Соттардың Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі 27-тарауының нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2010 жылғы 24 желтоқсандағы N 20 Нормативтік қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің
27-тарауымен белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша жеке және заңды тұлғалардың арыздарын қарау кезінде соттардың заңнамалық актілерді біркелкі түсінуін және қолдануын қамтамасыз ету мақсатында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы 

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі – АІЖК) 278-бабының бірінші бөлігінде аталған субъектілердің шешімдері, әрекеттері (әрекетсіздігі), егер осы шешімдер мемлекеттік басқарудың тиісті саласында басқару функцияларын жүзеге асырған кезде қабылданса, жасалса, кез келген жеке немесе заңды тұлға (бұдан әрі – арыз беруші) АІЖК-нің 27-тарауымен белгіленген тәртіппен шешімдерді, әрекеттерді (әрекетсіздікті) даулауға құқылы. Мұндай субъектілерге мемлекеттік органдар жүйесінде айрықша орын алатын органдарды да (мысалы, Бас прокуратура, Орталық сайлау комиссиясы, Ұлттық Банк, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Президенттің Күзет қызметі, Мемлекеттік мүлікті басқару комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі) жатқызған жөн.
      АІЖК-нің 27-тарауына қатысты мемлекеттік билік органдары деп Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен, өзге де нормативтік құқықтық актілерімен әкімшілік-құқықтық қатынастарда мемлекет атынан басқару функцияларын жүзеге асыруға өкілеттік берілген мемлекеттік биліктің атқарушы тармағының орталық және аумақтық органдарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын (бұдан әрі – мемлекеттік органдарды) түсінген жөн.
      «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 1-бабына сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқару органына жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу жөніндегі функциялар жүктелген органдар (әкімдік, мәслихат, жергілікті қоғамдастық органы) жатады.
      2. Егер арыз беруші:
      1) өзіне тиесілі субъективтік құқықтар, бостандықтар немесе заңды мүдделер бұзылды;
      2) оның өзінің субъективтік құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерiн жүзеге асыруға кедергі жасалды;
      3) оған қандай да бір мiндет заңсыз жүктелді деп есептесе, мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының шешіміне, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекетіне (әрекетсіздігіне) сотқа шағым бере алады.
      Адамды қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім тиісінше қылмыстық іс жүргізу немесе әкімшілік іс жүргізу заңымен белгіленген тәртіппен, ал материалдық жауапкершілікке тарту туралы шешім талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен даулануы мүмкін.
      3. Егер:
      1) арыз берушінің жариялы-құқықтық қатынастардағы субъективтік құқықтарын не міндеттерін белгілейтін, өзгертетін немесе бұзатын жеке құқықтық актіні қабылдаумен;
      2) арыз берушінің ол үшін заңмен белгіленген жалпыға бірдей міндетті мінез-құлық ережелерін сақтауын бақылауды немесе қадағалауды жүзеге асырумен байланысты басқару функцияларын жүзеге асыру кезінде пайда болған әкімшілік-құқықтық қатынастарда шешім қабылданса, әрекет (әрекетсіздік) жасалса, оған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының шешіміне, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекетіне (әрекетсіздігіне) АІЖК-нің 27-тарауының тәртібімен шағымдануға жол беріледі.
      Жеке құқықтық актілерге «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының екінші тармағында көрсетілген талаптарға жауап беретін, белгіленген нысандағы жазбаша ресми құжаттар жатады.
      Жеке құқықтық акт барлық жағдайларда мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының құзыреті шегінде қабылдануға, ал әрекет (әрекетсіздік) мемлекеттік басқару саласындағы лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің өкілеттіктері шегінде және қолдануға жататын нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жасалуға тиіс.
      4. Егер мемлекеттік кәсіпорын, мемлекеттік мекеме, шаруашылық серіктестік, акционерлік қоғам, өндірістік немесе тұтынушы кооператив, қоғамдық бірлестік ұйымдастыру-құқықтық нысан түріндегі заңды тұлғаларға басқарудың тиісті саласында мемлекеттік органның өкілеттіктері заңмен берілген болса, аталған заңды тұлғаның шешіміне АІЖК-нің 27-тарауында қарастырылған негіздер бойынша шағым беруге болады.
      5. Мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының алқалық немесе жеке шешімі, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекеті (әрекетсіздігі), егер олар бір уақытта мынадай екі белгіге сәйкес келсе:
      1) мемлекеттік басқару саласындағы жариялы-құқықтық қатынастардан (билік және бағыну қатынастарынан) туындаса;
      2) арыз беруші үшін АІЖК-нің 279-бабы бірінші бөлігінің 1) - 3) тармақшаларымен қарастырылған кез келген құқықтық салдарды тудырса, арыз беруші Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының екінші тармағына, АІЖК-нің 278 және 279-баптарына сәйкес, оларға шағым беруге құқылы.
      АІЖК-нің 27-тарауымен көзделген негіздер бойынша, атап айтқанда жергілікті өзін-өзі басқару органының жиналысқа, митингіге, шеруге, тосқауылға немесе демонстрацияға тыйым салу туралы шешіміне; уәкілетті мемлекеттік органның адамды оралман, репатриант, амалсыз қоныс аударушы, босқын деп танудан бас тарту туралы шешіміне; жол полициясы лауазымды адамдарының көлік құралдарының қозғалысын шектеу немесе оған тыйым салу жөніндегі әрекеттеріне; тергеу изоляторы немесе түзету мекемесі әкімшілігінің жазалау шараларын қолдану туралы шешіміне; сотталғанды жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату, ауруына байланысты жазаны одан әрі өтеуден босату туралы, сотталғанның жазаны өтеу жағдайларын өзгерту туралы материалды түзеу мекемесі, тергеу изоляторы бастығының немесе прокурордың сотқа жіберуден бас тартуына шағым беруге болады.
      Қазақстан Республикасы Конституциясының 47-бабының екінші тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) АІЖК-нің 27-тарауымен көзделген сот тәртібімен шағым беруге болмайды.
      6. АІЖК-нің 27-тарауының тәртібімен шағым беруге болатын әрекетке лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің шешім нысанына келтірілмеген, бірақ арыз беруші үшін АІЖК-нің 279-бабының бірінші бөлігімен қарастырылған кез келген құқықтық салдарға әкеп соқтырған билік талабы жатады.
      Әрекеттерге, атап айтқанда, атқарушы-өкімдік функцияларды, билік өкілі функцияларын, мемлекеттік қадағалауды немесе бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің ауызша түрде айтылған талаптары жатады.
      7. АІЖК-нің 27-тарауының тәртібімен шағым берілуі мүмкін әрекетсіздікке лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің оған нормативтік құқықтық актілермен (лауазымдық нұсқаулықтар, ережелер, регламенттер, бұйрықтар) жүктелген міндеттерді орындамауы жатады. Әрекетсіздікке, атап айтқанда, азаматтың немесе заңды тұлғаның өтінішін толығымен немесе ішінара қараусыз қалдыруды, егер өтінішті қарау лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің құзыретіне жатса, арыз берушіге жауапты осы өтініштің мәні бойынша бермеуді жатқызған жөн.
      8. АІЖК-нің 27-тарауымен белгіленген тәртіппен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым берілуі мүмкін лауазымды адамдар деп «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабында және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабына ескертуде көрсетілген адамдар түсініледі.
      Мемлекеттік қызметші деп «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабында көрсетілген адам түсініледі.
      9. АІЖК-нің 27-тарауының тәртібімен берілген арыздар бойынша азаматтық істер жариялы құқықтық қатынастардан туындайды және тек талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен қаралатын заттық және міндеттемелік құқықтық қатынастардан туындайтын істерді қоспағанда, ерекше талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен қаралады.
      Ерекше талап қою бойынша іс жүргізу талап қою бойынша іс жүргізудің бір түрі болып табылады, оның мынадай ерекшеліктері бар:
      1) дау АІЖК-нің 278-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген субъектілердің азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзған шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым беру арқылы шешіледі;
      2) іс сырттай іс жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды;
      3) істі бітімгершілік келісіммен аяқтауға болмайды;
      4) аталған санаттағы істер бойынша талап қоюдың қысқартылған мерзімі және істерді қараудың қысқартылған мерзімі белгіленген.
      Ерекше талап қою бойынша іс жүргізу талап қою бойынша іс жүргізудің бір түрі болғандықтан, осы санаттағы істерді қарау АІЖК-нің 141920 және 21-тарауларының нормалары сақтала отырып, талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен жүргізіледі.
      Заттық немесе міндеттемелік құқықтық қатынастардан туындайтын құқық туралы дау пайда болған жағдайда, сот істі АІЖК-нің 290-бабының екінші бөлігіне сәйкес талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен қарау туралы ұйғарым шығарады.
      10. АІЖК-нің нормаларымен қараудың өзге рәсімдері белгіленген мына істер:
      1) АІЖК-нің 3039-1-тарауларында белгіленген ерекше жүргізілетін істер;
      2) АІЖК-нің 2525-1262829-тарауларымен белгіленген ерекше талап қою бойынша жүргізілетін істер;
      3) тиісті іс жүргізу заңымен қараудың өзге сот тәртібі белгіленген соттың, судьяның, прокурордың, тергеушінің, анықтаушының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым беру туралы істер үшін АІЖК-нің 27-тарауының ережелері қолдануға жатпайды.
      11. «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының ережелеріне сәйкес, егер мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының жеке құқықтық акт түріндегі шешімі онда көрсетілген тапсырмалардың (талаптардың) орындалуына байланысты қолданысын тоқтатпаса, осындай актіге шағым берілуі мүмкін.
      Егер жеке құқықтық акт негізінде азаматтық-құқықтық мәміле жасалса, онда талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен шағымдануға дауланып отырған мәміле, мысалы, конкурс (тендер) қорытындылары бойынша жұмыстарды (қызметтерді) орындауға арналған мердігерлік шарт жатады. Мәміле оның заң талаптарына сәйкес келмеу себептері бойынша жарамсыз деп танылған кезде, дауланып отырған мәмілені жасасу үшін негіз болған шешімнің заңсыздығы туралы соттың тұжырымдары шешімнің дәлелдеу бөлігінде келтірілуге тиіс.
      12. «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8 және 9-баптарының және «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының ережелерінің негізінде мемлекеттік басқару саласындағы лауазымды адам мен мемлекеттік қызметші өздеріне жүктелген функцияларды тиісті мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының атынан жүзеге асырады.
      «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен жоғары тұрған органның немесе лауазымды адамның төмен тұрған органның шешімінің, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекетінің (әрекетсіздігінің) күшін жою құқығы қарастырылған, бұл ретте осындай шешім, әрекет (әрекетсіздік) заң бұзылып, оның ішінде өкілеттік асырылып қабылдануға, жасалуға тиіс.
      Жоғары тұрған лауазымды адам төмен тұрған лауазымды адамнан немесе мемлекеттік қызметшіден арыз берушінің бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған әрекеттерді лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің өкілеттіктері шегінде жасауды талап етуге құқылы.
      13. АІЖК-нің 58-бабына сәйкес, сотта мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының ісін өзіне заңмен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен немесе құрылтайшылық құжаттармен берілген өкілеттіктердің шегінде әрекет ететін басшы жүргізеді. Басшы сотқа оның қызметтік жағдайын немесе өкілеттіктерін куәландыратын құжаттарды ұсынады. Сотта істі аталған органның басшысымен қатар тапсырма бойынша өкіл де жүргізе алады.
      Шағым берілген әрекетті (әрекетсіздікті) жасаған лауазымды адам немесе мемлекеттік қызметші, егер істі қарау сәтінде шағым берілген әрекетті (әрекетсіздікті) жасаған кездегі қызметте болса, іске тартылып, оған сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарланады. Егер аталған адам заңда көзделген негіздер бойынша мемлекеттік органмен немесе жергілікті өзін-өзі басқару органымен еңбек қатынастарын тоқтатса, онда тиісті мемлекеттік орган немесе жергілікті өзін-өзі басқару органы ғана іске қатысуға тартылады.
      14. Арызды азаматтық іс жүргізу әрекет қабілеттілігі бар арыз беруші бере алады.
      АІЖК-нің 55-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, прокурор заңда көрсетілген азаматтар санаттарының мүддесін көздеп, мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, лауазымды адам немесе мемлекеттік қызметші басқару функцияларын жүзеге асыру кезінде бұзған субъективтік құқықтар мен бостандықтарды қорғау туралы арыз бере алады.
      АІЖК-нің 279-бабының бірінші бөлігімен көзделген негіздер бойынша әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын қорғап, арызды аталған адамның заңды өкілі (ата-ана, қамқоршы, қорғаншы) бере алады.
      15. Жоғары тұрған лауазымды адамға немесе жоғары тұрған мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына арыз беру арызды сот өндірісіне қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылмайды.
      Арыз беруші жоғары тұрған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының немесе жоғары тұрған лауазымды адамның шешімімен келіспеген жағдайда, жоғары тұрған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының немесе жоғары тұрған лауазымды адамның шешімі де, сондай-ақ төмен тұрған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының шешімі, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекеті (әрекетсіздігі) де сот тәртібімен шағымдануға жатады.
      16. Жоғары тұрған мемлекеттік органға немесе жоғары тұрған лауазымды адамға не сотқа арыз беру «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының төртінші тармағына сәйкес тиісті шешім қабылданғанға дейін жеке құқықтық актінің (шешімнің) күшін тоқтата тұрады.
      «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабының төртінші тармағына сәйкес, прокурордың заң бұзушылықты жою туралы ұйғарымына жоғары тұрған прокурорға немесе сотқа шағым берілген жағдайда, бұл оның орындалуын тоқтата тұрмайды. Бұл жағдайда, егер сот немесе жоғары тұрған прокурор тағайындалған орындау мерзіміне дейін прокурор ұйғарымын заңсыз деп таппаса және күшін жоймаса, онда ұйғарым прокурор белгілеген мерзімде орындалуға жатады.
      17. «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының екінші тармағына және АІЖК-нің 280-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, арыз беруші шешімге, әрекетке (әрекетсіздікке) ол субъективтік құқықтарының, бостандықтарының немесе заңды мүдделерiнiң бұзылғаны туралы өзіне белгілі болған күннен бастап үш ай iшiнде шағым бере алады.
      АІЖК-нің 240-5-бабының бірінші бөлігі мен 2010 жылғы 2 сәуірдегі «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 127-бабына сәйкес, өндіріп алушы немесе борышкер сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуде қабылдаған шешімге, жасаған әрекетке (әрекетсiздiкке) шағым бере алады. Аталған адамдар арыз берушінің құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерiн бұзатын шешімнің қабылданғаны, әрекеттің (әрекетсіздіктің) жасалғаны туралы оған белгілі болған күннен бастап он күннің ішінде сотқа шағым бере алады.
      Борышкер немесе өндіріп алушы болып табылмайтын адам сот орындаушысының шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану туралы арызды үш ай ішінде бере алады.
      Сот орындаушысы қабылдаған шешім, жасаған әрекет (әрекетсіздік) туралы арыз берушіге белгілі болған уақытты дәлелдеу міндеті арыз берушіге жүктеледі.
      18. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 179-бабының екінші және үшінші тармақтарына сәйкес, сот арыз берушінің өткізіп алған талап қою мерзiмiн мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің бірінші сатыдағы соттың сот отырысында жасаған мәлімдемесі бойынша ғана қолдана алады. Мұндай мәлімдеме бірінші сатыдағы сот шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін барлық жағдайларда жасалуы мүмкін.
      Бірінші сатыдағы соттың бастамасы бойынша, сондай-ақ апелляциялық, кассациялық немесе қадағалау сатысы сотының бастамасы бойынша талап қою мерзімінің ескіруі қолдануға жатпайды.
      Дәлелді себептермен өткізіп алынған арыз беру мерзімін бірінші сатыдағы сот қалпына келтіре алады. Бірінші сатыдағы соттың талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы процессуалдық шешімін апелляциялық, кассациялық немесе қадағалау сатысындағы сот қайта қарай алмайды, өйткені мұндай шешім арызданушының сот арқылы қорғану құқығын қамтамасыз етеді.
      АІЖК-нің 280-бабының екінші бөлігіне сәйкес, арыз беру мерзімін дәлелсіз себептермен өткізіп алу бірінші сатыдағы соттың арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығаруы үшін өз алдына бөлек негіз болып табылады.
      19. АІЖК-нің 278-бабының екінші бөлігіне және 273031-баптарына сәйкес шешімге, әрекетке (әрекетсіздікке) шағымдану туралы арыз мынадай соттылық ережелері сақтала отырып, сотқа беріледі:
      1) шешімге, әрекетке (әрекетсіздікке) шағымдану туралы жеке тұлғаның арызы немесе оның мүддесін білдіретін арыз арыз берушінің таңдауы бойынша арыз берушінің тұрғылықты жеріндегі немесе шешіміне шағым берілетін мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы орналасқан жердегі аудандық (қалалық сотқа) беріледі.
      Лауазымды адам немесе мемлекеттік қызметші мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының атынан жариялы-құқықтық қарым-қатынас жасайтындықтан, шағым беріліп отырған әрекетті (әрекетсіздікті) солардың атынан жасаған лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің орналасқан жері деп мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының орналасқан жері түсініледі.
      2) АІЖК-нің 278-бабының үшінші бөлігіне сәйкес мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметті сақтаушы болып табылатын Қазақстан Республикасы азаматының шетелге кетуіне рұқсат беруден бас тарту туралы мемлекеттік органның шешіміне шағым беру туралы арыз кетуді құптамау туралы шешім қабылдаған орган орналасқан жердегі аудандық (қалалық) сотқа берілуі мүмкін;
      3) әскери қызметшінің немесе әскери жиынды атқарып жатқан азаматтың әскери басқару органының шешімін немесе лауазымды адамның әрекеттін (әрекетсіздігін) даулау туралы арызы әскери бөлім, әскери басқару органы орналасқан жердегі тиісті гарнизонның әскери сотына берілуі мүмкін.
      «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабына сәйкес, әскери қызметшілер деп шақыру бойынша, келісім-шарт бойынша Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери қызметті атқарып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ кадрлық офицерлер түсініледі. Азамат тиісті әскери бөлімнің тізімдерінен шығарылған күннен бастап әскери қызметші мәртебесінен айырылады;
      4) заңды тұлғаны құрмай, жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтың, сол сияқты заңды тұлғаның мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының шешіміне шағымдану туралы арызы АІЖК-нің 30-бабының 1-бөлігіне сәйкес, мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы орналасқан жердегі мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа беріледі;
      5) сот орындаушысының сот актісін орындау барысында атқарушылық іс жүргізу кезінде жасаған әрекетін (әрекетсіздігін) даулау туралы арыз АІЖК-нің 240-5-бабының 1-бөлігіне сәйкес атқарушылық әрекеттер жасалған жердегі аудандық (қалалық) сотқа беріледі.
      АІЖК-нің 32 және 33-баптарында көзделген ерекше немесе шарттық соттылық туралы ереже АІЖК-нің 27-тарауымен көзделген істерге қолданылмайды.
      20. Шешімге, әрекетке (әрекетсіздікке) шағымдану туралы арыз АІЖК-нің 150151 және 279-баптарында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
      Арызда мыналар:
      1) шағымданып отырған шешімді қандай мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының және қашан қабылдағаны, шағымданып отырған әрекетті (әрекетсіздікті) қандай лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің қашан жасағаны;
      2) шағымданып отырған шешімнің, әрекеттің (әрекетсіздіктің) мазмұны;
      3) арыз берушінің пікірі бойынша қандай құқықтардың, бостандықтардың немесе заңды мүдделердің бұзылғаны;
      4) арыз берушінің пікірі бойынша құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді жүзеге асыру үшін қандай кедергілердің жасалғаны;
      5) арыз берушінің пікірі бойынша оған қандай мiндеттің заңсыз жүктелгені;
      6) арыз берушінің талабының мәні міндетті түрде көрсетілуге тиіс.
      21. АІЖК-нің 27-тарауының тәртібімен берілетін арызға «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 535-бабы бірінші тармағының 2)3) және 4) тармақшаларымен тиісті арыз беруші үшін көзделген мөлшерде мемлекеттік баж төленуге жатады.
      Ерекше талап қою бойынша іс жүргізудің өзге де санаттары бойынша сотқа берілетін арыздарға Салық кодексінің 535-бабы бірінші тармағының 8) тармақшасында белгіленген мөлшерде мемлекеттік баж төленуге жатады.
      Салық кодексінің 541-бабымен көзделген жағдайларда арыз беруші мемлекеттік баж төлеуден босатылуға жатады.
      22. Егер арыз беруші істі қарау үшін қажетті материалдарды арызға қоса бермесе, онда судья АІЖК-нің 166 және 170-баптарына сәйкес, істі сот талқылауына дайындау кезінде мемлекеттік органнан, жергілікті өзін-өзі басқару органынан:
      1) мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының құзыретін белгілейтін нормативтік құқықтық актінің мәтінін (тиісті заңды, ережені, жарғыны, құрылтайшылық құжаттарды);
      2) мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы арыз берушінің туындаған жариялы-құқықтық қатынастағы субъективтік құқықтары мен міндеттерін белгілеген, өзгерткен немесе тоқтатқан жеке құқықтық актінің мәтінін;
      3) егер лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым берілсе, олардың өкілеттіктерінің көлемі белгіленген нормативтік құқықтық актіні (ережені, қағиданы, қызметтік нұсқаулықты);
      4) шағымданып отырған шешімді шығару, әрекетті (әрекетсіздікті) жасау үшін негіз болған материалдарды талап етеді.
      23. Арызда көрсетілген мән-жайларды ескере келе, судья істі мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы басшысының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің қатысуымен қарау мақсатында сот отырысына олардың міндетті түрде келуі туралы ұйғарым шығаруға құқылы.
      Мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының басшысы, лауазымды адам немесе мемлекеттік қызметші келмеген кезде, егер судья аталған адамдар міндетті түрде келуге тиіс деп тапса, сот АІЖК-нің 119-бабына сәйкес, осы адамдарды сотқа еріксіз алып келу туралы ұйғарым шығарады.
      Істің қаралатын уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы басшысының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің келмеуі, сол сияқты аталған адамдардың өкілдерінің келмеуі, егер судья аталған адамдар сот отырысына міндетті түрде қатысуға тиіс деп таппаса, істі қарауды кейінге қалдыру үшін негіз болып табылмайды.
      Істің қаралатын уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланбаған мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы басшысының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің, сол сияқты аталған адамдардың өкілдерінің сотқа келмеуі АІЖК-нің 187-бабының екінші бөлігіне сәйкес, істі қарауды кейінге қалдыру үшін негіз болып табылады. Істі талқылау кейінге қалдырылған кезде, ол АІЖК-нің нормаларымен тиісті санаттағы ерекше талап қою бойынша істі жүргізу үшін белгіленген процессуалдық мерзім шегінде қаралуға тиіс.
      Мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы басшысының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің сотқа келмеуі, сот мұндай келуді міндетті деп тапқан жағдайда, аталған адамдарды әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамалық актіге сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартуға әкеп соқтыруға тиіс.
      24. АІЖК-нің 15 және 65-баптарына сәйкес, арыз беруші айтысу принципін сақтай отырып, АІЖК-нің 279-бабы бірінші бөлігінің 1), 2) немесе 3) тармақшаларында көрсетілген мән-жайлардың кез келгенінің болуы туралы өз пікірін негіздеуге міндетті. Сот отырысына қатысушы мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының басшысы немесе оның өкілі, лауазымды адам немесе мемлекеттік қызметші шағымданып отырған шешімнің, жасалған әрекеттің (әрекетсіздіктің) заңға сәйкестігін дәлелдеуге міндетті.
      АІЖК-нің 65-бабында белгіленген дәлелдеу ауыртпалығын бөлу туралы ереже істі апелляциялық сатыдағы сотта қарау кезінде де қолданылады, бұл ретте АІЖК-нің 345-бабында белгіленген ережелер сақталуы керек.
      25. АІЖК-нің 27-тарауымен көзделген істі сот отырысында қарау кезінде сот өз бастамасы бойынша мемлекеттік органнан, жергілікті өзін-өзі басқару органынан шағымданып отырған шешімді қабылдауы, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекетті (әрекетсіздікті) жасауы үшін негіз болған материалдарды қосымша талап етуге құқылы.
      Талап етілген материалдарды сотқа ұсынбау АІЖК-нің 66-бабының оныншы бөлігінде көзделген құқықтық салдарға әкеп соқтырады.
      Соттың материалдарды ұсыну туралы талабын орындамаған адам сотты құрметтемегені үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатады.
      26. Шағымданып отырған шешімнің, әрекеттің (әрекетсіздіктің) заңдылығы оның нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, мемлекеттік органның немесе жергілікті өзін-өзі басқару органының құзыреті, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің өкілеттігі шегінде қабылданғанын (жасалғанын) білдіреді.
      Шағымданып отырған шешімнің, әрекеттің (әрекетсіздіктің) заңдылығын тани отырып, сот АІЖК-нің 282-бабының екінші бөлігіне сәйкес, арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім шығарады.
      27. Сот істі қарау кезінде, егер қабылданған шешімнің, жасалған әрекеттің (әрекетсіздіктің) мәнісі мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің нормативтік құқықтық актілерде көзделген өкілеттіктерінен туындаса, қабылданған шешімнің, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің жасаған әрекетінің (әрекетсіздігінің) орындылығын бағалауға құқылы емес.
      28. Егер сот мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының шағымданып отырған шешімін, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің шағымданып отырған әрекетін (әрекетсіздігін) заңсыз деп таныса, онда сот шешімінде:
      1) осы шешімнің, әрекеттің (әрекетсіздіктің) қандай нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келмейтіні;
      2) арыз берушінің қандай құқықтары мен бостандықтарының, заңды мүдделерiнің бұзылғаны;
      3) арыз берушінің құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін іске асыруы үшін қандай кедергілердің жасалғаны;
      4) арыз берушіге қандай мiндет заңсыз жүктелгені көрсетілуге тиіс.
      Шешімнің қарар бөлігінде сот арыз берушінің құқықтарының, бостандықтарының немесе заңды мүдделерінің орын алған бұзылуын жоюға міндетті мемлекеттік органды, жергілікті өзін-өзі басқару органын, сондай-ақ жол берілген бұзушылықтар жойылуға жататын мерзімді көрсетуге міндетті. Жол берілген бұзушылықтарды жою мерзімін сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап есептеу керек.
      Мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының шешімін заңсыз деп танығаннан кейін, сот туындаған жариялы-құқықтық қатынастарда мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы қабылдауға тиіс шешімнің мазмұнын сот актісінде көрсетуге құқылы емес.
      29. Сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күннен кешіктірілмей оның көшірмесі АІЖК-нің 282-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, сот шешімін жүктелген мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына орындауға жіберілуге жатады.
      Сот шешімінің көшірмесі жоғары тұрған мемлекеттік органға немесе жоғары тұрған лауазымды адамға да жіберілуі мүмкін.
      Сот шешімін сот белгілеген мерзімде орындамаған адам сот актісін орындамағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамалық актімен көзделген негіздер мен тәртіп бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатады. Адамды тәртіптік немесе әкімшілік жауаптылыққа тарту осы адамды сот шешімін орындау міндетінен босатпайды.
      Сот белгіленген мерзімде сот шешімінің орындалуын, сондай-ақ шешімнің орындалғаны туралы хабарламаның АІЖК-нің 282-бабының төртінші бөлігімен белгіленген мерзімде келіп түсуін бақылауға міндетті.
      30. Сот шешім шығарған кезде АІЖК-нің 110 және 111-баптарына сәйкес, сот шығыстарын тараптар арасында бөлуге міндетті.
      31. АІЖК-нің 253-бабында көзделген негіздер болған кезде, соттың мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің қызметінде заңдылықты бұзуға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы жеке ұйғарым шығарғаны жөн.
      32. Осы нормативтік қаулының қабылдануына байланысты «Соттардың мемлекеттік өкімет, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) дау айту жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы № 10 нормативтік қаулысының күші жойылды деп танылсын.
      33. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы                   М. Әлімбеков

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы                       Ж. Бәйішев