Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 23.07.2015 № 579 қаулысымен.
"Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңы 6-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қоса беріліп отырған Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 18 сәуірдегі
N 310 қаулысымен
бекітілген
Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу ережесі 1. Жалпы ережелер
1. Осы Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңы 6-бабының
6) тармақшасына сәйкес әзірленді және Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізілімін (бұдан әрі - Мемлекеттік тізілім) жүргізу тәртібі мен шарттарын айқындайды.
2. Мемлекеттік тізілім Қазақстан Республикасының ұлттық мәдени игілік объектілері (бұдан әрі - ҰМИО), олардың орналасқан жері, сандық және сапалық сипаттамасы туралы мәліметтерді қамтиды.
3. Мемлекеттік тізілімді мәдениет саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі - жергілікті атқарушы органдар) ұсынатын мәліметтері және (немесе) жеке және заңды тұлғалардың қолдаухаттары негізінде жүргізеді.
Жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ ескерткіштерді (тарихи, археологиялық, сәулет және басқалары) зерделеумен айналысатын зерттеу ұйымдары уәкілетті органға Мемлекеттік тізілімге енгізілуге жататын объектілер туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті. Жаңа объектілер мен заттардың анықталуына қарай қажетті мәліметтері бар жаңа ақпарат ұсынылады.
2. Мемлекеттік тізілімді жүргізу тәртібі мен шарттары
4. Мемлекеттік тізілім ҰМИО-ның тізілімдік істері мен тізілім кітабын қамтиды.
5. Әрбір ҰМИО-ға бөлек тізілімдік іс ресімделеді және ол:
1) жергілікті атқарушы органдар растаған ҰМИО есеп карточкасының көшірмесін;
2) ҰМИО-ның мөлшері 10x15 сантиметр саны екі дана фотосуретін қамтиды.
6. Тізілім кітабына ҰМИО-ның атауы, орналасқан жері, сандық және сапалық сипаттамасы жөніндегі мәліметтер енгізіледі.
7. Тізілім кітабы тігілетін, нөмірленетін, жауапты тұлғаның қолы қойылатын, уәкілетті органның мөрімен бекітілетін журналды білдіреді.
Тізілім кітабы беттерінің нөмірлері толассыз болып табылады.
Тізілім кітабына қаламмен жазуға, оны шимайлауға, өшіруге, түзетуге, парақтарының жетіспеуіне жол берілмейді.
8. Тізілім кітабына енгізілетін әрбір ҰМИО-ға тізілім нөмірі беріледі. Тиісті ҰМИО-ға ресімделетін тізілімдік ісі осы нөмірге сәйкестендіріледі.
9. Мемлекеттік тізілім мемлекеттік және орыс тілдерінде, қағаз және электронды тасығыштарда жүргізіледі.
10. ҰМИО-ны мемлекеттік тізілімнен шығару жергілікті атқарушы
органдардың мәліметтері және (немесе) жеке және заңды тұлғалардың
қолдаухаттары негізінде уәкілетті органның шешімі бойынша:
мәдени құндылығын жоғалтқан;
заттай толық жоғалған;
жоғалған жағдайда жүзеге асырылады.
ҰМИО жоғалған кезде оның жоғалғандығын растайтын құжат қоса ұсынылады.
11. Мемлекеттік тізілімге енгізілген ҰМИО-ға ұлттық мәдени игілік объектілерінің ерекше режимі қолданылады.
12. Мемлекеттік тізілім мерзімсіз сақталуға тиіс.
3. Қорытынды ережелер
13. Жергілікті атқарушы органдар уәкілетті органға осы Ереженің 6-тармағында көрсетілген құжаттар мен мәліметтерді электронды және қағаз тасығыштарда береді.
14. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының сұрауы, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша Мемлекеттік тізілімге енгізілген ҰМИО туралы мәліметтерді ұсынады.