Жалған кәсіпкерлік туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері жөнінде

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы N 1 Нормативтік қаулысы

Қолданыстағы

      Жалған кәсіпкерлік туралы қолданыстағы заңнаманы дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

қаулы етеді:

      1. Кәсіпкерлік немесе банктік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз, қолданыстағы заңға қайшы келетін мақсаттарды көздейтін және азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірген, нысаны бойынша заңды коммерциялық ұйымды қасақана құруын жалған кәсіпкерлік деп түсіну керек.
      Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 34-бабының 2-тармағына сәйкес, коммерциялық ұйымдар мемлекеттік кәсіпорын, шаруашылық серіктестік, акционерлік қоғам және өндірістік кооператив нысанында құрылуы мүмкін.
      2. Аталған қылмыс құрамының ерекшеліктерін ескеріп, жеке азаматтардың, қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында тауарлар өндірген және қызметтер көрсеткен кезде, сондай-ақ ұлттық жиынтық табысты қалыптастырған кезде меншікті ұтымды пайдалануды білдіретін кәсіпкерлік қызметтің негізгі бастамаларын белгілейтін қоғамдық қатынастар жалған кәсіпкерлікпен айналысқан кездегі қол сұғушылықтың тікелей объектісі болады.
      3. Жалған кәсіпкерліктің объективтік жағы коммерциялық ұйым құруды қамтиды, оны ұйымды алғашқы тіркеуден өткізу ғана емес, сондай-ақ басқа тұлғаның құрған жалған кәсіпорынды сатып алуы деп түсіну керек.
      Коммерциялық ұйым мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап құрылған болып есептеледі, ол заңды тұлғалардың бірыңғай Мемлекеттік тіркеліміне тиісті жазба енгізілгеннен кейін аяқталды деп танылады.
      Жалған кәсіпкерлікті құрған әрекеттер мен ірі зиян келтіру түрінде туындаған салдар арасындағы себепті байланыстың бар болуы қылмыстың объективті жағының міндетті белгісі болып табылады.
      4. Коммерциялық ұйымды ойдан шығарылған тұлғаның атына тіркеу, заңды тұлғаның мекен-жайын дұрыс көрсетпеу өздігінен жалған кәсіпкерлікке тән белгілерсіз аталған қылмыс құрамын құрамайды.
      5. Кәсіпкерлік қызметпен айналысу ниетінің болмауы жалған кәсіпорын құрудың себебі болып табылады.
      Әрбір нақты іс бойынша қылмыстық ізге түсу органдары айыпталушы ретінде жауапқа тарту туралы қаулыда, айыптау қорытындысында, соттар үкімнің сипаттамалы-дәлелді бөлігінде тұлғаның коммерциялық ұйым құрған кезде кәсіпкерлік қызметпен айналысу ниетінің болмағанын көрсететін дәлелдерді келтіруі тиіс.
      Мұндай ниеттің болмағанының белгісі іскерлік айналымның әдеттеріне сәйкес қажетті және жеткілікті мерзімде құрылтай құжаттарынан туындайтын міндеттемелерді орындамау болып табылады. Соңғының критерийі ретінде салық кезеңі ішінде кәсіпкерлік қызметпен айналыспауын қарастыруға болады, ол салық кезеңі аяқталған соң салық салу объектісі, салық базасы айқындалып, салық пен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомасы есептеледі.
      Басқа да мән-жайларға тіркеуден кейін елеулі уақыттың өтуі, қажетті штаттың, мүліктің болмауы, құрылтайшылар туралы бұрмаланған мәліметтер енгізуі, банк шоттарын ашпауы жатады.
      6. Жалған кәсіпкерліктің субъективтік жағы кінәнің қасақана нысанымен сипатталады. Тұлғаның жалған кәсіпорынды құру фактісіне қатысты оның әрекеттерінде тікелей ниет, ал зиян түріндегі салдарға – тікелей де, жанама да ниет болады.
      7. Жалған кәсіпорын құрған кезде кінәлінің санасында әуел бастан Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бүдан әрі - ҚК) 192-бабының диспозициясында көрсетілген төрт мақсаттың бірінің (немесе бір мезгілде бірнешеуінің) болуы жалған кәсіпкерліктің міндетті белгісі болып табылады.
      8. Кредиттер алу, салық төлеуден босатылу, өзге де мүліктік пайда алу немесе тыйым салынған қызметті жасыру жалған кәсіпкерліктің мақсаттары бола алады.
      Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмау ниеті дәлелденбей кредит алуы жалған кәсіпкерлік емес, өзге қылмыстық әрекеттер жасағанын растауы мүмкін.
      Жалған кәсіпкерлікпен айналысқан кезде жалған кәсіпорынның контрагенті салықтан заңсыз босатылады. Салықтарды азайту да олардан босатылу болып табылады.
      Өзге мүліктік пайда алуы заң бұзушылықпен іске асырылады. Бұл жағдайда кәсіпкерлік қызметпен айналысу ниетінің болғанын куәландырмайтын, нысаны бойынша заңды, бірақ мақсаты және мазмұны бойынша жалған мәмілелердің жасалуы (ақша қаражаттарын қолма қол ақшаға айналдыру, делдалдық қызметтер және тағы сол сияқтылар) мүмкін.
      Субъектілердің кім екеніне қарамастан, заңмен тыйым салынған әрекеттерді, сондай-ақ оларды жүзеге асыру үшін лицензия алу талап етілетін кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлерін жалған кәсіпкерлік жасыратын тыйым салынған қызмет деп түсіну керек.
      9. Жалған кәсіпкерлік үшін қылмыстық жауапкершілік ірі зиян келтірілген кезде туындайды. Ірі зиян ұғымы ҚК-нің 189-бабының ескертпесінде берілген.
      10. Зиян әрбір нақты жағдайда алынған кредиттің, жалған кәсіпорынның контрагенті төлемеген салықтың сомаларына және сол сияқтыларға сәйкес белгіленуі тиіс.
      Контрагенттердің бюджетке салықтар төлемегені үшін жалған кәсіпкердің жауапкершілігі оның кінәлілігіне, яғни өз әрекеттерімен зиян келтіруге мүмкіндік туғызу ниеті болғанына негізделуі тиіс. Мұндай жағдайда кінәлі тұлғаның қылмыстық жауапкершілігі ҚК-нің 192 және 222-баптарында көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша туындауы тиіс. Контрагент төлеуден жалтарған салықтың сомасы мемлекетке келтірілген зиян ретінде белгіленеді.
      11. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексінің) (бұдан әрі - Салық кодексінің) 56-бабында салық төлеушінің (салық агентінің) бухгалтерлік есептің мәліметтеріне негізделген салықтық есеп жүргізуі көзделген.
      Салық кезеңінің қорытындылары бойынша салықтық есепке алу негізінде салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілері айқындалады, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер есептеледі. Тауарлық-материалдық қорларды салық салу мақсатына орай есепке алу, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады (Салық кодексінің 57-бабы ).
      Сонымен, тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу бухгалтерлік және салықтық есеп ережелері бойынша есепке алынуы тиіс.
      Сондықтан, егер қылмыстық іс бойынша жалған кәсіпорын құрған тұлға бухгалтерлік және салықтық есептің ережелері бойынша есепке алынбаған, тиісті құжаттарды ресімдемей белгісіз тұлғалардан сатып алынған тауарларды жалған кәсіпорынның атынан өткізгені анықталса, оның әрекеттері жалған кәсіпкерлік ретінде сараланады.
      Бұл жағдайда жалған кәсіпорынның контрагенттерінен осы мәмілелер бойынша шығыстарынан шегерімдер және кірістерінен қосылған құн салығының (бұдан әрі - ҚҚС) сомалары алып тасталуы қажет.
      Бюджетке төленген салықтарға, сондай-ақ өсімпұлға байланысты контрагенттерге келтірілген зиян, ұйымға және (немесе) азаматқа (жеке кәсіпкерге) келтірілген зиян ретінде бағаланады, ол жалған кәсіпкерлікпен айналысқан кінәлі тұлғадан өндірілуі тиіс.
      12. Салық кодексінде корпоративтік табыс салығын (бұдан әрі - КТС) салу объектілерінің бірі салық салынатын табыс деп белгіленген. Салық салынатын табыс жылдық жиынтық табыс пен шегерімдер арасындағы айырма ретінде айқындалған. Жылдық жиынтық табыс салық төлеушінің табыстарының барлық түрлерін, соның ішінде өткізуден түскен табысты қамтиды.
      Салық салынатын айналым ҚҚС салудың объектілерінің бірі болып табылады, атап айтқанда, оған ҚҚС төлеушінің салық салынбайтын айналымынан басқа, Қазақстан Республикасында тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу бойынша жасаған айналымы жатады.
      Сонымен, КТС және ҚҚС салу объектілерінің болуы кәсіпкерлік қызметті көздейді. Егер жалған кәсіпкерлікпен айналысқан кезде орын алатын бухгалтерлік және салықтық есеп ережелері бойынша есепке алынған тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу шын мәнінде жүзеге асырылмауы, салық салу объектілерінің болмағанын білдіреді.
      Демек, жалған кәсіпорындарға салық есептелуі мүмкін емес, бұл жалған кәсіпкерлік нәтижесінде келтірілген зиянға салық сомаларының қосылуын болдырмайды.
      13. Коммерциялық ұйымның қатысушылары, сонымен қатар басшы, сондай-ақ ұйымның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмайтынын немесе тыйым салынған қызметпен айналысатынын білетін және оған келісім берген өзге де тұлғалар жалған кәсіпкерліктің субъектісі болуы мүмкін.
      Жалған кәсіпорынды тіркеу жөніндегі барлық әрекеттерді қатысушылардың көндіруімен басшы жүзеге асырған жағдайларда, олардың әрекеттерін айдап салушылық, ал басшының әрекеттерін орындаушылық деп саралау керек.
      Қол жеткізілген уағдаластыққа және жасалған әрекеттерге байланысты өзге тұлғалар жалған кәсіпкерлікті қоса орындаушылар немесе көмектесушілер деп танылуы мүмкін.
      14. Егер жалған кәсіпорын арнайы алаяқтық мақсаттарға пайдалану үшін құрылса, бұл қылмыстар қол сұғушылықтың объектілері мен көздейтін мақсаттары бойынша ерекшеленетіндіктен кінәлінің әрекеттерін ҚК 177 және 192-баптарының жиынтығы бойынша саралау керек.
      15. Жалған кәсіпкерлікпен айналысу мақсаттарының бірі кредит алу болғандықтан, кредит алған ұйымның кәсіпкерлік қызметпен айналыспағаны және алынған кредитті кредиттік шартқа сәйкес емес, кредиторға, кепілдік етушіге немесе мемлекетке ірі зиян келтірген заңсыз пайда алу үшін пайдаланғаны анықталса, онда ҚК-нің 194-бабы бойынша қосымша саралаудың қажеті жоқ.
      16. Салық кодексінің 12-бабы 1-тармағының 16) тармақшасында, жалған кәсіпорын - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылуы және (немесе) оған басшылық етілуі соттың заңды күшіне енген үкімімен не қаулысымен жалған кәсіпкерлік деп танылған жеке кәсіпкерлік субъектісі деген ұғым берілген.
      17. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің  24-бабының істің мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеу туралы талаптарын ескере отырып, қылмыстық ізге түсу органдары жалған кәсіпкерлік жасады деп айыпталған тұлға құрған коммерциялық ұйымның барлық контрагенттерін анықтау үшін шаралар қолдануға және тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің шын мәнінде өткізілгеніне және ақысы төленгеніне қатысты істің мән-жайларын анықтауға міндетті.
      Соттың айыптау үкімінде, сондай-ақ қылмыстық ізге түсу органының немесе соттың ҚК 192-бабы бойынша қылмыстық істі ақтамайтын негіздермен қысқарту жөніндегі қаулыларында жалған кәсіпорынның әрбір контрагентіне қатысты істің нақты мән-жайлары көрсетілуі тиіс.
      18. "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 37-бабының 1-тармағына сәйкес, нормативтiк құқықтық актiнiң күшi оны күшiне енгiзгенге дейiн пайда болған қатынастарға қолданылмайды.
      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2001 жылғы 12 маусымдағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 104-бабының 1-1) тармақшасы және 237-бабының 1-тармағы 5) тармақшасы 2007 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген.
      Демек, салық органы аталған мерзімнен басталатын салық кезеңдері үшін КТС салынатын табысты анықтаған кезде шығыстардан шегерімдер және кірістерден ҚҚС сомаларын алып тастауды осы нормалармен негіздеуге құқылы.
      2009 жылғы 1 қаңтардан басталатын салықтық кезеңдерге Салық кодексінің 115-бабының 2) тармақшасы және 258-бабы 1-тармағының 5) тармақшасы қолданылуы тиіс.
      19. 2007 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салықтық кезеңдерге қатысты Азаматтық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - АІЖК) 71-бабының үшінші бөлігіне сәйкес ҚК-нің 192-бабы бойынша қылмыстық іс жөнінде заңды күшіне енген сот үкімімен анықталған фактілердің преюдициялығын негізге алу керек. Егер үкіммен жалған кәсіпорын шын мәнінде осы контрагентпен мәмілелер жасамағаны анықталса, оның осы мәмілелер бойынша шығыстарына шегерімдер және кірістеріне ҚҚС сомаларын есептеу "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2001 жылғы 12 маусымдағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексінің) 92-бабы 2-тармағының және 235-бабы 1-тармағының негізінде негізсіз болып табылады.
      20. Заңды күшіне енген сот үкімімен өзгедей белгіленгендіктен, шығыстардан шегерімдер және кірістерден ҚҚС сомаларын алып тастаудың заңдылығы туралы істер бойынша мәмілелердің шын мәнінде жасалғаны жөнінде жалған кәсіпорынның контрагенті ұсынған дәлелдер рас деп таныла алмайды.
      Осыған байланысты, жалған кәсіпорын контрагентінің шығыстарынан шегерімдер және кірістерінен ҚҚС сомаларын алып тастаудың заңдылығы туралы мәселені кейіннен шешу мақсатында берілген талаптары (мысалы, мәмілелердің жарамдылығы туралы) қанағаттандырылмайды.
      21. Қылмыстық ізге түсу органының ҚК-нің 192-бабы бойынша қылмыстық істі ақтамайтын негіздермен қысқарту туралы қаулылары тұлғаның жалған кәсіпкерлікпен айналысқанын анықтайды. Сондықтан оның жалған кәсіпкерлікпен айналысу мақсатында құрған коммерциялық ұйымы мен осы қаулыларда көрсетілген контрагенттердің арасында жасасылған мәмілелер жалған болып табылады.
      22. Салық кодексінің 610-бабының 1-тармағына сәйкес, мерзiмде төленбеген салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер сомаларына өсiмпұл есептеледі. Жалған кәсіпорындардың контрагенттерінің КТС пен ҚҚС есептеу және төлеу жөніндегі салық міндеттемелері салық органдары олардың шығыстарынан шегерімдер және кірістерінен ҚҚС сомаларын алып тастаған салық кезеңдерінің нәтижелері бойынша туындайды. Демек, мерзімінде төленбеген салықтардың сомасына өсімпұл есептеу заңды болып табылады.
      23. Жалған кәсіпорындардың салық берешегі болмайтындықтан, мұндай коммерциялық ұйымдар салық органдарының арызы бойынша банкроттықтың негізінде таратылмайды.
      24. Тұлға жалған кәсіпорынды кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз құруына байланысты, соттың шешімі бойынша бұл коммерциялық ұйымның заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі жойылуы мүмкін. АІЖК-нің 55-бабына сәйкес, жалған кәсіпорынның мемлекеттік тіркеуін жою туралы талапты прокурор қоюы мүмкін. Аталған талап, талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен қаралады.
      25. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы                              Қ. Мәми

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы                               Ж. Бәйішев