Кеден одағына қатысушы мемлекеттерде кедендік төлемдерді есептеу және төлеу тәртібі туралы келісімге қол қою туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 5 желтоқсандағы N 1154 Қаулысы

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұл келісім Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Кеден одағына қатысушы мемлекеттерде кедендік төлемдерді есептеу және төлеу тәртібі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Кеден одағына қатысушы мемлекеттерде кедендік төлемдерді есептеу және төлеу тәртібі туралы келісімге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің        
2008 жылғы 5 желтоқсандағы
N 1154 қаулысымен    
мақұлданған       

жоба

Кеден одағына қатысушы мемлекеттерде кедендік төлемдерді есептеу және төлеу тәртібі туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
      Еуразия экономикалық қоғамдастығының шеңберінде кеден одағына қатысушы мемлекеттердің (бұдан әрі - кеден одағына қатысушы мемлекеттер) бірыңғай кеден аумағында кедендік төлемдерді есептеу мен төлеу тәртібі туралы уағдаластықтарға қол жеткізу мақсатында,
      2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шарттың ережелерін негізге ала отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей қабылданған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім оның негізінде кеден одағындағы кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттары қалыптасатын кеден одағына қатысушы мемлекеттердің бірыңғай кеден аумағына әкелінетін және осы аумақтан әкетілетін тауарларға қатысты кедендік төлемдерді есептеу мен төлеудің тәртібін айқындайды.

2-бап

      Осы Келісімде пайдаланылатын түсініктер мыналарды білдіреді:
      "бірыңғай кеден аумағы" - кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден аумақтарынан тұратын аумақ;
      "салықтар" - тауарларды бірыңғай кеден аумағына әкелу кезінде кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден органдары өндіріп алатын қосымша құн салығы және акциздер (акциздік салық немесе акциздік алым);
      "кедендік шекара" - кеден одағына қатысушы мемлекеттердің ерекше экономикалық аймақтарында және құрлықтық қайраңдарында орналасқан жасанды аралдардың, қондырғылардың, құрылыстардың және кеден одағына қатысушы мемлекеттердің заңдық құзырында ғана болатын өзге де объектілердің шектерін, сондай-ақ кеден одағына қатысушы кез келген мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес кеден одағына қатысушы мемлекеттердің аумақтарында құрылған арнайы (еркін немесе ерекше) экономикалық аймақтардың шектерін қоса алғанда, бірыңғай кеден аумағының шектері;
      "кедендік баж" - тауарларды кеден шекарасы арқылы өткізуге байланысты кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден органдары өндіріп алатын міндетті төлем;
      "кедендік алымдар" - тауарларды кедендік ресімдеуге және кедендік алып жүруге байланысты олар жасаған әрекеттер үшін, сондай-ақ кеден одағына қатысушы әрбір мемлекеттің ұлттық заңнамасында белгіленген жағдайларда өзге де әрекеттерді жасағаны үшін кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден органдары өндіріп алатын міндетті төлем.

3-бап

      Кедендік төлемдерге мыналар жатады:
      әкелу кедендік бажы;
      әкету кедендік бажы;
      кедендік алымдар;
      салықтар.

4-бап

      Кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарлар, кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін кеден одағына қатысушы мемлекеттердің халықаралық шарттарында белгіленген жағдайларда кедендік баждар мен салықтарды салуға жатады.
      Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің халықаралық шарттарында белгіленген жағдайларда кедендік баждар төленбейді.
      Кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін кеден одағына қатысушы мемлекеттердің халықаралық шарттарында белгіленген жағдайларда және кеден одағына қатысушы әрбір мемлекеттің ұлттық заңнамаларында белгіленген жағдайларда салықтар төленбейді.

5-бап

      Тауарлардың түріне қарай кедендік баждарды және кедендік баждардың қабылданған ставкаларын есептеу мақсаты үшін тауарлардың кедендік құны және (немесе) олардың заттай мәніндегі (мөлшері, массасы, көлемі немесе өзге сипаттар) физикалық (көлемді) сипаттамасы база болып табылады.
      Салықтарды есептеу мақсаты үшін база кеден одағына қатысушы әрбір мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес айқындалады.

6-бап

      Кедендік төлемдер төлеу жөніндегі міндеттердің туындау мен тоқтау сәті кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін кеден одағына қатысушы мемлекеттердің халықаралық шарттарында айқындалады.

7-бап

      Кеден одағында кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарына сәйкес кедендік төлемдер төлеу бойынша міндеттер жүктелген декларант және (немесе) өзге тұлғалар кедендік төлемдерді төлеушілер болып табылады.

8-бап

      Кеден одағында кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарында айқындалған жағдайларды қоспағанда, кедендік төлемдерді төлеушілер өз бетімен есептейді.
      Төлеуге жататын кедендік төлемдер сомасын есептеу кеден одағында кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кеден одағына қатысушы мемлекеттердің валютасында жүзеге асырылады.
      Егер кедендік төлемдерді есептеу мақсаты үшін, оның ішінде тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін шетелдік валютаны қайта есептеуді жүргізу талап етілсе, кеден одағында кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кеден одағына қатысушы әрбір мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес кедендік декларацияны қабылдаған күні қолданыстағы валюта бағамы қолданылады.

9-бап

      Кедендік төлемдер мен салықтарды есептеу мақсаты үшін кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін кеден одағына қатысушы мемлекеттердің халықаралық шарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік декларацияны қабылдаған күні қолданыстағы ставкалар қолданылады.
      Әкелінетін кедендік баждарды есептеу мақсаты үшін Кеден одағының бірыңғай кедендік тарифіне сәйкес ставкалар қолданылады.
      Әкетілетін кедендік баждарды есептеу мақсаты үшін кеден одағына қатысушы мемлекеттердің халықаралық шарттарын ескере отырып, кеден одағына қатысушы әрбір мемлекеттің ұлттық заңнамасында белгіленген ставкалар қолданылады.
      Салықтарды есептеу мақсаты үшін кеден одағына қатысушы әрбір мемлекеттің ұлттық заңнамасында белгіленген ставкалар қолданылады.
      Кедендік алымдарды есептеу мақсаты үшін, егер кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін кеден одағына қатысушы мемлекеттердің халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, кеден одағына қатысушы әрбір мемлекеттің ұлттық заңнамасында белгіленген ставкалар қолданылады.

10-бап

      Кедендік төлемдерді төлеу мерзімі кеден одағында кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарында айқындалады.
      Кедендік төлемдер кеден одағында кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кеден одағына қатысушы мемлекеттердің валютасында төленеді.
      Кедендік төлемдерді төлеу нысандары кеден одағына қатысушы әрбір мемлекеттің ұлттық заңнамасында айқындалады.

11-бап

      Кедендік баждар мен салықтарды төлеу мерзімін өзгерту кейінге қалдыру және (немесе) бөліп төлеу нысанында жүргізіледі.
      Кедендік баждар мен салықтарды төлеуді кейінге қалдыру және (немесе) бөліп төлеуді ұсынудың негізі мен шарттары кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін кеден одағына қатысушы мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес айқындалады.

12-бап

      Тараптар арасындағы осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі, ал келісімге қол жетпеген жағдайда кез келген мүдделі Тараптың бастамасы бойынша дау Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотының қарауына беріледі.

13-бап

      Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге жеке хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

14-бап

      Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағынын шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
      2008 жылғы "__"_________ _________ қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы депозитарийдің функцияларын Кеден одағы комиссиясына бергенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті болып табылатын депозитарийде сақталады.
      Депозитарий әрбір Тарапқа осы Келісімнің куәландырылған көшірмесі жіберіледі.

       Беларусь             Қазақстан             Ресей
      Республикасының      Республикасының       Федерациясының
      Үкіметі              Үкіметі               Үкіметі
      үшін                 үшін                  үшін