Бензин және дизель отынын әкетуге уақытша тыйым салуды енгізу туралы

Қазақстан Респуликасы Үкіметінің 2009 жылғы 7 қыркүйектегі N 1314 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 5 сәуірдегі Кеден кодексінің 8-бабының 2-тармағына сәйкес және мұнай өнімдерінің ішкі нарығын тұрақтандыру мақсатында Қазақстан Республикасының ҮкіметіҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасының аумағынан мыналарды:
      бензинді (СЭҚ ТН коды 2710 11 410 0 - 2710 11 590 0) 2010 жылғы 1 қаңтарға дейін;
      тұрмыстық пеш отынынан басқа, дизель отынын (СЭҚ ТН коды 2710 19 410 0 - 2710 19 490 0) 2009 жылғы 1 қарашаға дейін әкетуге тыйым салынсын.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті осы қаулының 1-тармағын орындау жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.
      3. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі белгіленген тәртіппен Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетін Қазақстан Республикасы осы қаулының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағынан бензин және дизель отынын әкетуге тыйым салуды енгізетіні туралы хабардар етсін.
      4. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов