Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы N 550 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 18 сәуірдегі № 63 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2011.04.18 № 63 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасының Конституциясы  44-бабының 8) тармақшасына сәйкес қаулы етемін:

      1. Қоса берiлiп отырған Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасының Yкiметi Бағдарламаны iске асыру жөнiндегi Іс-шаралар жоспарын бiр айлық мерзiмде әзiрлесiн және бекiтсiн.

      3. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлiгi Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасының Yкiметiне Бағдарламаны iске асырудың барысы туралы жыл сайын 30 маусымға және 30 желтоқсанға жиынтық талдау баяндама ұсынсын. 
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентiнiң 2004.03.29 N 1323, 2006.05.30 N 127 (жарлық алғаш жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.07.15 N 1027 Жарлықтарымен.

      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшілiгiне жүктелсiн.

      5. Осы Жарлық жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы  
Президентінің      
2001 жылғы 7 ақпандағы  
N 550 Жарлығымен     
бекітілген       

  Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға
арналған мемлекеттік бағдарламасы

Астана
2001 ж.

  1. Бағдарламаның паспорты

Атауы                 Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010
                      жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы

Әзiрлеуге негiздеме   Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1998
                      жылғы 5 қазандағы  N 4106 Жарлығымен
                      бекiтiлген Тiлдердi қолдану мен дамытудың
                      мемлекеттiк бағдарламасының 3-тармағына
                      сәйкес әзiрленген

Негiзгi әзiрлеушiлер  Қазақстан Республикасының Мәдениет
                      министрлiгi

Мақсаттары            Қазақстан халықтарының тiлдерiн дамытудың
                      стратегиясы үш негiзгi мақсатты айқындайды:
                      мемлекеттiк тiлдiң әлеуметтiк-коммуникативтiк
                      қызметiн кеңейту мен нығайту;
                      орыс тiлiнiң жалпы мәдени қызметiн сақтау;
                      этникалық топтардың тiлдерiн дамыту және
                      ағылшын тілін іскерлік қарым-қатынасқа енгізу.

Мiндеттерi            Мақсаттарды іске асыру үшiн мынадай
                      мiндеттердi шешу көзделедi:
                      мемлекеттiк тiлдiң мемлекеттiк басқару тiлi
                      ретiнде қолданылуын қамтамасыз ету;
                      нормативтiк құқықтық базасын жетiлдiру;
                      іс жүргiзудi мемлекеттiк тiлге көшiру кестесiн
                      (нақты мерзiмдер мен iс-шараларды көрсете
                      отырып) белгiлеу арқылы барлық мемлекеттiк
                      ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару
                      органдарында мемлекеттік тiлдiң іс
                      жүргiзудегi негiзгi тiл ретiнде қолданылуын
                      қамтамасыз ету;
                      Қазақстан Республикасы  Конституциясының
                        7 және  93-баптарын iске асыру мақсатында
                      республика көлемiнде республикалық және
                      жергiлiктi бюджеттiң, ұйымдардың қаржылары,
                      сондай-ақ Қазақстан Республикасының
                      заңнамалық актiлерiмен тыйым салынбаған басқа
                      да көздерi есебiнен азаматтарға мемлекеттiк
                      тiлдi тегiн оқыту курстарының бiрыңғай
                      жүйесiн құру;
                      Мемлекеттiк ұйымдар мен жергіліктi өзiн-өзi
                      басқару органдарында ресми қолданылатын тiл
                      ретiнде орыс тiлiнің қызмет етуiн қамтамасыз
                      ету; 
                      орыс тiлiнiң қолданылуын ғылыми-лингвистикалық
                      тұрғыда қамтамасыз ету;
                      этникалық қауымдастықтар (диаспоралар)
                      өкiлдерiнiң ана тiлiн оқытуға мемлекеттiк
                      қолдау көрсету;
                      мемлекеттік тілді насихаттауды және қоғамдық
                      өмірдің түрлі салаларына енгізуді жүзеге
                      асыру;
                      Республика азаматтарының ағылшын тілін
                      оқып-үйренуі үшін жағдай жасау.

Қаржыландыру көздерi  Бағдарламаны қаржылай қамтамасыз ету осы
                      Бағдарламаны iске асыруға бөлiнетiн
                      республикалық бюджеттен, жергiлiктi бюджеттер
                      қаражаттары есебiнен, сондай-ақ Қазақстан
                      Республикасының заңнамалық актiлерiмен тыйым
                      салынбаған басқа да көздерден жүзеге
                      асырылады. Бағдарламаны iске асыруға арналған
                      бюджет қаражатына ең төменгi есептiк
                      қажеттiлiк 3087,7 миллион теңгенi құрайды.
                      Оның жыл сайынғы көлемi тиiстi жылға арналған
                      республикалық бюджет туралы Қазақстан
                      Республикасының Заңына сәйкес нақтыланатын
                      болады.

Күтiлетiн нәтижелер   Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк
                      бағдарламасын iске асыру Қазақстан аумағында
                      қолданылатын тiлдердiң қажеттi функционалдық
                      арақатынасына қол жеткiзумен айқындайтын,
                      оңтайлы әлеуметтiк-лингвистикалық кеңiстiк
                      құруды көздейдi.
       Ескерту. 1-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Президентiнiң 2004.03.29 N 1323, 2006.05.30 N 127 (жарлық алғаш жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.11.20 N 444, 2010.07.15  N 1027Жарлықтарымен.

  2. Кiрiспе

      Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) 10 жылға арналған. Бағдарламада Қазақстандағы тiл құрылысының ұзақ мерзiмдi келешегiнiң стратегиялық мақсаттары мен мiндеттерi айқындалып, сондай-ақ оларды iске асырудың басты бағыттары мен тетiктерi белгiленген. 
      Белгiленген мақсаттарды, мiндеттердi және басымдықтарды жүзеге асырудың нақты iс-әрекеттерi, уәкiлеттi орган әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн Бағдарламаны iске асыру жөнiндегi шаралардың екi жылдық қысқа мерзiмдi жоспарлары түрiнде жасалынады. 
      Бағдарлама Қазақстан Республикасы  Конституциясының 7,  93-баптарына , "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" 1997 жылғы 11 шiлдедегi Қазақстан Республикасының  Заңына (бұдан әрi - "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Заң), Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 4 қарашадағы  N 3186 өкiмiмен мақұлданған Қазақстан Республикасының Тiл саясаты тұжырымдамасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1998 жылғы 5 қазандағы  N 4106 Жарлығымен бекiтiлген Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасына сәйкес әзiрленген. 
      Тiл құрылысының оңтайлы процесi этнолингвистикалық және мәдени қажеттiлiктердi толыққанды iске асыруды қамтамасыз ете отырып, қоғамда азаматтық татулықты нығайтуға және оның одан әрi топтасуына жағдай жасайтындықтан, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды әлеуметтiк қырларының бiрi болып табылады. Бұл елiмiзде тiлдердi дамыту мәселелерiн мемлекеттiк реттеу қажеттiгiн бiлдiредi. Мемлекеттiк тiлдiң қоғамдағы рөлi оның дамуының басымдығын бiлдiретiн жоғары деңгейдегi топтастыру әлеуетiнен көрiнедi. 
      Осы Бағдарламаны әзiрлеу Қазақстанда оңтайлы функционалдық-лингвистикалық кеңiстiк құру үшiн мемлекеттiк билiктiң барлық тамақтары мен тұтас қоғамның нысаналы да жүйелi қызметiн жүзеге асырудың бiрыңғай стратегиясын тұжырымдау қажеттiгiнен туындайды. 

  3. Проблеманың бүгiнгi таңдағы жай-күйiн талдау

      1997 жылы "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы"  заң қабылданған сәттен берi және Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1998 жылғы 5 қазандағы  N 4106 Жарлығымен бекiтiлген Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын 1998-2000 жылдар аралығында iске асыру барысында қоғамдық өмiрдiң барлық негiзгi салаларында тiл құрылысы процестерiнiң одан әрi кеңеюi мен тереңдеуi үшiн алғышарттар жасалды. Бұл мемлекеттiк органдар, ұйымдар мен тұтас қоғамның үйлестiрген, мақсатты күш-жiгерінің нәтижесi болды. 
      Қазiргi уақытта елде тiлдер қолданысының дамуын табысты iске асырудың құқықтық негiздерi қалыптасты. Тіл құрылысының үрдiстерi қоғамда түсіністік пен қолдау тауып отыр. 
      Мемлекеттiк органдар жүйесінде мемлекеттiк тiлдi талап етiлуінің арту үрдiсi байқалуда. Бұл орайда қазақ халқы басым тұратын аймақтарда бiршама айтарлықтай нәтижелерге қол жеттi. Бұл, ең алдымен, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Оңтүстiк Қазақстан облыстарына тән. Қазақстанның Солтүстiк, Орталық және Шығыс облыстарында да мемлекеттiк тiлдi дамыту бағытында белгiлi бiр деңгейде жұмыс жүргiзiлуде. Орталық атқарушы органдардың мемлекеттiк тiлдi қолдану аясын кеңейтуге бағытталған нысаналы жұмыстарының арқасында оның талап етiлуiнiң өсу үрдiсi байқалады. Көптеген мемлекеттік органдар мен ұйымдарда іс қағаздары екi тiлде - мемлекеттiк және ресми тiлде жүргiзiледi. 
      Алайда, қол жеткен нәтижелерге қарамастан, мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк тiлдiң әлеуетiн iске асыру деңгейi әлi де төмен екенiн атап өту керек. Мемлекеттiк қызметшiлер арасында мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген мамандар аз. Сол себептi Бағдарламаны iске асыру барысындағы басты мiндеттiң бiрi бiлiктi кадрлар даярлау болып табылады.
      Сонымен бірге Президент "Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан" атты Қазақстан халқына Жолдауында: "..."Тілдердің үштұғырлығы" мәдени жобасын кезеңдеп іске асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс...", - деп айтқан болатын. Осыған орай қазақ тілін - мемлекеттік тіл, орыс тілін - ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілін - жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі ретінде дамытуды да мемлекеттік тіл саясатының негізгі басымдықтарының бірі ретінде қолға алу керек. 
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi жүйесiне мемлекеттiк тiлдi енгiзу процесi басталды. Қазiргi заманғы қазақ әскери терминологиясының қалыптасу процесi жүрiп жатыр. Алайда әскери құрамаларда күнделiктi қызметтiк мiндеттерiн орындау барысында мемлекеттiк тiлдiң қолданылуы шектеулi күйде қалып отыр. Бұл жерде негізгі күш-жігерді арнаулы әскери лексиканы қалыптастыру мен мемлекеттiк тiлдi оқытуға жұмсау қажет. 
      Білiм беру жүйесiнде мемлекеттiк тiлдiң рөлi бiртiндеп артып келеді. Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң мәлiметi бойынша, 1999-2000 оқу жылында, республика мектептерiндегi 3,5 миллион оқушының 1,6 миллионы (50,6%) - қазақ тiлiнде, 1,5 миллионы (45%) - орыс тiлiнде, 80 мыңы (2,3%) - өзбек тiлiнде, 23 мыңы (0,6%) - ұйғыр тiлiнде, 2,5 мыңы (0,07%) - тәжік тілінде және мыңнан астамы басқа тілдерде оқыды. Қазақ тiлiнде оқытатын мектептердiң жалпы саны бiртiндеп өсiп, 2000 жылы республикадағы мектептердiң жалпы санының 43% (7910) шамасына жеткенiмен, олардың аймақтар бойынша, сондай-ақ "қала-ауыл" схемасы бойынша бөлiнуi бiркелкi емес. Бұдан басқа, қазақ тiлiндегi сыныптардың тепе-теңдiгi сақталмауына байланысты тиiстi тiлдiк ортадан бөлiнiп қалған "аралас мектептер" деп аталатын мәселе де бар. Оның үстiне, қазақ тiлiнде оқытатын мектептердiң көпшiлiгi дәрiс берудiң жоғары жеткiлiксiз деңгейiн көрсетуде. Басқа тiлдерде оқытатын мектептер туралы да осындай жайды атап өтуге болады. Едәуiр толымды оқу-әдiстемелiк әлеуетi қалыптасқан орыс тiлiнде оқытатын мектептерде бұл проблемалар соншалықты өзектi болып отырған жоқ. 
      Егер мемлекеттiк тiлде бiлiм беретiн мектептер саны бiртiндеп өсiп келе жатса, мектеп жасына дейiнгi балалар мекемелерiнiң саны азайып барады. Олардың саны 2000 жылы елiмiз бойынша осы тектес ұйымдардың жалпы санының 25%-нен (1158) асқан жоқ. Осылайша, неғұрлым тiлдi қабылдауға бейiм ұрпақ тiлдiк қатынастарды мемлекеттiк реттеу саласынан сырт қалуда. 
      Республиканың бастауыш және орта кәсiптiк оқу орындарында 200 мамандық, жоғары оқу орындарында 75-тен астам мамандықты оқыту мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi. Қазақ тiлiнде оқыту бөлiмдерiнде оқитын студенттердiң саны 2000 жылы барлығы 32%-тi (85300) құраса, орыс тiлiндегi бөлiмдердегi студенттердiң саны 68%-тi (181000) құрайды. Қазақ тiлiнде оқыту бөлiмдерiнiң жалпы алғанда өсуiне қарамастан, осы тiлде оқытылатын мамандықтар санын көбейтуге назар аудару керек. Мәселен, 1998-1999 оқу жылынан бастап елiмiздiң жоғары және орта арнаулы оқу орындарына "Мемлекеттiк тiлде іс жүргiзу" атты жаңа мамандық енгiзiлдi. 
      Мемлекеттiк тiлдi оқытуда сабақ жүргiзудiң жаңа жеделдетiп оқыту әдiстемелерiн әзiрлеу, дыбыс-бейне материалдарды, компьютерлiк технологияларды пайдалану нәтижесiнде үлкен мүмкiндiктер көзi ашылуда. Осылайша, бүгiнгi күнi орталық атқарушы органдарда мемлекеттiк тiлде электронды құжат айналымын қамтамасыз ету жөнiнде компьютерлiк бағдарламалар әзiрленiп, орнатылды, сканер арқылы компьютер қарiптерiн тануды, қазақ тiлiнде дұрыс жазылуын тексерудi, мәтiндердi қазақ тiлiнен орыс тiліне, орыс тiлiнен қазақ тiлiне автоматты түрде аударуды қамтамасыз ету жөнiнде бағдарламалар әзiрлендi. 
      Мемлекеттiк тiлдiң алдында тұрған маңызды мәселелердiң бiрi оның жаңа әлеуметтiк-мәдени болмысты бейнелеудегi мүмкiндiктерiн кеңейтудiң қажеттiгi болып отыр. Бұл бағытта нысаналы ғылыми зерттеу жұмысы жүргiзiлуде. Қазақ тiлiнiң терминологиялық базасын түзу мен жетiлдiруге басты назар аударылып отыр. Мемлекеттiк терминологиялық комиссия 610 жаңа терминдi бекiттi, алғашқы рет 31-томдық салалық терминологиялық сөздiктер шығару жүзеге асырылуда. 
      Қолданылып жүрген заңдармен айқындалған, республика аумағындағы тарихи атауларды қалпына келтiру мен жүйелеу және жер-су атаулары мен басқа да атауларды фонетикалық, таңбалық және лексикалық принциптерге сәйкестендiру жұмысы жандандырылуда. Осы уақытқа дейiн 64 аудан, 8 қала, 420 ауыл мен поселке, 680 бiлiм беру, мәдениет, денсаулық сақтау мен басқа да объектiлер жаңа атауларға ие болды. 
      Мемлекеттiк тiлде қорғалған кандидаттық және докторлық диссертациялардың жалпы санының ұлғаюы байқалады. Алайда, олардың саны әлi де көп емес, ол республикада 1999 жылы қорғалған диссертацияның 14%-нен аспайды (1267-нiң 174-і). 
      Мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары салаларында мемлекеттiк тiлдi дамытуда белгiлi бiр оң iлгерiлеуге қол жеттi. Қазақ тiлiндегi телехабарлардың көлемiн ұлғайту бағытында айтарлықтай оң қадамдар жасалды. Бұл ретте мемлекеттiк тiлде хабар тарататын мамандандырылған телеарнаның ашылғанын атап айтуға болады. 2000 жылы 192 телеарнаның басым көпшiлiгi - 144-i екi тiлде хабар таратты. Дегенмен мемлекеттiк тiлде және басқа тiлдерде хабар тарату уақытының заң актiлерiмен айқындалған сандық арақатынасы көп жағдайда сақталып отырған жоқ. 
      Мемлекеттiк басқару органдары жүйесiнде, елiмiздiң Қарулы Күштерiнде, халыққа қызмет көрсету, мәдениет пен өнер салаларында ресми қолданылатын тiлдiң тұрғысы дәстүрлi түрде күштi болып отыр. Орыс тiлiнiң бiлiм мен ғылымдағы басымдығы сақталуда, оның бұқаралық ақпарат құралдары саласында жетекшi тiл болып қалуы жалғасуда. Мәселен, 2000 жылы елде 2365 орыс тiлiнде оқытатын мектеп, орыс тiлiнде оқытатын сыныптары басым 2055 аралас мектеп есепке алынды, орыс тiлiнде 393 газет, 78 журнал атауы шығарылып, 20 телеарна жұмыс істейдi. 
      Қазақстан аумағында тұрып жатқан барлық диаспоралар тiлiне мемлекет тарапынан көмек көрсетiлуде. Ана тiлi мен мәдениетiн дамыту мақсатында елiмiзде ана тiлiн оқытудың жексенбiлiк мектептер жүйесi құрылған. 1999-2000 оқу жылында жексенбiлiк мектептерде 14 тiл ана тiлi ретiнде оқытылды: корей, иврит, украин, татар, немiс, түрiк, шешен, ұйғыр, армян, әзiрбайжан, чуваш, поляк, курд және дұнған тiлдерi. Жексенбiлiк мектептер туралы үлгi ереже әзiрлендi. Оқытудың мұндай түрi өзiн жақсы жағынан көрсетiп үлгердi және келешегi де бар. Елiмiзде диаспоралар тiлiнде 11 газет шығарылып, 12 тiлде телехабарлар жүргiзiледi.
       Ескерту. 3-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Президентiнiң 2007.11.20.  N 444 Жарлығымен.

  4. Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк
бағдарламасының мақсаттары мен мiндеттерi

       Ескерту. 4-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Президентiнiң 2006.05.30. N  127 (жарлық алғаш жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.11.20.  N 444 Жарлықтарымен.

      Қазақстан Республикасының Конституциясымен бекiтiлген және "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы"  заңда көрiнiс тапқан, республикада лингвистикалық өрiстi қалыптастырудың функционалдық принциптерiне сәйкес сараланған айқындама негiзiнде тiл құрылысын үш бағытта: мемлекеттiк тiлдiң әлеуметтiк-коммуникативтiк қызметiн кеңейту мен нығайту; орыс тiлiнiң жалпы мәдени қызметiн сақтау; Қазақстан халықтарының басқа тiлдерiн дамыту бойынша жүзеге асыру орынды болмақ. 
      Айқындаманың саралануы функционалдық-лингвистикалық топтардың әрқайсысының алдында тұрған мiндеттердiң айырмашылығын көрсетумен дұрыс болып табылады. Сонымен, қазақ тiлiн дамыту бағыты оның мемлекеттiк мәртебесiн iске асыру қажеттiгiмен айқындалады; орыс тiлiнiң қолданылуын қамтамасыз ету қызметiнiң басты бағыты оның мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында қазақ тiлiмен қатар ресми қолданылу қызметiн сақтау болып табылады; этникалық топтардың лингвистикалық сұраныстарын қанағаттандыру, ана тiлiн әркiмнiң пайдалануға қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдап алуға конституциялық құқығын iске асыруға, Қазақстан халықтарының тiлдерiн оқып үйрену мен дамыту үшiн жағдай жасауды талап етедi. 
      Мемлекеттiк тiлдiң әлеуметтiк-коммуникативтiк қызметiн кеңейту мен нығайту мақсатында қол жеткiзу өз кезегiнде мына мiндеттердi шешудi талап етедi: 
      1) мемлекеттiк тiлдiң мемлекеттiк басқару тiлi ретiнде қолданылуын қамтамасыз ету: 
      нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру; 
      мемлекеттiк қызметкерлердiң мемлекеттiк тiлдi қызметтiк міндеттерін орындауға қажеттi деңгейде меңгеру үшiн шаралар қолдану; 
      мемлекеттiк органдар жүйесiнде мемлекеттiк тiлдiң іскерлiк қарым-қатынастың негiзгi тiлi ретiнде қолданылуын қамтамасыз ету; 
      мемлекеттiк органдарда актiлердi әзiрлеу мен қабылдауда негiзгi тiл ретiнде мемлекеттiк тiлдiң қолданылуын қамтамасыз ету; 
      сот ісiн жүргiзудi, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы іс жүргізуді заңнамаларға сәйкес қамтамасыз ету; 
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, сондай-ақ әскери және әскерилендiрiлген құралымдардың барлық түрiнде мемлекеттiк тiлдiң қолданылуы үшiн шараларды қамтамасыз ету; 
      іс жүргiзудi мемлекеттiк тiлге көшiрудiң кестесiн (нақты мерзiмдер мен iс-шараларды көрсете отырып) белгiлеу арқылы барлық мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында іс жүргiзудiң негізгі тiлi ретiнде мемлекеттiк тiлдiң қолданылуын қамтамасыз ету; 
      халықаралық қызметте мемлекеттiк тiлдiң қолданылуын қамтамасыз ету; 
      мемлекеттік тілді насихаттауды және қоғамдық өмірдің түрлі салаларына енгізуді жүзеге асыру;
      2) Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттiк тiлдi меңгеруi үшін жағдай жасау: 
      Қазақстан Республикасы Конституциясының  K951000_ 7 және 93-баптарын iске асыру мақсатында мемлекет көлемiнде республикалық және жергiлiктi бюджеттің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiмен тыйым салынбаған басқа да көздерi есебiнен азаматтарға мемлекеттiк тiлдi тегін оқыту курстарының бiрыңғай жүйесiн жасау; 
      ғылым, мәдениет, бiлiм беру, денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету салалары қызметкерлерiнiң мемлекеттiк тiлдi тиiстi деңгейде меңгеруі үшін құқықтық, ұйымдық шараларын және материалдық-техникалық жағдай жасалуын қамтамасыз ету; 
      меншік нысанына қарамастан барлық үлгiдегi мектеп жасына дейінгі мекемелердiң, жалпы бiлiм беретiн мектептердiң, орта арнаулы және жоғары оқу орындарының тәрбиеленушiлерi мен оқушыларының мемлекеттік тiлдi меңгеру саласындағы бiлiмi мен бiлiктерiнiң барынша жоғары деңгейге жетуiн қамтамасыз ету; 
      3) ғылыми-лингвистикалық зерттеулер мен олардың нәтижелерiн нақты іске асыруды жеделдетудi жүзеге асыру жолымен қазiргi қазақ әдеби тiлiнiң нормаларын бiрыңғайлауды қамтамасыз ету: 
      қазiргi қазақ әдеби тiлiнiң сөзжасам процестерiнiң, оның iшiнде терминжасам принциптерiн ғылыми негізде жүйеге келтiру, қазақ тілінің толыққанды терминологиялық жүйесiн енгiзу; 
      қазiргi қазақ тiлiнiң тiлге ортақ әдеби нормаларын жүйеге келтiру; 
      қазақ тiлiнiң фонологиялық ерекшелiктерiн ескере отырып, қазақ әлiпбиi мен орфографиясын жетiлдiру жөнiнде шаралар қолдану; 
      ономастика мәселелерiн ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету;
      Мемлекеттік терминологиялық комиссияның мәртебесін арттыру, оның ережесін, міндеттерін, құрылымын қайта қарау;
      тарихи материалдар негізінде ұлттық ономастиканы одан әрі дамыту жөніндегі бағыттарды айқындау;
      ономастикалық жұмыстың құқықтық негіздерін, іске асыру тетіктерін және жүзеге асыру нысандарын әзірлеу;
      4) мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары саласында мемлекеттiк тiлдiң қолданылуын қамтамасыз ету: 
      кино- және бейнеөнiмдердi, оның iшiнде анимациялық фильмдердi (аударма жұмыстарын қоса алғанда) мемлекеттiк тiлде шығару мен тарату (телеарналардан көрсету) шараларының жүйесiн ұйымдастыру; 
      мәдениет, ғылым, көркем әдебиет пен өнердiң әртүрлi саласында мемлекеттiк тiлде баспа өнiмдерiн шығаруды қамтамасыз ету; 
      мәдени-көпшiлiк шараларды мемлекеттiк тiлде ұйымдастыру; 
      мемлекеттiк тiлдi дамытуға бағытталған жұмысқа ақпараттық-насихаттық қолдау жасау; 
      бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттiк тiлдiң қолданылуын қамтамасыз ету; 
      мемлекеттiк тiлдi компьютерлендiру мәселелерiн шешу;
      5) Қазақстан Республикасы азаматтарының ағылшын тілін оқып-үйренуі үшін жағдай жасау:
      барлық жалпы білім беретін мектептерде, оның ішінде шет тілдерін тереңдетіп оқытатын мамандандырылған мектептерде, орта арнаулы, жоғары оқу орындарында ағылшын тілін оқытудың сапасын арттыру;
      кадрларды даярлаудың, оқу процесін әдістемелік және оқу құралдарымен қамтамасыз етудің икемді жүйесін жасау.
      Орыс тiлiнiң жалпы мәдени қызметiн сақтау мақсатына қол жеткiзу үшiн мынадай мiндеттердi шешуге назар аудару қажет: 
      мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында ресми қолданылатын тiл ретiнде орыс тiлiнiң қызмет етуiн қамтамасыз ету;
      ғылым мен бiлiм беру салаларында орыс тiлiнiң қолданылуын қамтамасыз ету;
      мәдениет пен бұқаралық ақпарат құралдары салаларында орыс тiлiнiң қолданылуын қамтамасыз ету;
      орыс тiлiнiң қолданылуын ғылыми-лингвистикалық тұрғыдан қамтамасыз ету.
      Этникалық топтардың тiлдерiн дамыту мақсатына қол жеткiзу мына мiндеттердi шешудi талап етедi:
      этникалық қауымдастықтар (диаспоралар) өкiлдерiнiң ана тiлiн оқуына мемлекеттiк қолдауды қамтамасыз ету;
      этникалық қауымдастықтар тiлдерiнiң мәдениет саласында қолданылуына жағдай жасау;
      этникалық қауымдастықтар тiлдерiнiң бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылуына жәрдемдесу.

  5. Тiлдiк дамудың басым бағыттары мен Бағдарламаны iске
асырудың тетiктерi 

       Ескерту. 5-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Президентiнiң 2004.03.29. N 1323 жарлығымен.

        5.1. Тiлдiк дамудың басым бағыттары

       Ескерту. 5-1-кіші бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Президентiнiң 2006.05.30 N 127, 2007.11.20 N 444, 2010.07.15 N 1027 Жарлықтарымен.

      Жоғарыда аталған функционалдық-лингвистикалық топтар үшiн дамудың басым бағыттары алға қойылған мақсаттар мен мiндеттерден туындай отырып, қалыптасады. Осылайша, басымдықтарды таңдау олардың әрқайсысы үшiн заңмен айқындалған әлеуметтік қызметтермен тiкелей байланыста болады. Басымдықтар сатылық тәртiппен тiзбектеледi:

       1-басымдық

      Нормативтiк құқықтық қамтамасыз ету.

       2-басымдық

      Мемлекеттiк тiлдi мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот ісiн жүргiзу, іс қағаздары салаларында, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi мен құқық қорғау органдарында, халықаралық қызметте дамыту.

       3-басымдық

      Бiлiм беру және тiлдердi оқыту салаларындағы тiлдiк даму.

       4-басымдық

      Тiлдiк дамуды ғылыми қамтамасыз ету.

       5-басымдық

      Мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету салаларында тiлдiк даму. 
       Нормативтiк құқықтық қамтамасыз ету 
      Тiлдердi дамытуды құқықтық қамтамасыз етудегi маңызды мiндеттердiң бiрi қызметi тiкелей әлеуметтiк коммуникация барысында iске асатын қоғамдық өмiрдiң бiрқатар салаларының қызметкерлерi үшiн мемлекеттiк тiлдi меңгеруге қатысты бөлiгiн әзiрлеу мен талаптарын нормативтiк тұрғыдан бекiту болып табылады. Бұл ең алдымен, мемлекеттiк қызмет, денсаулық сақтау, бiлiм беру, ғылым, мәдениет, халыққа қызмет көрсету, көлiк, байланыс салалары. Осыған байланысты мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде және бiлiктiлiк талаптарына сай білудi қажет ететiн кәсiптер, мамандықтар мен лауазымдар тiзбесi (бұдан әрi - Тiзбе) заңмен айқындалуға тиiс. Аталған Тiзбе "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  23-бабының үшiншi бөлiгiне сәйкес Қазақстан Республикасы заңдарымен белгiленедi. Жекелеген кәсiптерге, мамандықтар мен лауазымдарға қатысты нормативтiк талаптардың күшiне ену уақыты саралануға тиiс. Осылайша, мемлекеттiк тiлдi меңгеру бөлiгiнде талаптардың күшіне ену процесi жекелеген лауазымдар үшiн кезең-кезеңiмен жүргiзiледi, мұның өзi қажеттi бейiмделу кеңiстiгiн жасауға мүмкiндiк бередi. Оның үстiне, Тізбені түзу процесi жаңа кәсiптердiң, мамандықтар мен лауазымдардың бiртiндеп қосылуын көздеуi қажет. 
      Тiлдi дамытудың ынталандыру сипатындағы қосымша шаралармен нығайтылмаған қасаң әкiмшiлiк әдiстерiнiң жеткiлiктi түрде тиiмдi бола бермейтінін практика көрсетiп отыр. Сондықтан бұйрық мәндi шаралармен қатар ынталандыру әдiстерiн де кеңiнен енгiзу қажет. Өз жұмысында мемлекеттiк тiлдi қолданатын мемлекеттiк органдар, ұйымдар мен мекемелер қызметкерлерiн материалдық ынталандыру жөнiндегi шаралардың тиiмдi жасау үшiн құқықтық негiздер әзiрлеу қажет. Аталған мәселенi шешу мемлекеттiк тiлдi меңгеру үшiн неғұрлым пәрмендi тетiктердiң бiрi болуға тиiс. 
      Сонымен қатар, тiл заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғаларды жауапқа тарту туралы мәселе іс жүзiнде шешудi талап етедi. Оның негiзгi ережелерiн бұзғаны үшiн пәрмендi санкциялар жүйесiн әзiрлеу қажет. 
      Тiл саласындағы қатынастарды реттеушi заңдарды одан әрi жетiлдiру тiл құрылысының өзектi талаптарына негiзделуi қажет. Бұл мемлекеттiк ұйымдарда аудармашылық қызметтi реттеудiң құқықтық тетiктерiн әзiрлеудi талап етедi. Мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi нормативтiк құқықтық актiлер мәтiндерiнiң дәлме-дәл сәйкестiгi мен оларды ресми практикада қолдану тәртiбi туралы мәселе де нормативтiк реттеудi қажет етедi. Қабылданатын нормативтiк құқықтық актілердiң тiл туралы заңдардың талаптарына сәйкес келуiне назар аударған жөн. 

       Тiл - Қазақстан Республикасының мемлекеттiк
                     органдарында 

      Мемлекеттiк тiлдiң мемлекеттiк органдар жүйесiнде қолданылу аясын одан әрi кеңейту кадрлардың тиiстi тiл даярлығын талап етедi, ол уақыт өте келе бiлiктiлiк талаптары мен қызметтiк мiндеттерiне қарамастан мемлекеттiк қызметшiлердiң күллi санаттары үшiн мiндетті болуға тиiс. Осы мақсатта мемлекеттiк қызметшiлер үшiн бiрыңғай оқу-әдiстемелiк бағдарламаға негiзделген оқыту курстарының орталықтандырылған жүйесiн жасау қажет. Мұндай курстарды түзуде Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Мемлекеттік тілді жеделдете оқыту республикалық орталығы базалық ұйым бола алады. Сонымен бiр мезгiлде арнаулы кестеге сәйкес мемлекеттiк қызметкерлердiң әрбiр санаты үшiн мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде меңгеру бөлiгiндегi мiндеттi талаптарды әзiрлеу керек. Осы кесте мемлекеттiк тiлдi оқыту курстарының жұмыс бағдарламаларының, аталған талаптардың қызметкерлердiң ағымдағы лингвистикалық даярлығының деңгейiмен сай болуы үшiн сәйкестендiрiлуге тиiс.
      Сонымен бірге "тілдердің үштұғырлығы" мәдени жобасын іске асыру мақсатында мемлекеттік және орыс тілдерімен қатар әлемдік экономикаға кірігу тілі - ағылшын тілін мемлекеттік қызметшілерге үйрету мәселелерін де шешу қажет. 
      Құжат мәтіндерiн мемлекеттiк тiлде даярлаудың орнына оларды ресми қолданылатын тiлден аударудың кең тараған тәжірибесiнiң мемлекеттік органдар жұмысында одан әрi беки түскен үрдiсi белең алып барады. Соған қарамай, ол тек уақытша шара ретiнде ғана қарастырылуға тиіс. Сондықтан мемлекеттiк органдарда құжаттамаларды тiкелей мемлекеттік тілде жасауға кезең-кезеңiмен көшудi орталықтан бекiтiлген ұзақ мерзiмдiк жоспарға сәйкес нақты жүзеге асыру керек. Бұл ретте мемлекеттік тiлдiң тек iс қағаздарын жүргiзу саласында ғана емес, мемлекеттік органдар актiлерiн әзiрлеу мен қабылдау саласында да қолданылу мәселесiне назар аударған жөн. 
      Мемлекеттiк тiлдiң республиканың Қарулы Күштерiнде қолданылу мәселесін атап айту айрықша қажет. Тарихи қалыптасқан жағдайларға орай аталған салада мемлекеттiк тiлдiң қолданылуы "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Заңның  12-бабының талаптарына толық жауап бермейдi. Ал елiмiздiң Қарулы Күштерiнде оның толыққанды қолданылуы ұлттық қауiпсiздiктi нығайту мәселесi де болып табылады. Сондықтан офицерлiк және сержанттық-сарбаздық құрамның мемлекеттiк тілді меңгеруiнiң мiндеттi талаптарын белгiлеу қажет. Аталған талаптардың табысты іске асуы үшiн ерекше бағдарлама бойынша арнаулы жоспарға сәйкес әскери қызметiн өтеу орындарында мемлекеттiк тiлдi тұрақты оқытуды ұйымдастыру қажет. 
      Мемлекеттiк егемендiктiң аса маңызды атрибуттарының бiрi ретiнде мемлекеттік тiл елдiң халықаралық қызметiнде лайықты көрiнiс табуы керек. Ресми халықаралық кездесулер мемлекеттiк тiлде жүргiзiлуге тиiс. 
      Мемлекеттік тілді елдің мемлекеттік басқару, заңнама, сот ісін жүргізу салаларында, Қарулы Күштер мен құқық қорғау органдарында, халықаралық қызметінде қолдану жөніндегі шараларды жүзеге асыру және қабылдау қажет.

       Білiм беру және тiл оқыту салаларында тiлдiк даму 

      Тiл дамуын табысты жүзеге асырудың неғұрлым маңызды шарттарының бiрi қоғамдағы жалпы мәдениеттiң құрамдас бөлiгi болып табылатын тiлдердi оқытудың толыққанды жүйесiнiң тұрақты қызмет етуiн ұйымдастыру мен қамтамасыз ету болып табылады. Аталған жүйе түрлi деңгейлерде және әр түрлi нысандарда жүзеге асырылатын өзара байланысты сабақтас және мүмкiндiгiнше үздiксiз процесс болуға тиiс. Қазiргі уақытта бұл саладағы негiзгi назар жеткіліктi көлемде лингвистикалық даярлықты жүзеге асырудың неғұрлым оңтайлы әрi табиғи жолы болып табылатын әр түрлi оқу және тәрбие мекемелерiне аударылып отыр. Талап етiлетiн бiлiм мен дағдыны толық әрi терең игеру үшiн қажеттi үздiксiздiк принципi оқытуды мектепке дейiнгi тәрбие мекемесi - мектеп - жоғары (орта арнаулы) оқу орны классикалық схемасы бойынша құрған жағдайда ғана қамтамасыз етiлуi мүмкiн. Алайда аталған модель оның жоғары сапалық көрсеткiштерi бола тұра, талап етiлетiн сапалық аспектiнi, яғни халықтың әр түрлi әлеуметтiк топтарын кеңiнен қамтуды толық көлемде қамтамасыз ете алмайды. Осыдан барып, республика азаматтарының тiлдiк даярлығын жүзеге асырудың басқа да жолдары мен тәсiлдерiн iске асыру қажеттiгi туындайды. 
      Балалар әлеуметтiк коммуникациялардың алғашқы дағдысын құрдастарымен араласу кезiнде алатынын ескере отырып, олардың бастапқы тiл даярлығында мектепке дейiнгi мекемелер зор рөл атқаруға тиiс. Сондықтан олардың санын көбейту жөнiнде мүмкiн болатын барлық шараларды қолдану керек. Атап айтқанда, қазақ тiлiнде оқытатын мектепке дейiнгi мекемелер жүйесiн кеңейтуге назар аударған жөн.
      Өскелең ұрпақтың рухани-имандылық дамуы және елінің мемлекеттік тіліне деген қызығушылығын дарыту мақсатында мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды қазақ тіліндегі көркем, танымдық әдебиетпен, әдістемелік құралдармен, мерзімді басылымдармен толық және сапалы қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу қажет. 
      Тiл даярлығын ұйымдастыруды қамтамасыз етуде жалпы бiлiм беретiн мектептер үлкен мүмкiндiктерге ие болып отыр. Бұл жерде маңызды проблемалардың бiрi оқушыларды отандық оқулықтардың жаңа буынымен қамтамасыз ету болып табылады. Бiрiншi кезекте бұл қазақ тiлiнде оқытатын сыныптарға қатысты. Бүгiнгi таңдағы оқулықтар өзбек, ұйғыр және басқа тiлдердегi ұлттық мектептерге де қажет. Қазақстанның әлеуметтiк-мәдени жағдайына бейiмделген орыс тiлiндегi оқулықтар шығаруды ұйымдастыру қажет. "Тілдердің үштұғырлығы" мәдени жобасын іске асыру мақсатында бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарына арналған ағылшын тіліндегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің сапасын арттыру және үш тілде оқытуды дамыту жөніндегі мәселелерді қарастыру қажет.
      Оқу орындары түлектерiнiң мемлекеттiң әлеуметтiк кеңiстiгiне одан әрi табысты кiрiгуi мақсатында оқыту тiлi мен меншiк нысанына қарамастан, барлық оқу орындарында жетекшi пән болуға тиiс мемлекеттiк тiлдi оқытудың саны мен сапасына көңiл бөлу керек. Бұған қажеттi сағат саны басқа тiлдердiң есебiнен емес, оқу процесiн жалпы оңтайластыру нәтижесiнде бөлiнуге тиiс. 
      Мемлекеттiк тiлдiң бастауыш, орта және жоғары кәсiптiк бiлiм беру жүйесiндегi жағдайы одан әрi де жақсартуды талап етедi. Бұл жекелеген пәндердi оқыту сапасымен қатар, олардың санына да қатысты. Елдiң бастауыш, орта және жоғары оқу орындары ұсынатын қазақ тiлiнде оқытылатын мамандықтар шеңберi мүмкiндiгiнше шаруашылық, мәдени, қоғамдық және басқа да қызметтер саласын қамти отырып, жоспарлы түрде кеңейтiлуге тиiс. 
      Тiлдердi тиiмдi меңгеру саласындағы мүмкiндiктердi кеңейту мен тереңдету үшiн дәстүрлi оқу орындарындағы оқытумен қатар кейбiр басқа әдiстерде керек екенiн тәжiрибе көрсетiп отыр. Бұл, атап айтқанда, халықтың түрлi оқу орындарында оқу мүмкiндiгi жоқ ересек тобына қатысты. Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруi үшiн қажеттi ұйымдық, материалдық және техникалық жағдай жасау туралы Конституцияның 93-бабының талабы аталған топқа да қолданылуға тиiс. Өз бетiмен оқып-үйренуге арналған теле- және радио хабарлар, газеттердегі арнаулы жарияланымдар сияқты қазақ тiлi сабақтарын өткiзудiң түрлi нысандары кеңiнен енгiзiлгенi дұрыс. 
      Алайда, бұл жерде басты бағыт мемлекеттiк тiлдi жеделдетiп оқытуға арналған тегiн тiл курстарының жүйесiн ұйымдастыру мен қолдану болуға тиiс. Мұндай курстар жұмыс орындарында арнайы нормативтiк актiге сәйкес құрылғаны жөн. Курстарда оқудың нәтижелiлiгiне мүдделіліктi арттырудың тиiмдi тетiктерiн әзiрлеу керек. Курстарда оқудың нәтижесi қызметкердiң негiзгi кәсiби қызметiнiң нәтижелерiмен бiр деңгейде қаралуға тиiс. Аталған ереже тiл туралы заңдардың талаптары қолданылатын қоғамдық қызмет салалары үшiн мiндеттi болуға тиiс. Мұндай курстар сонымен қатар түрлi деңгейдегi әкiмияттарда ашылып, жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылуы мүмкiн. Курстарды ұйымдастыру мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшiн қосымша қаржылай қолдау Қазақстан халықтары тiлдерiн қолдау қорын құрудың нәтижесiнде жүзеге асырылуы мүмкiн. 
      Қолданыстағы заңдарға сәйкес ресми пайдаланылатын тiлдiң қолданылуы қоғамдық өмiрдiң барлық саласында iс жүзiнде тұрақты болып отыр және мемлекеттiң күш-жiгерi бұл жерде осы жағдайды қолдауға бағытталуға тиiс. 
      Қазақстан халықтарының тiлдерiн қолдау мақсатында қарым-қатынас, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдауға конституциялық құқықты iске асыру жөнiндегi шараларды қамтамасыз ету қажет. Ана тiлiн үйрететiн таңдаулы жексенбiлiк мектептер тәжiрибесiн жинақтау мен тарату мақсатқа сай келедi. Жексенбiлiк мектептерге мүмкiндiгiнше одан әрi қолдау, соның iшiнде кiтап және оқу-әдiстемелiк қорын құруға көмек көрсету керек. Елдiң орта арнаулы және жоғары оқу орындарында ұлт тiлдерiн оқытатын мамандарды даярлау жөнiндегi қызметтi жалғастырған жөн. 

       Ғылыми қамтамасыз ету 

      Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк мәртебесiн iске асыру әлем тiлдерiн дамыту тәжiрибесiне сәйкес жаңа әлеуметтiк-мәдени және ғылыми болмыс аясында оның лексикалық және семантикалық тынысының мүмкiндiктерiн кеңейтудi талап етедi. Аталған саладағы негiзгi мiндет, терминологиялық шығармашылықты қоса алғанда, жаңа лексикалық бiрлiктердi енгiзу процестерiн бiрыңғайлау болып табылады. Терминологиялық жұмыстың негiзгi принциптерін тұжырымдау қажет. Терминологиялық шығармашылық жоспарлы түрде жүзеге асырылатын қызмет жүйесiнiң бiрыңғай принциптерiне сүйенген, орталықтандырылған ғылыми негiзделген болуға тиiс.
      Ұлттық терминологияның ғылыми-теориялық, практикалық базасын жетілдіру, бекітілген терминдерді пайдалану әрі сәйкестендіру жөніндегі жұмысты үйлестіру, түрлі салалар бойынша терминологиялық сөздіктер дайындайтын жекелеген мамандардың, ғалымдардың және ұйымдардың жұмысын үйлестіру мақсатында Мемлекеттік терминологиялық комиссия жанынан салалық терминологиялық секциялар құру қажет.
      Сонымен бірге ономастикалық қызметтің ғылыми-фактологиялық базасын жетілдіру, тарихи қалыптасқан қазақ топонимдерін есепке алуды және жүйелеуді жүргізу, қазақ топонимдерінің қолданылу жиілігін зерделеу қажет.
      Қазiргi қазақ әдеби тiлiнiң грамматикалық нормаларының бiрiздiлiгiн сақтауды қамтамасыз ету мақсатында орфографиялық кеңес құру мүмкiндiгiн көздеу қажет. Оның қатысуымен қазақ әлiпбиi мен орфографиясын жетiлдiру жөнiндегi қызметтi жалғастырған жөн. 
      Қазақ тiлiндегi ғылыми шығармашылықты одан әрi дамыту талап етiледi. Бұл мақсатта диссертация қорғау жөнiндегi ғылыми кеңестер қызметiн кезең-кезеңiмен мемлекеттiк тiлге көшiру жұмыстарын жалғастыру қажет. 
      Мемлекеттiк тiлдi дамыту мәселелерiн ғылыми қамтамасыз етуде А.Байтұрсынов атындағы Тiл бiлiмi институты басым рөлге ие болуға тиiс. Осы мақсатта оның материалдық-техникалық базасын күшейту, мамандар құрамын ұлғайту, iргелi және қолданбалы лингвистикалық зерттеулердi әзiрлеуге мемлекеттiк тапсырысты кеңейту қажет. Институт лингвистиканың теориялық және қолданбалы мәселелерi бойынша сараптамалық бағалау мен қорытындылар беруде жетекшi орында болуға тиiс. 

       Мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары, денсаулық сақтау мен халыққа қызмет көрсету салаларындағы тiлдiк даму

      Мәдениет саласында неғұрлым бұқаралық әрi көрiнiстi нысандарға айрықша назар аудару қажет, бұл кино, мультипликация, телешоу, сазды бағдарламалар, жастар журналдары. Солардың арасында мемлекеттiк тiлде шығарылатын теле- және радио хабарлар, журналдар, көркем және анимациялық фильмдердiң жалпы саны мен сапасы егемен Қазақстанның қажеттiктерiн қанағаттандыра алмай отыр. Қоғамдық қызметтiң аталған саласында мемлекеттiк ынталандырудың тиiмдi тетiктерiн әзiрлеп, енгiзу қажет. Мемлекет бұл ретте белсендi позиция ұстануға тиiс. Бұл сонымен қатар мемлекеттiк тiлдi компьютерлендiру мәселелерiне, оны ғаламдық компьютер желiсiне енгiзуге қатысты. 
      Мемлекеттiк тiлдiң жұмыс істеуiн қамтамасыз етудiң неғұрлым күрделi учаскелерiнiң бiрi халыққа қызмет көрсету саласы болып отыр. Бұл аталған саладағы тiлдiк қызметтi мемлекеттiк реттеудiң күрделiлiгiмен сабақтасып жатыр. Алайда, мемлекеттiк тілдiң денсаулық сақтау, сауда, көлiк және байланыс сияқты салаларға енуi мүмкiндiгiнше мұндай ықпал ету мемлекет тарапынан жүзеге асыруға болатын жерлерде іске асырылуға тиіс. Бұл үшiн, бiрiншi кезекте, елдiң мамандандырылған оқу орындарында - жоғары, орта арнаулы және кәсiптiк оқу орындарында мамандарды тиiстi даярлауды кеңейту қажет. Одан басқа, аталған талаптар атқаруға тиiстi кәсiби мiндеттерiнiң қажеттiгiмен сабақтасып жатқан салаларда мемлекеттiк тiлдi меңгеру бөлiгiнде мiндеттi талаптарды белгілеу қажет. Оларға денсаулық сақтау, байланыс, көлiк ұйымдары, банктердiң есеп-кассалық бөлiмдерi жатады.
      Мемлекеттік тілді дамыту мақсатында қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды, ауызекі және көрнекі әсер етудің түрлі нысандары мен әдістерін пайдалана отырып, мемлекеттік тілді насихаттау және енгізу жөніндегі шараларды әзірлеу қажет.
      Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың қызметкерлерінің қазақ тілін білу деңгейін объективті бағалау мақсатында қазақ тілін оқытудың әдістемесі мен тестілеудің әмбебап жүйесін әзірлеу қажет. Бұл ретте, шетел тілдерін оқытудың халықаралық тәжірибесі мен озық технологияларын ескеру қажет.
      Қазақстан Республикасында тұрып жатқан шет мемлекеттер азаматтары санының өсу үрдісін назарға ала отырып, қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту әдістемесін жасауды және TOEFL, IELTS т.б. сияқты тілді меңгеру деңгейін анықтауға арналған жүйені әзірлеуді қарастыру керек.

       5.1-1. Мемлекеттік тілді насихаттау және қоғамдық
               өмірдің түрлі салаларына енгізу

       Ескерту. 5-1-1-кіші бөліммен толықтырылды - ҚР Президентiнiң 2006.05.30. N  127 (жарлық алғаш жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) жарлығымен .

           Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың басты шарттары Қазақстан Республикасы  Конституциясының , тілдер туралы заңнамасының сақталуы жөніндегі дәйекті шараларды жүзеге асыру, мемлекеттік тілді республиканың барлық азаматтарының еркін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдай жасау болып табылады.
      Ол үшін сапалы жаңа оқу бағдарламалары, оқу және әдістемелік, оның ішінде электрондық жеткізгіштерде де құралдар жасалуға тиіс. Арнайы компьютерлік бағдарламаларды жасау кезінде инновациялық технологияларды пайдалануға ерекше көңіл бөлгені жөн.
      Барлық өңірлерде, бірінші кезекте ауылдық жерлерде қазақ тілінде тәрбие беретін және оқытатын мектепке дейінгі балалар мекемелерінің санын, республиканың оқу орындарындағы қазақ тілі сағаттарының санын жоспарлы түрде ұлғайтуды қамтамасыз ету, сондай-ақ оқыту сапасын арттыру, мемлекеттік қызметшілердің және кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері басқа санаттарының мемлекеттік тілді кеңінен оқуы жөнінде шаралар қолдану қажет.
      Бұқаралық ақпарат құралдарының оңтайлы тілдік орта қалыптастыру, халықтың түрлі тобына арналған әр алуан көкейкесті теле және радиобағдарламалар шығару арқылы көркемдік талғамын тәрбиелеу жөніндегі рөлін арттыру қажет.
      Лингвистика мамандарын тарта отырып және бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып, қазақ терминологиялық лексикасын біріздендіруді қалыптастыру жөніндегі жұмысты жалғастырған жөн.
      Мемлекеттік тілді насихаттау мен енгізу жалпы тілдік ахуалға жасалған нақты әрі ғылыми талдаусыз табысты бола алмайды. Әлеуметтанушылық және әлеуметтік лингвистикалық мониторинг тілдік процестердің жүру қарқынын және демографиялық, әлеуметтік, этникалық өлшем бойынша оның өңірлік саралануын көрсететін тіл саясатындағы тұрақты түзетулерді қамтамасыз етуге тиіс.
      Мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту жөніндегі бағдарламаны табысты іске асыру үшін тіл саясаты саласындағы нормативтік-құқықтық базаны одан әрі жетілдіру жөніндегі шараларды қолдану қажет.
      Қазақстан Республикасының мемлекетаралық ынтымақтастық іс-тәжірибесінде халықаралық шарттарды дайындау және жасасу кезінде мемлекеттік тілді пайдалану міндетті талап болуға тиіс. Ресми іс-шараларды мемлекеттік тілде жүргізу, бұл ретте басқа тілдерге сапалы ілеспе аударманы қамтамасыз ету қажет. Нормативтік-құқықтық актілер, лауазымды тұлғалардың сөйлейтін сөздері, қызмет бабында пайдалануға арналған құжаттар ең алдымен мемлекеттік тілде дайындалуға тиіс.
      Мемлекеттік тіл бірқатар мемлекеттік басқару органдарында қолданылмайды немесе мардымсыз қолданылады. Осыған байланысты мемлекеттік органдар іс жүргізуді, есептік-статистикалық, қаржылық және техникалық құжаттаманы 2010 жылға дейін мемлекеттік тілге кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі жұмысты Қазақстан Республикасы Конституциясының  7-бабының 2-тармағындағы қағиданы сақтай отырып жүргізуі қажет:
      2006 жылы - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының және Алматы қаласының жергілікті өкілді және атқарушы органдары;
      2007 жылы -Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар министрлігі, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (Қаржы полициясы), Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі, Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі, Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі, Алматы, Павлодар облыстарының және Астана қаласының жергілікті өкілді және атқарушы органдары;
      2008 жылы - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі, Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының жергілікті өкілді және атқарушы органдары;
      2009 жылы - Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасының Парламенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Алматы қаласының өңірлік қаржылық орталығы қызметін реттеу агенттігі. 

       5.2. Бағдарламаны iске асыру тетiктерi 

      Бағдарламаны iске асырудың негiзгi тетiгi Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру жөнiндегi Iс-шаралар жоспарында (бұдан әрi - Бағдарламаны іске асыру жөнiндегi Iс-шаралар жоспары) көзделген Iс-шаралар жүйесiн жыл сайын кезең-кезеңмен орындау болып табылады. Бағдарламаны іске асыру жөнiндегi Iс-шаралар жоспарын уәкiлеттi орган Бағдарламада қойылған мiндеттердi iске асыру нәтижесiнде бұдан алдыңғы кезеңде болған өзгерiстердi ескере отырып, әрбiр келесi екi жыл сайын жасайды. Мұндай жоспарлау Бағдарлама ережелерiнде айқындалған ұзақ мерзiмдi стратегиялық перспективаларды міндеттi түрде ескере отырып жүзеге асырылуға тиiс. Мұның алдындағы Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк  бағдарламасын iске асыру тәжiрибесi орындалуы қысқа мерзімге есептелген іс-шаралар жүйесін жүзеге асыру - шешiмi ағымдағы перспективада айқындалған мiндеттердi жүзеге асыруға орай әлеуметтік-лингвистикалық ахуалдағы өзгерiстерге неғұрлым икемдi оңтайласуға мүмкiндiк беретiнiн көрсетедi. Осындай ұзақ мерзiмдi перспективаны ескере отырып жасалған ағымдық жоспарлау барынша нақтылығымен және нәтижелерiнiң шынайылығымен ерекшеленедi. Сонымен бiрге, бұл Тiкелей орындаушылардың жауапкершiлiгi мен Бағдарламада көзделген iс-шараларды іске асыруға бақылауды қамтамасыз ету мүмкiндiктерiн арттыруға жәрдемдеседi. 
      Бағдарламаның мақсаттары мен мiндеттерiн iске асыру оның қолданылуының аумақтық және әлеуметтiк тынысын кеңейтетiн аймақтық және салалық бағдарламалар елеулi рөл атқаруға тиiс. 
      Бағдарламаның іс-шараларын іске асыру оны іс жүзiнде жүзеге асыру үшiн неғұрлым тиiмдi әрi нақты мүмкiндiктермен қамтамасыз етiлуге тиiс. 
      Бағдарламаны іске асыру жөнiндегi іс-шараларды тиiмдi жүзеге асыру мынадай негiзгi принциптердi сақтау негiзiнде ғана мүмкiн болады:
      сандық және сапалық деңгейдi тұрақты өсiрудi (жинақтауды) қамтамасыз етудi көздейтiн кезеңдiк және ұдайылық;
      орындалуына қатаң бақылау жасаумен ұштастырылған жан-жақты мемлекеттiк қолдау;
      тiлді меңгеру саласындағы талаптарды мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн оқып-үйрену үшiн мүмкiндiктер жасаумен ұштастыру;
      моральдық және материалдық мүдделiлiк жағдайын жасау;
      қоғамдық пiкiрдi белсендi түрде қалыптастыру;
      тiл құрылысын жүзеге асыру кезiнде функционалдық-лингвистикалық тепе-теңдiктi сақтау;
      Тiлдердi дамыту бағдарламасындағы iс-шараларды қаржылық қамтамасыз ету.

       6. Бағдарламаны қаржыландыру

      Бағдарламаны iске асыруға қажеттi қаражат жыл сайын республикалық бюджетте көзделедi. Аймақтық және салалық бағдарламалар жергiлiктi бюджеттердiң есебiнен және тиiстi министрлiктер мен ведомстволарға республикалық бюджеттен көзделген қаражат шегiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiмен тыйым салынбаған өзге де көздерден қаржыландырылады. 

       7. Бағдарламаны жүзеге асырудан күтiлетiн нәтиже

       Ескерту. 7-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Президентiнiң 2006.05.30. N  127 (жарлық алғаш жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.11.20.  N 444 Жарлықтарымен.

      Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру Қазақстан аумағында пайдаланылатын тiлдердiң қажеттi функционалдық арақатынасының жетiстiгiмен айқындалатын, елде оңтайлы әлеуметтiк-лингвистикалық кеңiстiк құруды көздейдi. Бұл мыналар: 
      қазақ тiлiнiң мемлекеттiк мәртебесiн нақты iске асыру, оның заң жүзiнде бекiтiлген әлеуметтiк функцияларын күллi республика аумағында қоғамдық қатынастардың барлық салаларында жүзеге асыру; 
      орыс тiлiнiң Қазақстан Республикасының  Конституциясы кепiлдiк берген негiзгi функцияларын толық көлемде сақтау: ол мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында ресми пайдаланылатын тiл болып қалады, оның бiлiм беру, ғылым, мәдениет және басқа да қоғамдық мәні бар салаларда қолданылуы қамтамасыз етіледі;
      Қазақстан халықтарының тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін және әрбір азаматтың ана тілінде қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға конституциялық құқығын іске асыруға жағдай жасау.
      Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылатын қазақ тілінің қолданылу аясын одан әрі кеңейту;
      Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару органдарында іс жүргізуді мемлекеттік тілге кезең-кезеңімен көшіруді жүзеге асыру;
      оқушылардың түрлі санаттарының ағылшын тілінде толыққанды білім алуға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету және елдің әлеуметтік, экономикалық және саяси өміріне белсенді қатысуға дайын, бәсекеге қабілетті тұлғаны дайындауды жүзеге асыру.