Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Ресей Федерациясының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Естайұлы Шөкеевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізу құқығымен Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Ресей Федерациясының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 7 желтоқсандағы
№ 1317-1 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Ресей Федерациясының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының
Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай
өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы
келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ресей Федерациясының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі,
1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы шартқа, 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартқа, 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын ұйымдастыру, басқару, олардың жұмыс істеуі және оларды дамыту тәртібі туралы келісімді негізге ала отырып,
Қазақстан Республикасына мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты реттеу мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық шарттарын айқындайды.
Мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық өзара мүдделерді қорғауға негізделген және Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының мүдделеріне зиян тигізбеуге тиіс.
2-бап
Осы Келісімді іске асыру үшін Тараптар құзыретті органдарды тағайындайды:
Ресей тарабынан - Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі;
Қазақстан тарабынан - Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі.
3-бап
Тараптар мұнайдың және мұнай өнімдерінің өзара саудасында кедендік әкету баждарын (балама әрекеті бар өзге баждарды, салықтар мен алымдарды) қолданбайды.
4-бап
Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасынан Беларусь Республикасына мұнай жеткізу көлемін, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің арасындағы мұнай мен мұнай өнімдерінің өзара жеткізу көлемдерін қоса алғанда, Тараптардың құзыретті органдары жыл сайын Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында мұнайды, мұнай өнімдерін өндіру (өндірісі), тұтыну, жеткізу, импорттау мен экспорттау балансын (бұдан әрі - индикативті баланс) жасайды.
5-бап
Тараптар 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап Тараптар мемлекеттерінің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің арасында Тараптар мемлекеттерінің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің арасындағы мұнай жеткізу туралы шарттар (келісімшарттар) негізінде жүзеге асырылатын мұнайды өзара жеткізуді баламалы көлемде жүзеге асыру үшін жағдай жасайды.
Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының арасында мұнай жеткізудің көлемін, бағыттарын, сондай-ақ өзге де шарттарын жыл сайын Тараптардың құзыретті органдары қалыптастырып осы, Келісімге хаттамамен бекітеді және ол индикативті баланста көрсетіледі.
6-бап
Тараптар Қазақстан Республикасының ішкі қажеттілігін қанағаттандыру үшін мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасына бекітілген Тараптар мемлекеттерінің аумақтарындағы мұнайдың, мұнай өнімдерінің индикативті балансына сәйкес көлемде жеткізу үшін жағдай жасайды.
Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасына әкелінген мұнай өнімдері үшін Ресей Федерациясының аумағына мұнайды қарсы жеткізуді жүзеге асырады.
Ресей Федерациясының аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген мұнай өнімдері үшін Ресей Федерациясының аумағына мұнайды қарсы жеткізу тәртібі осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын әдістемеде белгіленеді.
Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.06.14 № 789 Қаулысымен.
7-бап
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға беріледі.
Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.06.14 № 789 Қаулысымен.
8-бап
Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынғаннан кейін 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын ұйымдастыру, басқару, олардың жұмыс істеуі және оларды дамыту тәртібі туралы келісіммен бір мезгілде күшіне енеді және ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің (Кеден одағының жоғарғы органы) 2009 жылғы 19 желтоқсандағы № 35 шешімімен мемлекеттер басшылары деңгейінде бекітілген Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Бірыңғай экономикалық кеңістігін қалыптастыру жөніндегі іс-әрекеттер жоспарында қол қою көзделген барлық келісімдер Тараптар мемлекеттерінің аумағында қолданылу шартымен Тараптар мемлекеттерінің арасындағы қатынастарда қолданылады.
Осы Келісім 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады. Осы Келісімнің қолданылу мерзімін ұзарту қажет болған жағдайда, Тараптар 2013 жылғы 1 шілдеден кешіктірмей тиісті келіссөздер жүргізеді.
Келісім_______________қаласында 2010 жылғы «__»________ әрқайсысы орыс және қазақ тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей.
Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
2010 жылғы 9 желтоқсандағы Ресей Федерациясының
Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі
арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және
мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы
сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы
келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға
қосымша
Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына әкелінетін мұнай өнімдері үшін Ресей Федерациясының аумағына мұнайды қарсы жеткізу әдістемесі
Ескерту. Келісім әдістемемен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2012.06.14 № 789 Қаулысымен.
1. Осы Әдістеме 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Ресей Федерациясының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің 6-бабына сәйкес әзірленді және Ресей Федерациясының аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін мұнай өнімдеріне қатысты Ресей Федерациясының федеральдық бюджетінің шығынын өтеу тетігін (бұдан әрі – Әдістеме) айқындайды.
2. Осы Әдістеменің мақсаттары үшін мынадай негізгі терминдер мен олардың анықтамалары пайдаланылады:
«тауар» – Ресей Федерациясының аумағынан Кеден одағынан тыс жерлерге шығару кезінде жыл сайынғы индикативтік балансқа енгізілген және Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясына мұнайдың қарсы жеткізу есебінен Ресей Федерациясының федеральдық бюджетінің шығындарын өтеу міндеттемесі туындайтын Ресей Федерациясының аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкету кезінде кеден шығу баждары белгіленген мұнай өнімдері.
«Оператор компаниялар» - Ресей Тарапынан «НК «Роснефть» ашық акционерлік қоғамы, Қазақстан Тарапынан «ҚазМұнайГаз - өңдеу және маркетинг» акционерлік қоғамы.
3. Ресей Федерациясының аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына шығарылатын тауарларға қатысты Ресей Федерациясының федеральдық бюджетінің шығындарын өтеу 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясына мұнайдың қарсы жеткізу арқылы жүзеге асырылады.
Ресей Федерациясының аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына шығарылатын тауарларға қатысты Ресей Федерациясының федеральдық бюджеті шығындарының шамасын есептеу есептік кезең үшін Ресей Федерациясының кеден органы шығарылатын тауарларға кедендік декларацияны тіркеу күніне Ресей Федерациясында қолданылатын ставкалар негізге алынып жүргізіледі.
Ресей Тарапының құзыретті органы Қазақстан Тарапының құзыретті органын тауарларға кеден шығу баждарының ставкаларын белгілеу және (немесе) өзгерту туралы шешім қабылданғаны және оның күшіне ену мерзімі туралы ол қабылданған күнінен бастап 10 күннен кешіктірмей хабардар етеді.
Егер Ресей Федерациясында тауарларға кедендік шығу баждары АҚШ долларында белгіленсе, онда кедендік шығу баждарын есептеу Кеден одағының Кеден кодексінде белгіленген тәртіппен АҚШ долларымен жүзеге асырылады.
4. Тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 25 күнінен кешіктірмей, Ресей Тарапынан Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі, Ресей Федерациясының Федеральдық кеден қызметі, Ресей Федерациясының Қаржы министрлігі және Қазақстан Тарапынан Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі, Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі және «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы Ресей Федерациясының аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына шығарылатын тауарлардың көлемі туралы мәліметтерді салыстырып тексеру жүргізеді және көрсетілген деректер негізінде Ресей Федерациясының федеральдық бюджеті шығындарының көлемін есептеуді жүзеге асырады.
Жүргізілген салыстырып тексеру нәтижесі бойынша Ресей Тарапынан Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі, Ресей Федерациясының Федеральдық кеден қызметі, Ресей Федерациясының Қаржы министрлігі және Қазақстан Тарапынан Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі, Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі және «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы мұнайды қарсы жеткізу көлемін алдын ала есептеу үшін пайдаланатын екі данада, еркін нысанда аралық салыстыру актісіне қол қояды.
Мұнайды қарсы жеткізу көлемін және тоқсанның әрбірі бойынша Ресей Федерациясының федеральдық бюджеті шығындарының шамасын есепті жыл бойынша Ресей Федерациясының аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына шығарылған тауарлардың көлемі туралы ақпаратты қамтитын жиынтық салыстыру актісі негізінде жүргізіледі.
Есепті жыл бойынша қорытынды салыстыру актісіне Ресей Тарапынан Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі, Ресей Федерациясының Федеральдық кеден қызметі, Ресей Федерациясының Қаржы министрлігі және Қазақстан Тарапынан Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі, Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі және «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы есепті жылдан кейінгі жылдың 1 наурызына дейін еркін нысанда екі данаға қол қояды.
Қорытынды салыстыру актісіне кім де кім қол қоймаған жағдайда Тараптар жағдайды реттеу үшін және соттан тыс тәртіппен уағдаластыққа қол жеткізу үшін барлық мүмкін болатын шараларды қабылдайды.
Қол қойылған тоқсандық және (немесе) қорытынды салыстыру актісінің деректерін негізге алып, мұнайды қарсы жеткізу көлемін есептеу мына формула бойынша жүзеге асырылады:
| Ағымдағы тоқсандағы мұнайды қарсы жеткізу көлемі, (тонна)* | = |
Есепті тоқсанның бірінші айындағы тауарларға Ресей Федерациясының кедендік шығу бажының есептік сомасы (АҚШ долл.) |
+ |
Есепті тоқсанның екінші айындағы тауарларға Ресей Федерациясының кедендік шығу бажының есептік сомасы (АҚШ долл.) |
+ |
Есепті тоқсанның үшінші айындағы тауарларға Ресей Федерациясының кедендік шығу бажының есептік сомасы (АҚШ долл.)) |
|---|---|---|---|---|---|---|
Есепті тоқсанның бірінші айында қолданылатын шикі мұнайға Ресей Федерациясының кедендік шығу бажының ставкасы (АҚШ долл./т) |
Есепті тоқсанның екінші айында қолданылатын шикі мұнайға Ресей Федерациясының кедендік шығу бажының ставкасы (АҚШ долл./т) |
Есепті тоқсанның үшінші айында қолданылатын шикі мұнайға Ресей Федерациясының кедендік шығу бажының ставкасы (АҚШ долл./т) |
* Мұнайды қарсы жеткізу көлемі қорытынды салыстыру актісінің негізінде нақтылануы мүмкін.
5. Осы Әдістемеге сәйкес жүргізілген Қазақстан Республикасынан мұнайды қарсы жеткізу көлемін есептеу негізінде Тараптар ағымдағы тоқсанда мұнайды қарсы жеткізу көлемі туралы ақпаратты оператор компанияларға жеткізеді, бұл көрсетілген ақпаратты бергеннен кейін он жұмыс күні ішінде тиісті көлемде Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясына мұнай жеткізуге коммерциялық шарттар жасасады. Коммерциялық шарттардың өзге де елеулі талаптарын оператор компаниялар екіжақты келіссөздер барысында белгілейді.
Ресей Федерациясының федералдық бюджетінің шығысын өтеу және осы Әдістеменің негізінде есептелген көлемде мұнайды қарсы жеткізуді жүзеге асыру үшін мұнай бағасын айқындау үшін мына формула қолданылады:
Ц = (B + (SUM + SUR)/2 – (0,5*FWS*BМ + 0,5*(FBR*BU + R))/7,28 - D - ED/7,28)*К,
мұнда:
Ц – үлкен Черниговка DDU НПС жағдайларында (ИНКОТЕРМС-2000) бір баррель нетто үшін (ҚҚС 0%) АҚШ долларындағы баға;
B – тауарды жеткізудің бір ай ішіндегі тіркелген мұнайдың Брент сорты үшін (Дейтед) «Платт’с Круде Ойл Маркетвайер» жарияланған орташа белгіленімдердің орташасы;
SUM – жеткізудің бір ай ішіндегі «Платт’с Круде Ойл Маркетвайер» жарияланған Брентке (Дейтед) спрэда Юрал (Мед) орташа белгіленімдердің орташасы;
SUR – жеткізудің бір ай ішіндегі «Платт’с Круде Ойл Маркетвайер» жарияланған Брентке (Дейтед) Юрал (Рдам) спрэдінің орташа белгіленімдердің орташасы;
FWS – Новороссийск – Августа маршруты үшін «УОРЛДСКЕЙЛ» қолданыстағы ставкасы;
BM – жеткізудің бір ай ішіндегі «Платт’с ДҰти Танкервайер» жарияланған БЛЭК-МЕД маршруты бойынша 135 мың тонна дедвейтпен фрахта танкерлердің орташа белгіленімі;
FBR – Грэйт Белт арқылы Бутинге – Роттердам маршруты үшін «УОРЛДСКЕЙЛ» қолданыстағы ставкасы;
BU – жеткізудің бір ай ішіндегі «Платт’с ДҰти Танкервайер» жарияланған Болтик-ЮКС маршруты бойынша 100 мың тонна дедвейтпен фрахта танкерлердің орташа белгіленімі;
R – Роттердам портына порт алымдарының Тараптар бағалайтын орташа құны (метрикалық нетто тонна үшін 0,96 АҚШ долл.);
D – Тараптар келіскен 0,31 АҚШ долл. /баррель мөлшеріндегі нарықтық дифференциал;
ED – жеткізудің бір ай ішіндегі қолданыстағы брутто тонна үшін АҚШ долларында Ресей Федерациясының Үкіметі белгілейтін шикі мұнайға экспорттық кедендік шығару бажының мәні.
К – метрикалық тоннада баррельді қайта есептеу коэффициенті мұнайды қабылдау-өткізу пунктінде шығарылған Актілерден алынған 20 0С температура кезінде мұнайдың нақты тығыздығы бойынша ASTM D1250-80 53A, 51, 56 & 58 кестелері негізінде жарияланған мұнай үшін Нафта Москва көшіру кестелерін пайдалану арқылы белгіленеді.
баррельді тоннамен қайта есептеудің алдын ала коэффициенті 7,28 құрайды.
Бағаны есептеу үшін пайдаланылатын белгіленімдердің орташа мәні дөңгелектемей үтірден кейін үш (3) ондық белгілерге дейін есептеледі;
Тауар бағасы дөңгелектемей үтірден кейін екі ондық белгілерге дейін есептеледі;
осы Келісімшарт бойынша жеткізілетін тауар құны үтірден кейін екі (2) ондық белгілерге дейін дөңгелектенеді.
Дөңгелектеу мынадай түрде орындалуы тиіс:
егер үшінші белгі беске (5) тең немесе бестен көп (5) болса, онда үтірден кейінгі екінші белгі келесі цифрға дейін дөңгелектенеді,
егер үшінші белгі төртке (4) тең немесе төртке қарағанда (4) аз болса, онда үтірден кейін екінші белгі өзгеріссіз қалады.
6. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі жыл сайын Қазақстан тарапынан оператор компанияға мұнай жеткізуді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың тізбесін бекітеді.
7. Тоқсан сайын қарсы жеткізуге жататын мұнай көлемі анықталған күннен бастап бес күн ішінде Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі осы Әдістеме шеңберінде Қазақстан тарапынан оператор компанияға жеткізуге жататын көлемін әр жер қойнауын пайдаланушы үшін бекітеді.
8. Мұнайды қарсы жеткізу кезінде:
1) Қазақстан тарапынан оператор компания мен жер қойнауын пайдаланушылар осы Әдістемеге сәйкес жеткізілетін мұнайдың бекітілген көлемінен экспортқа рента салығын төлемейді;
2) Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдаланушылары осы Әдістемеге сәйкес өткізілетін мұнай көлеміне Қазақстан Республикасының ішкі нарығына шикі мұнайды өткізу және (немесе) беру кезіндегі сияқты төмендетілген 0,5 коэффициентін қолдану арқылы пайдалы қазбалар өндіру салығын төлейді;
3) осы Әдістемеге сәйкес берілетін тауар мен мұнайдың бағасы трансферттік баға белгілеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеуге жатпайды.
9. Қазақстан Тарапы көрсетілген шешім туралы Ресей тарапына хабарлап, индикативтік баланспен бекітілген нормалардан тыс тауарларды жеткізуден бас тартуға құқылы.
Келісім және осы Әдістеме шеңберінде тауар жеткізу темір жол көлігімен жүзеге асырылады.
Тауар жеткізуді бақылау және мониторингті Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі және «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы жылдық индикативтік баланс негізінде Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі бекіткен және Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі келіскен тауарларды жеткізу кестелерінің негізінде жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының темір жол әкімшілігі Қазақстан Республикасының тиісті үкіметтік органдарының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының межелі станциясына тауар жеткізу көлемін шектеуге құқылы.