"Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі Заңы 17-бабының 8) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қоса беріліп отырған Халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 2 қарашадағы
N 1033 қаулысымен
бекітілген
Халықаралық және республикалық маңызы бар тарих
және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беру ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беру ережесі "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі Заңы 17-бабының 8) тармақшасына сәйкес әзірленді әрі халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін (бұдан әрі - ескерткіштер) пайдалануға беру тәртібін белгілейді.
2. Ескерткіштерді пайдалануға беру тәртібі
2. Мемлекеттің меншігі болып табылатын ескерткіштер тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) шешімі бойынша жеке және заңды тұлғаларға (өтініш берушілер) ғылыми, мәдени-ағарту, туристік және өзге де мақсаттар үшін пайдалануға беріледі.
3. Мемлекет меншігі болып табылмайтын ескерткіштер жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдалануға беріледі.
4. Жеке және заңды тұлғалар мемлекет меншігі болып табылатын ескерткіші пайдалануға алу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:
жеке тұлғалар үшін:
1) ескерткішті пайдалануға алу мақсаты көрсетілген, ескерткішті пайдаланудың қысқаша сипаттамасы бар өтініш;
2) жеке куәлігінің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
заңды тұлғалар үшін:
1) ескерткішті алу мақсаты көрсетілген, ескерткішті пайдаланудың қысқаша сипаттамасы бар өтініш;
2) заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгені (қайта тіркелгені) туралы куәлігінің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
3) жарғының нотариалды куәландырылған көшірмесі.
5. Уәкілетті орган жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін өтініш тіркелген күнінен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде қарайды және оларға қабылданған шешім туралы жазбаша нысанда хабарлайды.
6. Мәселе оң шешілген жағдайда уәкілетті орган мен өтініш берушінің арасында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекет меншігі болып табылатын ескерткішті пайдалануға беру шарты жасалады.
7. Уәкілетті орган теріс шешім қабылдаған кезде, өтініш берушіге ескерткішті пайдалануға беруден дәлелді бас тарту жазбаша нысанда жіберіледі.
8. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары ескерткішті пайдаланушыға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен қорғау міндеттемесін береді.
9. Мемлекеттік меншікке ескерткішті пайдалануға берген кезде пайдаланушыдан ескерткішті пайдаланғаны үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген жалдау ақысының ставкалары бойынша жалдау ақысы өндіріп алынады.
10. Ескерткішті пайдалануға беруден бас тарту үшін мыналар негіз болып табылады:
1) жеке немесе заңды тұлға өтініш берген ескерткіштің пайдалануда болуы;
2) егер ескерткішті пайдаланудың мақсаты мен сипаттамасы ескерткіштің жай-күйіне нұқсан келтіретін болса;
3) егер ескерткішті пайдаланудың мақсаттары оның бастапқы мақсатына сәйкес келмесе;
4) егер осы Ереженің 4-тармағында көзделген барлық құжаттар ұсынылмаса, өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған кезде өтініш жалпы негіздерде қаралады.
11. Ескерткіштерді пайдаланып отырған жеке және заңды тұлғалар ескерткіштерді сипаты мен мақсатына сәйкес пайдалану міндеттерін олар бұзған жағдайда, соның салдарынан тарих және мәдениет ескерткіші жойылу немесе бүліну қатеріне ұшыраса, олар пайдалану құқығынан айырылады.
Ескерткішті пайдалану құқығынан айыру, егер ескерткішті қорғау міндеттемесінде өзгеше көзделмесе, ескерткіштің меншік иесінің немесе уәкілетті органның өтініші негізінде соттың шешімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.