Ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын әзірлеу және өткізу (оның ішінде өзге де беру) жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 қарашадағы N 1160 Қаулысы

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Қаулының күшін жою көзделген - ҚР Үкіметінің 2012.04.10 N 440 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын әзірлеу және өткізу (оның ішінде өзге де беру) жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі;
      2) Ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын әзірлеу және өткізу (оның ішінде өзге де беру) жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.

      2. Осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін жиырма бір күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің   
2007 жылғы 30 қарашадағы
N 1160 қаулысымен
бекітілген  

Ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын
әзірлеу және өткізу (оның ішінде өзге де беру) жөніндегі
қызметті лицензиялау ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын әзірлеу және өткізу (оның ішінде де өзгеру бар) жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленген.

      2. Осы Ереже ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын (бұдан әрі - АКҚҚ) әзірлеу және өткізу (оның ішінде өзге де беру) жөніндегі қызметті лицензиялау тәртібін регламенттейді.

      3. АКҚҚ әзірлеу және өткізу (оның ішінде өзге де беру) жөніндегі қызметті лицензиялауды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (бұдан әрі - лицензиар) жүзеге асырады.

      4. Лицензияның күші Қазақстан Республикасының барлық аумағында қолданылады.

      5. Лицензия бас лицензия болып табылады.

      6. Лицензия иеліктен шығарылмайды, лицензияны басқа жеке немесе заңды тұлғаға беруге тыйым салынады.

2. Лицензияны беру, қайта ресімдеу және беруден бас тарту,
қолданылуын тоқтату, тоқтата тұру және одан айыру тәртібі

      7. АКҚҚ әзірлеу және өткізу (оның ішінде өзге де беру) жөніндегі қызметке лицензия біліктілік деңгейі белгіленген талаптарға сәйкес келетін жеке немесе заңды тұлғаға (бұдан әрі - лицензиат) беріледі.

      8. Лицензияны алу үшін мынадай құжаттар қажет:
      өтініш;
      заңды тұлға үшін - Жарғы және өтініш заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
      жеке тұлға үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      дара кәсіпкер үшін - өтініш берушінің дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      өтініш берушінің салық органында есепке тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
      заңды тұлға үшін - өтініш берушінің бірінші басшысы бекіткен қызметтің өтініш берілген түрін өтініш берушінің тікелей жүзеге асыруы үшін бөлінген қызметкерлерінің (мамандар мен маман-криптографтар) тізімі, сондай-ақ осы қызметкерлердің еңбек шарттарының және жоғары білімі туралы дипломдарының нотариалды куәландырылған көшірмелері;
      жеке тұлға үшін - өтініш берушінің жоғары білімі туралы дипломының нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      өтініш берушінің бірінші басшысы (заңды тұлға үшін) немесе өтініш беруші (жеке тұлға үшін) бекіткен қызметтің өтініш берілген түрін жүзеге асыруға арналған техникалық (аппараттық, аппараттық-бағдарламалық, бағдарламалық) құралдардың өтініш берушіде бар тізімі;
      қызметтің өтініш берілген түрін жүзеге асыру үшін өтініш берушіде меншік құқығында немесе пайдалану құқығында үй-жайларының болуы туралы құжаттарының нотариалды куәландырылған көшірмесі.

      9. Лицензияны лицензиар осы Ережеде белгіленген тиісті құжаттармен қоса өтініш берілген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін он жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
      Лицензиар осы тармақта белгіленген мерзім ішінде лицензияны береді немесе лицензияны беруден бас тартудың себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап қайтарады.

      10. Егер лицензиар осы Ережеде белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензияны бермеген немесе өтініш берушіні лицензияны беруден бас тарту себептері туралы жазбаша түрде хабардар етпеген жағдайда, осы Ережеде лицензияны беру үшін белгіленген мерзімдер өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші лицензиарды қызметтің өзі өтініш берген түрін жүзеге асыра бастағаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
      Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензия береді.

      11. Лицензиясы жоғалған, бүлінген жағдайда лицензиатқа лицензияның телнұсқасы беріледі.
      Лицензияның жоғалған, бүлінген бланкілері лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп есептеледі.
      Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып және жоғарғы оң жақ бұрышында "Телнұсқа" деген жазуы бар лицензияның телнұсқасын береді.

      12. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құру нысанында заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, заңды тұлғаның атауы өзгерген, сондай-ақ қызмет түрінің атауы өзгерген кезде, егер мұндай өзгеріс қызмет түрі шеңберінде орындалатын операциялардың мәнінің өзгеруіне әкеп соқпаса, ол күнтізбелік отыз күн ішінде аталған мәліметтерді растайтын тиісті құжаттармен қоса, лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш береді.
      Лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиар лицензияны қайта ресімдейді.

      13. Лицензиар лицензияны беру кезінде өтініш берушінің біліктілік талаптарына сәйкестігін белгілейді.

      14. АКҚҚ-ны әзірлеу және өткізу (оның ішінде өзге де беру) жөніндегі қызметпен айналысу құқығы үшін төленетін лицензиялық алым Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес лицензия (лицензияның телнұсқасы) берілген кезде алынады.
      Лицензиялық алым ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді .

      15. Өтініш беруші лицензиарға лицензия алу үшін ұсынылған құжаттардағы мәліметтердің дұрыстығына және толықтығына жауап береді.

      16. Егер:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарында субъектілердің осы санаты үшін қызметтің жекелеген түрімен айналысуға тыйым салынған;
      2) осы Ережеге сәйкес талап етілетін барлық құжаттар табыс етілмеген жағдайда лицензия беруден бас тартылуы мүмкін. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған жағдайда өтініш жалпы негіздер бойынша қаралады;
      3) қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмеген;
      4) өтініш беруші біліктілік талаптарына сай келмеген;
      5) өтініш берушіге қатысты оған қызметтің жекелеген түрімен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайларда, лицензия беруден бас тартылуы мүмкін.

      17. Лицензия беруден бас тартқан жағдайда лицензиар лицензия беру үшін белгіленген мерзімдерде өтініш берушіге жазбаша түрде дәлелді жауап қайтарады.

      18. Егер лицензия осы Ережеде белгіленген мерзімде берілмесе немесе лицензияны беруден бас тарту өтініш берушіге дәлелсіз болып көрінсе, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бұл іс-әрекеттерге шағымдануға құқылы.

      19. Лицензияның қолданылуы мынадай жағдайларда:
      1) лицензия алып қойылғанда;
      2) жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу нысанындағы қайта ұйымдастырылуды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда;
      3) лицензия лицензиарға ерікті түрде қайтарылғанда;
      4) лицензияланатындардың тізбесінен өтінілген қызмет түрі алып тасталса тоқтатылады.

      20. Лицензияның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны лицензиарға қайтаруға міндетті.

      21. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      22. Берілген, қайта ресімделген, қолданылуын тоқтата тұрған, қайта басталған және қолданылуы тоқтатылған лицензиялар туралы мәліметтер лицензиялар тізілімінде ескеріледі.

      23. Лицензиялар тізілімінде мынадай мәліметтер:
      1) лицензиардың атауы;
      2) лицензияның берілген күні және нөмірі;
      3) дара кәсіпкер үшін - жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты, тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжатының деректері, сондай-ақ жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген  жағдайда куәліктің нөмірі және оның берілген күні;
      4) заңды тұлға үшін - атауы және ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жері;
      5) қызмет түрі;
      6) лицензияның қолданылу мерзімі;
      7) салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
      8) төлем тапсырмасының нөмірі және лицензиялық алым төленген күн;
      9) лицензияны қайта ресімдеу негіздері және күні;
      10) лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, қайта бастау негіздері және күні;
      11) лицензияның қолданылуын тоқтату негіздері және күні көрсетілуге тиіс.

3. Ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын әзірлеу және
өткізу (оның ішінде өзге де беру) жөніндегі қызметті
лицензиялық бақылау

      24. АКҚҚ әзірлеу және өткізу (оның ішінде өзге де беру) жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін және біліктілік талаптарын лицензиаттардың сақтауына лицензиар лицензиялық бақылауды жүзеге асырады.

      25. Лицензиар лицензиялық бақылауды жүзеге асыру кезінде:
      1) техникалық құралдарды ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарына жатқызу мәніне техникалық зерттеу жүргізеді;
      2) лицензиарға бақылау функцияларын орындау үшін қажетті лицензияланатын қызмет түрін жүргізуі туралы ақпаратты лицензиаттан сұрайды.

      26. Лицензиаттар лицензиарға АКҚҚ әзірлеу және өткізу (оның ішінде өзге де беру) жөніндегі қызметті лицензиялау жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар жібере алады.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2007 жылғы 30 қарашадағы
N 1160 қаулысымен
бекітілген    

Ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын
әзірлеу және өткізу (оның ішінде өзге де беру) жөніндегі
қызметке қойылатын біліктілік талаптары

      1. Ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын (бұдан әрі - АКҚҚ) әзірлеу және өткізу (оның ішінде өзге де беру) жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары мыналардың:
      1) заңды тұлға үшін - физика-математика немесе техника мамандықтары бойынша жоғары білімі, сондай-ақ криптография саласында білімі бар кемінде үш маманның болуын;
      2) жеке тұлға үшін - физика-математика немесе техника мамандығы бойынша жоғары білімінің, сондай-ақ криптография саласында білімінің болуын;
      3) өтінілген қызмет түрін жүзеге асыру үшін техникалық құралдар мен үй-жайлардың болуын;
      4) лицензиардың сұрау салуы бойынша статистикалық және анықтамалық мәліметтер беру мақсатында осы біліктілік талаптарына 1 және 2-қосымшаларға сәйкес әзірленген және өткізілген АКҚҚ-ны есепке алу журналдарының болуын қамтиды. Журналдардың парақтары нөмірленген, тігілген және лицензиардың мөрімен бекітілген болуы тиіс.
      2. Криптография саласындағы білім деңгейін бағалау біліктілік сынақтарының нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.
      3. АКҚҚ саласындағы біліктілік сынақтарын тапсыру үшін сұрақтардың тізбесін лицензиар белгілейді.

Ақпаратты криптографиялық
қорғау құралдарын әзірлеу және
өткізу (оның ішінде өзге де беру)
жөніндегі қызметке қойылатын
біліктілік талаптарына
1-қосымша       

Әзірленген АКҚҚ-ны есепке алу
N ___ ЖУРНАЛЫ

Р/с
N
Күні АКҚҚ-ның
атауы
Есепке алу
немесе
зауыттық
нөмірі
Арналуы (шифрлеу, дәлме-дәл
ету, генерациялау немесе
кілтпен басқару)
1 2 3 4 5










  Ақпаратты криптографиялық
қорғау құралдарын әзірлеу және
өткізу (оның ішінде өзге де беру)
жөніндегі қызметке қойылатын
біліктілік талаптарына
2-қосымша     

Өткізілген АКҚҚ-ны есепке алу
N ____ ЖУРНАЛЫ

Р/с
N
Күні АКҚҚ-ның
атауы
Есепке алу
немесе
зауыттық
нөмірі,
өндіруші
Заңды, жеке тұлғалар,
филиалдар мен сатып алушы
өкілдіктер туралы деректер
(шарттың N, Т.Ә.А. немесе
атауы, ЖСН немесе БСН,
СТН, мекен-жайы, телефоны)
1 2 3 4 5