Азаматтық қызметке кіру және азаматтық қызметшінің бос лауазымына орналасуға конкурс өткізу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 қыркүйектегі N 849 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 29 қазандағы № 862 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.10.2015 № 862 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.


      РҚАО-ның ескертпесі.

      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 365 бұйрығын қараңыз.


      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Азаматтық қызметке кіру және азаматтық қызметшінің бос лауазымына орналасуға конкурс өткізу ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2007 жылғы 27 қыркүйектегі
N 849 қаулысымен   
бекітілген   

Азаматтық қызметке кіру және азаматтық қызметшінің бос лауазымына орналасуға конкурс өткізу ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Азаматтық қызметке кіру және азаматтық қызметшінің бос лауазымына орналасуға конкурс өткізу ережесі Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексіне сәйкес әзірленді және азаматтық қызметке кіру және азаматтық қызметшінің бос лауазымына орналасуға конкурс өткізу тәртібін белгілейді.

      2. Азаматтық қызметшінің бос лауазымына орналасуға конкурсты (бұдан әрі - конкурс) бос лауазымы бар мемлекеттік мекеме, қазыналық кәсіпорын (бұдан әрі - ұйымдар) ұйымдастырады және жүргізеді.

      3. Азаматтық қызметші лауазымына кандидатты іріктеу кезінде қажетті бейін бойынша білімі, кәсіби даярлық деңгейі, сондай-ақ азаматтық қызметшіге қойылатын біліктілік талаптарына (бұдан әрі - біліктілік талаптары) сәйкестігі негізгі талаптар болып табылады.

      4. Біліктілік талаптарын Қазақстан Республикасының қолданыстағы  заңнамасын ескере отырып, ұйым бекітеді.

       2. Азаматтық қызметке кіру

      5. Азаматтық қызметке кіру тағайындалу тәртібімен не конкурс бойынша жүзеге асырылады.

      6. Азаматтық қызметке қабылдау еңбек шартын жасасу және жұмыс берушінің актісін шығару жолымен жүзеге асырылады.
      Азаматтық қызметке конкурс бойынша кіруге конкурстық комиссияның (бұдан әрі - комиссия) оң қорытындысы негіз болып табылады.
      Азаматтық қызметші лауазымына тағайындалу үшін өтініш беруші Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 31-бабында көзделген құжаттарды ұйымға ұсынады.

      7. Ұйым басшысының азаматтық қызметші лауазымына өтініш берушіні тағайындау үшін ұсынымды қарау, келісу, оған енгізу рәсімі ұйымның ішкі актілерімен белгіленеді.

      8. Азаматтық қызметші лауазымына тағайындау тұлғаның тиісті бос лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуі шартымен жүзеге асырылады.

      9. Қазыналық кәсіпорынның басшысын тағайындауды кәсіпорынды мемлекеттік басқару органы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.
      Қазыналық кәсіпорын басшысының орынбасарларын мемлекеттік басқару органы осы кәсіпорын басшысының ұсынуы бойынша лауазымға тағайындайды.
      Лауазымға мемлекеттік басқару органы басшының ұсынуы бойынша тағайындалатын қазыналық кәсіпорын қызметкерлерінің номенклатурасы кәсіпорынның жарғысында белгіленеді.

      10. Мемлекеттік орган болып табылмайтын мемлекеттік мекемелердің басшыларын тағайындауды олар қарамағындағы мемлекеттік органдар жүргізеді.
      Мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы орта білім беретін мемлекеттік ұйымдардың басшыларын алмастыру білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен конкурстық негізде жүзеге асырылады.

      11. Осы Ереженің 9, 10-тармақтарының бірінші бөлігінде белгіленген талаптар Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын жекелеген жоғары оқу орындарының басшыларына қолданылмайды.

      12. Ұйымның филиалдары мен өкілдіктерінің басшыларын ұйымның уәкілетті органы тағайындайды.

      13. Азаматтық қызметші оның жазбаша өтініші бойынша тиісті ұйымдардың басшылары арасында келісу арқылы басқа ұйымға жұмысқа ауыстырылу тәртібімен тағайындалуы мүмкін.

      14. Жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлерінің лауазымдарын алмастыру білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен конкурстық негізде жүзеге асырады.

      15. Азаматтық қызметші лауазымына Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге жағдайларда тағайындауға болады.

3. Конкурс өткізу тәртібі

      16. Ұйымда азаматтық қызметшінің бос лауазымы болған жағдайда тиісті ұйым құжаттарды қабылдау аяқталған күнге дейін кемінде 15 күнтізбелік күн бұрын Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында конкурс өткізу туралы хабарландыру орналастырады.

      17. Хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдау аяқталатын күнге дейін қажетті құжаттарды табыс еткен азаматтар конкурсқа қатысушылар болып табылады.

      18. Комиссияның шешімі негізінде әңгімелесуге жіберілген конкурсқа қатысушылар азаматтық қызметшінің бос лауазымына орналасуға кандидаттар (бұдан әрі - кандидаттар) болып табылады.

      19. Комиссия алқалы орган болып табылады. Комиссия мүшелерінің саны бес адамнан кем болмауы тиіс.

      20. Комиссия төрағадан, хатшыдан (кадр қызметінің өкілі) және комиссия мүшелерінен тұрады.

      21. Конкурс өткізу жөніндегі комиссияның құрамына олармен келісім бойынша мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың өкілдері енгізілуі мүмкін.

      22. Ұйым:
      1) конкурс өткізу туралы шешім қабылдайды;
      2) конкурс өткізілетін күн мен орынды белгілейді;
      3) ұйымның қаражаты есебінен конкурс өткізу туралы хабарландырудың жариялануын қамтамасыз етеді;
      4) конкурсқа қатысу үшін ұсынылған құжаттарды қабылдауды, тіркеуді және сақтауды жүргізеді;
      5) комиссияны қалыптастырады және өз ұйымының өкілдері қатарынан комиссия төрағасын тағайындайды;
      6) комиссия отырысын ұйымдастырады.

      23. Конкурс өткізу туралы хабарландыруда мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
      1) азаматтық қызметшінің бос лауазымының атауы;
      2) ұйымның орналасқан жері, почталық мекен-жайы, телефоны көрсетілген атауы, оның негізгі қызметінің қысқаша сипаттамасы;
      3) конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптары;
      4) құжаттарды қабылдау аяқталатын күні мен уақыты.
      Хабарландыруда Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін қосымша ақпарат қамтылуы мүмкін.

      24. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген тұлға хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдайтын мерзімде ұйымға қолма-қол немесе почта арқылы мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілген конкурсқа қатысу туралы өтінішті;
      2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;
      3) толтырылған кадрларды есепке алу жөніндегі жеке парақты (нақты тұратын мекен-жайы мен байланыс телефондарын көрсетіп);
      4) лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес білімі туралы құжаттардың көшірмелерін;
      5) еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесін;
      6) алдын ала медициналық куәландырудан өткені туралы құжатты.
      Көрсетілген құжаттардың бірінің болмауы құжаттарды конкурсқа қатысушыға қайтару үшін негіз болып табылады.
      Конкурсқа қатысушы біліміне, жұмыс тәжірибесіне, кәсіби деңгейіне қатысты қосымша ақпарат (біліктілігін арттыру, ғылыми дәреже мен атақ беру, ғылыми жарияланымдар туралы құжаттардың көшірмелері, алдыңғы жұмыс орнындағы басшылық берген ұсынымдар және т.с.с.) бере алады.

      25. Конкурс мына кезеңдерден тұрады:
      1) конкурсқа қатысушылардың біліктілігін бағалау;
      2) кандидаттармен әңгімелесулер өткізу;
      3) конкурстың қорытындыларын шығару.

      26. Құжаттарды қабылдау аяқталған күннен кейін бес жұмыс күні ішінде комиссия қатысушының біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалауды жүргізеді.

      27. Конкурсқа қатысушылардың біліктілік талаптарына сәйкес мәніне бағалаудың нәтижелері бойынша комиссия дауыс беру жолымен біліктілік талаптарына сәйкес келген кандидаттардың тізімін бекіту туралы және/немесе әңгімелесуге жіберуден бас тарту туралы шешімдер қабылдайды.

      28. Ұйым үш жұмыс күні ішінде:
      біліктілік талаптарына сәйкес келетін конкурсқа қатысушыларды - оларды кандидат ретінде бекіту, әңгімелесу өтетін күн, уақыт және орын туралы. Бұл ретте әңгімелесу өтетін күн кандидаттардың әңгімелесуге келуі үшін қажетті уақытты қамтамасыз етуді ескере отырып белгіленеді;
      біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін конкурсқа қатысушыларды - әңгімелесуге жіберілмеу себебі туралы хабарландырады.

      29. Комиссия кандидаттармен әңгімелесу жүргізген кезде кандидаттардың осы лауазымға функционалдық міндеттерді орындауына қажетті кәсіби білімдері анықталады.

      30. Комиссия отырысы оның құрамының жалпы санының кемінде үштен екісінің қатысуы шартымен өткізіледі.

      31. Комиссия отырысының қорытындылары бойынша шешім кандидаттың қатысуынсыз ашық дауыс беру жолымен бір күн ішінде қабылданады.

      32. Кандидат, егер оған комиссия құрамынан қатысып отырғандардың көпшілігі дауыс берген жағдайда оң қорытындыға ие болады. Дауыс берген кезде дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      33. Комиссия шешімімен келіспеген жағдайда комиссияның кез келген мүшесінің жазбаша түрде баяндалуға және комиссия отырысының хаттамасына қоса берілуге тиіс ерекше пікір білдіруге құқығы бар.

      34. Комиссияның шешімі төраға мен комиссия мүшелері, сондай-ақ хаттамалауды жүзеге асыратын хатшы қол қоятын хаттамамен ресімделеді.

      35. Ұйым әңгімелесуден өткен кандидаттарға конкурс аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оның нәтижелері туралы жазбаша хабарлайды. Хабарламамен бірге кандидаттарға ұйымның мөрімен куәландырылған комиссия отырысы хаттамасының көшірмесі жіберіледі.

      36. Комиссия конкурстық іріктеудің қорытындылары бойынша ұйымның басшысына конкурстың жеңімпазын азаматтық қызметші лауазымына қабылдау туралы ұсыныммен қоса комиссияның шешімін енгізеді.

      37. Егер конкурс нәтижесінде комиссия осы лауазымға орналасуға кандидаттарды анықтамаған болса, конкурс өткізілмеді деп танылады.

      38. Комиссияның оң қорытындысына ие болған кандидатпен ұйымның басшысы азаматтық қызметші таныстырылуы тиіс еңбек шартын жасасады және азаматтық қызметке қабылдау туралы акт шығарады.

  4. Қорытынды ережелер

      39. Конкурсқа қатысушылар мен кандидаттар өздеріне қатысы бар бөлігінде конкурстық құжаттармен және комиссияның шешімдерімен таныса алады.

      40. Комиссияның шешіміне конкурсқа қатысушылар мен кандидаттар сот тәртібімен шағымдана алады.