Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойылсын.
3. "Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердегі инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 17 мамырдағы N 416 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 23 қаңтардағы
N 55 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде
инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің үкіметтері,
2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты басшылыққа ала отырып,
Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың (бұдан әрі - ЕурАзЭҚ) мақсаттары мен міндеттерін іске асыра отырып,
бұл мемлекеттердің аумағында инвестицияларды жүзеге асыратын Тараптар мемлекеттерінің инвесторлары үшін қолайлы жағдайлар жасауға және қолдауға ниеттене отырып,
осы Келісімнің негізінде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау Тараптар мемлекеттерінің ықпалдасу процестерін, өзара тиімді сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастығын дамытуға ықпал ететіндігін тани отырып,
Тараптар мемлекеттерінің экономикалық өсуіне жәрдемдесуге ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Негізгі ұғымдар
Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
а) "инвестор" - Тараптардың әрқайсысының мемлекетіне қатысты:
бір Тарап мемлекетінің азаматы болып табылатын, екінші Тарап мемлекетінің аумағында соңғысының заңнамасына сәйкес инвестицияларды жүзеге асыратын кез келген жеке тұлға;
бір Тарап мемлекетінің аумағында ұйымдасқан (құрылған) және тіркелген, екінші Тарап мемлекетінің аумағында соңғысының заңнамасына сәйкес инвестицияларды жүзеге асыратын кез келген заңды тұлға;
б) "инвестициялар" - бір Тарап мемлекетінің инвесторы екінші Тарап мемлекетінің аумағында соңғысының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызмет объектілеріне салатын материалдық және материалдық емес құндылықтар, оның ішінде:
ақша қаражаты (ақша), бағалы қағаздар, өзге де мүлік;
Тараптар мемлекеттерінің заңнамасы негізінде немесе атап айтқанда, табиғи ресурстарды барлауға, әзірлеуге, өндіруге және пайдалануға арналған құқықты қоса алғанда, шарт бойынша берілетін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналған құқықтар;
ақшалай бағасы бар мүліктік және өзге де құқықтар.
Инвестициялар салынатын немесе қайта инвестицияланатын нысанның өзгеруі мұндай өзгерістің реципиент мемлекеттің заңнамасына қайшы келмеуі шартымен инвестиция ретінде олардың біліктілігіне әсер етпейді;
в) "инвестицияларға байланысты қызмет" - инвестицияларды иелену, пайдалану және (немесе) иелік ету;
г) "кірістер" - инвестицияларды жүзеге асыру нәтижесінде алынатын қаражат, атап айтқанда, пайда, дивидендтер, пайыздар, лицензиялық, комиссиялық және басқа да сыйақылар;
д) "реципиент мемлекет" - аумағында басқа Тараптар мемлекеттерінің инвесторлары инвестицияларды жүзеге асыратын Тарап мемлекеті;
е) "заңнама" - Тарап мемлекетінің заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілері;
ж) "аумақ" - Тарап мемлекетінің аумағы, сондай-ақ оларға қатысты халықаралық құқыққа және ішкі заңнамаға сәйкес егеменді құқықтары мен заңи құзыретін жүзеге асыратын айрықша экономикалық аймақ пен континентальдық қайран.
2-бап
Инвестицияларға рұқсат беру және оларды қорғау
1. Әрбір Тарап өз мемлекетінің аумағында басқа Тараптар мемлекеттері инвесторларының инвестицияларын жүзеге асыруға қолайлы жағдайлар жасайды және өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес мұндай инвестицияларға рұқсат береді.
2. Әрбір Тарап оның аумағында өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес басқа Тараптар мемлекеттері инвесторларының инвестицияларына кепілдік береді және оларды қорғауды қамтамасыз етеді.
3-бап
Заңнаманың ашықтығы
Әрбір Тарап инвестициялық қызметті реттейтін өз мемлекеті заңнамасының ашықтығы мен қол жетімділігін қамтамасыз етеді.
4-бап
Инвестициялар режимі
1. Әрбір Тарап өз мемлекетінің аумағында басқа Тараптар мемлекеттерінің инвесторлары жүзеге асыратын инвестициялары мен мұндай инвесторлардың инвестициялармен байланысты қызметі үшін әділ және тең құқықты режимді қамтамасыз етеді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген режим осы Тарап ұлттық инвесторлардың немесе кез келген басқа мемлекеттің, оның ішінде осы Келісімнің қатысушысы болып табылмайтын мемлекет инвесторларының инвестицияларына берілетін режимнен қолайлылығы кем болмауы тиіс және инвестордың пікірі бойынша, көрсетілген режимдердің қайсысы барынша қолайлы болатындығына қарай, оның таңдауы бойынша ұсынылуы тиіс.
3. Әрбір Тарап өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес шетелдік инвесторлардың қызметін шектеу, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында көрсетілген ұлттық режимнен өзге де алып қоюларды қолдану және енгізу құқығын өзіне қалдырады.
4. Осы Келісімнің 1 және 2-тармақтарының неғұрлым қолайлылық режиміне қатысты ережелері Тарапты инвестицияларға және бұл Тарап беретін немесе беруі мүмкін мына:
еркін сауда аймағына, кеден одағына, валюталық одақта, жалпы нарыққа және осындай одақтарды немесе құрылымдарды құруға алып баратын осындай кез келген өңірлік экономикалық ықпалдасу құрылымдарына немесе кез келген халықаралық келісімдерге оның қатысуымен байланысты;
қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімдердің немесе салық салу мәселелері бойынша басқа да уағдаластықтардың негізінде басқа Тараптар мемлекеттері инвесторларының осындай инвестициялармен байланысты қызметке қатысты кез келген режимнің, преференцияның немесе артықшылықтың басымдығын міндеттеу ретінде түсіндірілуі тиіс емес.
5. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің 5, 6 және 9-баптарының ережелері үшін залал келтірместен, басқа Тараптардың мемлекеттері инвесторларының инвестицияларына және осындай инвестициялармен байланысты олардың қызметіне қатысты Қызметтермен сауда жөніндегі бас келісім (бұдан әрі - ГАТС) бойынша міндеттемелерді қоса алғанда, 1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы келісім бойынша қабылданған міндеттемелерге, сондай-ақ Тараптардың қатысуымен қол жеткізілуі мүмкін кез келген басқа да көп жақты уағдаластыққа сәйкес ол ұсынатын режимге қарағанда, барынша қолайлы режимді ұсынбауға құқылы.
Осы Келісімнің 14-бабының 1-тармағының ережелері үшін залал келтірместен, осы тармақтың бірінші абзацының ережелері Тараптардың әрқайсысы үшін осы Тарап ГАТС бойынша міндеттемелерді қоса алғанда, Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы келісім бойынша міндеттемелерді қабылдаған күнінен бастап немесе осы баптың бірінші абзацында көрсетілген көп жақты уағдаластық күшіне енген күнінен бастап күшіне енеді.
5-бап
Зиянды өтеу
Инвесторлар азаматтық тәртіпсіздіктер, әскери іс-қимылдар, революция, бүлік, төтенше жағдайлар енгізу немесе басқа да осындай жағдаяттардың нәтижесінде реципиент мемлекеттің аумағында олардың инвестициялары мен кірістеріне келтірілген зиянды өтеуге құқығы бар. Бұл ретте осындай зиянмен байланысты Тарап қабылдайтын шараларға қатысты ұлттық инвесторларға немесе кез келген басқа мемлекеттің инвесторларына, оның ішінде осы Келісімнің қатысушысы болып табылмайтын кез келген мемлекеттің инвесторларына қолайлылығы реципиент мемлекет Тарабы ұсынатын режимнен кем емес режим ұсынылады.
6-бап
Экспроприация кезіндегі инвесторлардың
құқықтарына кепілдік беру
1. Екінші Тарап мемлекеттің аумағында жүзеге асырылған бір Тарап мемлекеті инвесторларының инвестициялары және мұндай инвесторлардың кірістері, мұндай шаралар реципиент мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен қоғам мүддесінде қабылданып, кемсітушілік болып табылмайтын және жылдам, барабар өтемақымен қамтамасыз етілетін жағдайларды қоспағанда, тікелей немесе жанама экспроприацияға (бұдан әрі - экспроприация) немесе мемлекет иелігіне алуға, сондай-ақ экспроприация немесе мемлекет иелігіне алу салдарларына тең күші бар өзге де шараларға ұшырауы мүмкін емес.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген өтемақы нақты не алда болатын экспроприация туралы жалпы белгілі болған күнге экспроприацияланатын инвестициялардың және кірістердің нарықтық құнына сәйкес келуі тиіс.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген өтемақы реципиент мемлекеттің заңнамасында көзделген мерзімде кідіріссіз, бірақ экспроприация күнінен бастап үш айдан кешіктірмей еркін айырбасталатын валютамен төленеді және осы Келісімнің 7-бабына сәйкес реципиент мемлекет аумағынан шетелге еркін аударылады.
Өтемақы сомасына өтемақыны нақты төлеу күніне дейін осы тармақтың бірінші абзацына сәйкес төленуі тиісті күннен бастап өтемақыны төлеу кідіртілген жағдайда 6 айға дейінгі мерзімде АҚШ долларымен нақты берілген кредиттер бойынша ұлттық банкі аралық нарық ставкасы негізінде немесе инвестор мен реципиент мемлекет Тарабы арасындағы уағдаластық бойынша айқындалған тәртіппен есептеледі.
7-бап
Кірістерді, ақша қаражатын (ақшаны) және төлемдерді аудару
1. Рецепиент мемлекет Тарабы басқа Тараптар мемлекеттерінің инвесторларына олар барлық салық және реципиент мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де міндеттемелерді орындағаннан кейін мыналарға:
инвестицияларды жүзеге асыру нәтижесінде алынған кірістерді реципиент мемлекеттің заңнамасында тыйым салынбаған кез келген мақсатта пайдалану және иелік ету құқығын;
инвестордың қалауы бойынша кез келген елге инвестицияларға байланысты ақша қаражаты (ақша) аударымдары мен төлемдерін, атап айтқанда:
кірістерді;
Тараптар инвестициялар ретінде таныған қарыздар мен кредиттерді жабуға төлейтін қаражатты;
инвесторлар коммерциялық ұйымдарды ішінара немесе толықтай таратумен не инвестицияларды сатумен байланысты алған қаражатты;
инвестор осы Келісімнің 5-бабына сәйкес шығынды өтеу ретінде алған қаражатты және осы Келісімнің 6-бабында көзделген өтемақыны;
инвесторлар және реципиент мемлекеттің аумағында инвестициялармен байланысты жұмыс жасауға рұқсат етілген басқа да Тараптар мемлекеттерінің азаматтары алатын жалақыны және басқа да сыйақыларды;
зияткерлік меншік құқықтарынан туындайтын, инвесторлар төлейтін авторлық сыйақыларды (роялти) және лицензиялық төлемдерді кедергісіз жүзеге асыруға кепілдік береді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақша қаражатын (ақшаны) аудару және төлемдерді жүзеге асыру бастапқыда инвестициялар жүзеге асырылған валютамен немесе басқа кез келген еркін айырбасталатын валютамен уақтылы жүргізіледі. Мұндай қаражатты және төлемдерді реципиент мемлекеттің валюталық заңнамасының талаптарын сақтай отырып, реципиент мемлекеттің аумағында аударым күніне қолданылатын ақша қаражатын (ақшаны) аудару және төлемдерді жүзеге асыру бағамы бойынша жүзеге асырылады.
8-бап
Инвестор құқықтарының ауысуы
Тарап немесе оның реципиент мемлекеттің аумағындағы осындай инвестордың инвестицияларымен байланысты коммерциялық емес тәуекелдерден қорғау кепілдігінің негізінде өз мемлекетінің инвесторына төлем жасаған, ол өкілеттік берген орган инвестордың өзі сияқты көлемде суброгация тәртібімен инвестордың құқықтарын жүзеге асыра алады. Мұндай құқықтар реципиент мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
9-бап
Тарап пен инвестор арасындағы дауларды шешу
1. Осы Келісімнің 5-бабына сәйкес шығынды өтеу және осы Келісімнің 6-бабында көзделген өтемақы ретінде сомаларды төлеудің мөлшеріне, шарттарына немесе тәртібіне немесе осы Келісімнің 7-бабында көзделген ақша қаражатын (ақшаны) төлеуді және аударуды жүзеге асырудың тәртібіне қатысты дауларды қоса алғанда, реципиент мемлекет Тарабы мен инвестор арасындағы осы инвестордың реципиент мемлекеттің аумағындағы инвестицияларымен байланысты туындаған даулар мүмкіндігінше келіссөздер жолымен шешіледі.
2. Егер дау даудың кез келген тарапы оны келіссөздер жолымен шешу туралы жазбаша хабарлаған күннен бастап алты ай ішінде келіссөздер жолымен шешілмесе, онда ол инвестордың таңдауы бойынша мыналардың:
тиісті дауларды қарауға құзыретті реципиент мемлекеті сотының;
дауға қатысушылармен келісілген кез келген мемлекеттің сауда палатасының жанындағы халықаралық коммерциялық төрелігінің;
егер даудың тараптары өзгешеге келіспесе, Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) Төрелік регламентіне сәйкес құрылуы және әрекет етуі тиіс "add hoc" төрелік сотының;
Вашингтон қаласында 1965 жылғы 18 наурызда қол қойылған Мемлекеттер және жеке немесе заңды тұлғалар арасындағы инвестициялық дауларды реттелуін тәртібі туралы конвенцияның ережелеріне сәйкес құрылған (екі Тарап мемлекеттері үшін де ол күшіне енген жағдайда) немесе Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың қосымша ережесіне сәйкес (Тараптар мемлекеттерінің екеуі немесе бірі үшін Конвенция күшіне енбеген жағдайда) Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі Халықаралық орталықтың қарауына берілуі мүмкін.
3. Осы бапқа сәйкес қаралатын дау жөніндегі кез келген төрелік шешім дау тараптары үшін соңғы және міндетті болып табылады. Әрбір Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес мұндай шешімнің орындалуын қамтамасыз етуге міндеттенеді.
10-бап
Тараптар арасындағы дауларды шешу
1. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар, мүмкіндігінше, мүдделі Тараптардың консультациялар мен келіссөздер жүргізуі жолымен шешіледі.
2. Егер дау бір мүдделі Тараптың екінші мүдделі Тарапқа оларды жүргізу туралы ресми жазбаша өтінішті жіберген күннен бастап алты ай ішінде консультациялар мен келіссөздер жолымен реттелмесе, онда дауды шешу тәсіліне қатысты мүдделі Тараптар арасында өзгеше уағдаластық болмаған жағдайда, мұндай Тараптардың кез келгені дауды қарау үшін ЕурАзЭҚ-тың сотына жүгінуі мүмкін.
3. ЕурАзЭҚ-тың соты өз регламентіне сәйкес дау бойынша шешім шығарады. Мұндай шешім барлық Тараптар үшін соңғы және міндетті болып табылады.
11-бап
Консультациялар
Тараптар олардың кез келгенінің өтініші бойынша осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты мәселелер бойынша консультациялар өткізеді.
12-бап
Келісімді қолдану
Осы Келісім бір Тарап мемлекетінің инвесторлары екінші Тарап мемлекетінің аумағында 1992 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырған барлық инвестицияларға қолданылады. Осы Келісім ол күшіне енгенге дейін туындаған дауларға қолданылмайды.
13-бап
Келісімге өзгерістер енгізу
Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге жазбаша нысанда жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
14-бап
Келісімнің күшіне енуі және қолданылу мерзімі
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісімнің депозитарийі ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитеті болып табылады.
2. Тараптардың кез келгені депозитарийге бұл туралы жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады. Бұл Тарапқа қатысты осы Келісімнің қолданылуы депозитарий осындай хабарлама алған күннен бастап алты ай өткен соң тоқтатылады.
3. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған күнге дейін жүзеге асырылған және оның қолданысына жататын инвестицияларға қатысты осы Келісімнің ережелері осы күннен кейін келесі он жыл бойы күшінде қалады.
Осы тармақтың бірінші абзацының ережелері сондай-ақ бір немесе бірнеше Тарапқа қатысты осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда да қолданылады.
200 жылғы орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана осы Келісімге қол қойған әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитетінде сақталады.
Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі ушін
Қырғыз Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Тәжікстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін