЖБИЖ тізбесін әзірлеп қалыптастырады және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі тиісті жергілікті уәкілетті органға жібереді.
5. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган:
1) жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің ЖБИЖ тізбелерін қарайды;
2) экономикалық сараптама негізінде экономикалық қорытынды дайындайды және ЖБИЖ тізбесін жасайды.
ЖБИЖ тізбесін жасау кезінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі тиісті жергілікті уәкілетті орган жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерімен бірлесіп, ЖБИЖ-ді қаржыландыру көздерін анықтайды.
Жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері есебінен Қазақстан Республикасын дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарына, Елдің аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасына, Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға, Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына, Денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына, салалардың стратегиялық бағыттары мен әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына, салалық бағдарламалар мен аумақтарды дамыту бағдарламаларына сәйкес келетін ЖБИЖ іске асырылады.
Нысаналы даму трансферттері мыналарға:
1) өңірлік маңызы бар мамандандырылған білім беру мекемелерін, авариялық және бұзылуға тиіс мектептердің орнына болжамдағы көлемі 300 орыннан асатын және ауылдар мен қалаларда 3-4 ауысымдық оқу проблемаларын шешетін жалпы білім беру мектептерін, 300-ден аса орындық қуаты бар кәсіптік лицейлерді, қуаты 280 және одан да асатын мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын;
2) өңірлік маңызы бар денсаулық сақтау объектілерін; денсаулық сақтау объектілеріне сұранысты айқындау және басым инвестициялық жобалардың тізбесін қалыптастыру әдістемесіне сәйкес жергілікті маңызы бар денсаулық сақтаудың басым объектілерін (нысаналы трансферттер есебінен);
3) өңірлік медициналық-әлеуметтік мекемелер: психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелер, балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелері, мүгедектерге арналған оңалту орталықтары, мүгедек-балаларды оңалту және бейімдеу орталықтарын;
4) газды бөлудің автоматтандырылған станцияларын сала отырып, магистральді газ құбырларынан жоғары қысымды газ өткізу - бұру және кент аралық келтіруші газ құбырларынан жоғары қысымды газ құбырларын;
5) Мемлекеттік (салалық) бағдарлама бойынша жалға берілетін (коммуналдық) тұрғын үйлерді жобалау, салу және сатып алу, сумен, жылумен, электрмен қамтамасыз ету және су беру желілерін қайта құру, күрделі жөндеу;
6) облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын және Астана мен Алматы қалаларының көшелерін;
7) ауыз сумен қамтамасыз етудің баламасыз көзі болып табылатын топты су құбырларын және ауылдардың кентішілік су құбырлары желілерін, сондай-ақ, оларды жобалауды;
8) қалалар мен ауылдық елді мекендердің су өткізу жүйелерін;
9) облыстық, республикалық маңызы бар және Астана мен Алматы қалаларының мәдениет, спорт, абаттандыру, қоршаған ортаны қорғау, тұрғын үй құрылысы, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін салуға және реконструкциялауға бағытталған ЖБИЖ-ді іске асыруға бөлінеді.
6. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы нысаналы даму трансферттерінің сомасын анықтау үшін ағымдағы қаржы жылының 15 наурызынан кешіктірмей тиісті орталық мемлекеттік органға ЖБИЖ тізбесін және олар бойынша шығыстар сомасын көрсете отырып өтінім, техникалық-экономикалық негіздемені талап ететін ЖБИЖ бойынша техникалық-экономикалық негіздемелерді, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органының экономикалық қорытындысын және облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) бюджеті есебінен қаржыландырылатын уәкілетті органның салалық қорытындысын ұсынады.
7. Тиісті орталық мемлекеттік орган немесе облыстық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган:
1) стратегиялық және бағдарламалық құжаттар негізінде тиісті саланы дамытудың басымдылығын;
2) өңірдің орналасқан жерін және халқының тығыздығын;
3) өңірдегі халықтың ауруға шалдығу және өлім-жетім деңгейін (денсаулық сақтау объектілерін салу үшін);
4) авариялық жағдайда тұрған объектілердің проблемаларын шешуді;
5) денсаулық сақтау объектілерінің жағдайын (үй-жайлардың жеткілікті жиынтығының болмауы, ұйымның іс-жүзіндегі ауқымының жоспармен сәйкес келмеуі) (денсаулық сақтау объектілерін салу үшін);
6) қолданыстағы желіні денсаулық сақтау және білім беру ұйымдары желісінің бекітілген нормативтеріне сәйкес келтіруді (денсаулық сақтау және білім беру объектілерін салу үшін);
7) мемлекет кепілдік берген арнайы әлеуметтік қызметтердің жоспарланған көлемін;
8) мүгедектердің санын, нозология (ауру) түрлері бойынша мүгедектік құрылымын, өңірлер бойынша мүгедектік ауырлығының деңгейін;
9) қарттар мен мүгедектердің, соның ішінде жекелеген аурулар бойынша болжамды санын;
10) әлеуметтік қызмет көрсету объектілерінде орынның тапшылығын қысқартуды;
11) жекеменшік нысанына қарамастан, тиісті сала ұйымының жұмыс істейтін желілерінің болуын (қуаты, іс жүзіндегі жүктеме және олардың техникалық жағдайы);
12) әлеуметтік қызмет көрсетудің заманауи нысандарын енгізу үшін инфрақұрылымды дамытуды (құруды);
13) тұрақты сумен қамтамасыз ету және сумен қамтамасыз етудің тиімді деңгейін жасау үшін сумен қамтамасыз ету объектілері ахуалын (ауылдық елді мекендердегі сумен қамтамасыз ету объектілерін салу мен қайта құруға);
14) ЖБИЖ-ді іске асыруға жер учаскелерін бұру туралы тиісті әкімдік шешімінің болуын;
15) ЖБИЖ-ді іске асыруға жергілікті бюджетте қаражаттың болуын;
16) өткен қаржы жылы бөлінген нысаналы даму трансферттері бойынша нәтижелер туралы келісімдерде анықталған тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуін;
17) экономиканың аралас салаларына (аяларына) ЖБИЖ-ді іске асырудан болжанатын әсерді бағалауды;
18) облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығын ескере отырып, Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу, мониторингілеу және бағалау ережесінде белгіленген талаптарға жауап беретін ЖБИЖ-ды тізбеге енгізеді.
Басталған (жалғасып отырған) және өткен қаржы жылында бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган анықтаған объективті себептер бойынша аяқталмаған ЖБИЖ басым тәртіппен іріктеледі.
Іске асырылуына қаражат республикалық бюджеттен нысаналы даму трансферттері түрінде бөлінетін ЖБИЖ-ді қаржыландыру көлемі 3 %-дан кем емес мөлшерде анықталатын Астана қаласының жергілікті бюджетін қоспағанда, ЖБИЖ-ді жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемі барлық салалар бойынша әрбір жаңа жергілікті инвестициялық жоба бойынша жоспарлы кезеңге кемінде 10% мөлшерінде анықталады.
ЖБИЖ тізбесі және оларды облыстық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен қаржыландыру көлемі жоспарлы кезеңге облыстың тиісті бюджеттік комиссиясының шешімімен анықталады және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдарына жоспарланатын қаржы жылының алдындағы ағымдағы қаржы жылының 15 наурызынан кешіктірмей жеткізіледі.
8. Тиісті орталық мемлекеттік орган немесе облыстық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган нысаналы даму трансферттері есебінен қаржыландыруға ұсынылатын ЖБИЖ тізбесін стратегиялық жоспардың құрамындағы тиісті құжаттармен бірге мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді.
9. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жиырма бес жұмыс күні ішінде республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ұсынған ЖБИЖ тізбелерінің мыналарға:
Қазақстан Республикасын дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарына;
елдің аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамдық схемасына;
Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға;
білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына;
денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына;
аумақтарды дамыту бағдарламаларына;
салалардың стратегиялық бағыттары мен әлеуметтік-экономикалық дамуына;
мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына;
салалық бағдарламаларға сәйкестігін қарайды.
10. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган ЖБИЖ-ді қарау қорытындылары бойынша экономикалық қорытынды дайындайды, онда осы ЖБИЖ-ді бюджет жобасына енгізу орындылығы туралы ұсыным қамтылады және тиісті орталық мемлекеттік органға немесе облыстық бюджеттен қаржыландырылатын тиісті атқарушы органға жібереді.
11. Тиісті орталық мемлекеттік орган немесе облыстық бюджеттен қаржыландырылатын тиісті атқарушы орган Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу, іске асыруды мониторингілеу және бағалау ережесінде белгіленген тәртіппен стратегиялық жоспар мен бюджеттік өтінімнің құрамында іріктелген ЖБИЖ тізбесін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға немесе бюджеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға жібереді.
12. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның экономикалық қорытындысы негізінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің төмен тұрған бюджеттерге нысаналы даму трансферттерін беруге арналған өтінімдерін:
олардың қаржылық қамтамасыз етілу мәніне;
Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген растаушы құжаттардың болуына;
үлгілік жобалары бар объектілерді салу және реконструкциялау бойынша олардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс жөніндегі уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін құнына сәйкестігін қарайды.
13. Қарау қорытындылары бойынша бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган ЖБИЖ бойынша қорытындыны тиісті бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
Бұл ретте ЖБИЖ бойынша қорытындыны тиісті бюджет комиссиясының қарауына дайындау бөлігінде Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу, іске асыруды мониторингілеу және бағалау ережесінде белгіленген талаптар сақталады.
14. Тиісті бюджет комиссиясы ЖБИЖ тізбесін мақұлдаған жағдайда, бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган ұсынылған ЖБИЖ тізбелері негізінде тиісті жоспарлы кезеңге арналған республикалық немесе облыстық бюджеттің жобасына енгізу үшін әрбір сала бойынша өңірлер бөлінісінде нысаналы даму трансферттерінің жалпы сомасын анықтайды.
15. Қазақстан Республикасының Парламенті немесе тиісті мәслихат тиісті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджетті немесе облыстық бюджетті бекіткеннен кейін бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган тиісті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджетте немесе облыстық бюджетте көзделген нысаналы даму трансферттерінің көлемін облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына немесе аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) тиісті жергілікті атқарушы органдарына бес жұмыс күні ішінде жеткізеді.
16. Республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңын немесе жергілікті бюджет туралы шешімді іске асыру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы орган қаулысының жобасын әзірлеу кезінде бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әрбір бюджеттік бағдарламаның әрбір әкімшісі бойынша өңірлер бөлінісінде алдағы тиісті жоспарлы кезеңге арналған нысаналы даму трансферттерінің сомаларын көздейді.
17. Жергілікті бюджеттік бағдарламалар бойынша шығыстар жергілікті бюджеттерде берілетін нысаналы даму трансферттерінің көлемдерін ескере отырып анықталады. Нысаналы даму трансферттерін төмен тұрған бюджеттерге оны объектілер бойынша бөлместен бір сомамен және ЖБИЖ арасында осы мақсаттарға арнап жергілікті бюджеттерде көзделген шығыстарды ескере отырып жергілікті атқарушы органдар бөледі.