Үлескердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 17 маусымдағы № 607 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының «Лицензиялау туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы және «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының ҮкіметіҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі;
      2) үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 18 шілдедегі № 606 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 25, 287-құжат);
      2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 18 шілдедегі № 606 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 517 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 19, 171-құжат).
      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін жиырма бір күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2010 жылғы 17 маусымдағы
№ 807 қаулысымен 
бекітілген    

Үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын
салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау
ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының «Лицензиялау туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы және «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі заңдарына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау тәртібін белгілейді.
      2. Лицензия қызмет көлемі бойынша біржолғы болып табылады және әрбір тұрғын үй ғимаратының құрылысына беріледі.
      Лицензия иеліктен шығарылмайды және оны лицензиат басқа заңды тұлғаға бере алмайды.
      3. Заңға сәйкес облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиялар беруді жүзеге асыруға уәкілеттік берілген лицензиарлар ретінде белгіленген.
      4. Заңды тұлғалар ғана үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі лицензиаттар бола алады.
      5. Лицензиарлар «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 5) тармақшасына сәйкес лицензиялар тізілімін жүргізуді жүзеге асырады.
      Лицензиялар тізілімінде мынадай мәліметтер:
      лицензиардың атауы;
      лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның берілген күні және нөмірі;
      дара кәсіпкер үшін жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты, тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжатының деректері, сондай-ақ жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген жағдайда куәліктің немірі және оның берілген күні;
      заңды тұлға үшін - атауы және ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жері;
      қызмет түрі және (немесе) қызметтің кіші түрлері;
      лицензияның қолданылу мерзімі;
      салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
      төлем тапсырмасының нөмірі және лицензиялық алым төленген күн;
      лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу негіздері және күні;
      лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, қалпына келтіру негіздері және күні;
      лицензияның қолданылуын тоқтату негіздері және күні көрсетілуге тиіс.
      6. Шетелдік ұйымдар үлескерлердің ақшасын тарту жолымен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті Қазақстан Республикасының аумағында заңды тұлға құру арқылы ғана жүзеге асырады.

2. Лицензиялар беру тәртібі

      7. Үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметке лицензия екі кезеңде беріледі:
      бірінші кезеңде лицензия алты айға дейінгі мерзімге беріледі;
      екінші кезеңде тұрғын үй ғимаратын пайдалануға беру актісі бекітілгенге дейінгі мерзімге беріледі.
      8. Лицензия алу үшін мынадай құжаттар қажет:
      1) өтініш;
      2) заңды тұлға үшін - Жарғының және өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәлігінің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
      3) өтініш берушінің салық органында есепте тұрғаны туралы куәлігінің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      4) қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
      5) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар.
      9. Лицензия заңды тұлғаны тіркеу орны бойынша беріледі.
      10. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру үшін тиісті лицензиарға ұсынылған барлық құжаттар тізімдеме бойынша қабылданады, оның көшірмесі көрсетілген органның құжаттарды қабылдаған күні туралы белгі соғылып, өтініш берушіге жіберіледі (табыс етіледі).
      11. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиар Қазақстан Республикасының Лицензиялау туралы заңында белгіленген тиісті құжаттармен бірге өтініш берілген күнінен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін он жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
      Лицензиар осы тармақта белгіленген мерзім ішінде лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруге не лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тартудың себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап қайтаруға міндетті.
      12. Егер лицензиар Қазақстан Республикасының Лицензиялау туралы Заңында белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны бермеген не өтініш берушіні лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тарту себептері туралы жазбаша түрде хабардар етпеген жағдайда Қазақстан Республикасының Лицензиялау туралы Заңында лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру үшін белгіленген мерзім өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші тиісті лицензиарды өзі мәлімдеген қызмет түрін және (немесе) қызметтің кіші түрін жүзеге асыруды бастағаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
      Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензия және (немесе) лицензияға қосымшаны беруге міндетті.

3. Лицензияны беруден бас тарту, оның қолданылуын тоқтату
және тоқтата тұру

      13. Егер:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарында субъектілердің осы санаты үшін қызмет түрімен айналысуға тыйым салынған;
      2) осы Ережеге сәйкес талап етілетін барлық құжаттар берілмеген жағдайда лицензия беруден бас тартылуы мүмкін. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған кезде өтініш жалпы негіздерде қаралады;
      3) қызметтің осы түрімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмеген;
      4) өтініш беруші біліктілік талаптарына сәйкес келмеген;
      5) өтініш берушіге қатысты оған қызметтің жекелеген түрімен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайларда лицензия беруден бас тартылуы мүмкін.
      14. Лицензия мынадай:
      1) лицензияның берілген мерзімі аяқталған;
      2) үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға іс-әрекеттер (операциялар) толық көлемде жасалған;
      3) лицензиядан айырылған;
      4) заңды тұлға таратылған, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құру нысанындағы қайта ұйымдастыруды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылған;
      5) лицензия және (немесе) лицензияға қосымша лицензиарға ерікті түрде қайтарылған;
      6) лицензияланатындардың тізбесінен қызметтің жекелеген түрі және (немесе) кіші түрі алынып тасталған;
      7) лицензиат лицензиялауға жататын субъектілер қатарынан алынып тасталған жағдайларда;
      8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда өзінің қолданылуын тоқтатады.
      15. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиарға қайтаруға міндетті.
      16. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

4. Лицензияның телнұсқаларын қайта ресімдеу және беру

      17. Лицензиясы және (немесе) лицензияға қосымшасы жоғалған, бүлінген кезде лицензиат лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқаларын алуға құқығы бар.
      Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлінген бланкілері лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттарды қоса бере отырып) берген күнінен бастап жарамсыз деп есептеледі.
      Лицензиар өтініш берілген күнінен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып және жоғарғы оң жақ бұрышында «Телнұсқа» деген жазуы бар лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқаларын береді.
      18. Бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құру нысанында заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, заңды тұлғаның атауы өзгерген жағдайда, сондай-ақ қызмет түрінің және (немесе) қызметтің кіші түрінің атауы өзгерген кезде, егер мұндай өзгеріс қызмет түрі және (немесе) қызметтің кіші түрі шеңберінде орындалатын операциялардың мәнінің өзгеруіне әкеп соқпаса, ол отыз күнтізбелік күн ішінде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттарды қоса бере отырып, лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге міндетті.
      Лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күнінен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиар лицензияны қайта ресімдейді.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 17 маусымдағы
№ 607 қаулысымен   
бекітілген      

Үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын
салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде
қойылатын біліктілік талаптары

      1. Осы біліктілік талаптары «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі лицензияны алуға үміткер жобалау компанияларына қолданылады.
      2. Үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі лицензияны алу үшін жобалау компаниялары мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:
      бірінші кезеңде:
      1) жобалау компаниясына меншік құқығында немесе жер пайдалану құқығында тиесілі жер учаскесінің бар болуы;
      2) құрылыстың нөлдік циклі сатысында сараптаманың оң қорытындысы бар жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманың бар болуы;
      3) нөлдік циклде құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге рұқсаттың бар болуы;
      4) банк-агентпен шарттың бар болуы;
      5) тұрғын үй ғимаратын салу үшін тұрғын үй ғимараты құрылысы құнының кемінде он бес пайызы мөлшерінде немесе кемінде нөлдік циклдегі құрылыстың баламалы құнынан кем емес мөлшерде жеке бос капиталының бар болуы.
      Сондай-ақ, жобалау компаниясы:
      1) тұрғын үй ғимараттарын тұрғызу, оның ішінде тапсырысшы ретінде кемінде үш жыл тәжірибесінің болуын;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына белгіленген тәртіппен кемінде шамамен жүз пәтерді пайдалануға беруін;
      3) кемінде жүз мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жеке капиталының болуын растайтын жобалау компаниясының жарғылық қорында жарғылық капиталының елу пайызынан астамына ие құрылтайшы құжаттарының нотариалды куәландырылған көшірмелерін береді.
      Бірінші кезеңде үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметке лицензия алты айға дейінгі мерзімге беріледі;
      екінші кезеңде:
      1) сараптаманың оң қорытындысы бар құрылыс объектісінің жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының бар болуы;
      2) тұрғын үй ғимараты құрылысының нөлдік циклін аяқтау;
      3) банк-агентте үлескерлердің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарға сәйкес енгізілген, тұрғын үй ғимараты құрылысы құнының кемінде он бес пайызы мөлшерінде депозиттерінің бар болуы;
      4) құрылысты толық көлемде аяқтау үшін жеке капиталының бар болуы не тұрғын үй ғимараты құрылысы құнының кемінде жиырма бес пайызы мөлшерінде жеке капиталының және инвестормен құрылысты аяқтау үшін жеткілікті инвестициялар беру туралы келісімнің бар болуы;
      5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында инжинирингтік қызметтер көрсететін ұйыммен шарттың бар болуы.
      Екінші кезеңде үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметке лицензия тұрғын үй ғимаратын пайдалануға беру актісі бекітілгенге дейінгі мерзімге беріледі.