«Қазақстан Республикасында дене шынықтыру және спортты дамытудың 2007 - 2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 28 желтоқсандағы № 230 Жарлығына және Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері атты» Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, сондай-ақ ат спортын дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Алматы облысы Панфилов кентінде Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің «Ат спортынан республикалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (бұдан әрі - кәсіпорын) құрылсын.
2. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті кәсіпорынды мемлекеттік басқару органы;
2) спорт саласында өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру кәсіпорын қызметінің негізгі мәні болып белгіленсін.
3. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) кәсіпорынның жарғысын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне бекітуге ұсынуды;
2) кәсіпорынның әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;
3) осы қаулыны іске асыру жөніндегі өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін:
1) күші жойылды - ҚР Үкіметінің 05.08.2013 № 796 қаулысымен;
2) «Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 26 сәуірдегі № 329 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 15, 145-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:
«2. Мемлекеттік кәсіпорындар» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 15-9-жолмен толықтырылсын:
«15-9. «Ат спортынан республикалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны»;
3) «Республикалық мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 маусымдағы № 483 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 19, 214-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген жалпымемлекеттік міндеттерді орындау үшін қажетті республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
«Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 92-3-жолмен толықтырылсын:
«92-3. «Ат спортынан республикалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны».
Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 05.08.2013 № 796 қаулысымен.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов