Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 25 желтоқсандағы N 2206 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов.


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 25 желтоқсандағы
N 2206 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің
кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.12.2016 № 904 қаулысымен.

      2. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 30.06.2016 № 387 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 44, 443-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентінде:

      мынадай мазмұндағы 43-1-тармақпен толықтырылсын:

      "43-1. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінде және Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінде қарау процесінде Қазақстан Республикасының Президенті мен Парламентінің қарауына тиісінше Президент актілерінің жобаларын және заң жобаларын енгізу туралы қаулы жобалары тұжырымдамалық өзгерген жағдайда, олар міндетті түрде мүдделі мемлекеттік органдармен қайта келісілуге тиіс.";

      82-тармақтың бірінші абзацында "Жоспардың жобасын Әділет министрлігі" деген сөздерден кейін ", жыл сайын 1 тамызға дейін Әділет министрлігіне жолданатын" деген сөздермен толықтырылсын;

      84-тармақ мынадай мазмұндағы екінші және үшінші абзацтармен толықтырылсын:

      "Мыналар:

      Мемлекет басшысының немесе Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің тапсырмалары;

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмалары қабылданған Жоспарға заң жобаларын қосу негіздері болып табылады.

      Мыналар:

      Мемлекет басшысының немесе Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің тапсырмалары;

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмалары;

      алып тастауға ұсынылатын заң жобасы бойынша Республикалық бюджет комиссиясының теріс қорытындысы;

      бірнеше заң жобаларын бір реттеу нысаны бойынша біріктіру қабылданған Жоспардан заң жобаларын алып тастау негіздері болып табылады.";

      86-тармақ алынып тасталсын.

      4. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 29.12.2016 № 907 қаулысымен.

      5. "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының заң қызметтері туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қарашадағы № 1072 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 41, 454-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының заң қызметтері туралы үлгі ережеде:

      8-тармақ мынадай мазмұндағы бесінші және алтыншы абзацтармен толықтырылсын:

      "әзірлеушісі олардың мемлекеттік органы болып табылатын заң жобаларының Қазақстан Республикасының Парламентінде өтуіне қатысады;

      Алматы қаласында орналасқан, олардан уәкілеттік берілген тұлғалар қатысатын мемлекеттік органдарды қоспағанда, Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның әрбір отырысына қатысады;".