Генетикалық түрлендірілген объектілердің айналымы ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 27 маусымдағы N 630 Қаулысы.

Қолданыстағы

      " Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы " Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Генетикалық түрлендірілген объектілердің айналымы ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 27 маусымдағы
N 630 қаулысымен
бекітілген

Генетикалық түрлендірілген объектілердің айналымы ережесі

      1. Осы Генетикалық түрлендірілген объектілердің айналымы ережесі (бұдан әрі - Ереже) " Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы " Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағындағы генетикалық түрлендірілген объектілер айналымының тәртібін айқындайды.

      2. Осы Ережеде генетикалық түрлендірілген объектілердің айналымы деп генетикалық түрлендірілген объектілерді әкелуді (импорттауды) қоса алғанда, тамақ өнімдерін өткізу (сату немесе беру) процестері (сатылары), сондай-ақ олармен байланысты орау, буып-түю, таңбалау, сақтау және тасымалдау процестері түсіндіріледі.

      3. Генетикалық түрлендірілген объектілердің айналымына олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатын қауіпсіздігі ғылыми негізделген растаудан және олар мемлекеттік тіркелгеннен кейін ғана жол беріледі.

      4. Генетикалық түрлендірілген объектілердің (бұдан әрі - ГТО) айналымы кезінде Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасында және Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде белгіленген талаптар сақталуы тиіс.

      5. Тіркеу сынақтарын өткізу үшін қажетті үлгілерді әкелу (импорттау) жағдайларын қоспағанда, ГТО Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге (импорттауға) және сатуға оларды мемлекеттік тіркегеннен кейін ғана рұқсат етіледі.

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілетін ГТО-ны мемлекеттік тіркеу туралы құжат әкелу (импорттау) кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғаларға көрсетіледі.

      6. Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес ГТО айналымы кезінде пайдаланылатын орау және буып-түю тәсілдері, сондай-ақ орау материалдары олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс.

      7. ГТО айналымы кезінде пайдаланылатын көлік құралдарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделген санитарлық паспорты болуы тиіс.

      8. Құжаттарда, жадынамаларда (қосымша беттерде), этикеткаларда, контрэтикеткаларда, кольереттерде, құлақша қағаздарда, жапсырмаларда (стикерлерде) Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасында белгіленген ақпараттан басқа, мемлекеттік және орыс тілдерінде тамақ өнімдерінде ГТО-ның бар екендігі және саны туралы мәліметтер көрсетіледі.

      9. ГТО-ны сату Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес ішкі сауда объектілері арқылы жүзеге асырылады.