Есептік тарифті айқындау, шекті және жеке тарифтерді бекіту ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 10 наурыздағы N 277 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 4-бабының 3-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Есептік тарифті айқындау, шекті және жеке тарифтерді бекіту ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі саланың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, жыл сайын 1 қарашаға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне шекті тарифтерді түзету жөнінде ұсыныстар берсін.
      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2009 жылғы 10 наурыздағы
N 277 қаулысымен  
бекітілген      

Есептік тарифті айқындау, шекті және жеке тарифтерді бекіту ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Есептік тарифті айқындау, шекті және жеке тарифтерді бекіту ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және электр энергиясын өндіру саласының инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету үшін энергия өндіруші ұйымдар босататын электр энергиясына есептік тарифті айқындау, шекті және жеке тарифтерді бекіту тәртібін белгілейді.
      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) уәкілетті орган - электр энергетикасы саласындағы басшылықты жүзеге асырушы мемлекеттік орган;
      2) мемлекеттік орган - табиғи монополиялар және реттелетін нарық салаларындағы басшылықты жүзеге асырушы мемлекеттік орган.
      Осы Ережеде пайдаланылған басқа ұғымдар мен анықтамалар "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қолданылады.

2. Есептік тарифті айқындау

      3. Егер энергия өндіруші ұйымның инвестициялық міндеттемелерін шекті тарифтер шеңберінде электр энергиясын сатудан алынатын қаражат есебінен жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда, энергия өндіруші ұйым инвестициялық бағдарламаны іске асыру үшін уәкілетті орган техникалық тапсырманы бекіткен және уәкілетті органмен және мемлекеттік органмен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Үлгілік инвестициялық шартқа сәйкес инвестициялық бағдарламаны орындау туралы инвестициялық шарт (бұдан әрі - инвестициялық шарт) жасасу талабымен есептік немесе жеке тарифті қолданады.
      4. Энергия өндіруші ұйымның өтінімі бойынша уәкілетті орган бір айлық мерзімде инвестициялық бағдарламаны әзірлеуге арналған техникалық тапсырманы бекітеді.
      5. Энергия өндіруші ұйым бекітілген техникалық тапсырманың негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес инвестициялық бағдарламаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлейді және бекітеді.
      Инвестициялардың өтемділігінің мерзімдері мен электр энергиясына бағалар инвестициялық бағдарламаның техникалық-экономикалық негіздемесінде айқындалады және сегіз жылдан он екі жылға дейін құралады.
      Энергия өндіруші ұйым инвестициялық бағдарламаны инвестициялық бағдарламаның техникалық-экономикалық негіздемесі негізінде әзірлейді және есептік тариф деңгейі мен инвестициялық бағдарламаның іске асырылу мерзімдері туралы ақпаратты қамтиды.
      6. Инвестициялық бағдарлама оны іске асыру басталғанға дейін инвестициялық шарт жобасымен бір мезгілде уәкілетті орган мен мемлекеттік органға беріледі.
      7. Инвестициялық бағдарламаның негізінде энергия өндіруші ұйым уәкілетті органмен және мемлекеттік органмен белгіленген тәртіппен инвестициялық шарт жасасады.
      8. Есептік тарифті қолданатын энергия өндіруші ұйымның инвестициялық бағдарламасы жеке және (немесе) қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылады.
      9. Есептік тариф Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әзірленген және бекітілген инвестициялық бағдарламаның техникалық-экономикалық негіздемесінде белгіленген электр энергиясының бағасынан аспауы тиіс.
      10. Энергия өндіруші ұйым есептік тарифті инвестициялық шартты жасасқан сәттен бастап қолданады және ол инвестициялық шартта көзделген инвестициялық міндеттемелердің орындалу кезеңі ішінде әрекет ете алады.
      11. Есептік тариф қолданыстағы инвестициялық бағдарламаның түзетілуіне байланысты өзгеруі мүмкін.
      12. Қолданыстағы инвестициялық бағдарламаны түзету кезінде есептік тариф Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жобалау-сметалық құжаттаманың өзгерістерімен келіскен жағдайда, инвестициялық бағдарламаның техникалық-экономикалық негіздемесінде белгіленген электр энергиясының бағасынан асып түсуі мүмкін.
      Жаңа есептік тариф заңнамада белгіленген тәртіппен инвестициялық шартқа қосымша келісім жасасқаннан кейін қолданылады.

3. Шекті тарифті бекіту

      13. Шекті тарифтерді Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілетті органның ұсынуымен энергия өндіруші ұйымдардың тобы бойынша жылдарға бөле отырып, кем дегенде жеті жыл мерзімге бекітеді және саланың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етудің қажеттілігі есепке алынып, жыл сайын түзетіліп отырады.
      14. Уәкілетті орган энергия өндіруші ұйымдардың топтарын қалыптастырады.
      15. Энергия өндіруші ұйым электр энергиясына босатылатын бағаны дербес, бірақ өзі енгізілген энергия өндіруші ұйымдардың тиісті тобының шекті тарифінен аспайтындай етіп белгілейді.
      16. Энергия өндіруші ұйымдар тұтынушыларға бөле отырып, айлар бойынша шекті тарифтер енгізілген жылдың алдындағы жыл ішінде қалыптасқан нақты босату бағалары туралы жиынтық деректерді уәкілетті органға береді.
      Энергия өндіруші ұйымдарда шекті тарифтер енгізілген жылдың алдындағы жыл ішінде қалыптасқан электр энергиясының нақты бағаларына салыстырмалы талдаудың нәтижелері бойынша уәкілетті орган базаны: энергия өндіруші ұйымдардың әр тобы бойынша нақты бағалардың ең жоғары мәндерін айқындайды.
      17. Шекті тариф оның қолданылуының бірінші жылы, инфляциялық процестерді қоса алғанда, энергия өндіруші ұйымдардың қолданыстағы активтерді жұмысқа қабілетті және техникалық жарамды күйде ұстауға, қолданыстағы активтерді кеңейтуге, жаңартуға, қайта жаңартуға және техникалық қайта жарақтандыруға, жаңа активтерді құруға кететін шығындарын, энергетикалық отын бағасының болжамды өсуін ескере отырып, шекті тарифтерді енгізген жылдың алдындағы жыл ішінде энергия өндіруші ұйымдардың тиісті тобында қалыптасқан ең жоғары нақты бағасына қарай анықталады.
      18. Кейінгі жылдарға арналған шекті тарифтер жыл алдындағы шекті тарифтен инфляцияның болжамды деңгейін, сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың жаңа активтерді құруға, қолданыстағы активтерді кеңейтуге, жаңартуға, қолдауға, қайта жаңартуға және техникалық қайта жарақтандыруға кететін шығындарын, электр энергиясын өндіруге арналған негізгі шығындардың болжамды өсуін ескере отырып, айқындалады.
      19. Шекті тарифтерді енгізудің бірінші жылы энергия өндіруші ұйымдардың топтары бойынша шекті тарифтерді енгізу мерзімі шекті тарифтен аспайтын бағалар бойынша электр энергиясын сатуды жүзеге асыратын уәкілетті орган мен энергия өндіруші ұйым арасындағы инвестициялық міндеттемелерді орындау туралы келісімге (бұдан әрі - келісім) қол қойылған күннен бастап белгіленеді.
      Кейінгі жылдары саланың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып түзетілген шекті тарифтерді енгізу мерзімі жыл сайын 1 қаңтардан бастап белгіленеді.
      20. Кейінгі жылдарға арналған шекті тарифтерді түзету үшін энергия өндіруші ұйымдар жыл сайын 1 қыркүйекке дейінгі мерзімде уәкілетті органға Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орташа мерзімді жоспарларында көзделген инфляцияның болжамды деңгейін ескере отырып, растайтын құжаттар мен есептерді қоса, сондай-ақ жаңа активтерді жасауға, қолданыстағы активтерді кеңейтуге, жаңартуға, қолдауға, қайта жаңартуға және техникалық қайта жарақтандыруға бағытталған іс-шараларды іске асыруды ескере отырып, электр энергиясын өндіруге кеткен негізгі шығындардың болжамды ұлғаюы туралы ақпаратты береді.
      21. Шекті тарифтен аспайтын бағалар бойынша электр энергиясын сату үшін энергия өндіруші ұйым белгіленген тәртіппен уәкілетті органмен келісім жасасады
      22. Келісім жаңа активтерді жасауға, қолданыстағы активтерді кеңейтуге, жаңартуға, қолдауға, қайта жаңартуға және техникалық қайта жарақтандыруға бағытталған іс-шараларды іске асыру жөнінде энергия өндіруші ұйымның инвестициялық міндеттемелерін көздейді.
      Жаңа активтерді жасау, кеңейту, жаңарту, қайта жаңарту қуаттарды арттыру үшін жүзеге асырылады.
      Қуаттарды арттырмай жүзеге асырылатын электр станциялардың қолданыстағы активтерін жаңарту, қолдау, қайта жаңарту және техникалық қайта жарақтандыру электр станциясының белгіленген қуатының тиімділігін кезең-кезеңмен ұлғайтуды қамтамасыз етуі тиіс.
      23. Келісімде энергия өндіруші ұйым электр станциясының белгіленген қуатының тиімділігін кезең-кезеңімен ұлғайтуды айқындайтын көрсеткіштерді уәкілетті органмен келіседі.
      24. Уәкілетті орган энергия өндіруші ұйымдардың келісімдерді орындауына мониторинг жүргізеді. Энергия өндіруші ұйым есепті тоқсаннан кейінгі айдың 25 күніне дейінгі мерзімде тоқсан сайын уәкілетті органға келісімнің орындалу барысы туралы ақпаратты береді.
      25. энергия өндіруші ұйым жыл сайын 31 наурызға дейін уәкілетті органға келісімнің орындалуы туралы есепті растайтын құжаттарды қоса, сондай-ақ жабдықтардың бекітілген энергетикалық сипаттамаларын, жабдықтың техникалық жай-күйі туралы тәуелсіз энергетикалық сараптаманың және (немесе) мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органның қорытындысын; электр және жылу энергияларын босатуға кеткен шартты отынның нақты үлестік шығыстарын қоса алғанда, жабдықтардың техникалық дұрыс жағдайын, оның жүктемелерді орындауға дайындығын растайтын материалдарды тапсырады.

4. Жеке тарифті бекіту

      26. Егер энергия өндіруші ұйымдардың инвестициялық міндеттемелері шекті тарифтер шеңберінде электр энергиясын сатудан алынатын қаражат есебінен жүзеге асырылмаған жағдайда, энергия өндіруші ұйым инвестициялық бағдарламаны іске асыру үшін уәкілетті орган техникалық тапсырманы және осы Ереженің 4-7-тармақтарына сәйкес инвестициялық шарттың қорытындысын бекіткен жағдайда жеке тарифті қолданады.
      27. Инвестициялық міндеттемелерді (бұдан әрі - Инвестициялық бағдарлама) есептік тариф шеңберінде жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйымға мемлекеттік органға инвестициялық бағдарлама мен инвестициялық шартты қайта ұсыну талап етілмейді.
      28. Энергия өндіруші ұйым жеке тарифті инвестициялық бағдарлама мен жобалау-сметалық құжаттаманың параметрлерін ескере отырып, мемлекеттік органның шешімі негізінде инвестициялық бағдарламаны іске асырудың кез келген сатысында қолданады.
      29. Энергия өндіруші ұйым инвестициялық бағдарламаны (қаражат жұмсалымы) іске асыру кезеңінде жеке тарифті бекіту үшін мемлекеттік органға:
      1) бекітілген техникалық тапсырма;
      2) инвестициялық бағдарламаның техникалық-экономикалық негіздемесі;
      3) инвестициялық бағдарлама;
      4) инвестициялық шарттың жобасы;
      5) негізгі құралдар құнының, салық және экологиялық төлемдердің, амортизациялық аударымдардың, негіздеуші материалдарды қоса, тікелей электр энергиясын өндіруге қатысты басқа да шығындардың ұлғаюына әкелмейтін отынға, шикізатқа және материалға, жалақыға, ағымдағы жөндеуге арналған шығындардың есебі;
      6) негіздеуші материалдармен қоса, бірге инвестициялық бағдарламаның техникалық-экономикалық негіздемесінде белгіленген мерзімдерде инвестицияларды қайтаруды қамтамасыз ететін пайданың есебі қоса берілетін өтінімді береді.
      30. Энергия өндіруші ұйым объектілерді пайдалануға бергеннен кейін жеке тарифті бекіту үшін мемлекеттік органға:
      1) инвестициялық бағдарлама;
      2) инвестициялық шарттың жобасы;
      3) бекітілген техникалық тапсырма;
      4) растаушы материалдармен қоса, бірге нақты жүзеге асырылған инвестициялар туралы ақпарат;
      5) объектілерді пайдалануға беру актілерінің көшірмелері;
      6) негізгі құралдар құнының, салық және экологиялық төлемдердің, амортизациялық аударымдардың, негіздеуші материалдарды коса берілген тікелей электр энергиясын өндіруге қатысты басқа да шығындардың ұлғаюына әкелмейтін отынға, шикізатқа және материалға, жалақыға, ағымдағы жөндеуге арналған шығындардың есебі;
      7) негіздеуші материалдармен қоса, инвестициялық бағдарламаның техникалық-экономикалық негіздемесінде белгіленген мерзімдерде инвестицияларды қайтаруды қамтамасыз ететін пайданың есебі;
      8) есептік саясаттың көшірмесі;
      9) негіздеуші материалдармен қоса инвестициялық бағдарламаны іске асыру үшін алынған қарыз қаражаттары бойынша сыйақы төлеуге жұмсалған шығыстардың есебі қоса берілетін өтінімді береді.
      31. Инвестициялық бағдарлама негізінде энергия өндіруші ұйым белгіленген тәртіппен уәкілетті органмен және мемлекеттік органмен инвестициялық шарт жасасады.
      32. Жеке тарифті бекітуге ұсынылатын есептер мен негіздеуші материалдар мынандай талаптарға жауап беруі тиіс:
      1) растайтын құжаттарға энергия өндіруші ұйымның басшысы, ал қаржы құжаттарына басшы мен бас бухгалтер қол қояды және тігіледі;
      2) тарифтерге көлемдердің маусымдық ауытқу әсерін болдырмау мақсатында негіздемеде бір жылға есептелген деректер қабылданады;
      3) коммерциялық құпияны қамтитын ақпарат "коммерциялық құпия" деген белгімен беріледі және жеке тарифті бекітуге арналған өтінішті қарау үшін ол ақпараттар (құжаттар) пакетімен бірге бөлек қаптамада жіберілуі мүмкін.
      Ақпарат құрамындағы коммерциялық құпия мемлекеттік органға оны ұсынғанда бас тартуға негіз бола алмайды, бұл ретте мүдделі тұлғалар ақпаратты беретін кезде коммерциялық құпияны қамтитын мәліметтердің толық тізбесін көрсетуі не мүдделі тұлғаның коммерциялық құпияны қамтитын мәліметтердің тізбесін бекіту туралы акті көшірмесін қоса беруі тиіс.
      33. Жеке тариф техника-экономикалық негіздемеде көзделген жағдайларды қоспағанда, энергия өндіруші ұйымның инвестициялық шартта көзделген қуаттарды қосу жөніндегі міндеттемелерді орындау кезіндегі есептік тарифтен төмен болмауы тиіс.
      34. Жеке тариф инвестициялық бағдарламаның құнының өсуі жағдайында есептік тарифтен жоғары бекітіледі. Бұл ретте инвестициялық бағдарлама құнының артуы уәкілетті органмен және мемлекеттік органмен келісілуі тиіс.
      35. Жеке тарифтерді қалыптастыру кезінде баға белгілеудің шығындық тетігі пайдаланылады. Бұл ретте электр энергиясын өндіруге және тиісті бухгалтерлік есептің стандарттарына тікелей қатысты шығындар ескеріледі.
      36. Мемлекеттік бюджеттің қаражатынан энергия өндіруші ұйымға бөлінетін субсидия, тарифтің шығын бөлігінде ескерілмеген шығыстарға бағытталған субсидияларды қоспағанда, жеке тарифтің шығын бөлігінде кеміту ескеріледі.
      37. Жеке тарифтерді қалыптастыру тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) әр түрі бойынша шығындардың бөлек есебі негізінде жүзеге асырылады. Энергия өндіруші ұйымдарда тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) түрлері бойынша шығындардың бөлек есебі болмаған жағдайда, энергия өндіруші ұйымдардың жалпы шығындары энергия өндіруші ұйымдардың шығындарындағы өткізуден (өндірістің көлемінен өндірістік персоналдың еңбегіне ақы төлеуге арналған шығындардан) алынған табыстың үлестік салмағы бойынша тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізетін энергия өндіруші ұйымдар қызметінің белгілі бір түріне жататын шығындарды айқындауды көздейтін жанама әдістер негізінде өткізілетін тауарлар (жұмыстар, қызметтер) түрлері бойынша есептеледі.
      38. Жеке тарифті қалыптастыру кезінде мыналар ескеріледі:
      1) өзіндік құнға кіретін материалдық шығыстар растаушы құжаттарда (шарттарда, шот-фактураларда) көзделген бағаларға қарай және өнім бірлігін шығаруға шикізат, материалдар, отын, энергия, материалдық ресурстар шығысының қолданылатын нормаларына және (немесе) материалдық ресурстардың жылдық нормаларына қарай нақты көлемде айқындалады;
      2) персоналдың еңбегіне ақы төлеу шығыстары, еңбек заңнамасына сәйкес еңбекке ақы төлеу жүйесінде көзделген еңбек жағдайлары үшін қосымша ақылар мен үстемеақылар төлеуді қоса алғанда, жеке тарифті қалыптастыру кезінде ескеріледі;
      3) амортизациялық аударымдар энергия өндіруші ұйымның есепке алу саясатында көзделген әдісті пайдалана отырып айқындалады және негізгі құралдардың құнын арттыруға алып келетін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге және инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталады;
      4) инвестициялық жобаны іске асыруға арналған қарыз қаражаты үшін әлеуетті өнім берушілердің қызметтерін қаржыландыру жағдайларын растайтын құжаттар болған кезде сыйақы төлеуге жұмсалған шығыстар;
      5) электр энергиясын өндіруге тікелей қатысты, сондай-ақ негіздеуші материалдармен расталған (шарттар, шот-фактуралар, қаржылық және басқа құжаттар) басқа да шығыстар.
      39. Жеке тарифті қалыптастыру кезінде қамтылатын пайданың деңгейін айқындау кезінде энергия өндіруші ұйымдардың тиімді жұмыс істеуі және дамуы үшін қажетті қаражат ескеріледі.
      40. Жеке тарифті қалыптастыру кезінде өзіндік құнда мынадай шығыстар:
      1) электр энергиясын өндіру кезінде пайдаланылмайтын негізгі құралдардың амортизациялық аударымдары;
      2) ластаушы заттардың нормативтен тыс шығарымдары (тастандылары) үшін төлемдер;
      3) үмітсіз борыштар;
      4) шаруашылық шарттарының талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдар, өсімпұлдар, тұрақсыздық айыбы және санкциялардың басқа да түрлері, сот шығындары;
      5) табысты жасырғаны (кеміткені) үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар;
      6) ұрланудан болған залалдар;
      7) өндірісте қолданысқа енгізілмеген қызмет көрсететін шаруашылықтар мен учаскелерді ұстауға арналған шығындар (үй-жайларды тегін беру, қоғамдық тамақтану ұйымдарына коммуналдық қызметтердің құнын төлеу және сол сияқты);
      8) кәсіптік-техникалық училищелерді қоспағанда, денсаулық сақтау, мектепке дейінгі балалар ұйымдарының, оқу мекемелерінің объектілерін ұстауға;
      9) сауықтыру лагерьлерін, мәдениет және спорт, тұрғын үй қорының объектілерін ұстауға;
      10) ұйымның қызметкерлері тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, бау-бақшалық шағын үйлер сатып алуға және үй шаруашылығын жүргізуге алған несиелерді (пайызсызды қоса алғанда) өтеуге;
      11) мәдени-ағарту, сауықтыру және спорттық іс-шараларын (демалыс кештерін, концерттерді және басқаларды өткізу) өткізуге;
      12) бау-бақша серіктестіктерін (жолдар салу, энергиямен және сумен жабдықтау, жалпы сипаттағы басқа да шығыстарды жүзеге асыру) абаттандыруға арналған;
      13) демеушілік көмек көрсетуге;
      14) ақаудан болған ысырапқа;
      15) өндірістің вахталық ұйымдарын қоспағанда, энергия өндіруші ұйымдардың персоналы үшін пәтерлерді, тұрғын үй ғимараттарын және құрылыстарды, жатақханалардан және қонақ үйлерден орындар сатып алуға, жалдауға және ұстауға;
      16) мерейтой күндеріне сыйлықтар сатып алуға немесе қызметкерлерге көтермелеу түрінде берілетін;
      17) нормативтен тыс техникалық және коммерциялық ысыраптарға, тауарлық-материалдық құндылықтардың және қоймалардағы қорлардың бүлінуіне және жетіспеушілігіне, басқа да өнімсіз шығыстарға арналған;
      18) тікелей электр энергиясын өндіруге жатпайтын, сондай-ақ негіздеуші материалдармен расталмаған (шарттар, шот-фактуралар, қаржылық және басқа құжаттар) шығындар ескерілмейді.
      41. Мемлекеттік орган жеке тарифті бекітуге арналған өтінімдерді қарау кезінде:
      энергия өндіруші ұйым қолданатын өнім бірлігін шығаруға арналған шикізаттың, отын материалдарының, энергияның, материалдық ресурстардың шығыс нормаларына және (немесе) тиісті салалық нормалармен немесе басқа энергия өндіруші ұйымдар қолданатын нормалармен салыстыру жолымен материалдық ресурстардың жылдық нормаларына;
      басқа энергия өндіруші ұйымдардың еңбекке ақы төлеуге арналған шығындарымен бірге энергия өндіруші ұйымның персоналына еңбекке ақы төлеуге арналған шығыстарға;
      электр энергиясына бағаны өсіруге елеулі ықпал ететін басқа да шығыстарға салыстырмалы талдау жүргізуі мүмкін.
      42. Мемлекеттік орган жеке тарифті бекітуге арналған өтінімді алған күннен бастап, 5 жұмыс күнінің ішінде, ұсынылған материалдардың
толықтығын тексеруге және энергиямен жабдықтаушы ұйымды жазбаша түрде өтінімді қарауға қабылдағаны туралы немесе өтінімді қараудан бас тартылғаны туралы бас тартудың себептерін келтіре отырып, хабардар етуге міндетті.
      Энергиямен жабдықтаушы ұйымның жеке тарифті бекітуге арналған өтінімін қабылдаудан бас тарту себептері:
      1) осы Ереженің 29, 30-тармақтарында көрсетілген құжаттарды ұсынбау;
      2) ұсынылған құжаттардың осы Ереженің 32-тармағына сәйкес келмеуі;
      3) жалған ақпаратты қамтитын құжаттарды ұсыну болып табылады.
      43. Жеке тарифті бекітуге арналған өтінімді мемлекеттік орган отыз күн ішінде қарайды.
      44. Мемлекеттік орган жеке тарифтердің жобаларына энергия өндіруші ұйым жеке тарифті бекітуге арналған өтініммен бірге ұсынған негіздеуші құжаттар мен есеп айырысуларды талдау, сондай-ақ қызметтің ұқсас түрімен айналысатын энергия өндіруші ұйымдар қызметінің көрсеткіштерін салыстырмалы талдау негізінде сараптама жүргізеді.
      45. Мемлекеттік орган энергия өндіруші ұйымнан энергия өндіруші ұйымның қызметі туралы кемінде 5 жұмыс күні мерзімінде қосымша ақпаратты ұсыну мерзімдерін көрсете отырып, оны сұратуға құқылы. Бұл ретте өтінімді қарау мерзімі сұратылған ақпаратты алғанға дейін тоқтатыла тұрады. Қарау мерзімін ұзарту отыз күннен артық болуы мүмкін емес.
      46. Мемлекеттік орган жүргізілген сараптаманың нәтижелері бойынша жеке тарифті бекіту немесе оны бекітуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      47. Мемлекеттік органның жеке тарифті бекіту туралы шешімі  мемлекеттік органның бұйрығымен ресімделеді және энергия өндіруші ұйымға жіберіледі, бұйрықтың көшірмесі уәкілетті органға жіберіледі.
      48. Жеке тариф қолданыстағы инвестициялық бағдарламаны түзетуге немесе жаңа инвестициялық бағдарламаны іске асыруға байланысты өзгеруі мүмкін.
      49. Жеке тарифті түзету мемлекеттік орган жеке тарифті бекіту туралы шешім қабылдағаннан кейін және инвестициялық шартқа қосымша келісім жасасқаннан кейін жүргізіледі.
      50. Жеке тарифті қолданысқа енгізу жеке тарифті бекіткен күннен бастап жүзеге асырылады.

5. Ережені бұзғаны үшін жауаптылық

      51. Энергия өндіруші ұйым осы Ережені бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жауапты болады.