Байланыс операторларының абоненттер туралы қызметтік ақпаратты жинау мен сақтауды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 наурыздағы № 246 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі Заңының 15-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Байланыс операторларының абоненттер туралы қызметтік ақпаратты жинау мен сақтауды жүзеге асыру ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2010 жылғы 30 наурыздағы
№ 246 қаулысымен     
бекітілген    

Байланыс операторларының абоненттер туралы қызметтік
ақпаратты жинау мен сақтауды жүзеге асыру
ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Байланыс операторларының абоненттер туралы қызметтік ақпаратты жинау мен сақтауды жүзеге асыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының «Байланыс туралы», «Ақпараттандыру туралы», «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Жедел-іздестіру қызметі туралы» заңдарына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы байланыс операторларының абоненттер туралы қызметтік ақпаратты жинау мен сақтауды жүзеге асыру тәртібін анықтайды.
      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар қолданылады:
      1) абоненттер туралы қызметтік ақпарат (бұдан әрі - АҚА) - абоненттер туралы мәліметтер (жеке тұлғалар үшін телефон нөмірлері, сәйкестендіру кодтары, электрондық почталық мекенжайы, почталық мекенжай, жеке сәйкестендіру нөмірі және заңды тұлғалар үшін деректемелер (бизнес-сәйкестендіру нөмірі, қосылған құнға салынатын салық бойынша есепке қойылғандығы туралы куәліктің деректері), биллингтік мәліметтер және абоненттерге көрсетілетін қызметтер туралы мәліметтер, деректерді беру желісіндегі абоненттердің мекенжайы мен деректерді беру желісіндегі интернет-ресурстарға кірудің мекенжайы, интернет-ресурсты сәйкестендірушілер, деректерді беру желісінің хаттамалары;
      2) байланыс желісі - байланыс құралдары мен жолдарынан тұратын және телекоммуникацияларға немесе почта байланысына арналған технологиялық жүйе;
      3) байланыс операторы - байланыс қызметін көрсетуге Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамалық актісінде белгіленген  тәртіппен лицензия алған жеке немесе заңды тұлға;
      4) абонент - байланыс қызметін көрсету мақсатында абоненттік жол, абоненттік нөмір және (немесе) сәйкестендіру коды бөліне отырып, осындай қызмет көрсету үшін шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
      5) абоненттік нөмір - басқа абоненттік жабдықпен қосылу сол арқылы орнатылатын шартты жасасқан кезде абоненттің пайдалануына бөлінетін және желіде абонентті сәйкестендіруге мүмкіндік беретін нөмір.
      3. Осы Ереженің талаптары почта байланысын қоспағанда, байланыс қызметтерін көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын байланыс операторларына (бұдан әрі - Оператор) қолданылады.
      4. Абонент туралы қызметтік ақпарат мыналарды:
      1) абонент туралы ақпарат - өзі туралы хабарлайтын және жеке немесе заңды тұлғамен құжаттамалы расталатын мәліметтерді;
      2) абонентке көрсетілген байланыс қызметтері туралы ақпарат - абонентке байланыс қызметін көрсету үдерісінде Оператор алған, оның ішінде төлеу үшін тарификация мен шоттарды ұсыну үдерісінде пайдаланылатын мәліметтерді қамтиды.

2. Абонент туралы қызметтік ақпаратты жинау мен сақтау
тәртібі

      5. Оператор екі жыл бойы абоненттер туралы қызметтік ақпаратты жинау мен сақтауды қамтамасыз етеді, ол өткен соң ақпарат жойылады. Оператор абоненттер туралы қызметтік ақпаратты жинау мен сақтау жөніндегі міндетін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
      6. Оператор осы ережеде анықталатын тәртіппен телекоммуникация құралдарымен абонентке көрсетілген қызметтер туралы қызметтік ақпаратты тұрақты жинауды жүзеге асырады және оның Оператор жүйесінде (бұдан әрі - Жүйе) сақталуын қамтамасыз етеді.
      7. Жүйенің пайдаланылатын құралдарын жаңғырту (ауыстыру) кезінде оның сипаттамаларын жақсарту мақсатында (көрсетілетін байланыс қызметтері түрінің саны, абоненттер саны ұлғайғанда, сақталатын ақпараттың көлемі өскенде, Жүйенің функционалдағы кеңейтілгенде), сақталған ақпараттың жоғалуына немесе өзгеруіне жол берілмейді.
      8. Оператор қызметтік ақпаратты қолда бар ақпараттық жүйелерден, дерекқор мен техникалық байланыс құралдарынан алады.
      9. Функционалды түрде Жүйе жинау, сақтау, басқару және қорғаныш құралдарының функцияларын орындайтын логикалық модульдерден тұрады. Жүйе модульдерінің өзара әрекеті хаттамасын Оператор байланыс желілерінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органмен келіседі.
      10. Абонент туралы қызметтік ақпарат ақпаратты сақтау жабдығындағы Жүйеде жиналады.
      Жүйе мыналарды:
      1) абоненттер туралы ақпарат пен абонентке көрсетілген қызметтер туралы ақпаратты сақтауды;
      заңды тұлғалар үшін - бизнес-сәйкестіндіру нөмірі, қосылған құнға салынатын салық бойынша есепке қойылғандығы туралы куәлік, шоттарды жеткізу үшін мекенжай;
      жеке тұлғалар үшін - тегі, аты және әкесінің аты, тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі мен берілген күні, жеке сәйкестендіру нөмірі, электрондық почтаның мекенжайлары, почталық мекенжайы; байланыс телефондарының нөмірлері; абоненттік жабдықтаудың орнату мекенжайы; шартты жасасу және қолданылуын тоқтату күні; абонентке қолжетімді байланыс қызметтерінің тізбесі; абоненттік нөмір;
      биллингтік мәліметтер - абоненттің жеке шоты бойынша ақпарат, шотты толтыру туралы ақпарат, деректерді беру желісіндегі абоненттердің мекенжайлары;
      деректерді беру желісіндегі абоненттердің мекенжайлары және деректерді беру желісіндегі интернет-ресурстарға кірудің мекенжайы, интернет-ресурсты сәйкестендірушілер, Интернет желісіне қол жеткізудің әрбір көрсетілген қызметі бойынша деректерді беру желісінің хаттамалары: уақыт белдеулері есебімен желіде абонентті тіркеу күні мен уақыты; осы сессия үшін бөлінген динамикалық немесе статикалық ІР-мекенжайы; желіге шығу нүктесі; желіге шығу жүзеге асырылған телефон нөмірі; осы сессия ішінде берілген және қабылданған ақпарат көлемі; қызметтердің әрқайсысы көрсетілген уақыт кезеңі; пайдаланушы қолданған байланыс түрі, жіберілген немесе алынған электрондық хабарламаның мекенжайлары, почталық хабарламаның электрондық почта мекенжайлары, Интернет-ресурсты сәйкестендіруші, уақыт белдеулері есебімен Интернет-ресурста деректер өзгеруінің басы мен аяқталу күні және уақыты, сондай-ақ өзгеріс болған ІР-мекенжайы;
      2) сақтаудың бірыңғай форматын;
      3) уақытқа деректерді байланыстыруды;
      4) деректердің өзгермеуін;
      5) сақталатын деректердің толықтығы мен анықтығын;
      6) телекоммуникациялар желілерінде жедел-іздестіру іс-шаралары құралдарымен біріктіру мүмкіндігін;
      7) байланыс қызметтерін пайдаланушылар және оларға көрсетілген байланыс қызметтері туралы сұраулардың алуан түрлерін қабылдауды қамтамасыз ететін автоматтандырылған қол жеткізуді, берілген параметрлер бойынша ақпарат пен жүйелік есептер беруді;
      8) авторизацияның бағдарламалық және техникалық құралдары арқылы Жүйенің деректеріне рұқсат етілмеген қолжеткізуден қорғауды қамтамасыз етеді.