Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібі кешенін мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес құрамда Қазақстан Республикасы қорғаныс өнеркәсібі кешенінің мәселелері жөніндегі комиссия құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы қорғаныс өнеркәсібі кешенінің мәселелері жөніндегі комиссия туралы ереже бекітілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 7 ақпандағы
N 115 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы қорғаныс өнеркәсібі кешенінің
мәселелері жөніндегі комиссияның
құрамы
Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң бірінші орынбасары, төраға
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, төрағаның орынбасары
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық саясат департаментінің бастығы, хатшы
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі
Қазақстан Республикасының Әділет министрі
Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары
Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі
Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі
Қазақстан Республикасы Республикалық ұланы қолбасшысының орынбасары (келісім бойынша)
Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі бастығының орынбасары (келісім бойынша)
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің директоры (келісім бойынша)
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарушы директоры (келісім бойынша)
«Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 7 ақпандағы
N 115 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы қорғаныс өнеркәсібі кешенінің
мәселелері жөніндегі комиссия туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы қорғаныс өнеркәсібі кешенінің мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) әскери-техникалық және әскери-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін қоса алғанда, әскери-техникалық саясатты іске асыруға және Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібі кешенін (бұдан әрі - ҚӨК) дамытудың негізгі бағыттарына қатысты қорғанысты қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.06.17 N 930 Қаулысымен.
2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын, екі жақты және көп жақты мемлекетаралық келісімдерді, сондай-ақ осы ережені басшылыққа алады.
2. Комиссияның негізгі міндеттері
3. Комиссияның негізгі міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының өзіндік, сондай-ақ сыртқы саяси, экономикалық және әскери мүдделерін негізге ала отырып, қорғанысты қамтамасыз ету мүддесінде Қазақстан Республикасының әскери-техникалық саясатын іске асыру, ҚӨК-ті дамыту және оны мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу, оның ішінде: әскери-техникалық қамтамасыз ету, ҚӨК-ті, ғылым мен технологияны дамыту саласындағы тұжырымдамаларды, бағдарламалар мен жоспарларды қарау;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныс тапсырысын, бюджеттік бағдарламаларды іске асыру, шет мемлекеттермен әскери-техникалық және әскери-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, әскери мақсаттағы өнімдерді экспорттық жеткізуді арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
3) алып тасталды - ҚР Үкіметінің 2011.05.24 N 565 Қаулысымен.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.06.17 N 930, 2010.05.20 № 455, 2011.05.24 N 565 Қаулыларымен.
3. Комиссияның негізгі функциялары
4. Комиссияның негізгі функциялары:
1) ҚӨК-ті дамытуда мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жетілдіру, әзірлеу және іске асыру жөнінде ұсыныстар дайындау;
2) Қазақстан Республикасының ҚӨК қызметін реттейтін заңнамасын жетілдіру және халықаралық әскери-техникалық және әскери-экономикалық ынтымақтастық пен бұл саладағы мемлекеттік реттеудің басқа да міндеттерін шешу саласындағы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу жөнінде ұсыныстар дайындау;
3) мемлекеттік органдар мен ҚӨК ұйымдарының қорғанысты қамтамасыз ету мүддесінде орындалатын мемлекеттік қорғаныс тапсырысын, бағдарламалар мен жоспарларды қалыптастыру жөніндегі іс-қимылдарының келісімді болуын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар тұжырымдау;
4) республикалық бюджет бағдарламалары бөлінісінде әскери және қосарлы мақсаттағы өнімдерді қаржыландыру көлемдері мен олардың номенклатурасы бойынша мемлекеттік органдардың, сондай-ақ қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың қазіргі заманғы үлгілерін жасауға байланысты ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстар мен инновациялық жобаларға мемлекеттік тапсырыс берушілердің бюджеттік өтінімдерінің жобалары бойынша ұсыныстар тұжырымдау;
5) қорғанысты және бағдарламалардың жобаларын, мемлекеттік қорғаныс тапсырысының негізгі көрсеткіштерін қамтамасыз етуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру көлемдері бойынша ұсыныстар тұжырымдау;
6) қару-жарақты, әскери және арнайы техниканы әзірлеуге, сатып алуға, жөндеуге, жаңғыртуға және кәдеге жаратуға жұмсалатын шығыстарды, қорғанысты қамтамасыз ету мүддесінде орындалатын бағдарламаларды қаржыландыру жөнінде ұсыныстар тұжырымдау;
7) Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізудің алдында мемлекеттік қорғаныс тапсырысының жобасы бойынша ұсыныстар тұжырымдау және оның орындалу қорытындыларын қарау;
8) қорғанысты, құқықтық тәртіпті және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүддесінде қару-жарақ, әскери және арнайы техника жасау және шығару, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жөнінде ұсыныстар тұжырымдау болып табылады.
Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.06.17 N 930 Қаулысымен.
5. Комиссияның:
1) белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің және Сенатының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Жоғарғы сотының, Бас прокуратурасының аппараттарымен, орталық және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасауға;
2) қару-жарақ, әскери және арнайы техника жасауға, өндіруге, жөндеуге, жаңғыртуға және кәдеге жаратуға, осы саладағы бағдарламалар мен жоспарларды орындауға байланысты мәселелер бойынша, сондай-ақ Комиссияның құзыретіне кіретін басқа да мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың өкілдерін, ҚӨК ұйымдарының басшыларын тыңдауға;
3) мемлекеттік органдардан, сондай-ақ ҚӨК ұйымдарынан Комиссияға жүктелген міндеттерді шешу үшін қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұратуға;
4) қажет болған кезде Комиссияның құзыретіне жататын жекелеген мәселелерді қарау және олар бойынша ұсыныстар дайындау үшін жұмыс топтарын құруға құқығы бар.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2009.06.17 N 930 Қаулысымен.
4. Комиссия қызметін қамтамасыз ету
6. Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды, комиссия отырыстарында төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерін іске асыруға жалпы бақылауды жүзеге асырады және қолданыстарды заңнамаға сәйкес Комиссия жүзеге асыратын қызмет үшін, сондай-ақ салааралық, ведомствоаралық үйлестіруге және Комиссия әзірлейтін шешімдер үшін дербес жауапты болады. Төраға болмаған уақытта оның функциясын орынбасары орындайды.
7. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
Комиссияның жұмыс органы комиссия жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар комиссия отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні қалғанда хаттама жобасымен қоса комиссия мүшелеріне жіберілуі тиіс.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
8. Комиссия жұмысы Комиссия төрағасы бекіткен жоспарлар бойынша жүзеге асырылады.
9. Комиссия отырысы өткізілгеннен кейін комиссия хатшысы хаттама ресімдейді. Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
10. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
Комиссия мүшелерiнiң ерекше пiкiр білдіруге құқығы бар, оны бiлдiрген жағдайда, ол жазбаша түрде жазылуы және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген комиссия отырысының есеп-хатына қоса берілуі тиiс.
Комиссияның отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтары негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.
Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, комиссия хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын комиссия мүшелеріне келісу үшін жібереді.
Комиссияның мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.
Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
10-1. Дауыс беру парақтарымен қоса, комиссия материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.
Ескерту. Ереже 10-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
11. Комиссия өз қызметін заңнамада көзделген негіздер бойынша тоқтатады.