Жаңартылатын энергия көздерінің пайдалану объектілері құрылысының техникалық-экономикалық негіздемелері мен жобаларын келіcу және бекіту ережесін, мерзімдерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 25 желтоқсандағы N 2190 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 шілдедегі Заңының 5-бабының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері құрылысының техникалық-экономикалық негіздемелері мен жобаларын келісу және бекіту ережесі, мерзімдері бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі.                            К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2009 жылғы 25 желтоқсандағы
№ 2190 қаулысымен    
бекітілген        

Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері құрылысының
техникалық-экономикалық негіздемелері мен жобаларын келісу және
бекіту ережесі, мерзімдері

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері құрылысының техникалық-экономикалық негіздемелері мен жобаларын келісу және бекіту ережесі, мерзімдері (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» 2009 жылғы 4 шілдедегі, «Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі заңдарына және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленді.
      Ереже жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері құрылысының техникалық-экономикалық негіздемелері мен жобаларын келісу және бекіту тәртібін, мерзімдерін белгілейді.
      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) энергия өндіруші білікті ұйым - жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлға;
      2) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі - жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін іске қосу үшін технологиялық қажетті тиісті инфрақұрылымы бар электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруге арналған дербес техникалық қондырғылар және олармен өзара байланысты құрылғылар;
      3) тапсырыс беруші (инвестор) - жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінің құрылысын жүзеге асыру ниеті бар жеке немесе заңды тұлға;
      4) уәкілетті орган - жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
      3. Осы Ереже республикалық немесе жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері құрылысының жобаларына қолданылмайды.
      4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі - жергілікті атқарушы органдар) және уәкілетті орган өз құзыреті шегінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері құрылысының жобаларын, техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу мәселелері бойынша өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

2. Қуаты жиырма бес мегаватқа дейінгі жаңартылатын
энергия көздерін пайдалану объектілері, сондай-ақ жылумен
жабдықтаудың жалпы жүйесіне арналған жылу энергиясын
өндіру үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері
құрылысының техникалық-экономикалық негіздемелері мен
жобаларын келісу және бекіту тәртібі, мерзімдері

      5. Тапсырыс беруші (инвестор) қуаты жиырма бес мегаватқа дейінгі жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі немесе жылумен жабдықтаудың жалпы жүйесіне арналған жылу энергиясын өндіру үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін келісу үшін санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, мемлекеттік энергетикалық қадағалаудың мемлекеттік органдарына, жергілікті атқарушы органдарға ұсынады.
      6. Техникалық-экономикалық негіздемеге жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінің құрылысына жер учаскелерін беру (жер учаскесін пайдалануға рұқсат), жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін электр және жылу желілеріне қосу туралы құжаттар, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңында белгіленген өзге де қажетті құжаттар қоса беріледі.
      7. Жергілікті атқарушы органдар техникалық-экономикалық негіздемені техникалық және технологиялық жобалық шешімдерді, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі құрылысы жобасының өзін-өзі ақтауы, өндірілетін энергияның бағасын сипаттайтын жобаның тиімділік көрсеткіштерін ескере отырып қарайды.
      Жобаның тиімділік көрсеткіштерін есептеу уәкілетті орган бекіткен және белгіленген тәртіппен жарияланған әдістемеге сәйкес жүзеге асырылады.
      8. Техникалық-экономикалық негіздемені санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, мемлекеттік энергетикалық қадағалаудың мемлекеттік органдарымен, жергілікті атқарушы органдармен келісу және қарау мерзімдері оны ұсынған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспауға тиісті.
      9. Техникалық-экономикалық негіздеменің мемлекеттік экологиялық сараптамасы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
      10. Тапсырыс беруші (инвестор) техникалық-экономикалық негіздемені санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, мемлекеттік энергетикалық қадағалаудың мемлекеттік органдарымен және жергілікті атқарушы органдармен келісілгеннен кейін бекітеді.
      11. Тапсырыс беруші (инвестор) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі құрылысының жобасын келісу үшін санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, мемлекеттік энергетикалық қадағалаудың мемлекеттік органдарына, жергілікті атқарушы органдарға ұсынады.
      12. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі құрылысының жобасын санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, мемлекеттік энергетикалық қадағалаудың мемлекеттік органдарымен келісу мерзімдері оны ұсынған күнінен бастап отыз күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
      13. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі құрылысының жобасына мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізу Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
      14. Жергілікті атқарушы органдар жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі құрылысының жобасын қарайды және оны ұсынған күнінен бастап он күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде келіседі немесе келісуден бас тартады.
      Жергілікті атқарушы органдар жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі құрылысының жобасын келісуде жергілікті атқарушы органмен келісілген техникалық-экономикалық негіздемеде қабылданған жобалық шешімдердің тиімділік көрсеткіштерін нашарлататын негізгі көрсеткіштерден (жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі жабдықтарының техникалық және технологиялық көрсеткіштері, өзін-өзі ақтау мерзімі, энергияның бағасы) ауытқу анықталған жағдайда, сондай-ақ ескірген, өндірістен алынған, бұрын қолдануда болған жабдықтарды пайдаланған жағдайларда оны келісуден бас тартады.
      15. Тапсырыс беруші (инвестор) қуаты жиырма бес мегаватқа дейінгі жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі немесе жылумен жабдықтаудың жалпы жүйесіне арналған жылу энергиясын өндіру үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі құрылысының жобасын санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, мемлекеттік энергетикалық қадағалаудың мемлекеттік органдарымен, жергілікті атқарушы органдармен келісілгеннен кейін бекітеді.

3. Қуаты жиырма бес мегаватт және одан жоғары
жаңартылатын энергия көздерін пайдалану обьектілері
құрылысының техникалық-экономикалық негіздемелері мен
жобаларын келісу және бекіту тәртібі, мерзімдері

      16. Тапсырыс беруші (инвестор) қуаты жиырма бес мегаватт және одан жоғары жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі құрылысы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, мемлекеттік энергетикалық қадағалаудың мемлекеттік органдарына келісу үшін ұсынады.
      17. Техникалық-экономикалық негіздемеге қуаты жиырма бес мегаватт және одан жоғары жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі құрылысына жер учаскелерін беру (жер учаскесін пайдалануға рұқсат), жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін электр желілеріне қосу туралы құжаттар, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңында белгіленген өзге де қажетті құжаттар қоса беріледі.
      18. Техникалық-экономикалық негіздемені санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, мемлекеттік энергетикалық қадағалаудың мемлекеттік органдарымен, жергілікті атқарушы органдармен келісу және қарау мерзімі оны ұсынған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс.
      19. Техникалық-экономикалық негіздемеге мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізу Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
      20. Осы Ереженің 16-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін тапсырыс беруші (инвестор) техникалық-экономикалық негіздемені келісу үшін уәкілетті органға ұсынады.
      21. Уәкілетті орган техникалық-экономикалық негіздемені техникалық және технологиялық жобалық шешімдерді, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі құрылысы жобасының ақталуын, ендірілетін энергияның бағасын сипаттайтын жобаның тиімділік көрсеткіштерін ескере отырып қарайды.
      Жобаның тиімділік көрсеткіштерін есептеу уәкілетті орган бекіткен және белгіленген тәртіппен жарияланған әдістемеге сәйкес жүзеге асырылады.
      22. Техникалық-экономикалық негіздемені уәкілетті органның келісу және қарау мерзімі оны ұсынған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен аспауға тиіс.
      23. Тапсырыс беруші (инвестор) техникалық-экономикалық негіздемені санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, мемлекеттік энергетикалық қадағалаудың мемлекеттік органдарымен, уәкілетті органмен келісілгеннен кейін бекітеді.
      24. Тапсырыс беруші (инвестор) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі құрылысы жобасын келісу үшін санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, мемлекеттік энергетикалық қадағалаудың мемлекеттік органдарына ұсынады.
      25. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі құрылысы жобасын санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, мемлекеттік энергетикалық қадағалаудың мемлекеттік органдарымен, жергілікті атқарушы органдармен келісу мерзімдері оны ұсынған күнінен бастап отыз күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
      26. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі құрылысының жобасына мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
      27. Уәкілетті орган жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі құрылысының жобасын қарайды және оны ұсынған күнінен бастап он күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде келіседі немесе келісуден бас тартады.
      Уәкілетті орган жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі құрылысының жобасын келісуде жергілікті атқарушы органмен келісілген техникалық-экономикалық негіздемеде қабылданған жобалық шешімдердің тиімділік көрсеткіштерін нашарлататын негізгі көрсеткіштерден (жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі жабдықтарының техникалық және технологиялық көрсеткіштері, өзін-өзі ақтау мерзімі, энергияның бағасы) ауытқу анықталған жағдайда, сондай-ақ ескірген, өндірістен алынған, бұрын пайдалануда болған жабдықтар пайдаланылған жағдайларда оны келісуден бас тартады.
      28. Тапсырыс беруші (инвестор) қуаты жиырма бес мегаватт және одан жоғары жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі құрылысының жобасын санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, мемлекеттік энергетикалық қадағалаудың мемлекеттік органдарымен келісілгеннен кейін бекітеді.