"Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамына бюджеттік кредитті беру шарттарын анықтау туралы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 16 мамырдағы N 402 қаулысына толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 14 тамыздағы N 743 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 24 сәуірдегі Бюджет кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 7 желтоқсандағы Заңына, "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 20 тамыздағы N 383 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамына (бұдан әрі - қарыз алушы) кредит берудің мынадай шарттары анықталсын:
      1) кредит мөлшері 23560000000 (жиырма үш миллиард бес жүз алпыс миллион) теңгені (бұдан әрі - кредит) құрайды;
      2) кредитті беру мақсаты "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 7 желтоқсандағы Заңының 8-бабына сәйкес қарыз алушының анықталған азаматтардың санаттарына жылдық 4 (төрт) пайыз сыйақы ставкасы бойынша алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру болып табылады;
      3) кредит қарыз алушыға жылдық 1 (бір) пайызға тең сыйақы ставкасы бойынша 10 (он) жыл мерзімге мерзімділік, ақылық және қайтарымдылық шарттарында теңгемен беріледі;
      4) республикалық бюджеттен кредитті бөлу кредиттің барлық сомасын қарыз алушының корреспонденттік шотына бір уақытта аудару жолымен жүзеге асырылады;
      5) игеру кезеңі кредитті қарыз алушының шотына аударған күннен бастап 2 (екі) жылды құрайды;
      6) кредит бойынша есептелген сыйақыны төлеу жарты жылдық кезеңдікпен жүзеге асырылады. Есептелген сыйақыны алғашқы төлеу кредит беруші кредитті игерген күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң жүргізіледі;
      7) кредит бойынша негізгі борышты өтеуді қарыз алушы осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген кредиттің мерзімі өткен соң бір уақытта жүзеге асырады.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) кредит шартын жасасуды;
      2) кредиттің нысаналы және тиімді пайдаланылуын, өтелуін және қызмет көрсетілуін бақылауды және оның мониторингін;
      3) уақытша бос ақшаны қаржы құралдарына орналастыруды қоса алғанда, қарыз алушының кредитті игеру кезеңінде тиімді пайдалануын қамтамасыз етсін.

      3. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2009.11.16 N 1844 Қаулысымен.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов