"Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңын орындау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Білім беру грантын беру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 23 қаңтардағы
N 58 қаулысымен
бекітілген
Білім беру грантын беру ережесі 1. Жалпы ережелер
1. Осы Білім беру грантын беру ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және білім беру гранттарын беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) білім беру гранты - кәсіптік білім алуға төлеу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген шарттармен білім алушыға берілетін ақшаның нысаналы сомасы;
2) білім беру саласындағы уәкілетті орган - білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
3) республикалық конкурстық комиссия - білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты өткізу үшін білім беру саласындағы уәкілетті орган құратын комиссия (бұдан әрі - Комиссия);
4) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган - азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы, медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
5) білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген өкілі (агент) - тапсырма шартының негізінде білім беру саласындағы уәкілетті органның атынан және соның есебінен және оның нұсқаулықтарына сәйкес белгілі бір тапсырмаларды орындайтын тұлға;
6) жас маман - ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде білім беру гранты бойынша педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша жоғары білімнің тиісті білім беру бағдарламаларын меңгерген бітіруші.
Ескерту. 2-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.07.27 N 865 Қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
2. Білім беру грантын беру тәртібі
3. Білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты білім саласындағы уәкілетті орган құратын Комиссия өткізеді.
4. Комиссия білім беру саласындағы уәкілетті органның, басқа мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволардың қызметкерлері, жоғары оқу орындарының (будан әрі - ЖОО) басшылары санынан қалыптасады.
Комиссия мүшелерінің саны тақ санды құрауы тиіс. Комиссия отырысы оның құрамының кемінде үштен екісі болған кезде заңды деп есептеледі.
5. Білім беру гранттары талапкерлер өтініш білдірген нақты
мамандықтар, тіл бөлімдері мен оқу нысандары бойынша мамандықтар
кезектілігіне сай білім беру грантын беру туралы куәлікті берумен қоса ұлттық бірыңғай тестілеудің немесе кешенді тестілеудің нәтижелері бойынша сертификаттар баллдарына сәйкес конкурстық негізде беріледі.
Білім беру грантын алу конкурсында қазақ немесе орыс тілі (оқыту тілі), Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәні бойынша балдар ескеріледі.
Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.05.28 N 509, 2009.02.19 N 194 Қаулыларымен.
5-1. Білім беру гранттарын беру конкурсына қатысу үшін азамат жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш, білімі туралы құжат (түпнұсқа), ұлттық бірыңғай немесе кешенді тестілеудің сертификатын, 3x4 көлеміндегі екі фотосурет, 086-У нысаны бойынша медициналық анықтаманы, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін тапсырады.
Білім беру грантын алуға арналған конкурсқа қатысу үшін азамат өтініште өзі таңдаған мамандық пен жоғары оқу орнын көрсетеді.
Таңдау бойынша пәндер сәйкес келген жағдайда азамат төрт мамандықты көрсете алады.
Білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін өтініштер 23-31 шілде кезеңінде қабылданады.
Ескерту. 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2009.02.19 N 194 Қаулысымен.
5-2. Осы Ереженің 6 және 6-1-тармақтарында көрсетілген білім беру грантын алуға басым құқығы бар азаматтар жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына аталған құқықты растайтын құжатты тапсырады.
Ескерту. 5-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2009.02.19 N 194 Қаулысымен.
5-3. Шет тілінде берілген құжаттардың қазақ немесе орыс тілдеріндегі нотариалды куәландырылған аудармасы болуы тиіс.
Шетелдік білім беру ұйымдары берген білімі туралы құжаттар заңнамада белгіленген тәртіппен нострификатталуы тиіс.
Ескерту. 5-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2009.02.19 N 194 Қаулысымен.
5-4. Бірінші және екінші топтағы мүгедек азаматтар, мүгедек балалар, сондай-ақ бала кезден мүгедектер жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына таңдаған мамандығы бойынша оқу үшін теріс көрсеткіштің жоқтығы туралы медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) қорытындысын ұсынады.
Ескерту. 5-4-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2009.02.19 N 194 Қаулысымен.
5-5. Конкурсқа қатысу үшін кемінде 50, ал «Жалпы медицина» медицина мамандығы бойынша кемінде 55 балл жинау қажет, оның ішінде бейіндік пән бойынша кемінде 7 балл (әрбір шығармашылық емтихан бойынша кемінде 10), ал қалған пәндерден - кемінде 4 балл
Ескерту. 5-5-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2009.02.19 N 194, жаңа редакцияда - 2010.04.23 № 343 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулыларымен.
5-6. Шығармашылық мамандықтарды таңдаған талапкерлер білім беру грантын алу конкурсына бір мамандық бойынша қатысады және тек шығармашылық емтихан тапсырған жоғары оқу орнын ғана көрсетеді.
Ескерту. 5-6-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2009.02.19 N 194 Қаулысымен.
6. Білім беру гранттарын алуға конкурс өткізу кезінде:
1) "Алтын белгі" белгісімен марапатталған адамдардың;
2) білім беру саласындағы уәкілетті орган тізбесін айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған), орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстары мен спорттық жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздарының, сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтары олимпиадалардың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәніне сәйкес келген жағдайда, ағымдағы жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жеңімпаздарының басым құқығы бар.
6-1. Білім беру гранттарын алуға арналған конкурсты өткізу кезінде балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысына сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға болатын жағдайда I және II топтағы мүгедектердің, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдардың, бала кезінен мүгедектердің, мүгедек балалардың және үздік білімі туралы құжаттары (аттестаттары, куәліктері, дипломдары) бар адамдардың басым құқығы бар.
Балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда және басым құқығы болмаған кезде білім беру гранттары аттестаттың, куәліктің немесе дипломның жоғары орта балдары бар тұлғаларға беріледі.
Балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда және басым құқығы болмаған кезде, сондай-ақ аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балдары бірдей болғанда бейіндік пән бойынша алған балдары ескеріледі.
Ескерту. 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2009.02.19 N 194 Қаулысымен.
7. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар, I және II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін конкурс көрсетілген санаттар арасында бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемінен белгіленген квота бойынша өткізіледі.
Білім беру грантын алу конкурсына қатысушы азаматтар үшін белгіленген қабылдау квоталары өтініш берілген барлық мамандықтарға қолданылады.
Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.02.19 N 194 Қаулысымен.
8. Ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтар үшін квота белгіленген мамандықтар бойынша конкурс мынадай түрде өтеді: осы мамандықтар мен оқыту тілі бойынша гранттардың жалпы санының 70 пайызы жалпы конкурс тәртібімен беріледі, ал қалған 30 пайыз грантқа конкурс тек ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға өткізіледі.
8-1. Білім беру гранттарын конкурстық тағайындаудан кейін қалған бос білім беру гранттарын Комиссия оқыту нысанына қарамастан, жоғары өту балымен мамандықтарға дайындау бағыттарының ішінде осы ереженің 5, 6, 6-1-тармақтарында көзделген тәртіппен конкурстық негізде береді.
Ескерту. 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2009.02.19 N 194 Қаулысымен.
8-2. Тиісті куәлік иелерінің тізімдері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Иегер білім беру грантынан бас тартқан жағдайда білім беру грантын беру туралы куәлік білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен жойылады. Осы мамандық бойынша босаған білім беру грантын Комиссия азаматтарға осы Ереженің 5, 6, 6-1-тармақтарында көзделген тәртіппен конкурстық негізде береді.
Ескерту. 8-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2009.02.19 N 194 Қаулысымен.
8-3. Білім беру грантын беру туралы куәлікті қабылдау комиссиялары азаматтардың конкурсқа қатысу үшін тапсырған құжаттарымен бірге 15 тамыздан кешіктірмей береді.
Ескерту. 8-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2009.02.19 N 194 Қаулысымен.
2-1. Жоғары білім алу үдерісінде босаған бос білім беру гранттарын беру тәртібі
8-4. Жоғары білім алу үдерісінде босаған бос білім беру гранттары оқыту мамандықтарының бөлінісінде конкурстық негізде осы мамандық бойынша ақылы негізде оқитын білім алушыларға беріледі. Конкурс білім беру грантын беру туралы куәлікті берумен қоса аралық аттестаттаудың нәтижелері бойынша өткізіледі.
Бос білім беру гранттарын алуға арналған конкурсты өткізу кезінде үлгерімнің орташа балының көрсеткіштері бірдей болған жағдайда барлық оқу кезеңі ішінде тек қана А, А- ("үздік"), содан соң А, А- ("үздік") бағаларынан В+, В, В- ("жақсы") бағаларына дейін бағалары бар білім алушылар басым құқыққа ие болады.
8-5. Жоғары білім алу үдерісінде босаған бос білім беру гранттарын беру рәсімі мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
қысқы және жазғы емтихан сессияларының қорытындылары бойынша жоғары оқу орындары 10 қаңтар мен 10 шілдеге дейін білім беру саласындағы уәкілетті органға білім беру гранттарын беру туралы куәлікті ұсынады;
білім беру саласындағы уәкілетті орган оқуға түсу жылын ескере отырып, мамандықтар, оқытудың нысандары мен мерзімдері бөлінісінде бос білім беру гранттарының тізбесін жасайды және 15 қаңтар мен 15 шілдеге дейін олар бойынша ашық конкурс жариялайды. Конкурс туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің сайтында орналастырылады;
білім беру грантын тағайындауға үміткер ақылы негізде оқитын жоғары оқу орны білім беру саласындағы уәкілетті органға білім алушының мынадай құжаттарын ұсынады: өтініш және барлық оқу кезеңі ішіндегі үлгерімінің орташа балы көрсетілген жоғары оқу орнының басшысы растаған оның оқу карточкасының немесе транскриптінің үзіндісі. Құжаттар 25 қаңтарға және 25 шілдеге дейін ұсынылады;
білім беру саласындағы уәкілетті орган конкурсқа ұсынылған құжаттардың белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді және конкурсқа қатысатын студенттердің үлгірім көрсеткіштерінің жиынтық ведомосын дайындайды. Комиссия конкурсқа қатысатын студенттердің үлгерім көрсеткіштерінің жиынтық ведомосын қарайды және білім беру гранттарын береді;
конкурстық іріктеудің нәтижелері бойынша Комиссияның шешімі шығарылады. Комиссияның шешімі негізінде білім беру саласындағы уәкілетті органның білім беру гранттарын беру туралы бұйрығы шығарылады.
8-6. Білім беру гранттарын конкурстық тағайындаудан кейін қалған бос білім беру гранттарын Комиссия оқыту нысанына қарамастан, үлгерімнің жоғары орташа балымен мамандықтарға дайындау бағыттарының ішінде осы Ереженің 8-4-тармағында көзделген тәртіппен конкурстық негізде береді.
Ескерту. 2-1-тараумен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2009.02.19 N 194 Қаулысымен.
3. Маманды ауылдық жерге жұмысқа жіберу және өз бетімен
жұмысқа тұру құқығын беру тәртібі
Ескерту. 3-бөлім жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.07.27 N 865 Қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
9. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде оқуға түскен білім беру грантының иегерлері ауылға (селоға), кентке, ауылдық (селолық) округке (бұдан әрі - ауылдық жер) жұмысқа жіберіледі.
10. Педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде оқуға түскен білім беру гранты иегерлері үшін білім беру қызметтерін ұсынуға арналған шарт жасасқан кезде олардың жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл ауылдық жерде орналасқан білім беру ұйымдары мен медициналық ұйымдарда жұмысты өтеуі міндетті шарт болып табылады.
Жұмысты өтеу мерзімі жұмыс беруші мен жас маман арасында еңбек шарты жасалған күннен бастап саналады.
11. Жас мамандарды жұмысқа жіберу мақсатында оларды дербес бөлу жүзеге асырылады.
Жас мамандарды жұмысқа бөлу және жіберу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) облыстың жергілікті атқарушы органы жыл сайын 1 наурыздан кешіктірмей білім беру және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдарға (бұдан әрі - уәкілетті органдар) ауылдық жерде орналасқан білім беру ұйымдарында және медицина ұйымдарында кадрларға қажеттілік туралы өтінім береді;
2) ЖОО жыл сайын 1 наурыздан кешіктірмей уәкілетті органдарға ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде оқуға түскен бітірушілердің тізімдерін жібереді;
3) уәкілетті органдар жыл сайын 1 мамырдан кешіктірмей тікелей ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде оқуға түскен білім беру грантының иегерлері оқитын ЖОО-ға ауылдық жерде орналасқан білім беру және медицина ұйымдары үшін кадрларға қажеттілік туралы өтінімдерге сәйкес ақпарат жібереді;
4) ЖОО-да жас мамандарды жұмысқа дербес бөлу жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Бөлу жөніндегі комиссия) құрылады.
Бөлу жөніндегі комиссия туралы ережені уәкілетті органдар бекітеді.
12. Бөлу жөніндегі комиссия жыл сайын квота шегінде білім беру гранты бойынша оқуға түскен ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтар оқуды аяқтайтын Қазақстан Республикасының тиісті жоғары оқу орындарының жанында құрылады.
13. Жас мамандарды дербес бөлу отырысқа ұсынылған құжаттар бойынша және облыстардың жергілікті атқарушы органдарының ауылдық жерде орналасқан білім беру ұйымдарындағы және медицина ұйымдарындағы кадрларға қажеттілік туралы өтінімдеріне сәйкес уәкілетті органдар ұсынған ақпарат негізінде жүзеге асырылады.
14. Жас мамандарды дербес бөлу кезінде:
1) тұрақты тұратын орны немесе сонда бөлген дұрысырақ болатын ауылдық елді мекен;
2) Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында және осы Ережеде көзделген бірінші кезекте бөлу құқығын беретін жағдайлардың болуы;
3) Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында және осы Ережеде белгіленген, жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босататын немесе жұмысты өтеу жөніндегі міндетті орындау мерзімін кері шегеретін жағдайлардың болуы ескеріледі.
Жас маман тұрақты тұрған ауылдық жерде орналасқан білім беру ұйымдарында және медицина ұйымдарында бос жұмыс орны болмаған жағдайда ол жақын жердегі ауылда (селода), кентте, ауылдық (селолық) округте, ауданда, облыста орналасқан білім беру ұйымдарына және медицина ұйымдарына бөлінуге жатады.
15. ЖОО-дағы оқуды бір мезгілде аяқтаған ерлі-зайыптыларға бір ауылда (селода), кентте, ауылдық (селолық) округте орналасқан ұйымдарда жұмыс беріледі. Егер ерлі-зайыптылардың бірі оқуын бұрын бітірсе, онда оған жұмыс жалпы негіздерде беріледі. Мұндай жағдайда жұбайының (зайыбының) жұмыс орнын, оның ішінде зайыбының (жұбайының) жұмыс орны бойынша да таңдау құқығы бар.
16. ЖОО жыл сайын 10 тамыздан кешіктірмей уәкілетті органдарға ауылдық жерде орналасқан білім беру ұйымдарына және медицина ұйымдарына жұмысқа жас мамандарды бөлу туралы ақпаратты ұсынады және бөлу жөніндегі барлық материалдарды жас мамандарды бөлу туралы шешім қабылданған күннен бастап 15 күннің ішінде білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агентіне жібереді.
17. Дербес бөлу жөніндегі комиссияға дәлелді себептерсіз келмеген жас мамандар оның қатысуынсыз бөлінеді.
18. Ауылдық жерге жұмысқа жіберілген жас мамандар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік кепілдіктер алады.
19. Бірінші кезекте бөлу құқығы:
1) жұбайы бос жұмыс орнын ұсынған ауылдық жерде немесе оған жақын орналасқан ауылда (селода), кентте, ауылдық (селолық) округте тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өтеп жатқан адамдарға;
2) ата-анасының бірі немесе екеуі де I және II топ мүгедектері болып табылатын адамдарға, сондай-ақ бос жұмыс орнын ұсынған ауылдық жерде тұрақты тұрып жатқан адамдардың қамқоршысы және қорғаншысы болып табылатын адамдарға беріледі.
20. Бөлу жөніндегі комиссияның шешімімен жас мамандардың мынадай санаттары жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босатылады:
1) бөлу кезінде ауылдық жерде орналасқан білім беру ұйымдарында және медицина ұйымдарында бос жұмыс орны болмаған кездегі адамдар;
2) жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өтеп жатқан ауылдық жерде немесе оған жақын орналасқан ауылда (селода), кентте, ауылдық (селолық) округте бос жұмыс орны болмаған кездегі адамдар;
3) I және II топтағы мүгедектер;
4) одан әрі магистратураға, резидентураға оқуға түскен адамдар;
5) жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар әйелдер, сондай-ақ баласын (балаларын) жалғыз тәрбиелеп отырған әкелер.
21. Ағымдағы жылы оқуын бітірген жас мамандар 1 тамыздан кешікпей жұмыс орнына жолдама бойынша келеді.
22. Облыстың жергілікті атқарушы органы жас маман келгеннен кейін бір айдың ішінде білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агентіне жұмыс орны және берілетін әлеуметтік көмек түрі туралы мәліметтерді ұсына отырып, бөлуге сәйкес келгені туралы растау жібереді.
23. Мерзімдік әскери қызметке түскенде немесе шақырылғанда жас маманның жұмысты өтеу мерзіміне қызметті өтеу уақытын қоспастан, қызметті өтеу уақытына жұмысты өтеу мерзімі кейін шегеріледі.
24. Бюджеттің оқытумен байланысты шығыстарын қайтарусыз жұмысты өтеу жөніндегі міндетін тоқтату білім беру саласындағы уәкілетті органның шешімімен ресімделеді және:
1) жұмысты өтеу жөніндегі міндеттің орындалуына байланысты;
2) тиісті құжаттармен расталған білім алушының (жас маманның) қайтыс болуына байланысты;
3) жұмысты өтеу мерзімі ішінде I, II топ мүгедектігі белгіленген жағдайда;
4) осы Ереженің 20-тармағында көзделген жағдайларда жұмысты өтеу жөніндегі міндетінен босатылуына байланысты басталады.
25. Осы Ереженің 19, 20, 23, 24-тармақтарында көрсетілген жағдайлар тиісті құжаттармен расталуға тиіс.
26. Облыстың жергілікті атқарушы органы жыл сайын 1 қыркүйекке қарай білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агентіне 2011 жылдан бастап алдағы үш жыл бойы ауылдық жерде жұмыс істеу үшін бөлінген жұмыс істеп жатқан жас мамандардың тізімін жібереді.
27. Ауылдық жерде жұмыс істеуге бөлінген жас маманмен жасалған еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылған жағдайда жұмыс беруші еңбек шартын бұзғаннан кейін үш күннен кешіктірмей бұл туралы облыстың жергілікті атқарушы органдарына хабарлайды. Облыстың жергілікті атқарушы органы жас маманның жұмыстан шығарылғаны туралы мәліметтер мен растайтын құжаттарды білім беру саласындағы уәкілетті органға жібереді. Бұл орайда жас мамандармен жасалған еңбек шарттары жұмыс беруші - заңды тұлғаның таратылуы немесе жұмыс беруші - жеке тұлғаның қызметін тоқтатуы, сондай-ақ қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылуы негізінде бұзылған жағдайда олар қайтадан белуге жатады.
Жас мамандармен жасалған еңбек шарттары жұмыс берушінің бастамасы бойынша осы тармақта көзделмеген негіздер бойынша бұзылған жағдайда оларды қайтадан бөлу жүргізілмейді, және осы Ережеге сәйкес қаражатты бюджетке қайтару жүзеге асырылады.
28. Жас маман жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл ауылдық жерде орналасқан білім беру ұйымдары мен медициналық ұйымдарда жұмысты өтеу міндетін орындамаған жағдайда бюджеттің жас маманды оқытумен байланысты шығыстары бюджетке қайтарылуға тиіс.
29. Жас мамандардың жұмысты өтеу жөніндегі міндеттерді орындауы және бюджеттің жас маманды оқытумен байланысты шығыстарының қайтарылуы мониторингін қамтамасыз ету білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агентіне жүктеледі.
30. Білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агенті өз құзыреті шегінде:
1) жас мамандардың жұмысты өтеу жөніндегі міндеттерді орындауына мониторинг жүргізу мақсатында жас мамандар бойынша дерекқорды қалыптастырады және жүргізеді, ұсынылған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етеді;
2) облыстардың жергілікті атқарушы органдарының жәрдемімен бөлу жөніндегі комиссиялар шешімдерінің орындалу мониторингін жүргізеді;
3) жас мамандар жұмысты өтеу жөніндегі міндеттерді бұзған жағдайда олардың бюджеттің өзін оқытумен байланысты шығыстарын қайтаруын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 23 қаңтардағы
N 58 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған
кейбір шешімдерінің тізбесі
1. "Мемлекеттік білім гранты туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 25 қарашадағы N 1781 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., N 52, 512-құжат);
2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 25 қарашадағы N 1781 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 27 мамырдағы N 807 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., N 24, 206-құжат);
3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 25 қарашадағы N 1781 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 26 қарашадағы N 1517 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., N 40, 522-құжат);
4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу және кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 28 маусымдағы N 703 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 20, 214-құжат).