Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бақылауды жүзеге асыру қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1272 Қаулысы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бақылауды жүзеге асыру қағидасы бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 29 қарашадағы
№ 1272 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бақылауды жүзеге асыру қағидасы
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бақылауды жүзеге асыру қағидасы (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын орындаудың толықтығын және уақтылығын талдауды, оның ішінде бұзушылықтарды анықтау, жою және болдырмау мақсатында жоспарлы және жоспардан тыс тексерістер жолымен жүзеге асыру бақылау болып табылады.

      3. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспары - бұл мемлекеттік орган қызметінің стратегиялық бағыттарын, мақсаттарын, міндеттерін, нәтижелер көрсеткіштерін айқындайтын, қаржыландыру көлемі бар бюджеттік бағдарламаларды қамтитын құжат.

      4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бақылауды үйлестіруді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.

      5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бақылауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

      6. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның стратегиялық жоспарын бақылауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.

      7. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) мемлекеттік орган - мемлекет атынан:

      жалпыға бірдей міндетті мінез-құлық қағидасын белгілейтін актілер шығару;

      әлеуметтік маңызы бар қоғамдық қатынастарды басқару мен реттеу;

      мемлекет белгілеген жалпыға бірдей міндетті мінез-құлық қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға Конституциямен, заңдармен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен уәкілеттік берілген мемлекеттік мекеме;

      2) есепті кезең - бақылаумен қамтылған мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының іске асырылу кезеңі;

      3) бұзушылық - мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын іске асыру жөніндегі іс-шараларды, сондай-ақ оны уақтылы және толық орындау бойынша басқа да ұйымдастырушылық шараларды орындамау немесе толық, ішінара және уақтылы орындамау;

      4) бақылау объектісі - стратегиялық жоспарды іске асыруға жауапты мемлекеттік орган.

2. Бақылауды жүзеге асыру тәртібі

      8. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бақылау мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын іске асыру жөніндегі мониторингінің, бағалау және жүргізілген бақылау іс-шараларының нәтижелері негізінде жүзеге асырылады.

      9. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бақылауды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесін жыл қорытындылары бойынша өткізілген бақылау нәтижелері туралы хабардар етеді.

      10. Мыналар бақылауды жүзеге асыру үшін ақпарат көздері болып табылады:

      1) мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары;

      2) мемлекеттік органдар белгіленген мерзімде және нысанда беретін мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларды мониторингілеу мен бағалау жөніндегі есептілігі;

      3) стратегиялық жоспарларға жүргізілген мониторинг пен бағалау қорытындысы;

      4) жүргізілген бақылау іс-шараларының нәтижелері;

      5) мемлекеттік органдардың ресми сайттары;

      6) нормативтік құқықтық актілер.

      11. Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, оның орынбасарларының тапсырмаларын алған жағдайда, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылу барысы туралы қосымша ақпаратты сұрата алады.

      12. 11-тармақта көрсетілген жағдайларда мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылу барысы туралы ақпарат тиісті тапсырмаларда белгіленген мерзімдерде осы тапсырманы бастамашы болған адамға ұсынылады. Егер тапсырмаларда мерзімдер анықталмаған жағдайда, сұралған ақпарат Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентіне және Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 27 сәуірдегі № 976 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының жобаларын дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарына мониторинг жүргізу ережесіне сәйкес ұсынылады.

      13. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын іске асыру бойынша бақылау іс-шаралары (жоспарлы және жоспардан тыс тексерістер) Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі шеңберінде жүзеге асырылады.

      14. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын бақылау мынадай дәйектілікпен жүзеге асырылады:

      1) мемлекеттік органдардан алынған материалдарды, сондай-ақ стратегиялық жоспардың іске асырылуының нақты жағдайын ашатын басқа көздерден алынған ақпарат көзін талдау, ол мынадай кезеңдерді қамтиды:

      констатация кезеңі - істің нақты жай-күйін анықтау, табу;

      талдау кезеңі — нақты көрсеткіштерді (сандық және сомалық мәнде) стратегиялық жоспарда көзделген жоспарланған көрсеткіштермен ауытқу себептерін көрсете отырып салыстыру;

      2) орындалуы туралы есептер мен баяндамаларды тыңдау және талқылау;

      3) бақылау объектісіндегі ауытқуларды, бұзушылықтарды табу, олардың сипаты (ауқымы, рұқсат етілуі) мен себебін айқындау;

      4) талдау және бақылау қорытындылары бойынша қорытынды жасау;

      5) стратегиялық жоспарды әзірлеуге жауапты мемлекеттік органға және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесін қорытындыны беру;

      6) мемлекеттік органның назарына қабылданған шешімнің бұрыштамасы бар қорытындыны жеткізу;

      7) бақылау қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдау.

      15. Мемлекеттік органдардан алынған материалдар негізінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдар мыналарды:

      1) мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын іске асырудың толық және уақтылы орындалуын;

      2) тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар жүргізген мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының іске асырылу мониторингі мен бағалау нәтижелерінің анықтығы мен толықтығын;

      3) мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының жүргізілген іс-шараларының нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкестігін талдауды жүзеге асырады.

      16. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарды толық және уақтылы орындалуы:

      1) толықтығын:

      есепті кезеңде жоспарланған іс-шаралардың орындалуын;

      стратегиялық жоспар міндеттерінің іс-шаралармен қамтылуын және іс-шаралардың стратегиялық жоспардың міндеттеріне сәйкестігін;

      стратегиялық жоспарға жүргізілген мониторинг, бағалау және алдыңғы бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жоюды;

      стратегиялық жоспарға мониторингі мен бағалауды жүйелі және нәтижелі жүргізуді;

      мониторинг пен бағалау бойынша есептерде ақпараттың анық әрі дәл берілуін;

      2) орындалу уақтылығын:

      стратегиялық жоспар мониторингі мен оны бағалау нәтижелері бойынша анықталған проблемаларды шешу жөніндегі шараларды уақтылы қабылдау;

      стратегиялық жоспардың мониторингі мен бағалау бойынша есепті ақпаратты белгіленген мерзімде беруді;

      стратегиялық жоспар іс-шараларын белгіленген мерзімде орындауды қамтиды.

      17. Стратегиялық жоспарға жүргізілген мониторингі мен бағалау нәтижесінің анықтығы мен толықтығы мыналарды:

      1) нәтижелердің анықтығын:

      стратегиялық жоспардың мониторингі мен бағалау жүргізу әдіснамасы бойынша талаптарды сақтай отырып, мониторинг және бағалау нәтижелерін қалыптастыруды;

      есептерде істің нақты жай-күйін көрсетуді;

      нәтижелердің мониторингі мен бағалаулар қорытындылары бойынша алынған деректерді тиімді пайдалануды;

      есептік деректемелердің статистикалық және басқа деректермен негізделуін.

      2) нәтижелердің толықтығын:

      есептерде дұрыс шешім қабылдау үшін жеткілікті мониторинг немесе бағалау нәтижелерінің болуын;

      стратегиялық жоспар нәтижелерінің көрсеткіштеріне қол жеткізу дәрежесін;

      нысаналы индикаторларға қол жеткізу дәрежесін көздейді.

      18. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарында жүргізілген іс-шаралардың нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкестігі:

      1) мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарды стратегиялық және бағдарламалық құжаттар негізінде және оларды орындау үшін іске асыруын;

      2) мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын әзірлеу, іске асыру, мониторингі және бағалау әдіснамасы бойынша талаптардың сақталуын көздейді.

      19. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына бақылау нәтижелері бойынша екі апта мерзім ішінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган қорытынды даярлайды және оны стратегиялық жоспарды әзірлеуге жауапты мемлекеттік органға және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне жібереді.

      20. Қорытынды осы Қағидаға қосымшада берілген нысан бойынша құрылады және мыналарды:

      1) тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар жүргізген мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарының мониторингі мен бағалау нәтижесінің толықтығы мен анықтық деңгейі туралы қорытындыны;

      2) мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының жүргізілген іс-шараларының белгіленген нормативтік құқықтық актілердің талаптарына айқындалған сәйкессіздігін;

      3) құжатты орындаудың толықтығы мен уақтылығы туралы қорытындыларды;

      4) жоспарланған іс-шараларды іске асырудың және алға қойылған мақсаттарға қол жеткізудің тиімділігін арттыруға бағытталған қажетті шараларды қабылдау бойынша бақылау объектісіне ұсынымдарды қамтуы тиіс.

      21. Алынған бақылау нәтижелері негізінде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары стратегиялық жоспарды іске асыру туралы мемлекеттік органның кейінгі қызметінің тиімділігін арттыруға, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның ұсынымдарын ескеріп, оның мониторингі мен бағалауын жүргізуге бағытталған қажетті шараларды қабылдайды.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің құрылымына кіретін
мемлекеттік органдардың
стратегиялық жоспарларын
бақылауды жүзеге асыру
қағидасына
қосымша

Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарына бақылау нәтижелері бойынша
ҚОРЫТЫНДЫ

      Кіріспе бөлім

      1. Бақылау объектісі.

      2. Есепті кезең.

      Негізгі бөлім

      3. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының мониторингі мен бағалау нәтижелері мен толықтығының анықтығы дәрежесі туралы ақпарат.

      4. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының жүргізілген іс-шараларының нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкессіздігінің анықталуы.

      Қорытынды бөлім

      5. Стратегиялық жоспарды орындаудың толықтығы мен уақтылылығы туралы тұжырымдар.

      6. Жоспарланған іс-шараларды іске асырудың тиімділігін арттыруға және алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған қажетті шараларды қабылдау бойынша ұсынымдар.

      Уәкілетті органның

      құрылымдық бөлімшесінің

      басшысы ________________________________________________

      (қолы, тегі, аты-жөні)