Сот сараптамасы объектілерін пайдалану ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 4 маусымдағы № 512 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 20 қаңтардағы Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Сот сараптамасы объектілерін пайдалану ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2010 жылғы 4 маусымдағы
№ 512 қаулысымен   
бекітілген     

Сот сараптамасы объектілерін пайдалану ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Сот сараптамасы объектілерін пайдалану ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 20 қаңтардағы Заңының 27-бабына сәйкес әзірленді және сот сараптамасы органдары қызметкерлерінің, сот-сараптама қызметін лицензия негізінде жүзеге асыратын адамдардың және сот сараптамасын жүргізуді біржолғы тәртіппен жүзеге асыратын өзге де адамдардың сот сараптамасы объектілерін қабылдаудың, сақтаудың және қайтарудың тәртібін белгілейді.
      2. Заттай дәлелдемелер, құжаттар, адамның денесі мен психикасының жай-күйі, мәйіттер, жануарлар, үлгілер, сондай-ақ сот сараптамасының мәніне жататын, ол бойынша сот сараптамасы жүргізілетін істердің материалдарында қамтылған мәліметтер сот сараптамасы объектілері болып табылады.
      3. Тірі адамдарды пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі саласындағы қолданыстағы заңнамасына сәйкес белгіленеді.

1-бөлім. Сот сараптамасы объектілерін пайдалану тәртібі

1. Сот сараптамасы объектілерін қабылдаудың тәртібі

      4. Сот сараптамасы объектілерін сот сарапшысына тікелей сот сараптамасын тағайындайтын орган (адам) не оның уәкілетті өкілі почтамен, арнайы байланыс арқылы жібереді.
      Почта, арнайы байланыс арқылы қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен пиротехникалық құрамдарды, жарғыш құрылғылар мен жару құралдарын, жеңіл тұтанатын және жанғыш заттарды, есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды, қатты әсер ететін және улы заттарды, радиоактивті заттар мен ядролық материалдарды жіберуге тыйым салынады.
      5. Сот сараптамасы объектілері олардың зақымдануы, ауысып кетуі, өзгеруі мүмкіндігін болдырмайтын және істер мен материалдар бойынша объектілердің маңызын беріп отырған белгілері мен қасиеттерінің, сондай-ақ ондағы іздердің сақталуын қамтамасыз ететін орауышқа салынады.
      Сот сараптамасы объектілерін тасымалдау кезінде олар өз қасиеттері мен пішіндерін жоғалтпайтындай етіп орау қажет, сондай-ақ оларды бұрмалау мүмкіндігін болдырмау керек.
      Әрбір тасымалдаушы-бұйым мен заттардың үлгілерін тасымалдау кезінде сот сараптамасы объектілерінің бір-бірімен жанасуын болдырмау үшін жеке ыдысқа (шиша сауытқа, полиэтиленнен жасалған пакетке) орау қажет.
      6. Зерттелуге тиіс материалдардың ерекшеліктеріне орай, көлемдері мен өлшемдеріне байланысты сот сараптамасы объектілерін ұсыну мүмкін болмаған жағдайда, сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот сарапшысының оларға кедергісіз қол жеткізуін және сот-сараптамалық зерттеу жүргізу үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етеді.
      7.  Орауышта сот сараптамасы объектісінің атауы, оның пайда болуы, алу шарттары, объекті табылған және алынған адамның тегі, аты, әкесінің аты туралы мәліметтер, табу, алу және орау кезінде қатысқан адамдардың қолы, сот сараптамасын тағайындаған лауазымды тұлғаның қолы және оның қолын куәландыратын мөрдің бедері көрсетіледі.
      8. Сот сараптамасы объектілерін сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) немесе оның уәкілетті өкілі ұсынған жағдайда, орауышын сот сарапшысы оның қатысуымен ашады және ұсынылған объектілердің сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда (ұйғарымда) көрсетілген сот сараптамасы объектілерінің тізбесіне сәйкес келуін тексереді және сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда (ұйғарымда) көрсетілген объектілердің тізбесіне сәйкес келмеуі анықталған кезде бұзушылықтар туралы мәліметтерді қамтитын акт жасалады, оның көшірмесі сот сараптамасы объектілерін ұсынған адамға тікелей табыс етіледі.
      9. Келіп түскен сот сараптамасы объектілері есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) не оның уәкілетті өкілінің қатысуымен таразыға тартылады, олардың көлемі өлшенеді.
      Көрсетілген сот сараптамасы объектілерін қарау және өлшеу (көлемін өзгерту) нәтижелері материалдардың келіп түскен күні мен уақыты, сараптаманы тағайындаған орган (адам), қылмыстық (әкімшілік) істің нөмірі, жалпы ораманың және әрбір объектінің жеке-жеке жай-күйі, заттай дәлелдемелердің тізбесі, олардың салмағы (бруттосы мен неттосы) немесе көлемі көрсетілетін, 2 данада жасалатын қарау актісінде көрсетіледі.
      Қарау актісіне сот сарапшысы, сараптаманы тағайындаған орган (адам) не соның қатысуымен қарау жүргізілген оның уәкілетті өкілі қол қояды.
      Актінің бір данасы сараптаманы тағайындаған органға (адамға) немесе оның уәкілетті өкіліне беріледі, екіншісі сот сарапшысы қорытындысының көшірмесіне тігіледі.
      10. Сот сараптамасы объектілеріне сот сараптамасының нөмірі, келіп түскен күні жазылған тақтайша ілінеді.
      Сот сараптамасы аяқталғаннан кейін сот сараптамасы объектілері сот сарапшысының қорытындысымен бірге сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) жіберіледі.
      11. Сот сараптамасын жүргізу кезінде жұмсалған заттардың саны сот сарапшысының қорытындысында сот-сараптамалық зерттеудің әр кезеңінде көрсетіледі.
      Қорытындының синтездеу бөлігінде сот сарапшысы жұмсалған және қайтарылатын заттың жалпы санын көрсетеді.
      12. Сот сараптамасы органдары есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, жарылғыш заттардың ірі жиынының объектілерін қабылдаған жағдайда, сондай-ақ сот сараптамасына ақша қаражаттары, құнды қағаздар, зергерлік бұйымдар, фоноскопиялық материалдар келіп түскен кезде қарау актісі сот сараптамасы органдарының аумақтық бөлімшесі басшысының міндетті түрде қатысуымен жасалады.
      13. Орауыштың немесе ондағы мөрдің тұтастығы (сақталуы) бұзылған, сот сараптамасы объектілерінің сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда (ұйғарымда) көрсетілген тізбеге сәйкес келмеген жағдайда, анықталған бұзушылықтар туралы мәліметтерді қамтитын акті жасалады оған сот сараптамасы органдарының аумақтық бөлімшесінің басшысы немесе сот-сараптама қызметін лицензия негізінде жүзеге асыратын сот сарапшысы, сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны (ұйғарымды) және объектілерді ұсынған орган (адам), сот сараптамасы объектілерін қабылдауға жауапты адам қол қояды.
      14. Сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны (ұйғарымды) және сот сараптамасы объектілерін рәсімдеудің іс жүргізу талаптары бұзылғаны анықталған жағдайда, сот сараптамасын тағайындау туралы қаулы (ұйғарым) мен сот сараптамасының объектілері Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 245-бабының 2-тармағына сәйкес сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) орындаусыз қайтарылады.
      15. Сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны (ұйғарымды) және сот сараптамасы объектілерін рәсімдеудің іс жүргізу талаптарын бұзушылық болмаған кезде, келіп түскен объектілерді сот сарапшысы қосымшаға сәйкес 2-нысан бойынша «Сот сараптамасын жүргізу үшін келіп түсетін материалдарды тіркеу журналы» журналына (бұдан әрі - 2-нысан бойынша тіркеу журналы) белгі қоя отырып қабылдайды.
      16. 2-нысан бойынша тіркеу журналында зерттеу үшін алынған бұйымдардың, заттардың, құжаттардың барлығы тізбеленеді. Біртекті бұйымдар болған кезде олардың саны, заттар үшін - салмағы немесе көлемі, мазмұндары бірдей құжаттар үшін - парақтарының саны көрсетіледі.
      17. Қылмыстық, азаматтық істердің немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің материалдарын алған кезде оның нөмірі, айыпталушының (айыпталушылардың) немесе азаматтық істегі тараптардың тегі, аты, әкесінің аты, істің томдары мен парақтарының саны көрсетіледі.
      18. Сот сараптамасын жүргізу үшін келіп түсетін есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар қосымшаға сәйкес 3-нысан бойынша «Есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорларды тіркеу журналы» журналында тіркелуге тиіс.
      19. Сот сараптамасын жүргізу үшін келіп түсетін қару, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғылар қосымшаға сәйкес 4-нысан бойынша «Иір ойықты қару, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар мен құрылғыларды тіркеу журналы» журналында тіркелуге тиіс.
      20. Бағалы металдардан (осы бұйымдардың сынықтары), бағалы тастар мен інжуден жасалған бұйымдарды, сондай-ақ зергерлік қолөнер бұйымдарын, бағалы тастарды, бағалы металдардан жасалған тиындар мен шетел валютасы қосымшаға сәйкес 5-нысан бойынша «Аудио-, бейнетаспаларды, бағалы металдар мен тастардан жасалған бұйымдарды, бағалы қағаздарды, Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің ақша банкноттарын тіркеу журналында» журналында (бұдан әрі - 5-нысан бойынша тіркеу журналы) тіркелуге тиіс.
      21. Сот сараптамасына келіп түсетін аудио-, бейнетаспалар, сондай-ақ зерттеу объектілері даярлауға көмегі тиген, не оларды зерттеуге септігі тиюі мүмкін техникалық құралдар (фотоаппараттар, бейнекамералар, бейнеойнатқыштар, арнайы тәртіпте жұмыс істейтін магнитофондар және басқалар) 5-нысан бойынша тіркеу журналында тіркелуге тиіс.
      22. Орауышты ашқан кезде сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда (ұйғарымда) көрсетілген бұйымдардың саны сәйкес келмейтіндігі анықталған жағдайда акт (2 данада) жасалады және сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда (ұйғарымда) көрсетілген бұйымдардың мөлшерінің сәйкес келмейтіндігі туралы сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) үш күн мерзімде, ал сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу істері бойынша бір тәулік мерзімде хабарланады.
      Егер көрсетілген бұзушылықтар он тәулік ішінде, ал сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу істері бойынша - екі тәулік ішінде жойылмаса, сот сараптамасын тағайындау туралы қаулы (ұйғарым) мен сот-сараптамалық зерттеуге ұсынылған объектілер сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі саласындағы қолданыстағы заңнамасына сәйкес орындаусыз қайтарылады.
      23. Сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда (ұйғарымда) көрсетілген заттардың мөлшері сәйкес келмейтіндігі туралы хабарлама берілгеннен кейін келіп түсетін coт сараптамасы объектілері жалпы тәртіп бойынша тіркеледі.

2. Сот сараптамасы объектілерін сақтау тәртібі

      24. Объектілерді сот сараптамасын жүргізуге байланысты емес мақсаттарда пайдалануға қатаң түрде тыйым салынады.
      Зерттеу жүргізу кезінде сот сарапшылары сот сараптамасы объектілерінің сақталуын қамтамасыз ететін әдістерді қолданады.
      25. Сот сараптамасын жүргізу кезінде объектілердің қасиеттерін өзгертуге, олардың ішінара немесе толық жойылуына әкеліп соғатын зерттеу әдістерін қолдану қажет болған жағдайда, сот сарапшысы аталған жағдай туралы сот сараптамасын тағайындаған органды (адамды) жазбаша хабардар етеді.
      Одан кейінгі зерттеулер сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) тек жазбаша рұқсатымен жүргізіледі.
      26. Сот сараптамасы объектілері жұмыс күні ішінде сот сарапшысында, бөтен адамдардың қолдары жетпейтін орындарда сақталады.
      27. Сот сарапшысының қорытындысында сот сараптамасы объектісімен болған барлық өзгерістер көрсетіледі.
      28. Сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, егер сот сараптамасы объектілерінің көлемдері мен өлшемдері мүмкіндік берсе, онда олар сейфтерде, металл шкафтарда сақталады.
      Сот сарапшысы оларға бөтен адамдардың қолдары жетпеуін қамтамасыз етеді.
      29. Сот сарапшылары зерттеліп жатқан объектілерге сот сараптамасының нөмірі, келіп түскен күні, сот сарапшыларының тектері мен аты-жөндері көрсетілген жапсырма қағаздарды жапсырады немесе тақтайшаларды іледі.
      Зерттеліп жатқан құжаттар істе тігілген конверттерде сақталады.
      Зерттеліп жатқан құжаттарға сот сарапшысының жеке мөрі немесе сот сараптамасы органдарының мөртабанының бедері, ал сот-сараптамалық зерттеуге арналған құжаттарға - «ҮЛГІ» мөртабанының бедері басылады.
      30. Осы Ереженің 18-21-тармақтарында көрсетілген сот сараптамасы объектілері жұмыс күні аяқталған соң мөрленетін сейфтерде сақталады.

3. Сот сараптамасы объектілерін қайтару тәртібі

      31. Сот сараптамасы объектілері сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) тікелей өзіне немесе оның уәкілетті өкіліне беріледі. Бұл ретте 1, 2-нысан бойынша тіркеу журналында және сот сарапшысы қорытындысының көшірмесінде алушының тегі, аты, әкесінің аты, жұмыс орны, лауазымы, жеке куәлігінің, сенімхаттың нөмірі мен берілген күні белгіленеді.
      1-нысан бойынша журналда сот сараптамасы объектілерін беру кезінде қабылдау және тіркеу үшін жауапты адам, ал сот-сараптама қызметі лицензия негізінде жүзеге асырылған жағдайда - сот сарапшысы «өзі алды», «сенімхат бойынша берілді» деген белгілерді және материалдардың берілген күнін белгілейді.
      32. Бағалы заттар, қару, оқ-дәрілер, есірткі, улы, күшті әсер ететін, жарылғыш, жеңіл тұтанатын заттар, аудио, кино, бейнематериалдар, аппаратуралар және почта, арнайы байланыс арқылы жіберілмеуге тиіс қолайсыз объектілер coт сараптамасын тағайындаған органның (адамның) тікелей өзіне немесе оның уәкілетті өкіліне қайтарылады.
      Бұл ретте тізбеленген объектілерді тіркеу журналдарында және сот сарапшысы қорытындысының көшірмесінде «өзі алды», «сенімхат бойынша берілді» деген белгілер, материалдардың берілген күні түріндегі беру нысаны көрсетіле отырып, алушының тегі, аты, әкесінің аты, жұмыс орны, лауазымы, жеке куәлігінің, сенімхаттың нөмірі мен берілген күні белгіленеді.
      Аталған жағдайда сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот сараптамасын жүргізу үшін материалдарды ұсынған кезде сот сарапшысының қорытындысын және сот сараптамасы объектілерін өзі не уәкілетті өкілі арқылы алу қажеттігі туралы алдын ала хабардар етіледі.
      33. Сот сараптамасын жүргізу аяқталған соң почта, арнайы байланыс арқылы жіберілуге тиіс сот сараптамасы объектілерін сот сарапшысы 1 және 2-нысан бойынша тіркеу журналына белгі қоя отырып, қабылдау және тіркеу үшін жауапты адамға береді.
      34. Сот сараптамасына ұсынылған сот сараптамасы объектілері сот сараптамасы органдарында олардың сот-сараптамалық зерттелуі уақытында ғана болады.
      35. Сот сарапшысының қорытындысын почта, арнайы байланыс арқылы сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) немесе оның уәкілетті өкіліне сот сараптамасы объектілерінсіз жөнелтуге жол берілмейді.
      36. Зерттелген сот сараптамасы объектілерін сот сараптамасы объектілерін пайдалану ережелерін және жіберілімдер мен бандерольдарды буып-түюге қойылатын талаптарды сақтай отырып жүргізеді.
      37. Сот сараптамасы объектілерін қайтару сот сарапшысының қорытындысымен бірге тізілім жасала отырып, үш тәулік ішінде жүзеге асырылады.

2-бөлім. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласындағы
уәкілетті органының сот сараптамасы органдарына келіп
түсетін мәйіттерді пайдалану тәртібі

1. Мәйіттерді ұсынудың, қабылдаудың және тіркеудің тәртібі

      38. Мәйіт Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органының сот сараптамасы органдарына (бұдан әрі - денсаулық сақтау саласындағы сот сараптамасы органдары) сот-медициналық сараптама тағайындау туралы қаулымен және мәйіттің табылған (оқиға) орнында оны қарау хаттамасының көшірмесімен бірге жіберіледі.
      Мәйітті денсаулық сақтау саласындағы сот сараптамасы органдарына қабылдауды санитар жүргізеді.
      39. Мәйітті қабылдаушы санитар оның денсаулық сақтау саласындағы сот сараптамасы органдарына жеткізілгенінен кейін өлген адамның киімін, құнды заттарын және өлікпен бірге жеткізілген басқа да бұйымдарын, күнделікті киетін киімдерді, заттай дәлелдемелерді, құнды заттар мен құжаттарды мәйітханада тіркеу журналына тіркейді және өлікке оның тегі, аты, әкесінің аты, жасы мен тіркеу нөмірі көрсетілген бирка не тіркеу нөмірі штампталған металл белгі ілінеді.
      40. Мәйітті денсаулық сақтау ұйымынан денсаулық сақтау саласындағы сот сараптамасы органдарына жіберген кезде, сот-медициналық сараптаманы тағайындаған орган (адам) сонымен бір мезгілде ауру тарихының түпнұсқасын және өлген адамның киімдерін де жеткізуді қамтамасыз етеді.
      Егер киімдерді анықтау немесе тергеу органдары алған болса, не олардың рұқсатымен өлген адамның туысқандарына берілген болса, қаулыда тиісті жазба жазылады.
      41. Мәйітті және жолдау құжаттарын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілегенге сәйкес нысан бойынша «Сот-медициналық мәйітханада мәйітті тіркеу журналында» тіркеуді медициналық тіркеуші жүзеге асырады.
      42. Жұмыстан тыс уақытта мәйітті қабылдауды, оларды журналға тіркеуді кезекші сот-медициналық сарапшының бақылауымен кезекші санитар жүргізеді.
      43. Мәйітті денсаулық сақтау саласындағы сот сараптамасы органдарына жеткізу мүмкін болмаған кезде, сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) денсаулық сақтау ұйымының әкімшілігімен бірге сот-медициналық сарапшысына жұмыс үшін қажетті жағдайды жасауды қамтамасыз етеді.
      44. Сот-медициналық сарапшысының келісімі бойынша, жылдың жылы мезгілдері, құрғақ ауа райы және жұмыс үшін қажетті жағдай жасалған кезде, эксгумация жасалған мәйіттің сараптамасын ашық далада жүргізуге жол беріледі.
      45. Сот сараптамасы мәйіттегі ерте өзгерістер (дененің салқындауы, мәйіт дақтары, мәйіттің сіресуі) пайда болғаннан кейін басталады.
      Көрсетілген өзгерістер пайда болғанға дейін мәйітті сою тек өлу фактісі анықталғаннан кейін және тиісті актіні рәсімдегеннен кейін ғана жүргізіледі.
      Биологиялық өлімнің анықталғаны туралы актінің актінің бір данасы сот сараптамасы тапсырылған сот-медициналық сарапшысына тапсырылады да, қорытындының көшірмесімен бірге сот сараптамасы органында сақталады.
      46. Қатып қалған мәйіттер бөлме температурасында олар толық ерігеннен кейін ғана зерттеледі, жоғары температура жағдайында мәйітті жылдамдатып ерітуді жүргізуге жол берілмейді.
      47. Денсаулық сақтау саласындағы сот сараптамасы органдарына жіберу үшін арналған мәйіттер алынады, буып-түйіледі және мөрленеді.
      Мәйітке сот-медициналық сараптаманы тағайындау туралы қаулыны кім, қашан шығарғаны және сот-медициналық сараптама жүргізу кезінде шешілуге тиіс қаулыдағы сұрақтар көрсетілген денсаулық сақтау саласындағы сот сараптамасы органдарына жолдау бланкісі (бланкілер) толтырылады.
      48. Мәйітті зерттеу аяқталғаннан кейін сот-медициналық сарапшының бақылауымен барлық органдары мәйітке салынады және оны тігеді.
      Қосымша кесілген орындары тігіледі. Мәйіттің қуысына оған тиесілі емес органдарды немесе бөтен заттарды салуға жол берілмейді.
      49. Мәйітке оны бұзылудан сақтайтын заттарды мәйітті зерттеу аяқталғанға және материалдарды зертханалық зерттеуте алынғанға дейін енгізуге жол берілмейді.
      Мәйітке зерттеу аяқталғаннан кейін сот сараптамасы органында мәйітті бұзылмайтын ету сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) рұқсатымен ғана жүргізіледі.

2. Мәйіттерді сақтау тәртібі

      50. Мәйіттің киімі мен онымен бірге жеткізілген басқа да заттар денсаулық сақтау саласындағы сот сараптамасы органдарына қандай күйде түссе, сол күйінде сот-медициналық сараптама жүргізу басталғанға дейін сақталады.
      51. Мәйіттер, сондай-ақ бөлінген мәйіттердің бөлшектері денсаулық сақтау саласындағы сот сараптамасы органдарында шіру процестерінің дамуына жол бермейтін жағдайларда сақталады.
      52. Жарақаттарды (зақымдарды) қарау кезінде оларды зондымен тексеру және бастапқы түрін немесе зақымданудың қасиетін өзгертуге алып келетін басқа да әрекеттерді жүргізуге, сондай-ақ кепкен қанды, заттай дәлеледемелер болуы мүмкін ұсақ бөлшектерді (шынының, металдың сынықтары, ыс және тағы басқалар) жоюға жол бермес үшін шығуларды жуу, сүрту және өзге жолмен оны жоюға жол берілмейді.
      Мәйіттің сот сараптамасына дейін зақымданулардағы шегенделген қаруды және жарақаттардағы заттарды алуға, қозғауға жол берілмейді.
      53. Карантиннен және аса қауіпті инфекциялардан өлген адамдардың мәйіттері басқа мәйіттерден оқшауланған түрде сақталады.
      54. Мәйіттер сот сараптамасы органдарында сот-медициналық сараптама аяқталғаннан кейін үш тәуліктен асырмай сақталады.

3. Мәйіттерді қайтару тәртібі

       55. Мәйіттерді санитарлар жерлеу үшін өлген адамның туыстарына немесе жақындарына не сот сараптамасын тағайындаған органның (адам) жазбаша рұқсаты бойынша өзіне жерлеуді алған уәкілетті қоғамдық ұйымдарға (жергілікті ұлттық ғұрыптарға сәйкес жуылған және киіндірілген түрде) береді.
      56. Карантиннен және аса қауіпті инфекциялардан өлген адамдардың мәйіттерінің табытын ашуға құқығынсыз жерлеу (кремациялау) орнына жеткізу үшін беріледі.

Сот сараптамасы    
объектілерін пайдалану
ережесіне қосымша  

Сот сараптамасын жүргізу үшін келіп түсетін материалдарды
тіркеу журналы
(1-нысан)

Сараптама нөмірі тіркелген күні

Сараптаманы тағайындаған тергеу органы және лауазымды адам

Қылмыстық немесе азаматтық істің, АТК-ның нөмірі

Қызмет, сараптама шифры

Сараптаманың тапсырылған күні, орындаушысы

Тұжырымдар

Ерекше белгілер

Бақылау өндірістерін алғандығы туралы белгі

Сараптаманы алғандығы туралы белгі

1

2

3

4

5

6

7

8

9

Сот сараптамасын жүргізу үшін келіп түсетін материалдарды
тіркеу журналы
(2-нысан)


р/с

Сараптама нөмірі, келіп түскен күні

Сараптаманы тағайындаған орган, судьяның, тергеушінің Т.А.Ә., лауазымы, шені

Қылмыстық, азаматтық істің, АТК-ның нөмірі мен санаты, күдіктінің, айыпталушының Т.А.Ә.

Сараптама шифры, зерттеу объектілері

Сарапшының Т.А.Ә., алғандығы туралы белгі, қолы

Өтініштер туралы белгі:
жіберген күні,қанағаттандыру уақыты,тоқтата тұру мерзімдері

1

2

3

4

5

6

7

кестенің жалғасы

Статистикалық деректер

Сараптаманың тапсырылған күні, сарапшының Т.А.Ә.

Сараптаманы алғандығы туралы белгі, алған адамның Т.А.Ә., алған күні, қызметтік куәлігінің нөмірі, қолы

объектілердің саны

сұрақтардың саны

тұжырымдар саны

санатты

болжамды

ҚДМЕ

сараптама мерзімі

күрделілігі

безендіру

8

9

10

11

12

13

14

15

16

17

18

Есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорларды
тіркеу журналы
(3-нысан)

Р/с

Сараптама нөмірі, тіркелген күні

Сараптаманы тағайындаған орган, тергеуші Т.А.Ә., лауазымы, шені

Қылмыстық немесе азаматтық істің, АТК-ның нөмірі, ұсталғанның, күдіктінің, айыпталушының Т.А.Ә.

Пакеттердің саны, объектілердің түрлері, салмағы, көлемі

Объектілерді кім әкелді, күні, қолы

Сарапшының Т.А.Ә., сараптаманы алған күні

Қорытындының кеңсеге берілген күні

Сұрақтардың, жауаптардың саны, сараптама мерзімі

Сараптама мен объектіні алған адамның Т.А.Ә., алған күні, қолы, қызметтік куәлігінің нөмірі

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

Иір ойықты қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен
құрылғыларды тіркеу журналы
(4-нысан)

Р/с

Күні

Сараптама нөмірі

Объектілерді зерттеуге жіберген органның атауы

Келіп түскен объектілердің тізбесі

Объектіні алған сарапшының Т.А.Ә., қолы

Сақтауға берілгендігі туралы белгі, қолы

Алғандығы туралы белгі, жауапты адамның қолы

1

2

3

4

5

6

7

8

Аудио-, бейнетаспаларды, бағалы металдар мен тастардан
жасалған бұйымдарды, бағалы қағаздарды, Қазақстан
Республикасының және басқа мемлекеттердің ақша
банкноттарын тіркеу журналы
(5-нысан)

Р/с

Күні

Сараптама нөмірі

Объектілерді зерттеуге жіберген органның атауы

Келіп түскен объектілердің тізбесі

Объектіні алған сарапшының Т.А.Ә., қолы

Сақтауға берілгендігі туралы белгі, қолы

Алғандығы туралы белгі, жауапты адамның қолы

1

2

3

4

5

6

7

8