ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу мен дамыту тұжырымдамасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 қыркүйектегі N 835 Қаулысы

Қолданыстағы

      Мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалау жүйесін енгізу мен дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу мен дамыту тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі қажетті шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2008 жылғы 11 қыркүйектегі
N 835 қаулысымен  
мақұлданған     

ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу мен дамыту тұжырымдамасы

Астана, 2008 жыл

Мазмұны

Кіріспе
1. Тілдік білім деңгейін бағалаудың жалпы сипаттамасы
1.1 . Алдын ала зерттеулер
1.2 . Коммуникативтік құзыреттілік ұғымы, оның құрылымы
1.3 . ҚАЗТЕСТ жүйесінің құрылымы және оның жай-күйі
2. Тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттері
3. ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу мен дамытудың мазмұны
4. Тұжырымдаманың стратегиялық бағыттары
5. Тұжырымдаманы іске асыру тетіктері
5.1 . ҚАЗТЕСТ жүйесін қаржыландыру
5.2 . ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізуге байланысты алғышарттар жасау
5.3 . ҚАЗТЕСТ жүйесін басқару
6. Тұжырымдаманы іске асыру кезеңдері
7. Күтілетін нәтижелер

Кіріспе

      ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу мен дамыту тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) қазақ тілін білу деңгейін бағалау мақсатында кешенді тестілеуді өткізу жөніндегі іс-шаралар үшін негіз болып табылады, сондай-ақ жүйені енгізу жөніндегі заңнамалық, нормативтік-құқықтық актілердің және нысаналық бағдарламалардың негізгі бағытын айқындайды.
      Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі болып табылады. "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі Заңының 4-бабында Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы болып анықталған.
      Осы Тұжырымдама Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы N 550 Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 қарашадағы N 1122 қаулысымен бекітілген 2007 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мен оның бәсекелестігін арттыру тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.
      Қазіргі кезде тестілеудің мемлекеттік стандартына сәйкес тілдік білімді бағалаудың отандық жүйесін құру және осы жүйенің құрылымын, мазмұнын, ұйымдастыру және басқару тетіктерін қалыптастыру өзекті мәселе болып табылады.
      Аталған Тұжырымдаманың мәні Қазақстан Республикасында азаматтардың қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесін енгізу және оны іске асыру жөніндегі базаны қалыптастыру болып табылады.
      Тұжырымдамада ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу мен дамытудың негізгі бағыттары анықталады, сондай-ақ жүйенің даму жолдары мен нақты тетіктері баяндалған.

1. Тілдік білім деңгейін бағалаудың жалпы сипаттамасы

      Қазақ тілі - Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі ретінде мемлекеттік басқаруда, заң шығаруда, сот ісін жүргізуде, білім беру және іс жүргізуде және мемлекеттің аумақтарындағы барлық қоғамдық қарым-қатынастар саласында қолданылады.
      Сонымен қатар, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілі - Қазақстан халқының мәдени құндылығы болып табылады. Тиісінше Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының және мемлекеттің аумағында құқықтық, экономикалық, ғылыми, қоғамдық және басқа салаларда қызметін жүзеге асыратын шетелдік азаматтардың тілді қолдану талаптарына сәйкес қажетті деңгейде қазақ тілін білуі міндетті болады.
      Тілді білу құндылығы жалпы қабылданған үш ұстаным негізінде қарастырылады:
      тілдік білім - мемлекеттік құндылық ретінде;
      тілдік білім - қоғамдық құндылық ретінде;
      тілдік білім - жеке тұлғаның құндылығы ретінде.
      Мемлекеттік тіл Қазақстан аумағында мемлекеттің ресми қолдауын пайдаланады және тіл саясатындағы принциптердің іске асырылуын қамтамасыз етеді. Осының негізінде, қазақ тілін білу деңгейін бағалау республиканың тілдік ортадағы бәсекеге қабілеттілігін дамытуға және арттыруға ықпал етеді және Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік тілді міндетті түрде білу міндетін іске асыру жөніндегі маңызды мемлекеттік іс-шаралардың бірі болып табылады.
      Қазақ тілінің миссиясы Қазақстан халқының тұтастығын қамтамасыз ету ғана емес, сондай-ақ әрбір азаматты жеке тұлға ретінде рухани дамуға бағдарлау, толерантты қоғам қалыптастыру саясатына негіз болу.

1.1. Алдын ала зерттеулер

      Қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесін қалыптастыру мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді, атап айтқанда тіл білімін бағалаудың бірнеше жылдан бері қолданылып келген келесі халықаралық жүйелерінің институционалдық мүмкіндіктері зерттелінді:

      1) TOEFL (Test of English as a Foreing Language);

      2) IELTS (Enternational English Language Tests System);

      3) DALF/DELF (Diplome Approfondi de Langue Franзaise/Diplome d'Etudes en Langue Franзaise);

      4) DSH (Deutsche Sprachprofung for den Hochschulzugang);

      5) Grundbfustein DaF, Zertifikat Deutsch;

      6) TORFL (Test of Rassian as a Foreign Language);

      7) TOMER (Tukce Ogretim Merkezi);

      8) ТРКИ (Тесты по русскому языку как иностранному) және т.б.
      КАЗТЕСТ жүйесі құрылымы жағынан жақын болып табылатын, жүйелердің бірнешеуіне тоқтала кетейік.
      TOEFL (Test of English as a Foreing Language).
      Бұл - шет тілі ретінде ағылшын тілін меңгерудегі негізгі білім мен іскерлікті бағалайтын халықаралық емтихан. АҚШ-тың Нью-Джерси штатында, Пристон университетіндегі ЕТS (Educational Testing Service) білім саласында американдық тестілеу қызметі дайындаған, танымал стандартты тестілердің бірі.
      TOEFL-дің негізгі мақсаты - ағылшын тілі ана тілі болып саналмайтындардың тілдік білімін бағалау. Сондай-ақ, TOEFL сертификатының болуы АҚШ, Канада және ағылшын тілді басқа да елдердің университеттеріне, колледждеріне оқуға түсу үшін қажетті шарт болып табылады. Нақ осы тестінің нәтижесі бұрын басқа тілде оқыған студенттердің немесе аспиранттардың АҚШ-тың барлық университеттеріне оқуға түсу кезінде де талап етіледі. Сонымен бірге, оқыту ағылшын тілінде жүргізілетін мекемелерде көптеген шетелдік бағдарламалар бойынша тағлымдамаларға қатысу үшін TOEFL тапсыру қажет. Кейбір сертификатталған ғылыми және кәсіби бағдарламалар да үміткерден TOEFL тапсыруды талап етеді. TOEFL емтихандары 4 блоктан тұрады: тыңдалым - Listening, грамматикалық конструкция - Structure, оқылым - Reading, жазылым - Writing. TOEFL емтиханының барлық міндетті бөліктерін орындап болғаннан кейін олардың әрқайсысы үшін балл қойылады, содан кейін жиынтық балл есептелінеді.
      ТРКИ (тесты по русскому языку как иностранному).
      ТРКИ - шетел азаматтарының орыс тілін меңгеру деңгейін бағалау тестілеуі. Бұл жүйе Ресей Білім министрлігі ұсынған, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде, сондай-ақ басқа жоғары оқу орындарында қолданылады. Жүйе 6 деңгейді ұсынады: қарапайым, базалық және 4 сертификаттау. Олардың ішінде бірінші деңгей - ресейлік жоғары оқу орындарына түсу үшін қойылатын талаптарға сәйкес келеді, 2-4 деңгейлері инженерлік-техникалық, гуманитарлық және басқа салалардың кәсіби талаптарына сәйкес келеді. Емтихандарды бір-біріне тәуелсіз тапсыруға болады және сертификаттардың жарамдылық мерзімі шектелмеген. Аталған жүйеде ең біріншіден орыс тілі бойынша тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым және лексика-грамматикалық дұрыстығы сияқты сөйлеу іс-әрекетінің түрлеріндегі жалпы коммуникативтік құзыреттілігі тексеріледі.
      ҚАЗТЕСТ жүйесі жоғарыда аталған жүйелерге жақын келетін тұстарын атап өтеміз:

      1) біріншіден, бұл тест жүйелері бойынша тыңдалым, лексика-грамматикалық дұрыстығы, оқылым, жазылым және айтылым сияқты сөйлеу іс-әрекетінің түрлеріндегі маңызды орын алатын коммуникативтік құзыреттілігі тексеріледі;

      2) екіншіден, жүйелердің құрылымдық және мазмұндық болмысы айқын градациялықпен өсіп отырады;

      3) үшіншіден, ресейлік тіл білімін тексеру жүйесінде орыс тілі - ресейлік және шетелдік азаматтарға деген 2 лекке бағдарланған. ҚАЗТЕСТ жүйесінде де осы бағыт ұсталынып отырғандықтан, мұндай тәжірибелердің маңыздылығын ескеру қажет.

1.2. Коммуникативтік құзыреттілік ұғымы, оның құрылымы

      Тілдік білімді бағалаудың мемлекеттік стандарты - бағалаудың анағұрлым мойындалған, кең таралған бір түрі ретіндегі тестінің қолжетімді әрі ұсынымдалған түрін жүйелейтін және реттейтін нормативтік құжат. Әлемдік тәжірибе мен тест жүйесін зерттеген ғылыми тұжырымдар бойынша тестінің қолжетімділігі мен сенімділігі оған қойылатын басты талаптардың бірі болып табылады. Шынайы және сенімді бағалайтын тестілеу жүйесі Қазақстан Республикасында қазақ тілі бойынша тілдік білім деңгейін бағалаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру үшін арналған.
      Тілдік білімді бағалау тілді білуге талап қойған кезде қолданылатын құрал ретінде анықталады және мемлекеттік тілді меңгеруге, тілді үйрену бойынша әрекетін дамытуға және ынталандыруға бағытталған тетіктің маңызды қызметін орындайды. Бағалау нәтижесі - тілді білу деңгейінің көрсеткіші. Бағалау нәтижесі арқылы тілдік білімге талап қойылады және тілді меңгеру үшін тұлғаны ынталандыру жүзеге асырылады. Тілдік білімді тест түрінде бағалау мемлекеттік деңгейдегі іс-шара болып табылмаған жағдайда, қойылатын талаптарды анықтау және тілдік білімді бағалау, оны үйрену әрекетін ынталандыру секілді маңызды қызметтер іске асырылмайды.
      Тест тапсырмаларын қалыптастыру процесіне мемлекеттік стандарттарда көрсетілген тілдік білімді бағалаудың түрлі әдістері мен тәсілдері, тілдік білім деңгейін бағалауға қойылатын талаптар, деңгейлік шкалалар бойынша тестілеу нәтижелерін бөлу ықпал етеді.
      Бұл жүйе тестіленушінің коммуникативтік құзыреттілігін тексеруге бағытталған. Коммуникативтік құзыреттілік лингвистикалық, сөйлеу, әлеуметтік, дискурсивтік, стратегиялық және әлеуметтік-мәдени құзыреттілік сияқты компоненттерден тұрады.
      Олардың әр қайсысына қысқаша сипаттама бере кетейік.
      Лингвистикалық құзыреттілік лексика-грамматикалық, фонетикалық түсінігінің қалыптасуы, грамматикалық, синтаксистік, стилистикалық нормаларына сәйкес, оларды тілді қолдану процесінде пайдалана білуі, әдеби тілді және жазуды еркін білуі арқылы бағаланады. Сөйлеу құзыреттілігі прагматикалық қабілеттерін тіл арқылы іске асыра білуі, нақтылай айтқанда, тілдік мәтіндер мен материалдарды оқып, түсіне алуы, қабылданған тілдік ақпараттар туралы өз көзқарасы мен пікірін білдіре алуы, қарсылығын білдіру, құптау, ренжу, таңдану, мақтау, қайта сұрау, ұсыныс жасау, анықтау, шешім қабылдау және басқа да тілдік коммуникациядағы компоненттер бойынша тілді білушінің сөйлеу мен жазудағы деңгейін анықтайды. Әлеуметтік құзыреттілік - ауызекі сөйлеу немесе тілдің басқа нысандары арқылы тілді қолданушылардың топтарымен қарым-қатынас жасай алуы, тілді қолданушының кәсібіне, қоғамдық-әлеуметтік ортадағы орнына, көзқарасы мен дүниетанымына, білім деңгейі мен мәдени дәрежесіне сәйкес, нақтылай айтқанда, көшеде, үйде, қоғамдық көліктерде, мемлекеттік мекемелерде, қоғамдық ұйымдарда, теледидарда, оқу орындарында т.б. қарым-қатынас жасау барысында тілдік икемделу қабілеті. Дискурсивтік құзыреттілік - мәтіндерді, тілдік материалдарды, сөйлемдерді, сөз тіркестерін және басқа да тілдік бірліктерді өзара байланыстыра алу, сондай-ақ тілдік қарым-қатынастарда оларды біртұтас қолдана білу. Стратегиялық құзыреттілік тілді білудегі және қолданудағы кемшіліктер мен қателіктерін, білмейтін тұстарын айқындай отырып, оларды жетілдіре білуі болып табылады. Әлеуметтік-мәдени құзыреттілік меңгеріліп отырған тілдің еліндегі ұлттық-мәдени ерекшеліктерді, ұлт өкілдерінің ойлау жүйесін білуімен және оларды сол тіл арқылы қолдана білуімен айқындалады. Аталған құзыреттіліктер бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Қазақ тілін бағалауда сөйлеу мәдениеті, сауаттылығы, сөздің дұрыс айтылымы анықталады.
      Тілдік білімдегі коммуникативтік құзыреттіліктер құрылымын ескеретін қазақ тілін білу деңгейін бағалаудың отандық жүйесі тілдің меңгерілуі мен қолданысын, дамуын және ілгері жылжуын бақылайтын тетік ретінде қалыптасуы қажет. Алдағы уақытта азаматтардың мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалауды және оларды лайықты түрде сертификаттауды ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы жүзеге асыру көзделуде.

1.3. ҚАЗТЕСТ жүйесінің құрылымы және оның жай-күйі

      ҚАЗТЕСТ жүйесі - Қазақстан азаматтары мен Қазақстан аумағында қызметін жүзеге асырушы шетел азаматтарының мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалаудың жалпыға ортақ отандық жүйесі.
      Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілгендей мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту және нығайту мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы Білім беру мен тестілеудің мемлекеттік стандарттарының ұлттық орталығында 2006 жылдан бастап қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесі - ҚАЗТЕСТ-ті қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. ҚАЗТЕСТ жүйесімен шұғылданатын арнайы бөлім құрылды.
      Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде Қазақстан Республикасында азаматтардың қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесінің тұжырымдамасы әзірленді, "Тест спецификациясы" мен "Техникалық тапсырма" сияқты нормативтік құжаттар бекітілді, тест тапсырмаларын әзірлеушілер мен сарапшылар тобының құрамы анықталды.
      Тілдік білімді бағалау педагогикалық өлшеу болғандықтан, тестіленушілердің тілдік білімін өлшеу үшін өлшеу материалдарының қорын қалыптастыру ең басты мәселе болып табылады.
      ҚАЗТЕСТ жүйесінің негізгі мақсаты - қазақ тілі бойынша тілдік білімді бағалау. Бағалау - күрделі педагогикалық категория, ол бірнеше деңгейді қамтиды: деңгейлік бағалау, жалпы бағалау және қатынас құралы ретіндегі тілдік меңгерімді кәсіби біліктілік талабы бойынша бағалау. Жоғарыда айтылған бағалау түрлерінің арасында тығыз байланыс бар. Деңгейлік бағалау негізінен оқыту процесінде пайдаланылады. ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тілдік білімді бағалау азаматтардың тұрғылықты жеріне, бағалау уақытына, тілді үйренудің объектісі мен нысанына тәуелсіз қазақ тілінен коммуникативтік қабілеті мен біліктілік дәрежесін айқындайтын объективті бақылау болып табылады. Тілді білу деңгейін бағалауға арналған тестілеу - тәуелсіз бағалау тәсілі ретінде әлдеқашан танылған және әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылады.
      Қазақ тілі бойынша тілдік білімді объективті түрде бағалауды қамтамасыз ету өте күрделі және шешімін таба алмай проблемалардың бірі болып табылады.
      Өлшеу - бұл белгілі ережелерге сәйкес қандайда бір нысандар мен сандық шкала нүктелері жиыны арасындағы байланысты белгілейтін процесс. Педагогикалық өлшеулер - тестіленушілердің ағымдық және қорытынды даярлығының объективті мәнін алуды көздейтін, білім сапасын санмен бейнелеу процесі. Тұлғаның тікелей өлшеуге келмейтін оң және теріс қасиеттерін анықтауға болатындай латентті қасиеттерді ескеру қажет. Тұлғаның латентті қасиеттерін ғылыми-педагогикалық өлшеу процесінің жай қарапайым бағалау немесе кәдімгі физикалық өлшеулерден айырмашылығы ғылыми негіздемелерді қажет етеді. Бұл теория жетекші түсінікті анықтау, қасиетін өлшеу, тілді білу деңгейін, эмпирикалық және түсіну индикаторлар жүйесін өлшеу рәсімін тексеру сияқты процестерді зерттейді.
      ҚАЗТЕСТ төрт блоктан тұрады: тыңдалым, лексика-грамматикалық блок, оқылым, жазылым.
      Осы блоктар бойынша тест тапсырмаларының қорын қалыптастыру үшін құрамына республиканың жетекші жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, тіл білімі ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, тестолог-мамандар кірген тест тапсырмаларын әзірлеушілер мен сарапшылар топтары қалыптастырылды.
      Блоктар бойынша ҚАЗТЕСТ жүйесінің құрылымын қарайық.
      Бірінші блок - тыңдалым. Оқылған мәтінді түсіну деңгейі төрт деңгей бойынша бағаланады:

      1) фрагментарлық түсіну;

      2) жалпы түсіну;

      3) толық түсіну;

      4) терең, сыни түсіну.
      Екінші блок - лексика-грамматикалық. Тілді түсіну, түсініп айту, қарым-қатынаста қолдана алу, жазуда пайдалана алу, лексика-грамматикалық материалды меңгеру деңгейі функционалдық және коммуникативтік тұрғыда бағаланады.
      Бұл бағыттағы тест тапсырмалары мемлекеттік стандартқа сәйкес белгілі бір коммуникативтік міндеттерді шешуі үшін қажетті тілдің құрылымы туралы түсінігі мен біліктілігінің деңгейін бағалауды көздейді.
      Үшінші блок - оқылым. Оқылымның мақсаты - мәтіндегі негізгі және қосымша ақпаратты әр түрлі деңгейде қабылдауы және түсіне білуі, тілдің айтылым заңдылықтарына сәйкес оқи алуы. Оқылым бойынша біліктілік деңгейін анықтау және бағалау мынадай төрт нысандар бойынша тапсырманы орындау нәтижесімен айқындалады:

      1) танысып оқу;

      2) зерттеу элементтерімен оқу;

      3) жүгіртіп оқу;

      4) зерттеп оқу.
      Төртінші блок - жазылым. Жазба жұмыстары мынадай көрсеткіштер бойынша бағаланады және тексеріледі:

      1) жазба жұмыстарының грамматикалық сауаттылығы;

      2) жазба жұмысының мазмұны;

      3) жазба жұмысындағы тілдік құралдарды пайдалану сапасы;

      4) жазбаша тапсырманы орындау кезінде өз бетінше тілді қолдана алу дәрежесі.
      ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестіленуші тілді білу деңгейінің пайыздық көрсеткіші анықталатын 150 минут ішінде орындалатын 150 тапсырманы орындауы керек. Тест тапсырмалары мүмкін болатын жауаптардан бір дұрыс жауапты таңдау нысанында ұсынылады. Бұл бағыттың ерекшелігі бір мезгілде тапсырушылар саны мол қамтылып, нәтижесі жылдам өңделіп және берілетін технологиялық тиімділігіне байланысты.
      Жүйенің жоғарыда аталған блоктары бойынша жүйеге ауқымды тест тапсырмалар қоры жинақталды. ҚАЗТЕСТ жүйесінде тілдік білімді бағалаудың деңгейлік жүйесі - қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары, жоғары, жетік деңгейлері негізге алынды. Деңгейлік шкала бойынша белгілі бір көрсеткішке жеткен және өз көрсеткішін көтергісі келетін тестіленушілерде даярлық курсында оқуға және ниеттенген деңгейге жетуіне мүмкіндігі бар, өйткені ҚАЗТЕСТ сатылы бірізділікке бағынады. Тестіленушінің тілдік деңгейі орындалған тестінің жалпы сандық көрсеткіш нәтижесімен анықталады. Тапсырмалар түрі қарапайымнан күрделіге қарай принципі бойынша орналасқан. Соған сәйкес тестіленушілерде тілді білу деңгейлер арасында сабақтастық болуы тиіс. Бұл тұлғаны тілді үйрену кезінде ынталандыратын қозғаушы тетік болып табылады.

2. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері

      Тұжырымдаманың мақсаты:
      Қазақ тілін білу деңгейін бағалауға арналған ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу мен дамыту.
      Тұжырымдаманың міндеттері:

      1) ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізудің нормативтік негіздемесін әзірлеу;

      2) Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қазақстан аумағында құқықтық, экономикалық, қоғамдық және басқа да қызмет түрлерімен айналысатын шетелдік азаматтардың қазақ тілін білу деңгейін ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы тестілеу жолымен бағалаудың стратегиялық және тактикалық іс-шараларын анықтау;

      3) қазақ тілін білу деңгейін бағалау үшін тестілеу жұмысын жүргізуді көпшілік мойындаған халықаралық әдістемелер негізінде ұйымдастыру мен өткізу тетігін негіздеу;

      4) Тестілеудің мемлекеттік стандартын және ҚАЗТЕСТ жүйесінің әдістемелік базасын әзірлеу;

      5) қазақ тілін білу деңгейін куәландыратын сертификат түрлері мен олардың қолданылу мерзімін анықтау;

      6) қазақ тілін білу деңгейін бағалау бойынша тестілеуді жүйелі түрде жүргізуді және тестілеу құрылымын анықтауды қамтамасыз ету;

      7) емтихан өткізу процестерін реттейтін тестілеу ережесін негіздеу;

      8) ҚАЗТЕСТ жүйесінің негізінде Қазақстан Республикасында қазақ тілін білуді бағалаудың мемлекеттік сертификаттық жүйесін құруды негіздеу.

3. ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу мен дамытудың мазмұны

      ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу қазақ тілін дамыту бойынша міндеттерді іске асыру ретінде мемлекет жүзеге асыратын және мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолданылуына ықпал ететін іс-шаралардың бірі болуы тиіс.
      ҚАЗТЕСТ жүйесін әзірлеу кезінде тіл білу деңгейін бағалау бойынша тестілеудің әлемдік тәжірибесі (тест тапсырмаларының нысандары мен түрлері, емтиханды өткізу рәсімі, бағалау нәтижелерінің өлшемі), халықаралық танымал тест құрылымдары ескеріледі.
      ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу мынадай талаптарды ескеруді көздейді:

      1) тестілеуді өткізу кезінде стандартты рәсімдерді қолдану;

      2) тест нәтижелерін бағалаудың бірыңғай тәсілдерін пайдалану;

      3) тест тапсырмаларының мазмұны мен материалдарын іріктеу кезінде коммуникативтік нақтылық (аутенттілік) принципін қолдану.
      ҚАЗТЕСТ жүйесінің типтік тест тапсырмалары тестіленушілер үшін ұсынылатын емтихандық материалдардың үлгісі болып табылады. Бұл тест тапсырмалары сынақтан, сараптамадан өтті және қолдануға жарамды. Типтік тест тапсырмаларына қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін тестіленушілерге тестің мазмұнымен танысуына мүмкіндік беріледі. Типтік тестің құрылымы стандартты ауызекі сөйлеудің (таңдалым, лексикалық-грамматикалық блок, оқылым, жазылым) белгілі бір түріне немесе аспектісіне бағытталған бірнеше субтестіден тұрады.

4. Тұжырымдаманың стратегиялық бағыттары

      ҚАЗТЕСТ жүйесін дамыту стратегиясы мынадай бағыттарды көздейді:
      1. ҚАЗТЕСТ жүйесін Қазақстан Республикасындағы қазақ тілін білуді бағалаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі ретінде енгізу мен дамыту;

      2. ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеуді өткізу сапасын халықаралық деңгейге көтеру, оны қазақ тілін білуді бағалаудың азаматтық және ресми мойындалған құрылым мәртебесіне жеткізу;

      3. ҚАЗТЕСТ жүйесінің қолданылу саласын кеңейту, оның бағыты, енгізу бағдарламасы, дамыту стратегиясы туралы ақпараттандыру және насихаттау;

      4. ҚАЗТЕСТ жүйесін қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қалыпты қызмет етуіне және дамуына ықпал ететін факторлардың бірі ретінде болуы.

5. Тұжырымдаманы іске асыру тетіктері

      ҚАЗТЕСТ жүйесін дамыту мақсатында Тұжырымдаманы дамытудың мынадай тетіктері көзделуде:
      1) тілдік білімді бағалаудың бірыңғай жүйесін құруда біртұтас мемлекеттік бағыттың стратегиясын қалыптастыру және әзірлеу;

      2) Қазақстан Республикасында азаматтардың қазақ тілі бойынша білімін бағалау жүйесін енгізу үшін нормативтік негіз қалыптастыру;

      3) ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеуді дайындау және жүргізу жүйесін құру;

      4) қазақ тілі бойынша тестілеу әдістемесін жетілдіру, тест тапсырмаларының сапасын арттыру;

      5) сертификаттар мен анықтама үлгілерін бекіту, олардың әрекет ету мерзімін анықтау.

5.1. ҚАЗТЕСТ жүйесін қаржыландыру

      2008 жылы ҚАЗТЕСТ жүйесін қаржыландыруға республикалық бюджет қаражаты есебінен 24300 мың теңге бөлінді. 2009 - 2011 жылдарға арналған қаржыландыру мөлшері тиісті қаржы жылында республикалық бюджетті бекіту кезінде нақтыланатын болады. Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде өзге де қаржыландыру көздері болуы мүмкін.

5.2 ҚАЗТЕСТ жүйесінің енгізілуіне байланысты
алғышарттар жасау

      Тілдік кеңістікке ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу және оны дамыту мемлекеттік тілдің қолданылу саласын кеңейту үшін алғышарттарды жасауға мүмкіндік береді.
      Қазақ тілін білу деңгейін бағалаудың құралы ретінде ҚАЗТЕСТ ең төменгі нормативтер мен кәсіби стандарттарға қойылатын мемлекеттік тілді білудің белгілі деңгейін айқындайтын біліктілік талаптарының сәйкестігін анықтауға мүмкіндік береді. Осы тәсіл жетекші елдердің практикасына толық сәйкес келеді және еңбек нарығын реттеудің жалпы үлгісіне негізделгендігін атап өту керек.

5.3 ҚАЗТЕСТ жүйесін басқару

      ҚАЗТЕСТ жүйесін басқаруды және қазақ тілін білу деңгейін сертификаттау рәсімін білім беру саласындағы уәкілетті орган іске асырады.
      ҚАЗТЕСТ жүйесін басқару процесінде мынадай мақсаттарға жету көзделеді:

      1) азаматтарды қазақ тілінің болашағына қоғамдық, мәдени-рухани және мемлекеттік құндылық ретінде қарауға қалыптастыру;

      2) қазіргі қазақ тілін меңгерудегі қажеттілікті қалыптастыру;

      3) қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамуының тетіктерін реттеу. ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеу рәсімін бақылау үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанынан консультативтік-кеңестік орган құрылуы қажет.

6. Тұжырымдаманы іске асыру кезеңдері

      ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізудің кешенді іс-шараларын іске асыру мынадай кезеңдерден тұрады:
      Бірінші кезең (2008 - 2009 жылдар) - ҚАЗТЕСТ жүйесін дамыту:

      1) тестінің үш бөлігі: тыңдалым, лексика-грамматикалық бөлік, оқылым бойынша тест тапсырмаларын әзірлеу және сынақтан өткізу;

      2) тест тапсырмаларын сараптамадан өткізу;

      3) сынақ нәтижелері бойынша тестілеу өткізу технологиясы мен нұсқау материалдарын жетілдіру.
      Екінші кезең (2010 - 2011 жылдар) - ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу және дамыту:

      1) тест тапсырмаларының сапасын жетілдіру;

      2) Қазақстан Республикасы азаматтарының және республика аумағында қызметін жүзеге асырушы шетелдік азаматтардың қазақ тілін білу деңгейін бағалау үшін ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу;

      3) ҚАЗТЕСТ жүйесінің тіл білуді бағалау жүйелеріне қойылатын халықаралық талаптарға сәйкестігі туралы сертификатын алу.

7. Күтілетін нәтижелер

      ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу мен дамытуды іске асыру нәтижесінде мынадай нәтижелерге қол жеткізу күтілуде:

      1) қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі маңызы мен сапасын арттыратын жүйе құру;

      2) ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу процесінде қазіргі заманғы тілдік білімді меңгерту әдістемесі мен технологиясы үшін қажетті ресурс қалыптастыру;

      3) тестілеудің халықаралық жүйесі негізінде қалыптасқан және қоғамдық ортада мемлекеттің қажеттілігін қанағаттандыратын ҚАЗТЕСТ жүйесінің рөлін анықтау;

      4) қазақ тілін меңгерту талабына сәйкес диагностикалық бақылау және зерттеу рәсімін қалыптастыру;

      5) азаматтардың кәсіби тілдік, коммуникативтік құзыретін анықтау бойынша тетік қалыптастыру;

      6) қазақ тілін білу деңгейін арттырудың тұрақты үрдісін, мотивациясын және бағыттарын қалыптастыру;

      7) халықаралық деңгейдегі тест жүйелерінің озық әдістері мен тәжірибелеріне сүйенген қазақ тілін меңгеруді бағалау стандартын қалыптастыру.