Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 12 қазандағы N 944 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1.   Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Фармацевтикалық бақылау комитеті болып қайта аталсын.

      2. "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы N 1117 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 41, 529-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі туралы ереже және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі осы қаулыға 1, 2-қосымшаларға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      4. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер бекітілсін.

      5. Осы қаулы:
      1) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап отыз күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 4-тармақты;
      2) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы қызметке тағайындалған күнінен бастап қолданысқа енгізілетін осы қаулыға 1-қосымшаның 23-тармағын қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2007 жылғы 12 қазандағы
N 944 Қаулысына  
1-қосымша     

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2004 жылғы 28 қазандағы
N 1117 қаулысымен 
бекітілген    

  Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) азаматтардың денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, дәрілік заттар айналымы, медициналық қызметтің сапасын бақылау саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады.
      Министрліктің мынадай ведомстволары: Фармацевтикалық бақылау комитеті, Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті, Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитеті, сондай-ақ қосымшаға сәйкес ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік ұйымдары болады.

      2. Министрлік өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Министрлік мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес қазынашылық органдар мен банктерде шоттары болады.

      4. Министрлік азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Министрліктің, егер ол заңнамаға сәйкес осыған уәкілетті болса, мемлекет атынан әрекет етуге құқығы бар.

      6. Министрлік өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Министрдің бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Министрліктің штат санының лимитін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Министрліктің құрылымын, штат санын министрліктің жауапты хатшысы бекітеді.

      8. Министрліктің заңды мекен-жайы: 010000, Астана қаласы, Сол жақ жағалау, Министрліктер үйі, 5-кіреберіс.

      9. Министрліктің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі" мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Министрліктің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Министрліктің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Министрлікке өзінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Министрлікке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілген болса, онда мұндай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

  2. Министрліктің негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары

      13. Министрліктің қызметі саласындағы негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
      1) денсаулық сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы мен білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізу;
      2) заңнамаға сәйкес азаматтардың мемлекет кепілдік берген көлем шегінде тегін медициналық көмек алуын қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
      3) халықты және емдеу-алдын алу ұйымдарын қауіпсіз, тиімді және сапалы дәрілік заттармен қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
      4) денсаулық сақтау, оның ішінде медицина ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру.

      14. Министрлік өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес заңнамада белгіленген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы, медициналық қызметтердің сапасы, санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық, дәрілік заттар айналымы, медициналық және фармацевтикалық ғылым мен білім беру, сондай-ақ денсаулық сақтау саласында ақпараттық және коммуникациялық технологияларды дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      денсаулық сақтау саласындағы іргелі және қолданбалы сипаттағы ғылыми әзірлемелердің басымдықтарын айқындау;
      тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің тізбесін әзірлеу;
      диагностика мен емдеу хаттамаларын әзірлеу және бекіту;
      денсаулық сақтау стандарттарын әзірлеу және бекіту;
      салалық көтермелеу жүйесін әзірлеу және бекіту;
      дәрілік заттар айналымы саласындағы техникалық регламенттерді әзірлеу;
      салааралық үйлестіруді жүзеге асыру, сондай-ақ мемлекеттік, салалық (секторальдық) және өңірлік бағдарламаларды іске асыру бойынша қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл;
      ведомстволық тиесілігіне қарамастан, денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін үйлестіру;
      тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арнаған тарифтерді қалыптастыру және жұмсалатын шығындарды жоспарлау әдістемесін айқындау;
      дәрілік заттарды сынауды және (немесе) зерттеуді жүзеге асыратын аккредиттелген сынақ зертханаларының тізбесін айқындау;
      түпнұсқа дәрілік заттардың атауын бекіту тәртібін айқындау;
      дәрілік заттарды дәрігердің рецептісі бойынша және дәрігердің рецептісінсіз берілетін дәрілік заттардың тізбелеріне жатқызудың өлшемін айқындау;
      дәрілік заттар, санитарлық-эпидемиологиялық және әлеуметтік-гигиеналық мониторингін жүргізу тәртібін айқындау;
      фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын мамандарды мерзімдік аттестаттаудың тәртібін айқындау;
      дәрілік заттарды мемлекеттік тіркеудің, қайта тіркеудің және оларға берілген нормативтік құжаттарда көрсетілмеген адам денсаулығы үшін қауіпті жанама әсерлері анықталған жағдайда дәрілік заттарды мемлекеттік тіркеу туралы шешімді қайтарып алудың тәртібін айқындау;
      дәрілік заттарды негізгі (өмірлік маңызды) дәрілік заттарға жатқызу тәртібін айқындау;
      денсаулық сақтау саласында республикалық ақпараттық және коммуникациялық жүйелерді құруды және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
      медицина және фармацевтика ғылымын дамытуды қамтамасыз ету және денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызметті үйлестіру;
      медициналық және фармацевтикалық білім беру саласындағы қызметпен айналысуға қорытынды беру және лицензиялауға қатысу;
      денсаулық сақтау саласындағы статистикалық есепке алу мен есеп беруді жүргізуді қамтамасыз ету;
      медицина және фармацевтика мамандықтары бойынша даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру;
      мемлекеттік жалпы білім беру стандарттарын және медициналық және фармацевтикалық білім берудің типтік оқу бағдарламаларын бекіту;
      денсаулық сақтау ұйымдарының номенклатураларын, олардың қызметі туралы ережені; медицина және фармацевтика мамандықтарының номенклатуралары мен біліктілік сипаттамаларын; денсаулық сақтау ұйымдарының құрылымын, типтік штаттары мен штаттық нормативтерін; халыққа медициналық қызмет көрсетудің көлемі мен деңгейінің нормативтерін әзірлеу және бекіту;
      медицина және фармацевтика кадрларының, оның ішінде шетелде біліктілігін арттыру мен қайта даярлау тәртібін әзірлеу және бекіту;
      клиникаға дейінгі зерттеулерді, медициналық-биологиялық эксперименттер мен клиникалық сынақтарды жүргізу тәртібін айқындау;
      еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша денсаулық сақтау ұйымдары басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының типтік біліктілік сипаттамаларын әзірлеу және бекіту;
      медициналық көмек көрсету тәртібін айқындау;
      медициналық ұйымдардың өзара іс-қимыл тәртібін айқындау;
      біліктілік емтихандарын өткізу тәртібін айқындау;
      клиникаға дейінгі және клиникалық базалардың тізбесін бекіту;
      интернатура, резидентура туралы ережелерді бекіту;
      интернатураның, резидентураның клиникалық мамандықтарының тізбесін бекіту;
      қан қызметі саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда қан мен оның компоненттерін, қан препараттарын, консервациялаушы құралдарды дайындау, қайта өңдеу, сақтау, сату тәртібін айқындау;
      денсаулық сақтау ұйымдарында қан мен оның компоненттерін, қан препараттарын сақтау, құю тәртібін айқындау;
      донорды медициналық тексеру тәртібін айқындау;
      азаматтарды хирургиялық стерильдеуді жүргізу, жүктілікті жасанды түрде тоқтату, донорлықты және жыныстық жасушаларды сақтау, қосалқы ұрпақты болу әдістері мен технологияларын қолдану тәртібі мен шарттарын айқындау;
      білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, кәмелетке толмағандарға адамгершілік-жыныстық білім беру, тәрбиелеу және ұрпақты болу денсаулығын сақтау жөніндегі білім беру бағдарламаларын әзірлеу;
      азаматтарды қатыстыра отырып, ұрпақты болу денсаулығы саласында ғылыми зерттеулер жүргізу тәртібін айқындау;
      алдын ала медициналық тексерулер жүргізу тәртібін әзірлеу және бекіту;
      мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторында емдеуге тыйым салынатын аурулардың тізбесін әзірлеу және бекіту;
      уақытша еңбекке жарамсыздық туралы парақты немесе анықтаманы беру тәртібін айқындау;
      медициналық білім беру ұйымдарының клиникалық базалары туралы ережелерді бекіту;
      жыныстық сәйкестігі бұзылған адамдар үшін жынысын ауыстыруды медициналық куәландыру мен жүргізу ережесін әзірлеу және бекіту;
      алдын алудың, диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын қолданудың тәртібін айқындау;
      тіндерді және (немесе) органдарды (органдардың бөліктерін) алу, консервациялау, адамнан адамға, мәйіттен адамға және жануарлардан адамға трансплантациялауды жүргізу тәртібін әзірлеу және бекіту;
      балаларды балалар үйіне және білім беру ұйымдарына, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарға орналастыруға медициналық қарсы айғақтар тізбесін айқындау;
      әлеуметтік елеулі аурулар мен айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың тізбесін әзірлеу;
      Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражатының есебінен шетелге емделуге жіберу ережесін әзірлеу;
      кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың сұрауы бойынша кәмелетке толмағандар арасында нашақорлықтың, уытқұмарлықтың және алкоголизмнің таралуы, сондай-ақ қоныстану орны, денсаулық сақтау мекемелері қызметінің мүмкіндіктері мен нәтижелері туралы ақпарат беру;
      босандыру мекемелерінде, балалар емханаларында, бастапқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінде "қатерлі" топтағы балаларды неғұрлым ерте анықтау және анықталған "қатерлі" топтағы және мүмкіндіктері шектеулі балаларды психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларға жіберу үшін скрининг ұйымдастыру тәртібін айқындау;
      денесінің және (немесе) психикалық кемістіктері бар балалардың әртүрлі патология түрлерін диагностикалауды, емдеуді ұйымдастыру тәртібін айқындау;
      білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, "қатерлі" топтағы балаларды ерте анықтау мәселелері бойынша жалпы практика дәрігерлерін, педиатрларды және орта медицина қызметкерлерін даярлауды қамтамасыз ету;
      азаматтардың денсаулығы мүддесіндегі салааралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
      ведомстволық бағыныстағы денсаулық сақтау ұйымдарын жарақтандыру және мемлекеттік сатып алуды жүргізу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;
      табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда донорлық қан мен оның компоненттерін тапсыру пункттерін ұйымдастыру бойынша басшылықты жүзеге асыру;
      денсаулық сақтау, санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық саласындағы және дәрілік заттар айналымы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, нормативтік құжаттарды және есепке алу-есеп беру құжаттамасы нысандарын бекіту;
      медициналық қызметтерді, алдын алудың, диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын жарнамалау ережесін бекіту   және оларды жарнамалауға рұқсат беру тәртібін айқындау;
      дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөніндегі    нормативтік-техникалық   құжаттар жасау ережесін бекіту;
       тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде халықты қамтамасыз   ету үшін негізгі (өмірлік маңызды) дәрілік заттардың тізімін бекіту;
      амбулаториялық емдеу кезінде дәрілік заттар мен арнайы емдік тағамдар рецептілер   бойынша тегін және жеңілдікті жағдайларда берілетін аурулардың түрлері мен   халықтың жекелеген санаттарының тізбесін бекіту;
       тегін   медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету үшін тауарлар мен қызметтерді сатып алу жөніндегі тендерлік құжаттаманы бекіту;
       фармакопеялық құжаттарды және дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөніндегі басқа да нормативтік-техникалық құжаттарды бекіту, сондай-ақ дәрілік заттарды өндірудің технологиялық регламенттерін келісу, оларды есепке алу және жүйелеу;
      тиімділігіне, қауіпсіздігі мен сапасына сараптама жүргізу үшін Қазақстан Республикасының аумағында айналымда жүрген дәрілік заттарды алу ережесін бекіту;
      рецептілерді жазып беру, дәрілік заттарды есепке алу мен беру ережесін бекіту;
      халыққа медициналық көмек көрсету үшін бастапқы көмек қобдишаларының құрамын бекіту;
      тәуекелді бағалауды жүргізу тәртібін айқындау;
      денсаулық сақтау саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру мен қайта   даярлауды ұйымдастыру және жүргізу;
      ұрпақты болу денсаулығы саласындағы ақпараттық және ағарту қызметін қамтамасыз ету;
      профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялайтын) препараттарды сақтау, тасымалдау және пайдалану тәртібін айқындау;
      санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мемлекеттік органдары мен ұйымдарының қызметін регламенттейтін санитарлық ережелер мен нормативтік құқықтық актілерді бекіту;
       жұқпалы, паразиттік, кәсіби аурулар мен улануларды тіркеу тәртібін, есепке алуды жүргізу, сондай-ақ олар бойынша есептілік жүргізу тәртібін бекіту;
      халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы есепке алу, есептілік тәртібін бекіту;
      халықтың декреттелген топтарын жұмысқа қабылдануы кезінде және оларға жұмысқа рұқсат беру кезінде міндетті алдын ала медициналық тексеру жүргізу тәртібі мен мерзімділігін бекіту;
      зиянды өндірістік факторлардың, алдын ала және мерзімдік медициналық тексерулер міндетті болатын кәсіптердің тізбесін бекіту;
      медициналық құжаттар беру, есепке алу мен жүргізу тәртібін айқындау;
      санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу тәртібін бекіту;
      санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдарының зертханаларын санитарлық ережелерге сәйкестігіне және тиісті құжат бере отырып, тәуекелді бағалауды жүзеге асыру құқығына аттестаттауды жүргізу тәртібін бекіту;
      санитарлық паспортты беру, есепке алу мен жүргізу тәртібін айқындау;
      актілердің, хаттамалардың, қаулылардың, ұйғарымдардың нысандарын, оларды жасау мен беру тәртібін бекіту;
      санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының жұқпалы, паразиттік, кәсіби аурулар мен адамдардың улану жағдайларын тексеру тәртібін бекіту;
      балаларға арналған тағамдарды, тамаққа қосылатын биологиялық белсенді қоспаларды (нутрицевтиктерді), генетикалық модификацияланған көздерді, бояғыштарды, материалдарды және сумен және азық-түлікпен араластырылған бұйымдарды, химиялық заттарды, адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімдер мен заттардың жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және мемлекеттік тіркеу туралы шешімдерді қайтарып алу тәртібін бекіту;
      санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мемлекеттік органдары мен ұйымдарының қызметін регламенттейтін гигиеналық нормативтер мен құқықтық актілерді бекіту;
      санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау объектілерін тексерудің еселілігін белгілеу;
      халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу және өзге де ұйымдардың ғылыми-зерттеу және ғылыми-практикалық тақырыптарды әзірлеу жөніндегі қызметін үйлестіру, оларды орындауға қатысу, ғылыми жетістіктерді практикалық қызметке енгізу;
      аурулар, тіршілік ету ортасының жай-күйі және өткізіліп жатқан санитарлық-індетке қарсы (алдын алу) іс-шаралар туралы халықты уақтылы хабардар ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;
      гигиеналық оқытуды, оның ішінде халықтың декреттелген тобын санитарлық ережелерге, гигиеналық нормативтерге оқытуды және салауатты өмір салтын насихаттауды ұйымдастыру;
      санитарлық-эпидемиологиялық және әлеуметтік-гигиеналық мониторингті, сондай-ақ дәрілік заттар айналымы саласында ұйымдастыру және жүргізу;
      халықаралық практикада жалпы қабылданған тәуекелді бағалау әдістерін ескере отырып, тәуекелді бағалауды жүргізуге құқығы бар барлық ұйымдарға арналған бірыңғай әдіснаманы бекіту және тәуекелді бағалауды жүргізудің тәртібін бекіту;
      егер басқа елдердің санитарлық-індетке қарсы (алдын алу) іс-шаралары балама түрде Қазақстан Республикасының аумағында халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығының тиісінше деңгейін қамтамасыз етсе, бұл іс-шараларды тану;
      халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру;
      йод тапшылығы ауруларының тізбесін бекіту;
      өндірісінде йодталмаған тұз пайдаланылатын жекелеген тамақ өнімдері түрлерінің тізбесін бекіту;
      тұзды және йод қосылыстарымен байытылатын басқа да тамақ өнімдерін йодтау жөніндегі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бекіту;
      1) Министрлік ведомстволарға мынадай міндеттерді жүктейді:
      денсаулық сақтау, медициналық қызметтің сапасы, санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық саласындағы, дәрілік заттар айналымы, медицина және фармацевтика ғылымы мен білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
      өзінің құзыреті шегінде лицензиялауға тиіс қызмет түрлеріне лицензия беруге байланысты қызметті жүзеге асыру және лицензиаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету;
      әртүрлі бейін мамандарының қатарынан тәуелсіз сарапшылардың деректер банкін қалыптастыру;
      денсаулық сақтау субъектілерін аккредиттеу;
      денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін бағалаудың тәуелсіз сараптамасын жүргізу үшін жеке және заңды тұлғаларды аккредиттеу;
      жергілікті мемлекеттік денсаулық сақтауды басқару органдарының, республикалық денсаулық сақтау ұйымдары мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің басшыларын, сондай-ақ басшылардың орынбасарларын кәсіби құзыреттілікке аттестаттауды өткізу;
      денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар мен білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды ұйымдастыру және өткізу;
      фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын мамандарды бес жылда бір рет мерзімділікпен кәсіби құзыреттілікке аттестаттауды өткізу;
      дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың жарнамасына рұқсат беру;
      медициналық және фармацевтикалық білімі бар мамандар үшін біліктілік санатын беруге арналған емтихандар өткізу;
      дәрілік заттарды, медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды әкелуді және әкетуді келісу;
      дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу, тіркеу құжатына өзгерістер енгізу, оларды мемлекеттік тіркеуді тоқтата тұру және мемлекеттік тіркеу туралы шешімді қайтарып алу;
      медициналық қызметтер көрсету саласындағы бақылау;
      денсаулық сақтау практикасында алдын алудың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарының қолданылуын бақылау;
      денсаулық сақтау практикасында алдын алудың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын қолдануды бақылау;
      көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен көлемін бақылау;
      дәрілік заттар айналымы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруда дәрілік заттар айналымы саласындағы субъект қызметінің Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына сәйкестігі немесе сәйкессіздігі туралы фармацевтикалық зерттеу актісін жасау;
      қосылған құн салығынан босатуға жататын денсаулық сақтау ұйымдары мен фармацевтикалық қызмет объектілеріне жеткізілетін тауарлардың мақсатты пайдаланылуын растау;
      азаматтардың көрсетілетін медициналық көмек пен медициналық қызметтердің деңгейі мен сапасына қанағаттану дәрежесін анықтау;
      жеке және заңды тұлғалардың көрсетілген медициналық көмектің, фармацевтикалық қызметтің сапасы мәселелері жөніндегі шағымдарын, өтініштерін қарау;
      дәрілік заттарды қоспағанда, алдын алудың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын денсаулық сақтау практикасында қолдануға рұқсаттар беру;
      жеке тұлғаларға халықтық медицинамен (емшілікпен) айналысуға куәлік беру және олардың қызметтерін бақылау;
      дәрілік заттар айналымы саласында сараптама жүргізуді бақылау;
      санитарлық-эпидемиологиялық сараптама мен дәрілік заттардың сараптамасын қоспағанда, медициналық сараптама жүргізуді бақылау;
      медициналық қызметтердің, сондай-ақ алдын алудың, диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарының жарнамасын бақылау;
      жергілікті атқарушы органдар арқылы аумақтық денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының азаматтардың ұрпақты болу денсаулығын сақтау жөніндегі қызметін бақылау;
      денсаулық сақтау ұйымдарында стационарлық емдеудегі сырқаттарға дәрілік заттардың тағайындалуын бақылау;
      медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейлерінде дәрілік заттардың ұтымды пайдаланылуын бақылау;
      жеке және заңды тұлғалардың дәрілік заттар айналымы саласындағы фармацевтикалық қызметін мемлекеттік бақылау;
      дәрілік заттардың жарнамасын бақылау;
      Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау;
      Қазақстан Республикасының аумағын жұқпалы, паразиттік аурулардың әкелінуі мен таралуынан санитарлық қорғау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;
      халыққа жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала егулердің ұйымдастырылуы мен жүргізілуін бақылау;
      өзінің құзыреті шегінде тағамнан улану, жұқпалы, паразиттік және басқа да аурулар, оның ішінде белгісіз этиология кезінде санитарлық-індетке қарсы (алдын алу) іс-шаралар кешенін ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      өзінің құзыреті шегінде жобаларды мемлекеттік сараптауға қатысу;
      аурулардан таза немесе аурулардың таралу деңгейі төмен аумақтар мен олардың бөліктерін айқындау;
      санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органдары мен ұйымдарының қызметін үйлестіру;
      мемлекеттік органдардың қарауына халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы жөнінде ұсыныстар шығару;
      санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерге сәйкестігі (сәйкессіздігі) туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды беру;
      Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған ықтимал қауіпті химиялық, биологиялық заттардың тіркелімін және Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген заттар мен өнімдердің мемлекеттік тізілімін жасау және жүргізу;
      өнімге, тауарларға, процестерге, қызметтер мен жобалау нормаларына мемлекеттік стандарттардың жобаларын келісу;
      балаларға арналған тағамдарды, тамаққа қосылатын биологиялық белсенді қоспаларды (нутрицевтиктерді), генетикалық түрлендірілген көздерді, бояғыштарды, сумен және азық-түлікпен араластырылған материалдар мен бұйымдарды, химиялық заттарды, адам денсаулығына зиянды әсерін тигізетін өнімдер мен заттардың жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және мемлекеттік тіркеу туралы шешімдерді қайтарып алу жөніндегі сараптама комиссияларын құру;
      балаларға арналған тағамдарды, тамаққа қосылатын биологиялық белсенді қоспаларды (нутрицевтиктерді), генетикалық түрлендірілген көздерді, бояғыштарды, сумен және азық-түлікпен араластырылған материалдар мен бұйымдарды, химиялық заттарды, адам денсаулығына зиянды әсерін тигізетін өнімдер мен заттардың жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және мемлекеттік тіркеу туралы шешімді қайтарып алуды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген заттар мен өнімдердің мемлекеттік тізілімін мерзімдік баспа басылымдарында жариялау;
      жұқпалы, паразиттік, кәсіби және басқа да аурулар мен улануларды тіркеуді жүзеге асыру;
      жобалардың санитарлық-эпидемиологиялық сараптамасын жүргізу;
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өтетін пункттерде автомобиль, теңіз, темір жол және әуе қатынастарында санитарлық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру және тиісті аумақта жұқпалы, паразиттік аурулардың, сондай-ақ адам денсаулығы үшін ықтимал қауіпті заттар мен өнімдер әкелінген және таралған жағдайда санитарлық-эпидемиологиялық (алдын алу) іс-шаралар жүргізу;
      тиісті деректер банкін жасай отырып, санитарлық-эпидемиологиялық және әлеуметтік-гигиеналық мониторингті жүзеге асыру, есепке алу мен статистиканы жүргізу;
      адамдарды, тамақ өнімдерін, азық-түлік шикізаттарын, шаруашылыққа арналған және ауыз суды, химиялық уытты және радиациялық заттарды тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралдарын санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерге сәйкестігіне тексеруді жүзеге асыру, сондай-ақ оларды пайдалануға келісім беру;
      басқа да мемлекеттік органдармен және ұйымдармен халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы өзара іс-қимыл;
      дезинфекцияны, дезинсекцияны және дератизацияны ұйымдастыру және олардың объектілер мен ошақтарда жүргізілуін бақылау;
      өзінің құзыреті шегінде тәуекелді бағалауды жүргізу;
      жұқпалы аурулардың алдын алу жөніндегі іс-шаралардың ұйымдастырылуы мен өткізілуін бақылау;
      өнімге, тауарларға, процестер мен қызметтерге арналған жоба алдындағы және жобалық құжаттамаларды, стандарттарды қарау және келісу, сондай-ақ өзінің құзыреті шегінде міндетті түрде лицензиялануы тиіс қызмет түрлеріне қорытындылар беру;
      санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдарының зертханаларын санитарлық ережелерге сәйкестігіне аттестаттауды жүргізу;
      алдын алу (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялайтын) препараттарының сақталуын, тасымалдануы мен пайдаланылуын бақылау;
      Қазақстан Республикасының йод тапшылығы ауруларының алдын алу туралы заңнамасы талаптарының орындалуын бақылау.

      15. Министрлік өзіне жүктелген негізгі міндеттерді іске асыру және өзінің функцияларын жүзеге асыру үшін заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) өзінің құзыреті шегінде орындалуы үшін міндетті нормативтік құқықтық актілер қабылдауға;
      2) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, өзге ұйымдардан, өзге ұйымдардан және лауазымды тұлғалардан қажетті ақпарат сұратуға және алуға;
      3) қолданыстағы заңнамалық актілерде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

  3. Министрліктің қызметін ұйымдастыру

      16. Министрлікке Министр басшылық етеді, ол өзіне бағынатын Министрліктің жұмысына дербес жауап берді.

      17. Министрді Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      18. Министр:
      1) денсаулық сақтау саласындағы саясатты қалыптастырады;
      2) заңнамада көзделген шекте салааралық үйлестіруді қамтамасыз етеді;
      3) өзінің орынбасарларының өкілеттіліктерін белгілейді;
      4) ведомствоның құзыретін және өзге мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды;
      5) Министрліктің құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілер қабылдайды;
      6) Қазақстан Республикасының Парламентінде, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Министрлікті білдіреді;
      7) Министрліктің стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын бекітеді;
      8) мемлекеттік қызмет көрсету регламенттері мен стандарттарын бекітеді;
      9) ведомстволық бағыныстағы денсаулық сақтау ұйымдарының қызметіне басшылықты жүзеге асырады;
      10) ведомстволық бағынысты денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары мен оның орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      11) өзінің құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.

      19. Министрлік қабылдаған шешімдер Министрдің немесе оны алмастыратын тұлғаның бұйрықтарымен ресімделеді.

      20. Министрліктің аппаратын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын жауапты хатшы басқарады.

      21. Үкіметтің, Министрдің отставкасы жауапты хатшының өкілеттіктерін тоқтатуға әкелмейді.

      22. Жауапты хатшы өзінің қызметін жүзеге асырған кезде Қазақстан Республикасының Президентіне, Премьер-Министрге, Министрге есеп береді.

      23. Жауапты хатшы:
      1) Министр қалыптастыратын денсаулық сақтау саласындағы саясатты іске асырады және оның тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз етеді;
      2) Министрліктің аппаратына басшылықты жүзеге асырады: оның бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
      3) Министрліктің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдастыру-құқықтық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
      4) Министрмен келіскеннен кейін Министрліктің және оның ведомстволарының, сондай-ақ аумақтық органдардың құрылымы мен штат санын бекітеді;
      5) Министрмен келіскеннен кейін Министрліктің құрылымдық бөлімшелері және оның аумақтық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
      6) Министрліктің тәртіптік, аттестаттау және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, атқарушылық және еңбек тәртібінің сақталуын, кадр қызметінің жұмысын және құжат айналымын ұйымдастыруды бақылайды;
      7) Министрліктің қызметін қамтамасыз ету және өзіне жүктелген міндеттерді орындау мақсатында мемлекеттік сатып алуды жүргізуді ұйымдастырады;
      8) Министрмен келіскеннен кейін Министрліктің департаменттері мен басқармаларының басшыларын, Министрліктің аумақтық бөлімшелерінің басшыларын және басшыларының орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      9) ведомстволардың басшылары тағайындау үшін ұсынатын ведомстволар басшыларының орынбасарларын тағайындауды Министрмен келіседі;
      10) еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Министрліктің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      11) Министрмен келісім бойынша Министрліктің қызметкерлерін іссапарға жіберу, демалыстар беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар төлеу және сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;
      12) Министрмен келісім бойынша еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Министрлік қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;
      13) Министрліктің Республика Президенті, Үкіметі және Министр бекітетін стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының әзірленуін қамтамасыз етеді;
      14) Министрліктің жыл сайынғы жұмыс жоспарын және оның қызметінің нәтижелері туралы жыл сайынғы есептің әзірленуін қамтамасыз етеді және министрге бекітуге ұсынады;
      15) Министрліктің бюджеттік өтінімін дайындауды, бюджеттік өтінімді Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізетін Министрге ұсынуды, сондай-ақ бюджет процесінің өзге де рәсімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді; 
      16) Министрмен келіскеннен кейін Министрлікті қаржыландыру жоспарларын және оның қаржылық есептілігін әзірлеуді қамтамасыз етеді және бекітеді;
      17) мемлекеттік қызмет көрсету регламенттері мен стандарттарын әзірлеуді қамтамасыз етеді;
      18) Министрліктің құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;
      19) Министрлікке келісуге түскен нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша қорытындылар дайындауды ұйымдастырады;
      20) өз өкілеттіктері шегінде мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара қатынастарда Министрлікті білдіреді;
      21) Қазақстан Республикасының заңдарымен және Республика Президентінің актілерімен жауапты хатшыға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      24. Жауапты хатшы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзіне жүктелген міндеттерді орындауға жауапты болады.

      25. Министрліктің консультациялық-кеңесші органы болып табылатын алқасы болады. Алқаның сандық және дербес құрамын Министрліктің құрылымдық бөлімшелері басшыларының қатарынан Министр бекітеді.

      26. Министрліктің қызметін ұйымдастырудың өзге мәселелері, оның қызметін қамтамасыз ететін лауазымды тұлғалардың құқықтары мен міндеттері, құрылымдық бөлімшелердің құзыреті мен өкілеттілігі жауапты хатшы бекітетін Министрліктің жұмыс регламентімен және құрылымдық бөлімшелер туралы ережелермен белгіленеді.

  4. Министрліктің мүлкі

      27. Министрліктің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.
      Министрліктің мүлкі оған мемлекет берген, сондай-ақ құны министрліктің теңгерімінде көрсетілген өзге де мүліктен тұрады.

      28. Министрлікке бекітіліп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      29. Министрліктің өзіне бекітіліп берілген мүлікті және, егер заңда өзгеше белгіленбесе, қаржыландыру жоспары бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен айыруға немесе өзге тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.

  5. Министрлікті қайта ұйымдастыру және тарату

      30. Министрлікті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2007 жылғы 12 қазандағы
N 944 қаулысына 
2-қосымша     

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2004 жылғы 28 қазандағы
N 1117 қаулысымен 
бекітілген   

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағындағы ұйымдардың
тізбесі

  1. Мемлекеттік кәсіпорындар

      1. Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты
      2. Қазақ мемлекеттік медицина академиясы
      3. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы
      4. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты
      5. "Құрмет белгісі" орденді Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты
      6. Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты
      7. Масғұт Айқымбаев атындағы Қазақ карантиндік және зооноздық жұқпалар ғылыми орталығы
      8. С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті
      9. Қарағанды мемлекеттік медицина академиясы
      10. Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық   орталығы жанындағы емдеу-өндірістік шеберханасы
      11. Республикалық жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі    психиатриялық аурухана жанындағы емдеу-еңбек шеберханасы
       12. С.Ж. Сұбханбердин атындағы Қазақстан медицинасы мен денсаулық сақтау тарихы мұражайы
      13. А.Н. Сызғанов атындағы Хирургия ұлттық ғылыми орталығы
      14. Академик Б.О. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы
      15. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы
      16. Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы
      17. "Денсаулық сақтауды дамыту институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны
      18. Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығы
      19. Тері-венерология ғылыми-зерттеу институты
      20. Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты
      21. Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы
      22. Республикалық қан орталығы
      23. Республикалық орта медицина және фармацевтика қызметкерлерін даярлау және қайта даярлау колледжі
      24. "Ақсай" республикалық балалар клиникалық ауруханасы
      25. "Алатау" балалар клиникалық санаторийі
      26. Республикалық аллергология орталығы
      27. Республикалық оқу-әдістеме орталығы
      28. Семей мемлекеттік медицина академиясы
      29. Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығы
      30. Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі
      31. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы
      32. Нашақорлықтың медициналық-әлеуметтік проблемалары республикалық ғылыми-практикалық орталығы
      33. Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты
      34. Дәрілік заттарды сараптау және стандарттау республикалық базалық зертханасы
      35. Ұлттық ғылыми медициналық орталық
      36. Еңбек гигиенасы мен кәсіби аурулар ұлттық орталығы
      37. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Шаруашылық басқармасы
      38. Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығы
      39. Республикалық балаларды оңалту орталығы

  2. Мемлекеттік мекемелер

      40. Арал теңізі обаға қарсы күрес станциясы
      41. Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясы
      42. Атырау обаға қарсы күрес станциясы
      43. Жамбыл обаға қарсы күрес станциясы
      44. Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы
      45. Маңғыстау обаға қарсы күрес станциясы
      46. Талдықорған обаға қарсы күрес станциясы
      47. Орал обаға қарсы күрес станциясы
      48. Шалқар обаға қарсы күрес станциясы
      49. Шымкент обаға қарсы күрес станциясы
      50. Қазақ республикалық лепрозорийі
      51. Қазақстан Республикасының туберкулез проблемалары ұлттық орталығы
      52. Отан соғысының мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпиталь
      53. Отан соғысының мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпиталь
      54. "Балбұлақ" республикалық балаларды оңалту орталығы
      55. Жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық аурухана
      56. ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталық
      57. Қазақ республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станциясы
      58. Балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық оңалту орталығы
      59. Республикалық ғылыми-медициналық кітапхана
      60. "Қарағай" республикалық оңалту орталығы
      61. Республикалық арнайы медициналық қамтамасыз ету орталығы
      62. Сот медицинасы орталығы

    3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік

      63. Астана қаласында салынып жатқан денсаулық сақтау объектілерінің дирекциясы

  4. Акцияларының мемлекеттік пакеттері
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне
иелік етуге және пайдалануға берілген акционерлік
қоғамдар

      64. Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы

      Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2007 жылғы 12 қазандағы
N 944 қаулысымен  
бекітілген  

 Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілген өзгерістер

      1. "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 29 қазандағы N 1124 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 42, 533-құжат) 1-тармағының 1) және 2) тармақшалары мен 2-тармағы алынып тасталсын.

      2. "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 29 қазандағы N 1125 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 42, 534-құжат) 1-тармағының 1) және 2) тармақшалары мен 2-тармағы алынып тасталсын.

      3. "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 15 желтоқсандағы N 1327 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 49, 628-құжат) 2 және 3-тармақтары алынып тасталсын.

      4. "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің қарамағындағы ұйымдарды қайта атау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 21 шілдедегі N 760 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 31, 403-құжат) 3-тармағының 1) тармақшасы алынып тасталсын.

      5. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 27 ақпандағы N 134 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., N 7, 58-құжат) бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырудың 13-тармағы алынып тасталсын;

      6. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2009.10.07 N 1541 Қаулысымен.