Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 12 қазандағы N 1559 Қаулысы

Жаңартылған

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ережесі бекітілсін.
      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) "Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 қаңтардағы N 15 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 1, 7-құжат);
      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 қаңтардағы N 15 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы N 1033 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., N 40, 443-құжат).
      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2009 жылғы 12 қазандағы
N 1559 қаулысымен   
бекітілген      

Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ережесі (бұдан әрі — Ереже) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес әзірленді және денсаулық сақтау саласында аккредиттеу жүргізу тәртібін белгілейді.
      2. Денсаулық сақтау саласындағы белгіленген талаптар мен стандарттарға көрсетілетін медициналық және фармацевтикалық қызметтердің сәйкестігін тану мақсатында денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеуге денсаулық сақтау субъектілері жатады.
      Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптамалық бағалау жүргізу үшін жеке тұлғалар аккредиттеуге жатады.
      3. Аккредиттеу ерікті сипатта болады және аккредиттелетін субъектінің қаражаты есебінен және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тыйым салынбаған өзге де қаражат есебінен жүзеге асырылады.
      4. Аккредиттеуді денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган не уәкілетті орган аккредиттеген ұйым жүргізеді.
      5. Денсаулық сақтау субъектілерін аккредиттеуді жүзеге асыратын орган (ұйым) аккредиттеу жөніндегі тиісті комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) құрады және денсаулық сақтау саласындағы аккредиттелген субьектілер мен тәуелсіз сарапшылардың дерекқорын құрады.
      6. Комиссиялардың құрамы мен олар туралы ереже уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі.

2. Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз
сараптамалық бағалау жүргізу үшін жеке тұлғаларды
аккредиттеуді жүргізу тәртібі

      7. Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін тәуелсіз сараптамалық бағалауды жүргізуге аккредиттеуден өту кезінде жеке тұлғалар аккредиттеуші органға мынадай құжаттарды ұсынады:
      денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) бекіткен мамандықтар номенклатурасына сәйкес өтініш білдірілген аккредиттеу саласын көрсете отырып, аккредиттеуші орган бекіткен нысан бойынша аккредиттеуден өтуге өтініш;
      жеке куәлігінің көшірмесі;
      салық төлеуші куәлігінің көшірмесі;
      жоғары кәсіптік білімі туралы дипломның көшірмесі;
      ғылыми дәрежелері, атақтары болған кезде олардың болуы туралы құжаттардың көшірмелері;
      бірінші немесе жоғары біліктілік санаттары берілгені туралы сертификаттардың көшірмелері;
      практикалық денсаулық сақтауда мамандығы бойынша кемінде 7 жыл жұмыс өтілінің болуын растайтын еңбек кітапшасының көшірмесі;
      жұмыс орнынан (негізгі) мінездеме немесе кәсіптік медицина қауымдастықтарының немесе денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдардың немесе медициналық білім беру ұйымдарының (кемінде екеу) ұсынымдары;
      соңғы 5 жыл ішінде денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдарда және медициналық білім беру ұйымдарында жалпы көлемі кемінде 216 сағат біліктілігін арттыру және (немесе) қайта даярлау туралы, оның ішінде сараптама жүргізу мәселелері бойынша немесе сараптама қызметінің негіздері бойынша құжаттардың көшірмелері.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.08.31 № 849 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
      8. Құжаттарды қарау мерзімі денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптамалық бағалау жүргізу үшін жеке тұлғаларды аккредиттеуден өткізуге өтініш тіркелген сәттен бастап аккредиттеуші орган тиісті шешім шығарғанға дейін 30 күнтізбелік күннен аспайды.
      9. Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптама жүргізу үшін жеке тұлғаларды аккредиттеу конкурстық іріктеу (тестілеу және әңгімелесу) арқылы олардың біліктілігін кешенді бағалау негізінде жүргізіледі.
      10. Кешенді бағалаудың қорытындылары бойынша аккредиттеуші орган аккредиттеу немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Кешенді бағалауды жүргізу тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
      11. Аккредиттеуден өткен субъектіге аккредиттеуші орган бекітетін нысан бойынша 3 жыл мерзімге аккредиттеу туралы куәлік беріледі.
      12. Мынадай жағдайларда аккредиттеу туралы куәлік беруден бас тартылады:
      осы Ереженің 7-тармағына сәйкес талап етілетін барлық құжаттар ұсынылмағанда, сондай-ақ ұсынылған құжаттарда толық емес, бұрмаланған немесе сенімсіз ақпарат болғанда;
      кешенді бағалаудың (тестілеу және әңгімелесу) қанағаттанғысыз нәтижелері болғанда;
      азаматтардың және заңды тұлғалардың жеке тұлғаның қызметіне мемлекеттік органдарға комиссиялық тексеру актілерімен расталған негізді шағымдары болғанда;
      жеке тұлғаға қатысты мәлімделген түрі бойынша қызметпен айналысуға тыйым салу туралы сот шешімі болғанда.

3. Денсаулық сақтау субъектілерін аккредиттеуді жүргізу тәртібі

      13. Денсаулық сақтау субъектілері аккредиттеуден өту үшін аккредиттеуші органға мынадай құжаттарды тапсырады:
      аккредиттеуші орган бекіткен нысан бойынша өтініш;
      қосымшасымен бірге медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызметті жүзеге асыру құқығына лицензияның көшірмесі;
      жеке куәлігінің және жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмелері (жеке тұлғалар үшін);
      құрылтай құжаттарының және мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмелері (заңды тұлғалар үшін);
      өзін-өзі бағалау нәтижелерінің өз бетінше немесе тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып жүргізілетін аккредиттеу стандарттарына сәйкестігіне көшірме;
      заңды тұлға мүлкінің меншік иесін немесе меншік иесі өкілеттік берген органның не оған құрылтай құжаттарымен өкілеттік берілген заңды тұлға органының заңды тұлғаның мөрімен бекітілген медициналық ұйымдар ұсынған ақпараттың шынайылығын растауы.
      14. Құжаттарды қарау мерзімі аккредиттеуден өтуге өтініш тіркелген сәттен бастап аккредиттеуші орган тиісті шешім шығарғанға дейінгі 30 күнтізбелік күннен аспайды.
      Құжаттарды қарау мерзімі отыз күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, ол туралы қарау мерзімі ұзартылған сәттен бастап үш күнтізбелік күн ішінде өтініш иесіне хабарланады.
      Өтініш бойынша қарау мерзімін аккредиттеуші органның басшысы ұзартады.
      15. Денсаулық сақтау субъектілері ұсынған құжаттардың осы Ереженің 13-тармағына сәйкестігін қарауды аккредиттеуші органның аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.
      16. Денсаулық сақтау субъектілерін аккредиттеу олардың қызметінің уәкілетті орган бекіткен белгіленген аккредиттеу стандарттарына сәйкестігіне сыртқы кешенді бағалау негізінде жүргізіледі және мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде ескеріледі.
      17. Денсаулық сақтау субъектілерін аккредиттеу стандарттарына сәйкестігіне сыртқы кешенді бағалау мынадай кезеңдерден тұрады:
      дербес немесе заңнамада белгіленген тәртіппен аккредиттелген тәуелсіз медициналық сарапшыларды тарта отырып өткізілетін бағалау парақтарын толтыру арқылы аккредиттеу стандарттарына сәйкестігіне өзін-өзі бағалау;
      аккредиттеуші органның аумақтық бөлімшелері немесе заңнамада белгіленген тәртіппен аккредиттелген тәуелсіз медициналық сарапшыларды тарта отырып өткізетін осы Ереженің 13-тармағына сәйкес аккредиттеу рәсімдерін өту үшін ұсынылатын құжаттарды сараптау;
      аккредиттеу комиссиясының аккредиттелетін субъектіге бара отырып, бағалау парақтарын толтыру арқылы аккредиттеу стандарттарына сәйкестігін сараптамалық бағалау;
      сауалнама жүргізу, сұхбат алу;
      аккредиттеу стандарттарына сәйкестікті бағалауды балдық жүйе, медициналық көмек көрсету сапасының индикаторлары негізінде, аккредиттеу стандарттарына сәйкестігін интегралдық коэффициентті есептеу арқылы жүргізу.
      18. Денсаулық сақтау субъектілері ұсынған құжаттарды қарау Комиссияның отырысында аккредиттеу стандарттарына сәйкестікті сыртқы кешенді бағалауды ескере отырып жүзеге асырылады.
      Комиссияның зерделеу қорытындылары бойынша аккредиттеуші орган аккредиттеу немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      19. Аккредиттеуден өткен денсаулық сақтау субъектісіне сыртқы кешенді бағалау нәтижелеріне сәйкес аккредиттеуші орган бекіткен нысан бойынша аккредиттеу туралы куәлік беріледі.
      Сыртқы кешенді бағалаудың қорытындылары баллдық жүйе, медициналық көмек көрсету сапасының индикаторлары негізінде аккредиттеу стандарттарына сәйкестігін интегралдық коэффициентті есептеу арқылы аккредиттеу стандарттарына сәйкестікті бағалауды жүргізумен аяқталады.
      Аккредиттеу стандарттарына сәйкестігі 60 %-дан 80 %-ға дейін жеткен кезде аккредиттеуден өткен денсаулық сақтау субъектісіне 2 жыл мерзімге аккредиттеу туралы куәлік беріледі, ал аккредиттеу стандарттарына сәйкестігі 80 %-дан 100 %-ға дейін жеткен кезде 4 жыл мерзімге аккредиттеу туралы куәлік беріледі.
      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2010.08.31 № 849 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
      20. Мынадай жағдайларда аккредиттеу туралы куәлікті беруден бас тартылады:
      осы Ереженің 13-тармағына сәйкес талап етілетін барлық құжаттарды ұсынбау, сондай-ақ ұсынылған құжаттарда толық емес, бұрмаланған немесе анық емес ақпараттың болуы;
      денсаулық сақтау субъектісінің сыртқы кешенді бағалау нәтижелеріне сәйкес белгіленген аккредиттеу стандарттарына сәйкес келмеуі;
      денсаулық сақтау субъектісіне қатысты өтініш білдірген қызметтің түрімен айналысуға тыйым салу туралы сот шешімінің болуы.

4. Аккредиттеу туралы куәлікті қайтарып алу

      21. Денсаулық сақтау субъектісін аккредиттеу туралы куәлікті қайтарып алуды Комиссияның шешімі бойынша аккредиттеуші орган мынадай фактілер анықталған жағдайда жүзеге асырады:
      медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызметті жүзеге асыру құқығына арналған лицензия қайтарып алынғанда;
      әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға сәйкес.

5. Қорытынды ережелер

      22. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты және (немесе) заңды тұлғаның атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны өзгерген жағдайда аккредиттелген субъектілер аккредиттеуші органға көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттарды және осы Ереженің 7 және  13-тармақтарында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, аккредиттеу туралы куәлікті қайта ресімдеу туралы өтініш береді.
      Аккредиттеуші орган тиісті жазбаша өтініш берілген күннен бастап 15 жұмыс күнінің ішінде аккредиттеу туралы куәлікті қайта ресімдейді.
      Бұл ретте бұрын берілген аккредиттеу туралы куәліктің күші жойылды деп танылады және аккредиттелген субъектілердің дерекқорына тиісті ақпарат енгізіле отырып, ол аккредиттеуші органға қайтарылады.
      23. Аккредиттеу туралы куәлік жоғалған жағдайда аккредиттеуші орган аккредиттелген субъектінің жазбаша өтініші бойынша 10 жұмыс күніне дейінгі мерзімде аккредиттеу туралы куәліктің телнұсқасын береді.
      Бұл ретте аккредиттеу туралы куәліктің түпнұсқасының күші жойылды деп танылады.
      24. Аккредиттеуші орган аккредиттеу туралы куәліктердің бланкілерін дайындауды, есептеуді және сақтауды қамтамасыз етеді.
      25. Аккредиттелмеген субъект немесе жеке тұлға белгіленген аккредиттеу стандарттарына сәйкессіздікті жойғаннан кейін қайта аккредиттеуден өтуге өтініш береді.
      26. Аккредиттеуші органның аккредиттеу туралы не аккредиттеуден бас тарту туралы шешіміне денсаулық сақтау субъектілері, сондай-ақ жеке тұлғалар заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдана алады.