Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 16-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қоса беріліп отырған Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін айқындау ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 1 маусымдағы
N 448 қаулысымен
бекітілген
Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін айқындау ережесі 1. Жалпы ережелер
1. Осы Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін айқындау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексіне сәйкес әзірленді және қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін белгілеу тәртібін айқындайды.
2. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері осы өңірлер мен аумақтар үшін белгілі бір уақыт бойына қоршаған ортаның талап етілетін сапасына қол жеткізудің тәртібін анықтау қажет болған жағдайларда жекелеген аумақтар үшін белгіленеді.
3. Мыналар қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу үшін негіз болып табылады:
1) өңірдегі экологиялық ахуалды талдау;
2) өндірістік күштерді едәуір өзгерту перспективалары;
3) қоршаған ортаның сапасына қойылатын қосымша талаптары бар рекреациялық аймақтарды, ауыл шаруашылығы объектілерін қалыптастыру жөніндегі жоспарлар;
4) қоршаған орта объектілеріндегі аялық шоғырланулардың қоршаған орта сапасының қабылданған нормативтерінен асып түсуі туралы ақпарат.
4. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мен облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары өз құзыреті шегінде әзірлейді.
2. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін айқындау тәртібі
5. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері мынадай құрамдас бөліктер арқылы белгіленеді:
1) атмосфералық ауаның ластануы;
2) топырақ жамылғысының ластануы;
3) су объектілерінің ластануы;
4) қоршаған ортаның физикалық факторларының деңгейі.
6. Нысаналы көрсеткіштер мынадай кезеңдер бойынша саралана отырып, оларды әзірлеу үдерісінде айқындалатын, бірақ 10 жылдан аспайтын мерзімге белгіленеді:
1) ағымдағы жағдай;
2) көрсеткіш белгіленген сәттен бастап 3 жыл мерзімге;
3) көрсеткіш белгіленген сәттен бастап 6 жыл мерзімге;
4) көрсеткіш белгіленген сәттен бастап 10 жыл мерзімге.
7. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері қоршаған орта сапасын бірте-бірте жақсарту қажеттілігі ескеріле отырып, қоршаған ортаның нормаланатын параметрлерінің белгілі бір уақыт кезеңіне арналған шекті деңгейін реттейді.
8. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) экологиялық ахуалды талдау;
2) қоршаған орта сапасының нормативтеріне қол жеткізу жөніндегі экономикалық мүмкіндіктерді зерделеу;
3) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін белгілеу өлшемдерін анықтау:
қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін белгілеуге арналған негіздерді айқындау;
адам денсаулығы мен құнды экологиялық жүйелер үшін қауіп-қатерді бағалау;
нысаналы көрсеткіштерді белгілеу қажеттілігін айқындау;
4) нысаналы көрсеткіштердің тізбесі мен маңыздарын қалыптастыру.
9. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу кезінде адам денсаулығы мен құнды экологиялық жүйелер үшін қауіп-қатерді бағалау қабылданған санитарлық-гигиеналық нормативтерге, токсикологиялық дерекқорға, эпидемиологиялық зерттеулердің материалдарына сәйкес жүргізіледі.
10. Әзірленген қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері мынадай мәліметтерді қамтитын талдау ақпараты (есеп) түрінде ресімделеді:
1) өңірдің жалпы әлеуметтік-экономикалық сипаттамасы;
2) өндірістік күштердің дамуын талдау;
3) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу қажеттілігінің негіздемесі;
4) өңірде бұрын белгіленген қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін және оларға қол жеткізу нәтижелерін талдау;
5) экологиялық ахуалды, экологиялық қауіп-қатерлерді талдау;
6) зертханалық зерттеулердің деректері;
7) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін қабылдаудың болжамды ахуалдары мен салдары туралы деректер;
8) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің кестесі;
9) нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу жөніндегі шаралар кешені;
10) техникалық емес түйіндеме.
11. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары әзірлейтін және жергілікті деңгейде жергілікті өкілетті органдар, республикалық деңгейде және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі тиісті бағдарламалармен белгіленеді.
12. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу:
1) тұтастай және кезең-кезеңімен қолжетімді;
2) сандық және сапалық параметрлермен сипатталуға;
3) бақыланатын және тексерілетін болуға тиіс.