Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібі кешенін мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы N 115 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібі кешенін мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес құрамда Қазақстан Республикасы қорғаныс өнеркәсібі кешенінің мәселелері жөніндегі комиссия құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы қорғаныс өнеркәсібі кешенінің мәселелері жөніндегі комиссия туралы ереже бекітілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2008 жылғы 7 ақпандағы  
N 115 қаулысына     
қосымша          

Қазақстан Республикасы қорғаныс өнеркәсібі кешенінің
мәселелері жөніндегі комиссияның құрамы

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2009.06.17 N 930 Қаулысымен, өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.05.20 № 455, 2010.11.28 N 1257 Қаулыларымен.

Мәсімов                     - Қазақстан Республикасының Премьер-
Кәрім Қажымқанұлы             Министрі, төраға

Исекешев                    - Қазақстан Республикасы
Әсет Өрентайұлы               Премьер-Министрінің орынбасары -
                              Қазақстан Республикасының Индустрия
                              және жаңа технологиялар министрі,
                              төрағаның орынбасары

Жақсыбеков                  - Қазақстан Республикасының Қорғаныс
Әділбек Рыскелдіұлы           министрі, төрағаның орынбасары

Қарабеков                   - Қазақстан Республикасы Қорғаныс
Мұхтар Нәсіпбекұлы            министрлігі Әскери-техникалық саясат
                              департаментінің бастығы, хатшы

Баймағанбетов               - Қазақстан Республикасының Ішкі
Серік Нұртайұлы               істер министрі

Божко                       - Қазақстан Республикасының Төтенше
Владимир Карпович             жағдайлар министрі

Айтжанова                   - Қазақстан Республикасының Экономикалық
Жанар Сейдахметқызы           даму және сауда министрі

Түсіпбеков                  - Қазақстан Республикасының Әділет
Рашид Төлеутайұлы             министрі

Жәмішев                     - Қазақстан Республикасының Қаржы
Болат Бидахметұлы             министрі

Қырғызбаев                  - Қазақстан Республикасы Ұлттық
Болат Исатайұлы               қауіпсіздік комитеті төрағасының
                              орынбасары - Шекара қызметінің
                              директоры (келісім бойынша)

Жылқайдаров                 - Қазақстан Республикасы Республикалық
Нұрлан Базаргелдіұлы          ұланы қолбасшысының орынбасары
                              (келісім бойынша)

Оразқұлов                   - Қазақстан Республикасы Президентінің
Қанат Орынтайұлы              Күзет қызметі бастығының орынбасары
                              (келісім бойынша)

Келімбетов                  - "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры"
Қайрат Нематұлы               акционерлік қоғамының басқарма төрағасы
                              (келісім бойынша)

Смағұлов                    - «Қазақстан инжиниринг» ұлттық
Болат Советұлы                компаниясы» акционерлік қоғамының
                              Басқарма төрағасы - президенті (келісім бойынша)

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2008 жылғы 7 ақпандағы  
N 115 қаулысымен   
бекітілген      

Қазақстан Республикасы қорғаныс өнеркәсібі кешенінің
мәселелері жөніндегі комиссия туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы қорғаныс өнеркәсібі кешенінің мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) әскери-техникалық және әскери-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін қоса алғанда, әскери-техникалық саясатты іске асыруға және Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібі кешенін (бұдан әрі - ҚӨК) дамытудың негізгі бағыттарына қатысты қорғанысты қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
       Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.06.17 N 930 Қаулысымен.
      2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын, екі жақты және көп жақты мемлекетаралық келісімдерді, сондай-ақ осы ережені басшылыққа алады.

2. Комиссияның негізгі міндеттері

      3. Комиссияның негізгі міндеттері:
      1) Қазақстан Республикасының өзіндік, сондай-ақ сыртқы саяси, экономикалық және әскери мүдделерін негізге ала отырып, қорғанысты қамтамасыз ету мүддесінде Қазақстан Республикасының әскери-техникалық саясатын іске асыру, ҚӨК-ті дамыту және оны мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу, оның ішінде: әскери-техникалық қамтамасыз ету, ҚӨК-ті, ғылым мен технологияны дамыту саласындағы тұжырымдамаларды, бағдарламалар мен жоспарларды қарау;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныс тапсырысын, бюджеттік бағдарламаларды іске асыру, шет мемлекеттермен әскери-техникалық және әскери-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, әскери мақсаттағы өнімдерді экспорттық жеткізуді арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      3) пайдаланылмайтын қару-жарақты өткізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.06.17 N 930, 2010.05.20 № 455 Қаулыларымен.

3. Комиссияның негізгі функциялары

      4. Комиссияның негізгі функциялары:
      1) ҚӨК-ті дамытуда мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жетілдіру, әзірлеу және іске асыру жөнінде ұсыныстар дайындау;
      2) Қазақстан Республикасының ҚӨК қызметін реттейтін заңнамасын жетілдіру және халықаралық әскери-техникалық және әскери-экономикалық ынтымақтастық пен бұл саладағы мемлекеттік реттеудің басқа да міндеттерін шешу саласындағы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу жөнінде ұсыныстар дайындау;
      3) мемлекеттік органдар мен ҚӨК ұйымдарының қорғанысты қамтамасыз ету мүддесінде орындалатын мемлекеттік қорғаныс тапсырысын, бағдарламалар мен жоспарларды қалыптастыру жөніндегі іс-қимылдарының келісімді болуын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар тұжырымдау;
      4) республикалық бюджет бағдарламалары бөлінісінде әскери және қосарлы мақсаттағы өнімдерді қаржыландыру көлемдері мен олардың номенклатурасы бойынша мемлекеттік органдардың, сондай-ақ қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың қазіргі заманғы үлгілерін жасауға байланысты ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстар мен инновациялық жобаларға мемлекеттік тапсырыс берушілердің бюджеттік өтінімдерінің жобалары бойынша ұсыныстар тұжырымдау;
      5) қорғанысты және бағдарламалардың жобаларын, мемлекеттік қорғаныс тапсырысының негізгі көрсеткіштерін қамтамасыз етуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру көлемдері бойынша ұсыныстар тұжырымдау;
      6) қару-жарақты, әскери және арнайы техниканы әзірлеуге, сатып алуға, жөндеуге, жаңғыртуға және кәдеге жаратуға жұмсалатын шығыстарды, қорғанысты қамтамасыз ету мүддесінде орындалатын бағдарламаларды қаржыландыру жөнінде ұсыныстар тұжырымдау;
      7) Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізудің алдында мемлекеттік қорғаныс тапсырысының жобасы бойынша ұсыныстар тұжырымдау және оның орындалу қорытындыларын қарау;
      8) қорғанысты, құқықтық тәртіпті және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүддесінде қару-жарақ, әскери және арнайы техника жасау және шығару, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жөнінде ұсыныстар тұжырымдау болып табылады.
       Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.06.17 N 930 Қаулысымен.
      5. Комиссияның:
      1) белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің және Сенатының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Жоғарғы сотының, Бас прокуратурасының аппараттарымен, орталық және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасауға;
      2) қару-жарақ, әскери және арнайы техника жасауға, өндіруге, жөндеуге, жаңғыртуға және кәдеге жаратуға, осы саладағы бағдарламалар мен жоспарларды орындауға байланысты мәселелер бойынша, сондай-ақ Комиссияның құзыретіне кіретін басқа да мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың өкілдерін, ҚӨК ұйымдарының басшыларын тыңдауға;
      3) мемлекеттік органдардан, сондай-ақ ҚӨК ұйымдарынан Комиссияға жүктелген міндеттерді шешу үшін қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұратуға;
      4) қажет болған кезде Комиссияның құзыретіне жататын жекелеген мәселелерді қарау және олар бойынша ұсыныстар дайындау үшін жұмыс топтарын құруға құқығы бар.
       Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2009.06.17 N 930 Қаулысымен.

4. Комиссия қызметін қамтамасыз ету

      6. Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды, комиссия отырыстарында төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерін іске асыруға жалпы бақылауды жүзеге асырады және қолданыстарды заңнамаға сәйкес Комиссия жүзеге асыратын қызмет үшін, сондай-ақ салааралық, ведомствоаралық үйлестіруге және Комиссия әзірлейтін шешімдер үшін дербес жауапты болады. Төраға болмаған уақытта оның функциясын орынбасары орындайды.
      7. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.05.20 № 455 Қаулысымен.
      8. Комиссия жұмысы Комиссия төрағасы бекіткен жоспарлар бойынша жүзеге асырылады.
      9. Комиссия хатшысы Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды және оны өткізгеннен кейін хаттама ресімдейді. Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды.
      10. Комиссияның шешімі ашық дауыспен қабылданады және оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысы берілсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      Комиссия мүшелерінің ерекше пікірге құқығы бар, ол білдірілген жағдайда, жазбаша түрде баяндалуы және Комиссияның есеп хатында қоса тіркелуі тиіс.
      Комиссия отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша, оның барлық мүшелері міндетті түрде қол қоятын хаттама жасалады.
      11. Комиссия өз қызметін заңнамада көзделген негіздер бойынша тоқтатады.