Жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету үшін авиамаршрутқа арналған конкурс өткізу және авиамаршруттарға куәліктер беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 19 қарашадағы № 1221 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 53) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету үшін авиамаршрутқа арналған конкурс өткізу және авиамаршруттарға куәліктер беру қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап жиырма бір күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министр                            К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 19 қарашадағы
N 1221 қаулысымен  
бекітілген       

Жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету үшін авиамаршрутқа арналған конкурс өткізу және авиамаршруттарға куәліктер беру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету үшін авиамаршрутқа арналған конкурс өткізу және авиамаршруттарға куәліктер беру қағидалары (бұдан әрі - Қағида) белгілі бір авиамаршрутта жолаушылар, багаж, жүк және почта жөнелтілімдерін тасымалдау жөнінде тұрақты авиарейстерді орындау құқығына авиакомпаниялар үшін конкурс өткізу тәртібін, конкурсқа қатысушылар үшін біліктілік талаптарын, авиамаршруттарға арналған куәлікті берудің және қайтарудың тәртібін белгілейді.
      2. Конкурс әуе кемелерін резервке қою және техникалық сүйемелдеу жөніндегі қажетті талаптардың орындалуын, жолаушылар үшін сервиспен, белгілі бір авиамаршрутта түтынушылар үшін қауіпсіз және тиімді тасымалдау шарттарын қамтамасыз ететін авиакомпанияға авиамаршрутқа арналған куәлікті беру мақсатында өткізіледі.
      3. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (бұдан әрі - уәкілетті орган) конкурсты өткізудің бастамашысы (ұйымдастырушысы) болып әрекет етеді.
      4. Конкурсқа осы Қағидада белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін авиакомпания қатыса алады.
      5. Егер конкурсқа шығарылатын авиамаршрутқа кемінде екі конкурсқа қатысушы өтінім берсе, осы Қағиданың 24-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурс өтті деп танылады.
      6. Конкурс жеңімпазы (жеңімпаздары) авиамаршрутты пайдалануға арналған куәлік алады.

2. Конкурстық комиссияны құру және оның функциялары

      7. Жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету үшін авиамаршрутқа арналған конкурс өткізу және авиамаршруттарға куәліктер беруді қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган өкілдерінің ішінен конкурстық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылады, оның құрамы уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі.
      8. Конкурстық комиссия мүшелерінің саны тақ болуы және кемінде бес адамнан құралуы тиіс.
      9. Комиссия қатысушылардың конкурстық ұсыныстарын қабылдайды және қарайды, конкурсты өткізеді және жеңімпаздарды белгілейді.

3. Конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптары

      10. Конкурсқа қатысу үшін авиакомпаниялар мынадай біліктілік талаптарына сай болуы:
      1) Қазақстан Республикасында тіркелуі және пайдаланушы сертификатын иеленуі;
      2) бір сыныпқа жататын саны кемінде екі әуе кемесінен тұратын  әуепаркінің болуы, олар уәкілетті орган белгілеген авиамаршрутты пайдалану шарттарына сәйкес келуі тиіс;
      3) пайдалану сәтінен бастап алынуы болжанатын кірісті есепке алмағанда, бір ай ішінде авиамаршрут бойынша ұсынылған кестеге сәйкес ұшуды қамтамасыз ету үшін қажетті мөлшерде ұлттық немесе шетелдік валютадағы қаржы қаражаты болуы;
      4) салық және басқа да міндетті төлемдер бойынша бюджет алдында берешегі болмауы;
      5) халықаралық азаматтық авиация ұйымында (ИКАО) тіркелгені  және кодтарға ие болғаны туралы куәлігі болуы;
      6) авиатасымалдарды броньдау мен сатудың автоматтандырылған жүйелерінің бірінде орындар ресурсын орналастыру және жүргізуге арналған келісімінің болуы;
      7) Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (ИАТА) берген кодының болуы тиіс.
      11. Конкурсқа қатысу үшін мынадай құжаттар ұсынылады:
      1) осы Қағидаға 1-қосымшаға сәйкес белгіленген нысандағы конкурсқа қатысуға арналған өтініш;
      2) заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгені (қайта тіркелгені) туралы куәліктің көшірмесі;
      3) азаматтық әуе кемелерін пайдаланушы сертификатының көшірмесі;
      4) сақтандырудың міндетті түрлерінің бар екенін растайтын сақтандыру полистерінің (шарттарының) көшірмесі;
      5) әуе кемелерінің паркі туралы мәліметтер (олардың үлгілері, саны, борттық тіркеу нөмірлері, олардың техникалық жай-күйі жөніндегі деректер, әуе кемелерінің ұшу жарамдылығын қолдау жөнінде жүргізілетін іс-шаралар);
      6) авиатасымалдарды броньдау мен сатудың автоматтандырылған жүйесінде ресурстарды орналастыру туралы келісімнің көшірмесі;
      7) халықаралық бағыттар үшін ИКАО-да авиакомпанияның тіркелгені туралы куәліктердің және ИАТА-да берілген кодты алғаны туралы жазбаша растамалардың көшірмелері;
      8) қатаң есептегі бланкілердің үлгілері (тасымалдау құжаттарының үлгілері);
      9) пайдалану сәтінен бастап алынуы болжанатын кірісті есепке алмағанда, бір ай ішінде авиамаршрут бойынша ұсынылған кестеге сәйкес есепшотта ұшуды қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде ұлттық немесе шетелдік валютадағы қаржы қаражатының болуы туралы банк анықтамасы;
      10) бір ай ішінде авиамаршрут бойынша ұсынылатын кестеге сәйкес жоспарланатын жүктемені ескере отырып, ұшуларды орындауға арналған шығыстардың есептемелері;
      11) заңды тұлғаның тіркелу орны бойынша салық органынан бюджет алдында берешегі жоқтығы туралы анықтама;
      12) халықаралық және ішкі тұрақты ұшуларды орындаудың және болжамды бағыттар бойынша жекелеген де, түйістірілген де авиамаршруттардың таңдап алынған желісін дамытудың бөлек қысқа мерзімді (бір жылға арналған) және ұзақ мерзімді (үш жылға арналған) бизнес жоспарлары;
      13) конкурсқа шығарылатын авиамаршруттар бойынша жолаушыларды, багажды, жүкті және почта жөнелтілімдерін тасымалдауды ұйымдастырудың негізгі шарттары мен талаптарын қамтамасыз ету жөніндегі конкурстық ұсыныстар.
      Конкурсқа қатысу үшін талап етілетін құжаттар бір данада тігілген түрде, нөмірленген беттерімен беріледі және соңғы беті заңды тұлғаның мөрімен расталады.
      14) Осы Қағиданың 11-тармағының 9)-13) тармақшаларында көрсетілген құжаттар «конкурста ғана ашылсын» деген жазумен жеке жабылған пакетте беріледі және заңды тұлғаның мөрімен расталады.

4. Конкурсты өткізуге дайындалу

      14. Конкурс осы Қағиданың 24-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жылына екі рет, күзгі-қысқы навигация (қазанның соңғы жексенбісіне дейін) және көктемгі-жазғы навигация (наурыздың соңғы жексенбісіне дейін) басталғанға дейін алдын ала жүргізіледі. Уәкілетті орган конкурс өткізу туралы шешім қабылдағаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы конкурс өткізілгенге дейін отыз күнтізбелік күннен кешіктірмей (конкурсты қайта өткізу жағдайында - он бес күнтізбелік күннен кешіктірмей) конкурстың шарттарын және оның өткізілу мерзімдерін жариялайды.
      15. Уәкілетті орган ықтимал қатысушылар үшін конкурсқа шығарылатын авиамаршруттар бойынша жолаушыларды, багаж, жүк және почта жөнелтілімдерін тасымалдауды ұйымдастыруға қойылатын шарттар мен талаптарды қамтитын конкурстық құжаттарды дайындайды.
      16. Уәкілетті орган конкурсты өткізудің мерзімдері мен орнын жариялағаннан кейін конкурсқа қатысуға тілек білдірушілер уәкілетті органның мекенжайына осы Қағиданың 11-тармағында көрсетілген қажетті құжаттарды ұсынады.
      17. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдау конкурсты өткізу басталғанға дейін бір жұмыс күні бұрын аяқталады.
      18. Осы Қағиданың 10-тармағында көрсетілген біліктілік талаптарына сай емес немесе осы Қағиданың 11-тармағында көзделген құжаттардың барлығын ұсынбаған авиакомпаниялардың өтінімдері қабылданбайды және қайтаруға жатады.
      19. Өтінімдері қаралмаған авиакомпанияларды Комиссия бұл туралы себебін көрсете отырып, конкурстық комиссия отырысының басталған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде жазбаша хабардар етеді.

5. Конкурсты өткізу, конкурстық ұсыныстарды бағалау және жеңімпазды (жеңімпаздарды) анықтау тәртібі

      20. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысу үшін қарауға қабылданған конкурстық ұсыныстарды бағалайды, салыстырады және конкурс жеңімпазын (жеңімпаздарын) мынадай өлшемдер ескере отырып анықтайды:
      авиамаршрутта тұрақты авиарейстерді орындаумен айналысатын конкурсқа қатысушы - авиакомпания персоналының біліктілік деректері, беделі, сенімділігі, кәсіби және басқару біліктілігі (ұшу қауіпсіздігінің жай-күйі, авиамаршрутқа өтініш жасалған әуе кемелері шығарылымының орташа жылы, авиакомпания қызметінің қаржылық нәтижелері);
      ұсынылатын қызметтердің сапалық сипаттамалары (әуе кемесінің бортында ұсынылатын сервисті бағалау, авиатасымалдарды сату желісінің дамуы);
      авиамаршруттар бойынша авиатасымалдарға арналған тарифтердің ең төменгі деңгейі.
      Конкурстық комиссияның ашық дауыс берумен қабылданады және егер оған конкурстық комиссия мүшелердің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда конкурстық комиссияның төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп саналады.
      Конкурстық комиссия конкурстың қорытындысын конкурстық ұсыныстары бар конверттер ашылған күнінен бастап жиырма күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде шығарады.
      21. Конкурстық комиссия конкурс жеңімпазы анықталған күннен бастап бес күнтізбелік күннен кешіктірмей конкурс қорытындылары туралы хаттаманы ресімдейді, оған төраға және конкурстық комиссияның отырысқа қатысқан барлық мүшелері, сондай-ақ конкурстық комиссияның хатшысы қол қояды.
      Конкурсты ұйымдастырушы конкурс қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап бес күнтізбелік күннен кешіктірмей хаттаманың мәтінін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастырады.
      22. Конкурс жеңімпазының (жеңімпаздарының) және уәкілетті органның арасында хаттамаға қол қойылған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде келісім (бұдан әрі - Келісім) жасалады, ол бойынша конкурс жеңімпазы (жеңімпаздары) ұсынылған конкурстық ұсыныстарды орындау жөнінде өзіне міндеттемелер алады.
      23. Конкурс жеңімпазы (жеңімпаздары) уәкілетті органмен Келісім жасасудан бас тартқан кезде конкурстық комиссия конкурс жеңімпазынан (жеңімпаздарынан) кейін конкурстық ұсынысы жақсы бағаланған қатысушымен келісім жасасу жөнінде келіссөзді бастайды. Конкурс жеңімпазынан кейін конкурстық ұсыныстары жақсы деп танылған конкурсқа қатысушы уәкілетті органмен келісім жасасудан бас тартқан жағдайда, конкурстық комиссия конкурс өткізілмеді деп таниды.
      24. Егер конкурстық комиссия конкурсты өткізілмеді деп таныса, онда конкурстық комиссия бұрын өткізілген конкурсқа екеуден аз конкурсқа қатысушылардың өтінімдері ұсынылған авиамаршруттарға қайталап конкурс өткізу туралы жариялайды. Қайталама конкурс кезінде, егер авиамаршрут бойынша конкурсқа қатысушылардың екеуден аз өтініші берілсе, конкурстық комиссияның шешімі бойынша конкурс өткізілді деп танылады.
      25. Уәкілетті органның шешімі сот тәртібімен шағымдалуы мүмкін.
      26. Авиакомпанияның өтінімдерінің сақталуын конкурстық комиссия хатшысы қамтамасыз етеді. Өтінімдерді сақтау мерзімі өтінім берілген күннен бастап бір жылды құрайды.

6. Авиамаршруттарға куәліктер беру тәртібі

      27. Авиамаршруттарға арналған куәліктер Келісімге қол қойылған күнінен бастап бес күнтізбелік күн ішінде конкурс жеңімпазына (жеңімпаздарына) беріледі.
      28. Авиамаршрутқа арналған куәлік бір жылға беріледі.
      29. Куәлікте тасымалдар түрі, аптадағы авиамаршруттың ұшу саны, қолданылу мерзімі, есепке алу сериясы және нөмірі көрсетіледі.
      30. Авиамаршрутқа арналған куәлік қатаң есептегі құжат болып табылады.
      31. Авиамаршрутқа арналған куәлік осы Қағидаға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша беріледі.
      32. Авиамаршрутқа арналған куәлікті иеліктен айыруға болмайды  және ол басқа авиакомпанияларға берілмейді.
      33. Бір авиамаршрутқа бірнеше куәлік берілуі мүмкін.
      34. Бұрын берілген авиамаршрутқа арналған куәлік кезекті конкурс қорытындысы шыққанға дейін қолданылады.

7. Авиамаршруттарға арналған куәліктерді қайтарып алу тәртібі

      35. Уәкілетті орган мынадай авиамаршрутты пайдалану шарттарын орындамаған жағдайда авиакомпаниядан авиамаршрутқа арналған куәлікті қайтарып алады:
      1) ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларды және (немесе) еңсерілмейтін күштің салдарын қоспағанда, авиамаршрутты пайдаланудың басталған күнін, белгілі бір уақыт кезеңінде тұрақты рейстердің белгіленген санын орындауды және әуе кемелерінің авиамаршрутында кестеде белгіленген үлгілерді және (немесе) сыйымдылықты қолдануды қамтитын кестені авиакомпанияның сақтауы;
      2) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын әуе қатынасы туралы халықаралық шарттарға сәйкестік;
      3) бекітілген кестеге сәйкес ұдайы әуе тасымалдарын қамтамасыз ету үшін авиакомпанияда болжамды кірісті ескермегенде бір ай ішінде қажетті қаржы қаражатының жеткілікті резервінің болуы авиамаршрутты пайдаланудың талаптары деп түсініледі.
      36. Авиакомпаниядан авиамаршрутқа арналған куәлікті қайтарып алған кезде куәлік конкурстық ұсынысы соңғы өткізілген конкурс жеңімпазынан (жеңімпаздарынан) кейін үздік деп танылған конкурстың басқа қатысушысына беріледі.
      37. Авиамаршрутқа арналған куәлік қайтарып алынған кезде уәкілетті орган авиакомпанияға куәлікті қайтарып алу туралы хабарлама жібереді.
      38. Авиамаршрутқа арналған куәлік уәкілетті органның интернет-ресурсында қайтарып алу туралы ақпарат орналастырылған күннен бастап он бес күнтізбелік күн өткен соң қайтарылған болып саналады.
      39. Авиамаршрутқа арналған куәлікті қайтарып алу туралы уәкілетті органның шешімі сот тәртібімен шағымдалуы мүмкін.
      40. Халықтың әуе қатынасына сұранысын қанағаттандыру үшін уәкілетті орган «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 80-бабына сәйкес авиакомпанияға авиамаршруттарды бөлу жөніндегі конкурстардың арасындағы кезеңде қажеттілігі туындаған авиамаршрутты пайдалану үшін авиамаршруттарды бөлу жөніндегі конкурсты өткізбестен авиамаршрутқа арналған куәлікті беруге құқылы.
      41. Пайдалану қажеттігі конкурстар арасындағы кезеңде туындаған авиамаршрутты бөлген кезде куәлік осы Қағиданың 10-тармағында көзделген біліктілік талаптарына авиакомпания сәйкес келген жағдайда, өтінім берген барлық авиакомпанияларға беріледі.
      42. Осы Қағиданың 40-тармағында көрсетілген жағдайда маршруттарды бөлу үшін уәкілетті орган арнайы комиссия құрады, бұл ретте өтінімдерді қарау және авиамаршрутқа арналған куәлікті беру мерзімі он бес күнтізбелік күннен аспауы тиіс.

Жолаушыларды, багажды, жүктер
мен почта жөнелтілімдерін
тасымалдау жөнінде қызметтер
көрсету үшін авиамаршрутқа
арналған конкурс өткізу және
авиамаршруттарға куәліктер беру
қағидаларына
1-қосымша

Өтініш

_______________________________________________________________
________________________________________________тасымалдау мақсатында
      (тасымалдау объектілері көрсетіледі)
_____________________________________________________авиамаршрут түрі
                (ішкі, халықаралық)
_________________________________________________авиамаршруты бойынша
               (авиамаршруттың атауы)

      тұрақты авиарейстер орындау құқығына арналған конкурсқа қатысуға жіберуіңізді өтінемін.

Ұйым туралы мәліметтер:

1. Меншік нысаны_____________________________________________________
2. Құрылған жылы_____________________________________________________
3. Заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелуі туралы куәлік ________________
_____________________________________________________________________
                   (нөмірі, кім және қашан берген)

4. Банктік деректемелері_____________________________________________
                     (есеп шот нөмірі, корреспонденттік есеп шоттар,
_____________________________________________________________________
     МФО, БИН, банктің атауы мен орналасқан орны)

5. Заңды мекенжайы және басқа да деректемелері_______________________
_____________________________________________________________________
     (почталық мекенжайы, телефон, телефакс, телекс, телетайп,
_____________________________________________________________________
      телеграфтық және телефондық шақыру белгілері, ИКАО, ИАТА, СИТА,
                         АФТН кодтары)
6.___________________________________________________________________
             (кәсіпорынның бірінші басшысының тегі, аты-жөні)

7. Қоса беріліп отырған құжаттар_____________________________________

Кәсіпорын басшысы: тегі, аты-жөні, қолы, күні.

                                           Мөрдің орны

Өтініш 20___ жылғы «____» ________ қарауға қабылданды.

Жолаушыларды, багажды, жүктер
мен почта жөнелтілімдерін
тасымалдау жөнінде қызметтер
көрсету үшін авиамаршрутқа
арналған конкурс өткізу және
авиамаршруттарға куәліктер беру
қағидаларына
2-қосымша

Қазақстан Республикасының елтаңбасы

Авиамаршрутқа арналған куәлік

_____________________________________________________________________
                      (заңды тұлғаның толық атауы)
________________________________________________тасымалдау мақсатында
      (тасымалдау объектілері көрсетіледі)
_________________________________________________авиамаршруты бойынша
           (авиамаршрут атауы)
_____________________________________________________________________
             (аптасына ұшудың рұқсат етілген рейстер саны)

тұрақты авиарейстерді орындау құқығы берілді.

Авиамаршрутқа арналған куәлікті берген мемлекеттік орган_____________
_____________________________________________________________________
          (куәлікті берген мемлекеттік органның толық атауы)

Басшы________________________________________________________________
       (куәлікті берген мемлекеттік орган басшысының тегі, аты-жөні)

Куәліктің берілген күні: 20___ жылғы «____» ________

Куәліктің қолданылу мерзімі: 20___ жылғы «____» ________ дейін

Куәліктің нөмірі ____________ № ____________

____________қаласы

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2010 жылғы 19 қарашадағы
№ 1221 қаулысына  
қосымша       

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. «Жолаушылар, теңдеме жүк, жүк және почтаны тасымалдау жөнінде қызмет көрсету үшін авиабағыттарға конкурс өткізу және куәліктер беру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 3 сәуірдегі № 401 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 10, 100-құжат).
      2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 3 сәуірдегі № 401 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 25 қыркүйектегі № 1052 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 32, 342-құжат).
      3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 3 сәуірдегі № 401 қаулысына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 22 қаңтардағы № 80 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 3, 37-құжат).
      4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 3 сәуірдегі № 401 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 7 қаңтардағы № 12 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 1, 5-құжат).
      5. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне авиация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 2 ақпандағы № 61 қаулысының 1-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 9, 109-құжат).