Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медициналық техниканы төтенше жағдайларды жоюға қатысу үшін Қазақстан Республикасының аумағынан кететін медициналық және авариялық-құтқару ұйымдары мен құралымдарының материалдық-техникалық құралдарының құрамында Қазақстан Республикасының аумағынан әкету ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 19 шілдедегі № 736 Қаулысы

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі.

      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 4 қыркүйектегі № 705 бұйрығын қараңыз.


      «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 81-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медициналық техниканы төтенше жағдайларды жоюға қатысу үшін Қазақстан Республикасының аумағынан кететін медициналық және авариялық-құтқару ұйымдары мен құралымдарының материалдық-техникалық құралдарының құрамында Қазақстан Республикасының аумағынан әкету ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2010 жылғы 19 шілдедегі
№ 736 қаулысымен
бекітілген    

Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және
медициналық техниканы төтенше жағдайларды жоюға қатысу
үшін Қазақстан Республикасының аумағынан кететін
медициналық және авариялық-құтқару ұйымдары мен
құралымдарының материалдық-техникалық құралдарының
құрамында Қазақстан Республикасының аумағынан әкету
ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медициналық техниканы төтенше жағдайларды жоюға қатысу үшін Қазақстан Республикасының аумағынан кететін медициналық және авариялық-құтқару ұйымдары мен құралымдарының материалдық-техникалық құралдарының құрамында Қазақстан Республикасының аумағынан әкету ережелері (бұдан әрі - Ереже) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медициналық техниканы төтенше жағдайларды жоюға қатысу үшін Қазақстан Республикасының аумағынан кететін медициналық және авариялық-құтқару ұйымдары мен құралымдарының материалдық-техникалық құралдарының құрамында Қазақстан Республикасының аумағынан әкету тәртібін айқындайды.
      2. Осы Ереженің қолданылуы төтенше жағдайларды жоюға қатысу үшін дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуді жүзеге асыратын медициналық және авариялық-құтқару ұйымдары мен құралымдарына (бұдан әрі - ұйымдар) таралады.

2. Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды,
медициналық техниканы әкету тәртібі

      3. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жердегі төтенше жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медициналық техниканы әкетуді денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган ұйымның өтініші түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде әкетуге келісім береді не дәлелді түрде бас тартады.
      4. Дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар, медициналық техника Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркелмеген және  фармацевтикалық немесе медициналық қызметпен айналысуға лицензия болмаған жағдайда әкетуге келісім және рұқсат беруден бас тартылуы мүмкін.
      5. Қазақстан Республикасының аумағынан дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, медициналық техниканы әкетуге келісімді ресімдеу үшін ұйымдар денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:
      денсаулық сақтау саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес қағаз және электронды тасығыштарда дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, медициналық техниканы әкетуге рұқсат беруге өтініш;
      фармацевтикалық немесе медициналық қызметпен айналысуға лицензияның көшірмесі;
      Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің әкетілетін дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың, медициналық техниканың нысаналы мақсаты туралы хаты.
      6. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жердегі төтенше жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған, құрамында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрілік заттарды әкету есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) беретін есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды әкетуге рұқсаты болған жағдайда жүзеге асырылады.
      7. Уәкілетті орган ұйымның өтініші түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде құрамында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрілік заттарды әкетуге жазбаша рұқсат береді не осы Ереженің 4-тармағында көзделген жағдайларда дәлелді түрде бас тартады.
      8. Көмек көрсетуге арналған, құрамында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрілік заттарды әкетуді жүзеге асыратын ұйымдар әкетуге рұқсат алу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:
      қағаз және электрондық тасығыштарда құрамында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрілік заттарды әкетуге рұқсат беруге өтініш;
      есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына байланысты қызметті жүзеге асыруға лицензияның көшірмесі;
      Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрамында есірткі құралдары, психотроптық заттар, прекурсорлар бар әкетілетін дәрілік заттардың нысаналы мақсаты туралы хаты.
      9. Көмек көрсетуге арналған, құрамында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрілік заттарды әкетуді жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды есепке алу мен күзетуді қамтамасыз етеді.
      10. Көмек көрсетуге арналған құрамында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрілік заттарды әкетуді жүзеге асыратын ұйым басшысы өзінің бұйрығымен заңнамада белгіленген тәртіппен есірткі құралдарымен және психотроптық заттармен жұмыс істеуге жіберілген, олардың жеткізілуіне, есепке алынуына, сақталуы мен төтенше жағдайлар ауданында зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін пайдаланылуына жауапты тұлғаларды тағайындайды.
      Құрамында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрілік заттарға рұқсатты нашақорлық, уытқұмарлық, созылмалы маскүнемдік ауруларының жоқтығы туралы психиатр мен нарколог дәрігерлердің, сондай-ақ олардың арасында жоғары қауіпті көзбен байланысты кәсіби қызметтің жеке түрлерін орындауға жарамсыз болып танылған тұлғалардың жоқ екендігі туралы қорытындысы бар тұлғалар ғана ала алады.
      11. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін пайдаланылатын құрамында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрілік заттар есепке алынып, арнайы бөлінген орында және басқа дәрілік заттардан бөлек жерде сейфте сақталады.
      Құрамында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрілік заттарды есепке алу нөмірленген, тігілген, ұйым мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің мөрлерімен және қолдарымен бекітілген арнайы журналға тіркеу арқылы жүзеге асырылады. Есепке алу журналы бір жыл мерзімге басталады да, ондағы соңғы жазба жазылған күннен бастап бес жыл ішінде сақталады.
      12. Дәрілік заттарды әкетуге рұқсат беруден бас тартуға сот тәртібімен шағымдалуы мүмкін.