"2010 - 2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 7 желтоқсандағы Заңына, "2010 - 2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 22 желтоқсандағы № 2162 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясын іске асыру шеңберінде облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер мен нысаналы даму трансферттерін және республикалық ұйымдарға бөлінетін қаражатты пайдалану ережесі (бұдан әрі - Ереже) бекітілсін.
2. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері ай сайын, есептіден кейінгі айдың 5-күніне дейін:
орталық атқарушы органдарға бөлінген нысаналы трансферттердің пайдаланылуы туралы есеп беруді;
жергілікті бюджеттерді нақтылаған кезде аудандық мәслихаттардың бақылауымен дамудың, оның ішінде аумақтар мен жергілікті маңызы бар объектілерді абаттандырудың ағымдағы мәселелерін шешу үшін село (ауыл) әкімдеріне қаржылай қаражат бөлуді қамтамасыз етсін.
3. Орталық атқарушы органдар ай сайын, есептіден кейінгі айдың 7-күніне дейін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Қаржы министрліктеріне өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясының іске асырылу барысы туралы есеп ұсынсын.
4. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ай сайын, есептіден кейінгі айдың 10-күніне Қазақстан Республикасының Үкіметіне өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясының іске асырылу барысы туралы ақпарат берсін.
5. Осы қаулы 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 31 наурыздағы № 259 қаулысымен бекітілген |
Өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау
стратегиясын іске асыру шеңберінде облыстық бюджеттерге,
Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне берілетін
ағымдағы нысаналы трансферттер мен нысаналы даму
трансферттерін және республикалық ұйымдарға бөлінетін
қаражатты пайдалану ережесі
1. Осы Өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясын іске асыру шеңберінде облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер мен нысаналы даму трансферттерін және республикалық ұйымдарға бөлінетін қаражатты пайдалану ережесі (бұдан әрі - Ереже) "2010 - 2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 7 желтоқсандағы Заңына, "2010 - 2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы" Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2009 жылғы 22 желтоқсандағы № 2162 қаулысына сәйкес әзірленді және өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясын (бұдан әрі - Стратегия) іске асыру шеңберінде облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер мен нысаналы даму трансферттерін және республикалық ұйымдарға бөлінетін қаражатты пайдаланудың тәртібін айқындайды.
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері - Стратегия шеңберінде іске асырылатын жобаларды қаржыландыруды және оларды іске асыру мониторингін жүзеге асыратын білім беру, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет, туризм және спорт, ауыл шаруашылығы, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және коммуникация саласындағы орталық уәкілетті органдар;
2) республикалық ұйымдар - мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің денсаулық сақтау және мәдениет объектілерін күрделі және ағымдағы жөндеу іс-шараларын қаржыландыруды жүзеге асырушы орталық уәкілетті органдардың қарамағындағы мемлекеттік ұйымдар;
3) Ведомствоаралық комиссия - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 19 наурыздағы № 357 қаулысымен құрылған Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия;
4) қаржыландырудың жалпы лимиттері - статистика жөніндегі орталық уәкілетті органның ресми деректеріне сәйкес облыстардың, Астана және Алматы қалаларының халық санына қарай еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық уәкілетті орган айқындайтын, облыстар, Астана және Алматы қалалары, денсаулық сақтау және мәдениет саласындағы уәкілетті органдар бөлінісіндегі жобаларды қаржыландырудың жалпы көлемі;
5) жоба - құрылысқа, қайта жаңартуға, күрделі, орташа, ағымдағы жөндеуге, елді мекендерді абаттандыруға бағытталған, Стратегияны іске асыру мақсатында бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын іс-шаралардың жиынтығы.
3. Нысаналы трансферттер және республикалық ұйымдарға бөлінетін қаражат халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, кадрларды даярлауға және қайта даярлауға, әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар практикасы бағдарламаларын кеңейтуге пайдаланылады.
2. Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары
бюджеттерінің халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге
берілетін нысаналы трансферттерді пайдалану тәртібі
4. Тиісті республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламалары бойынша халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге көзделген нысаналы трансферттер мынадай бағыттар бойынша жобаларды іске асыруға пайдаланылады:
1) инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және жөндеу (сумен жабдықтау және кәріз, жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау), елді мекендерді абаттандыру;
2) мектептерді, ауруханаларды және басқа да әлеуметтік объектілерді жөндеу және жылыту;
3) облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды, сондай-ақ қалалар мен елді мекендердің көшелерін жөндеу, қайта жаңарту және салу;
4) кенттердегі, ауылдардағы (селолардағы), ауылдық (селолық) округтердегі әлеуметтік жобалар (мәдениет объектілерін жөндеу, селолық елді мекендердің кентішілік жолдарын абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру, ағымдағы жөндеу)
5. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері жобаларды:
1) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бөлінісінде бөлінген қаржыландырудың жалпы лимиттерін;
2) мемлекеттік сараптамадан өткен объектілерді салуға, қайта жаңартуға және күрделі жөндеуге арналған жобалау-сметалық құжаттаманың болуын;
3) жобалар шеңберінде орташа және (немесе) ағымдағы жөндеуді жүзеге асыру жоспарланып отырған орындалатын жұмыстар көлемінің ақаулық ведомосының, сметалық құжаттамасының, шығыстар сметасының болуын;
4) мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімдерін және тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді отандық өндірушілерден сатып алу мүмкіндігін;
5) оларды іске асырудың басталу және аяқталу мерзімдерін;
6) оларды іске асыруды жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру мүмкіндіктерін;
7) құрылатын жұмыс орындарының санын және орташа айлық жалақының мөлшерін;
8) өңірдің оларды іске асыруға ықпал ететін табиғи-климаттық жағдайлары мен басқа да ерекшеліктерін ескере отырып іріктеуді жүзеге асырады.
6. Стратегияны іске асыру үшін ұсынылатын жобаларды облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері қолданыстағы заңнамаға сәйкес талап етілетін техникалық құжаттамамен және жобаларды таңдау негіздемесімен қоса, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қарауына ұсынады.
Талап етілетін техникалық құжаттамасы және жобаларды таңдау негіздемесі ұсынылмаған жобалар қаралмайды.
7. Жобаларды қарау олар ұсынылған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Жобаларды қарау барысында республикалық бюджеттік бағдарламаның әкімшісі жобалардың осы Ереженің 4-тармағында көзделген бағыттарға, сондай-ақ жұмыс көлемінің ұсынылған техникалық құжаттамаға сәйкестігін тексереді.
Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері инвестициялық жобаларды қараған жағдайда салалық сараптама жүргізіледі.
Электрмен, жылумен және газбен жабдықтау саласындағы инвестициялық жобалардың салалық сараптамасын энергетика және минералдық ресурстар саласындағы уәкілетті орган, сумен жабдықтау және су бұру саласында - ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады. Осы жобалар бойынша салалық сараптаманың қорытындысы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы орталық уәкілетті органға беріледі.
Салалық сараптама жүргізу үшін тиісті бағыттағы сарапшыларды тартуға болады.
Осы Ереженің 4-тармағының 3) тармақшасында көзделген жобалар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес ведомстволық сараптама жүргізіледі.
Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі жобаларды қарау нәтижелері бойынша тиісті қорытындылар дайындайды.
Жобаларға теріс қорытынды жасалған кезде республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне бас тарту себептерін көрсете отырып, дәлелді жауап қайтарады.
8. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық уәкілетті орган республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бөлінісінде қаржыландырудың жалпы лимиттері шегінде Стратегияның бағыттары бойынша статистика жөніндегі орталық уәкілетті органның ресми деректеріне сәйкес облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы халық санына байланысты қаржыландыру лимиттерін айқындайды және Ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынады.
9. Ведомствоаралық комиссия мақұлдаған қаржыландыру лимиттері Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасына толықтырулар енгізу үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға, сондай-ақ ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламалары бойынша қаржыландыру көлемін айқындау үшін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне беріледі.
10. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламалары бөлінісінде қаржыландыру көлемін ұсынады.
11. Республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері нысаналы трансферттерді төмен тұрған бюджеттерге аударуды бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
12. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері жобаларды іске асыру шеңберінде:
1) жаңа жұмыс орындарын құруды, жұмыс берушінің таратылуына, қызметкерлер санының немесе штатының қысқаруына байланысты босатылған адамдарды, аз қамтамасыз етілген азаматтар мен жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бітірушілерін басым тәртіппен жұмысқа орналастыруды;
2) қызметкерлерді жергілікті жұмыспен қамту органдары ұсынатын үміткерлер қатарынан басым тәртіппен жалдауды, ал жұмыспен қамту органдарында ұсыныс болмаған кезде - оларды жұмыспен қамту органдарының жазбаша келісімінен кейін еңбек нарығынан жалдау мүмкіндігін;
3) жұмыс берушінің таратылуына, қызметкерлер санының немесе штатының қысқаруына байланысты босатылған адамдарды, аз қамтамасыз етілген азаматтар мен ұзақ уақыттан бері жұмыс істемеген жұмыссыз азаматтарды Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға басым тәртіппен жіберуді қамтамасыз етеді.
13. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге көзделген нысаналы трансферттерді төмен тұрған бюджеттердің кірісіне бастапқы аударуы Стратегияның тиісті бағытына көзделген республикалық бюджет қаражатының жалпы көлемінің 30 %-ынан аспайтын мөлшерде жүзеге асырылады.
Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің кейінгі қаржыландыруы облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері Стратегияның тиісті бағытына көзделген қаражатты жергілікті бюджеттен бөлген жағдайда, бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
14. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері төмен тұрған бюджеттердің кірісіне нысаналы трансферттерді аударуды:
1) жобаларды іске асыру барысында ішінара бақылау кезінде анықталған кемшіліктерді және (немесе) жолсыздықтарды жоймаған;
2) нысаналы трансферттерді уақтылы игермеген немесе бөлінген қаражатты нысаналы пайдаланбаған;
3) бюджет заңнамасында көзделген растаушы құжаттарды бермеген немесе уақтылы бермеген жағдайларда тоқтата тұруы мүмкін.
15. Жобаларды іске асыруға арналған бюджеттік қаражаттан қалдық қалыптасқан жағдайда облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісімен келісім бойынша көрсетілген қаражатты Стратегияның тиісті бағыты бойынша іске асырылатын өзге жобаларға бағыттай алады.
16. Нысаналы даму трансферттерін пайдаланған кезде үнем қалыптасқан жағдайда облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерімен келісім бойынша үнем сомасын инвестициялық жобалардың түпкілікті нәтижелерінің көрсеткіштерін жақсартуға пайдалана алады.
17. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері ай сайын, есептіден кейінгі айдың 5-күніне Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері арасындағы Стратегияның бағыттарын іске асыру шеңберіндегі нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімде (бұдан әрі - Келісім) бекітілген нысан бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық уәкілетті органға, бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органға және республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне:
1) жобалар бөлінісінде орындалған жұмыстардың көлемі туралы;
2) бөлінген нысаналы трансферттердің игерілуі және төмен тұрған бюджеттерден қаржыландыру көлемі туралы;
3) жобалар бөлінісінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді отандық өндірушілерден сатып алу көлемі туралы;
4) жіберілген жолсыздықтар мен оларды жою жөнінде қабылданған шаралар туралы мәліметтерді қамтитын есептер береді.
Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық уәкілетті органға қосымша:
1) жұмыстан босатылған қызметкерлер мен толық емес жұмыс уақыты режимінде жұмыс істейтін адамдардың саны туралы;
2) құрылған жұмыс орындарының саны және аз қамтамасыз етілгендердің, оқу бітірушілердің және қайта даярлаудан өткен адамдардың қатарынан жұмысқа орналастырылған адамдардың саны туралы, сондай-ақ олардың орташа жалақысының мөлшері туралы;
3) жұмыстан босатылғандардың, аз қамтамасыз етілген азаматтар мен ұзақ уақыттан бері жұмыс істемеген жұмыссыздардың қатарынан кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан өткен, біліктілігін арттырған адамдардың саны туралы ақпарат береді.
18. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жобаларды іске асыру мониторингін жүргізеді және ай сайын, есептіден кейінгі айдың 7-күніне еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы және бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органдарға есептер береді.
3. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының
бюджеттеріне кадрларды даярлауға және қайта даярлауға
бөлінетін ағымдағы нысаналы трансферттерді
пайдалану тәртібі
19. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне кадрларды даярлауға және қайта даярлауға бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану жергілікті атқарушы органдардың кадрларды даярлауды және қайта даярлауды жүзеге асыратын ұйымдармен жасаған шарттары негізінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша гуманитарлық мамандықтар мен өнер мамандықтарынан басқа, кәсіптік лицейлер мен колледждердің 11 (он бірінші) сыныбы базасында мамандар даярлауды қаржыландыру толық көлемде жүзеге асырылады.
Қаржы жылы ішінде кадрларды даярлауға және қайта даярлауға бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттердің пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) сомалары қолданыстағы заңнамаға сәйкес, олардың нысаналы мақсаты сақтала отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша келесі қаржы жылында пайдаланылуы (толық пайдаланылуы) мүмкін.
20. Білім беру, денсаулық сақтау саласындағы орталық уәкілетті орган облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне ағымдағы нысаналы трансферттерді бюджет заңнамасына сәйкес аударуды жүргізеді.
21. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері ай сайын, есептіден кейінгі айдың 5-күніне білім беру, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық уәкілетті органдарға Келісімде бекітілген нысан бойынша:
1) мамандықтар мен кәсіптер бағыттары бойынша кадрларды даярлаудан және қайта даярлаудан өткен адамдардың (Стратегия шеңберіндегі жобаларды іске асыруға арналған мамандар, индустрияландыру жобаларын іске асыруға арналған мамандар, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша мамандар) саны туралы;
2) кадрларды даярлаудан және қайта даярлаудан өткен адамдар қатарынан жұмысқа орналастырылғандардың (Стратегия шеңберіндегі жобаларды іске асыруға арналған мамандар, индустрияландыру жобаларын іске асыруға арналған мамандар, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша мамандар) саны туралы есептер береді.
4. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының
бюджеттеріне әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар
практикасы бағдарламасын кеңейтуге бөлінген
ағымдағы нысаналы трансферттерді
пайдалану тәртібі
22. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар практикасы бағдарламасын кеңейтуге арналған ағымдағы нысаналы трансферттер халықты жұмыспен қамту туралы заңнамаға сәйкес халықтың нысаналы топтарының ішінен өтініш берген адамдарды жұмысқа орналастыру үшін бөлінеді.
Әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар практикасына жіберілетін адамдар үшін ағымдағы нысаналы трансферттерден аударылатын орташа айлық аударымдар мөлшерін міндетті зейнетақы жарналары мен жеке табыс салығын қоса алғанда, жұмысқа орналастырылатындардың жоспарлы саны мен қатысу мерзімін ескере отырып, жергілікті атқарушы орган айқындайды.
23. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық уәкілетті орган әлеуметтік жұмыс орындары және жастар практикасы бағдарламасын кеңейтуге арналған ағымдағы нысаналы трансферттерді облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне аударуды бюджет заңнамасына сәйкес жүргізеді.
24. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық уәкілетті органға ай сайын, есептіден кейінгі айдың 5-күніне дейінгі мерзімде Келісімде бекітілген нысан бойынша:
1) бөлінген нысаналы трансферттердің игерілуі туралы;
2) халықтың нысаналы топтарының қатарынан әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған адамдардың саны туралы;
3) жастар практикасына жіберілген адамдардың саны туралы есептер береді.
5. Стратегияны іске асыру шеңберінде республикалық
ұйымдарға бөлінетін қаражатты пайдалану тәртібі
25. Стратегияны іске асыру шеңберінде республикалық бюджеттік бағдарламалардың тиісті әкімшілерінің бюджеттік бағдарламалары бойынша республикалық ұйымдарға бөлінетін қаражат мынадай бағыттардағы жобаларды іске асыруға:
1) мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің денсаулық сақтау объектілерін (бұдан әрі - денсаулық сақтау объектілері) күрделі және ағымдағы жөндеуге;
2) республикалық маңызы бар мәдениет объектілерін (бұдан әрі - мәдениет объектілері) күрделі және ағымдағы жөндеуге пайдаланылады.
26. Республикалық денсаулық сақтау және мәдениет объектілері бойынша Стратегияны іске асыру үшін ұсынылатын жобаларды іріктеу:
1) республикалық денсаулық сақтау және мәдениет объектілеріне арнап бөлінген қаржыландыру лимиттері;
2) мемлекеттік сараптамадан өткен нысандарды күрделі жөндеуге арналған жобалау-сметалық құжаттаманың болуы;
3) жобалар шеңберінде жүзеге асыру жоспарланған, орындалатын жұмыс көлеміне, орташа және (немесе) ағымдағы жөндеуге арналған ақау актілері мен жеке сметалардың болуы;
4) құрылатын жұмыс орындарының саны ескеріле отырып жүзеге
асырылады.
27. Стратегияны іске асыру үшін ұсынылатын жобаларды денсаулық сақтау және мәдениет саласындағы орталық уәкілетті органдар қолданыстағы заңнамаға сәйкес талап етілетін техникалық құжаттамамен және жобаны таңдау негіздемесімен қоса, мемлекеттік жоспарлау саласындағы орталық уәкілетті органның қарауына ұсынады. Талап етілетін техникалық құжаттамасыз және жобаны таңдау негіздемесінсіз ұсынылған жобалар қаралмайды.
28. Жобаларды қарау олар ұсынылған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Жобаларды қарау барысында мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган:
1) жобалардың осы Ереженің 25-тармағында көзделген бағыттарға сәйкестігін, сондай-ақ жұмыс көлемін, ұсынылған техникалық құжаттаманы тексереді;
2) жобаларды қарау нәтижесі бойынша тиісті қорытындылар дайындайды.
Жобаға теріс қорытынды болған кезде денсаулық сақтау және мәдениет саласындағы орталық уәкілетті органдарға бас тарту себебі көрсетілген дәлелді жауап жіберіледі.
29. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық уәкілетті орган Стратегия бағыттары бойынша денсаулық сақтау және мәдениет объектілерін күрделі және ағымдағы жөндеу іс-шараларын қаржыландыруды жүзеге асырушы орталық уәкілетті органдар бөлісіндегі қаржыландыру лимиттерін қаржыландырудың жалпы лимиттері шегінде айқындайды және Ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынады.
30. Ведомствоаралық комиссия мақұлдаған қаржыландыру лимиттері Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасына толықтырулар енгізу үшін мемлекеттік жоспарлау саласындағы орталық уәкілетті органға беріледі.
31. Республикалық ұйымдардың жобаларын іске асыруға бағытталған іс-шараларды қаржыландыру бюджет заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
32. Денсаулық сақтау және мәдениет саласындағы орталық уәкілетті органдар жобаларды іске асыру шеңберінде:
1) жаңа жұмыс орындарын құруды;
2) қызметкерлерді жергілікті жұмыспен қамту органдары ұсынған үміткерлер қатарынан басым тәртіппен жалдауды, ал жұмыспен қамту органдарында ұсыныс болмаса - жұмыспен қамту органдарымен жазбаша
келісуден кейін оларды еңбек нарығында жалдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
33. Стратегияны іске асыруға арналған бюджет қаражатын үнемдеу
(қалдық) болған жағдайда, денсаулық сақтау және мәдениет саласындағы
орталық уәкілетті органдар Республикалық бюджет комиссиясының оң қорытындысы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімінен кейін көрсетілген қаражатты Стратегияның тиісті бағыты бойынша іске асырылатын өзге жобаларға бағыттай алады.
34. Стратегияны іске асыруға арналған бюджет қаражатын үнемдеу болған жағдайда, республикалық ұйымдар денсаулық сақтау және мәдениет саласындағы орталық уәкілетті органдармен келісім бойынша, үнем сомасын тиісті нысан бойынша түпкілікті нәтиже көрсеткіштерін жақсартуға пайдалана алады.
35. Денсаулық сақтау және мәдениет саласындағы орталық уәкілетті органдар мынадай:
1) жобалар бөлінісіндегі орындалған жұмыс көлемі туралы;
2) бөлінген қаражаттың игерілуі туралы;
3) тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді отандық өндірушілерден сатып алудың жобалар бөлінісіндегі көлемі туралы;
4) жол берілген жолсыздықтар мен оларды жою жөнінде қабылданған шаралар туралы деректерді қамтитын есепті еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық уәкілетті органға, бюджеттің орындалуы жөніндегі орталық уәкілетті органға ай сайын, есептіден кейінгі айдың 5 күніне ұсынады.
Денсаулық сақтау және мәдениет саласындағы орталық уәкілетті органдар құрылған жұмыс орындарының саны мен босатылғандардың, аз қамтамасыз етілгендердің, оқу бітірушілердің қатарынан жұмысқа орналастырылған адамдардың саны, сондай-ақ олардың орташа жалақысының мөлшері туралы деректерді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық уәкілетті органға қосымша ұсынады.