Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансы бойынша мемлекеттік органдарға ақпарат беру қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 22 желтоқсандағы № 1395 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 1063 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 25.12.2015 № 1063 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      РҚАО-ның ескертпесі.

      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 21 сәуірдегі № 475 бұйрығын қараңыз.


      «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 16-бабы 43) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансы бойынша мемлекеттік органдарға ақпарат беру қағидасы бекітілсін.
      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік теңгерімі жөнінде ақпарат беру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 13 сәуірдегі № 275 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж, № 13, 122-құжат);
      2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 13 сәуірдегі № 275 қаулысына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 17 шілдедегі № 604 қаулысы.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 22 желтоқсандағы
№ 1395 қаулысымен   
бекітілген      

Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансы бойынша мемлекеттік органдарға ақпарат беру қағидасы 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансы бойынша мемлекеттің органдарға ақпарат беру қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының (бұдан әрі - Заң) 16-бабы 43) тармақшасына сәйкес әзірленді, пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансы бойынша ақпаратты дайындау және мемлекеттік органдарға беру тәртібін регламенттейді.

2. Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансы
жөнінде ақпарат беру тәртібі

      2. Уәкілетті орган жасаған пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансы бойынша ақпарат мемлекеттік органдарға ресми сұрау салу бойынша осындай сұрау салу түскен сәттен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей беріледі:
      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің Кеңсесіне және экономикалық даму және сауда саласындағы уәкілетті органға пайдалы қазбалардың барлық түрлері бойынша;
      мұнай және газ саласындағы уәкілетті органға - көмірсутек шикізаты бойынша;
      су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органға - жерасты сулары бойынша.
      3. Осы Қағиданың 2-тармағында көрсетілген пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансы бойынша ақпарат мемлекеттік органдарға  бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесі бойынша (БЭҚАЖ) электрондық тасымалдағыштарда және поштамен қағаз тасымалдағыштарда жолданады.
      4. Осы Қағиданың 2-тармағында көрсетілген пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансы бойынша ақпарат мемлекеттік органдарға бір данадан (электрондық және қағаз тасымалдағыштарда) беріледі және көбейтуге жатпайды.
      5. Осы Қағиданың 2-тармағында көрсетілген пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансы бойынша ақпарат мемлекеттік органдарға осы Қағидаға қосымшаға сәйкес нысан бойынша беріледі.

Пайдалы қазбалар қорларының
мемлекеттік балансы бойынша
мемлекеттік органдарға  
ақпарат беру қағидасына  
қосымша         

Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансы
бойынша ақпарат берудің нысаны

р/с №

Пайдалы қазбалар

Құрамды өлшеу бірлігі

Орташа мазмұны

Баланстық қорлар

Баланстан тыс қорлар

Өсу/кему

1

2

3

4

5

6

7