Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және лицензиялау саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қызметіне сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның бақылауды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 21 қыркүйектегі N 1415 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және лицензиялау саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қызметіне сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның бақылауды жүзеге асыру ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғаннан кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің        
2009 жылғы 21 қыркүйектегі
N 1415 қаулысымен    
бекітілген      

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, мемлекеттік
сәулет-құрылыс бақылауы және лицензиялау саласындағы жергілікті
атқарушы органдардың қызметіне сәулет, қала құрылысы және
құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның
бақылауды жүзеге асыру ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және лицензиялау саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қызметіне сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның бақылауды жүзеге асыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңына және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес әзірленген.
      2. Осы Ереже сәулет және қала құрылысы, құрылыс, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және лицензиялау істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі - жергілікті орган) қызметіне сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) бақылауды ұйымдастыру және жүргізу тәртібін айқындайды.
      3. Уәкілетті орган жергілікті жерге барып, тексеру жүргізу жолымен (бұдан әрі — тексерулер) жергілікті органдардың қызметіне бақылауды жүзеге асырады.
      4. Жергілікті органдардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы, оның ішінде қала құрылысы тәртібі мен регламенттерін, жобаларға сараптама жүргізу тәртібін, құрылыс объектілерін жобалау және жаңа әрі қазіргі қолда бар объектілерді өзгертуге арналған рұқсат ету рәсімдерінен өту үшін шығыс материалдарын (деректерін) ресімдеу және беру ережесін, лицензияларды беру және біліктілік талаптарына өтініш берушілер мен лицензиаттардың сәйкестігін растау кезінде лицензиялау ережелерін, құрылыс сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыру ережесін, сондай-ақ салынған объектілерді пайдалануға қабылдау ережесін сақтау бөлігінде заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз ету болып табылады.

2. Тексерулер жүргізу түрлері және тәртібі

      5. Тексерулердің түрлері:
      1) жоспарлы тексеру - уәкілетті орган бекіткен тексерулер жоспары негізінде жергілікті органға қатысты уәкілетті орган тағайындайтын тексеру;
      2) жоспардан тыс тексеру - адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне тікелей төнген қатерді жою мақсатында жергілікті органға қатысты уәкілетті орган тағайындайтын тексеру;
      3) бақылау тексеруі - алдыңғы тексеруде айқындалған бұзушылықтарды жоюды орындау мақсатында уәкілетті орган жүргізетін тексеру.
      6. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделген уәкілетті органның тексеруді тағайындау туралы актісі (бұдан әрі - акт) тексеру жүргізу үшін негіз болып табылады.
      7. Актіде:
      1) актінің нөмірі мен күні;
      2) уәкілетті органның атауы;
      3) тексеру жүргізуге уәкілетті адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде) және лауазымы;
      4) жергілікті органның атауы және орналасқан жері, оның басшысының тегі, аты, әкесінің аты;
      5) тағайындалған тексерудің мәні;
      6) тексеру жүргізу мерзімі;
      7) тексеру жүргізудің құқықтық негіздері, оның ішінде міндетті талаптары тексеруге жататын нормативтік құқықтық актілер;
      8) тексерілетін кезең;
      9) актіге қол қоюға уәкілетті адамның қолы және уәкілетті органның мөрі көрсетіледі.
      8. Жергілікті органдар жоспарлы тексерулерді жүргізу мерзімділігін жарты жылда бір реттен аспайтын мерзімде уәкілетті органның басшысы не оның міндетін атқаратын тұлға бекіткен жоспарға сәйкес жүзеге асырады.
      9. Жеке және заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан ақпарат және өтініштер алу жергілікті органдарды жоспардан тыс тексеру үшін негіз болып табылады.
      10. Тексерулерді жүргізу мерзімі 30 күнтізбелік күннен аспауы тиіс.
      11. Жергілікті органға актіні берген сәт тексеру жүргізудің басталуы деп есептеледі.
      12. Уәкілетті орган тексеру басталғанға дейін 5 күннен кешіктірмей жоспарлы немесе жоспардан тыс тексерулерді жүргізу туралы актіні қосымшасымен бірге жергілікті органды хабардар етеді. Бақылау тексеруі кезінде хабарлама талап етілмейді.
      13. Жергілікті органдардың тексерулерінің нәтижелері бойынша анықтама ресімделеді.
      14. Жергілікті органға анықтама беру күні тексерудің аяқталуы болып табылады.

3. Тексеру нәтижелері бойынша шаралар қабылдау

      15. Бұзушылықтарды анықтау кезінде уәкілетті орган:
      1) жергілікті органға сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңнаманы жол берілген бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама жібереді;
      2) құқық қорғау органдарына тексерулердің материалдарын беру туралы шешім қабылдайды;
      3) мүдделі мемлекеттік органдарға материалдарды беру туралы шешім қабылдайды.
      16. 15-тармақта көрсетілген шешімдер тексеруді аяқтау күнінен бастап 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қабылданады.
      17. Уәкілетті органның нұсқамалары белгіленген мерзімде (30 күнтізбелік күннен аспайтын) жергілікті органдардың орындауы үшін міндетті.
      18. Жергілікті органдар нұсқамаларды орындамаған жағдайда уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрекет етеді.
      19. Осы Ережені бұзуда кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікте болады.