Туроператорлық, турагенттік қызметті, туризм нұсқаушысы көрсететін қызметті лицензиялау ережесін және оларға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 маусымдағы N 481 Қаулысы

Қолданыстағы

       Ескерту. Қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз.

      Қазақстан Республикасының»" Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы " 2001 жылғы 13 маусымдағы және " Лицензиялау туралы " 2007 жылғы 11 қаңтардағы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Туроператорлық, турагенттік қызметті, туризм нұсқаушысы көрсететін қызметті лицензиялау ережесі;
      2) туроператорлық, турагенттік қызметке, туризм нұсқаушысы көрсететін қызметке қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) "Туристік қызметті лицензиялау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 14 қыркүйектегі N 1213  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., N 33, 428-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 19 тамыздағы N 853  қаулысының  1-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 32, 445-құжат);

      3) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу және Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 29 қыркүйектегі N 964  қаулысымен  бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 7-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 36, 500-құжат).

      3. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2007 жылғы 9 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2007 жылғы»11 маусымдағы
N 481 қаулысымен  
      бекітілген    

  Туроператорлық, турагенттік қызметті, туризм нұсқаушысы көрсететін қызметті лицензиялау ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Туроператорлық, турагенттік қызметті, туризм нұсқаушысы
көрсететін қызметті лицензиялау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының»"Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" 2001 жылғы 13 маусымдағы (бұдан әрі -»"Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Заң), "Лицензиялау туралы" 2007 жылғы 11 қаңтардағы (бұдан әрі -»"Лицензиялау туралы" Заң) заңдарына сәйкес әзірленді және туроператорлық, турагенттік қызметті, туризм нұсқаушысы көрсететін қызметті лицензиялау тәртібін айқындайды.

      2. Лицензиялауды жеке немесе заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу орны бойынша облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдар жүзеге асырады.

      3. Жүзеге асыруға арналған лицензия иеліктен шығарылмайды және оны лицензиат басқа жеке немесе заңды тұлғаға бере алмайды.

  2. Лицензияны беру, қайта рәсімдеу және оны беруден бас тарту

      4. Туроператорлық, турагенттік қызметті, туризм нұсқаушысы көрсететін қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияны (бұдан әрі - лицензия) лицензиар»"Лицензиялау туралы" Заңда және осы Ережеде белгіленген тиісті құжаттар бар өтініш ұсынылған күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, ал жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін он жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
      Лицензиар осы тармақта белгіленген мерзім ішінде лицензия беруге немесе лицензия беруден бас тарту себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап беруге міндетті.

      5. Егер лицензиар белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензия бермеген жағдайда не өтініш берушіні лицензия беруден бас тарту себебі туралы жазбаша түрде хабардар етпеген жағдайда, лицензия беру үшін белгіленген мерзім өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші тиісті лицензиарды қызметтің өзі өтініш берген түрін жүзеге асыра бастағаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.

      6. Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензия беруге міндетті.

      7. Туроператорлық, турагенттік қызметті, туризм нұсқаушысы көрсететін қызметті жүзеге асыру құқығына лицензияны лицензиар бір данада және оның қолданылу мерзіміне шектеу қоймай (бас лицензия) береді.

      8. Лицензияға лицензиардың басшысы не осыған уәкілетті тұлға қол қояды және лицензиардың мөрімен расталады.

      9. Лицензия беруді:
      1) жеке тұлғалар үшін - өтініш берушіге жеке куәлігінің негізінде, оның уәкілетті өкіліне - сенімхат және жеке куәлігінің негізінде;
      2) заңды тұлғалар үшін - өтініш берушіге немесе оның уәкілетті өкіліне сенімхат және жеке куәлігінің негізінде лицензиар жүргізеді.

      10. Туроператорлық немесе турагенттік қызметті жүзеге асыруға
арналған лицензияны алу үшін мынадай құжаттар қажет:
      1) белгіленген нысандағы өтініш;
      2) заңды тұлға үшін - Жарғының және өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
      3) жеке тұлға үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      4) дара кәсіпкер үшін - өтініш берушінің дара кәсіпкер ретінде
мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған
көшірмесі;
      5) өтініш берушінің салық органында есепке тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      6) туристік қызметтің өтініш берілген түрімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алым төленгенін растайтын құжат;
      7) туроператорлық қызмет үшін - олардың біліктілігін, мамандығы бойынша жұмыс өтілі мен денсаулығының психикалық жай-күйі туралы медициналық анықтаманы көрсетіп, білімі мен тәжірибесі туралы құжаттардың көшірмесімен қоса, туризм нұсқаушысы қызметін көрсетуге лицензиясы бар қызметкерлермен, оның ішінде гидтермен (гид-аудармашылармен), экскурсияшылармен, туризм нұсқаушыларымен жасалған жеке еңбек шарттарының көшірмелері;
      8) туроператорлық қызмет үшін - туристік бағыттардың тізілімдері мен схемалары;
      9) туроператорлық қызмет үшін туристерге қызмет көрсету
бағдарламалары;
      10) турагенттік қызмет үшін - білімі және практикалық жұмыс тәжірибесі туралы құжаттардың көшірмесі мен денсаулығының психикалық жай-күйі туралы медициналық анықтамамен қоса, қызметкерлермен жасалған жеке еңбек шарттарының көшірмелері;
      11) "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Заңның  17-бабының  талаптарына сәйкес туристік қызмет көрсетуге арналған шарттың үлгісі;
      12) меншікті немесе жалға алынған материалдық-техникалық базасы бар екендігін растайтын құжат не материалдық-техникалық базасы бар ұйыммен қызмет көрсетуге арналған шарт;
      13) турагенттік қызмет үшін - туроператормен оның турөнімін сатуға және туристік қызмет көрсету жөніндегі қызметті көрсетуге арналған шарт;
      14) туристік жолдама мен туристің жадынамасы;
      15) туристерге арналған келетін және баратын елі туралы ақпарат және өзге де жарнамалық-ақпараттық материал (жөнсілтегіштер, буклеттер, бейнематериалдар, парақшалар, журналдар, схемалар мен карталар).

      11. Туризм нұсқаушысының қызмет көрсету құқығына лицензия алу үшін мынадай құжаттар қажет:
      1) белгіленген нысандағы өтініш;
      2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      3) өтініш берушінің дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      4) өтініш берушінің салық органында есепке тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      5) туризм нұсқаушысының қызметін көрсету жөніндегі қызметпен
айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алым төленгенін растайтын
құжат;
      6) өтініш берушінің қолы қойылған кәсіби даярлығын, біліктілігін және туристік бағыттармен жүру тәжірибесін растайтын құжаттар;
      7) әзірленген туристік бағыттың сипаттамасы;
      8) денсаулығының психикалық жай-күйі туралы медициналық анықтама;
      9) меншікті немесе жалға алынған туристік жарақтарының бар екендігін растайтын құжат.

      12. Лицензиат лицензияны жоғалтқан, бүлдірген жағдайда оның
телнұсқасын алуға құқылы.
      Лицензиар лицензиат өтініш берген күннен бастап он күн ішінде оның жазбаша өтініші бойынша жаңа нөмір бере отырып және жоғары оң жақ бұрышында»"Телнұсқа" деген жазуы бар лицензияның телнұсқасын береді. Бұл ретте лицензиат лицензияның телнұсқасын берген кезде жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығына бюджетке Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде лицензиялық алым төлейді.

      13. Лицензиаттың тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда ол отыз күнтізбелік күн ішінде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттармен қоса, лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге міндетті.
      Лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиар лицензияны қайта ресімдейді.

      14. Егер:
      1) субъектілердің осы санаты үшін қызметтің түрімен айналысуға
Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған;
      2) осы Ережеге сәйкес талап етілетін барлық құжаттар ұсынылмаған. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған кезде өтініш жалпы негіздерде қаралады;
      3) өтініш беруші біліктілік талаптарына сәйкес келмеген;
      4) өтініш берушіге қатысты оған өтініш берілген қызмет түрімен
айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі бар болған;
      5) қызмет түріне өтініш берілген жағдайда өтініш берілген қызмет түрімен айналысу құқығына лицензиялық алым енгізілмеген жағдайларда лицензия беруден бас тартылуы мүмкін.

      15. Турагенттік, туроператорлық қызметті, туризм нұсқаушысының
қызмет көрсетуін жүзеге асыруға арналған лицензия беруден бас тартылған жағдайда лицензия беру үшін белгіленген мерзімдерде өтініш берушіге жазбаша түрде дәлелді жауап беріледі.

      16. Егер лицензия осы Ережеде белгіленген мерзімде берілмесе
немесе лицензия беруден бас тарту өтініш берушіге негізсіз болып көрінсе, ол бұл іс-әрекеттерге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.

  3. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, тоқтату, одан айыру

      17. Лицензияның қолданылуын тоқтату тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      18. Лицензия мынадай жағдайларда өз қолданылуын тоқтатады:
      1) лицензия алып қойылғанда;
      2) жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу нысанындағы қайта ұйымдастырылуды қоспағанда, заңды тұлға ұйымдастырылғанда;
      3) лицензия лицензиарға ерікті түрде қайтарылғанда;
      4) лицензияланатындардың тізбесінен туристік қызметтің жеке түрі алынып тасталса.

      19. Лицензияның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны лицензиарға қайтаруға міндетті.

  4. Есепке алу және бақылау

      20. Лицензияларды есепке алуды, сондай-ақ осы Ереженің сақталуын бақылауды лицензиар жүзеге асырады.

      21. Лицензиар туристік саланың мемлекеттік тізілімін жүргізуді жүзеге асырады.

      22. Туристік саланың мемлекеттік тізілімінде Заңның 8-бабының
5) тармақшасында көзделген мәліметтер көрсетілуге тиіс.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2007 жылғы 11 маусымдағы
N 481 қаулысымен  
      бекітілген     

  Туроператорлық, турагенттік қызметті, туризм нұсқаушысы көрсететін қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары

      1. Туроператорлық қызметті лицензиялау кезінде өтініш берушіге қойылатын біліктілік талаптары:
      1) құрылтай құжаттарында туристік қызметті бекітіп берудің;
      2) офиске арналған меншікті немесе жалға алынған үй-жайының;
      3) туристік білімі, туристік қызмет көрсету саласында кемінде үш жыл практикалық жұмыс тәжірибесі бар, туризм нұсқаушысы қызметін көрсетуге лицензиясы бар қызметкерлердің, оның ішінде гидтердің (гид-аудармашылардың), экскурсияшылардың, туризм нұсқаушыларының;
      4) қызметкердің психикалық жай-күйі туралы медициналық
анықтаманың;
      5) "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Заңның
17-бабының  талаптарына сәйкес туристік қызмет көрсетуге арналған шарт үлгісінің;
      6) меншікті немесе жалға алынған материалдық-техникалық базасының не сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризмді ұйымдастыру кезінде туристік қызмет көрсету үшін қажет туристерді орналастыру орындарын, туристік жарақтар және көлік ұсынуға арналған материалдық-техникалық базасы бар ұйыммен қызмет көрсету шартының;
      7) жолаушылар тасымалдау, туристерді орналастыру жөнінде қызмет көрсететін ұйымдармен шарттың және шығу туризмін ұйымдастыру кезінде туристік қызмет көрсету үшін қажетті өзге де шарттардың;
      8) туристік бағыттардың тізілімдері және схемаларының;
      9) туристерге қызмет көрсету бағдарламаларының;
      10) туристік жолдама мен турист жадынамасының;
      11) туристерге арналған келетін және баратын елі туралы ақпараттың және өзге де жарнамалық-ақпараттық материалдың (жөнсілтегіштер, буклеттер, бейнематериалдар, парақшалар, журналдар, схемалар мен карталар) болуын қамтиды.

      2. Турагенттік қызметті лицензиялау кезінде өтініш берушіге қойылатын біліктілік талаптары:
      1) заңды тұлғалар үшін - құрылтай құжаттарында туристік қызметті бекітіп берудің;
      2) офиске арналған меншікті немесе жалға алынған үй-жайының;
      3) туристік білімі, кемінде бір жыл практикалық жұмыс тәжірибесі бар кемінде бір қызметкердің;
      4) қызметкердің психикалық жай-күйі туралы медициналық
анықтаманың;
      5) "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Заңның
17-бабының талаптарына сәйкес туристік қызмет көрсетуге арналған шарт үлгісінің;
      6) туроператормен оның турөнімін өткізуге және туристік қызмет
жөніндегі қызмет көрсетуге арналған шарттың;
      7) сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризмді ұйымдастыру кезінде туристік қызмет көрсету үшін қажет туристерді орналастыру орындарын, туристік жарақтар және көлік ұсынуға қажетті материалдық-техникалық базасы бар ұйыммен қызмет көрсету шартының;
      8) туристік жолдама мен турист жадынамасының;
      9) туристерге арналған келетін және баратын елі туралы ақпараттың және өзге де жарнамалық-ақпараттық материалдың (жөнсілтегіштер, буклеттер, бейнематериалдар, парақшалар, журналдар, схемалар мен карталар) болуын қамтиды.

      3. Туризм нұсқаушысының қызмет көрсетуін лицензиялау кезінде өтініш берушіге қойылатын біліктілік талаптары:
      1) кәсіби даярлығының, біліктілігінің және туристік бағыттармен жүру тәжірибесінің;
      2) әзірленген туристік бағыттың;
      3) денсаулығының психикалық жай-күйі туралы медициналық
анықтаманың;
      4) меншікті немесе жалға алынған туристік жарақтың болуын қамтиды.