Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерiне тұрғын үй салуға 2007 жылға кредит берудiң кейбiр мәселелерi туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 16 ақпандағы N 116 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2004 жылғы 11 маусымдағы N 1338  Жарлығына , "2007 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 14 желтоқсандағы N 1204  қаулысына , "Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 28 маусымдағы N 715  қаулысына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергiлiктi атқарушы органдары (бұдан әрi - қарыз алушылар) тиiстi мәслихаттар облыстық, Астана және Алматы қалаларының 2007 жылға арналған бюджеттерiнде тиiстi түсiмдердi, сондай-ақ "2007 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 14 желтоқсандағы N 1204 қаулысы 4-тармағының 18) тармақшасын орындауға байланысты бағдарлама бойынша шығыстарды көздейтiн шешiмдер қабылдағаннан кейiн он күнтiзбелiк күн iшiнде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiне мәслихаттардың көрсетiлген шешiмдерiн ұсынсын.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы қаулының 1-тармағы орындалғаннан кейiн "2007 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2006 жылғы 12 желтоқсандағы N 1204 қаулысының 21-қосымшасына сәйкес қарыз алушыларға кредиттiк шарттар (бұдан әрі - шарттар) жасасу арқылы 22000000000 (жиырма екi миллиард) теңге сомасына бюджеттiк кредиттер (бұдан әрi - кредиттер) берсiн.

      3. Қарыз алушыларға кредиттер берудiң мынадай негiзгi шарттары белгiленсiн:
      1) қарыз алушыларға кредиттер Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының шеңберiнде тұрғын үй салуға 3 (үш) жыл мерзiмге сыйақының (мүдденiң) нөлдiк ставкасы бойынша теңгемен берiледi;
      2) республикалық бюджетке кредиттердi қайтаруды қарыз алушылар белгiленген мерзiмде жүргiзедi;
      3) кредиттердi игеру кезеңi кредитордың шотынан кредиттер аударылған сәттен бастап есептеледi және 2009 жылғы 25 желтоқсанда аяқталады.

      4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлiгi заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) осы қаулының 2-тармағына сәйкес шарттар жасасуды қамтамасыз етсiн;
      2) кредиттердiң мақсатты пайдаланылуын және республикалық бюджетке уақтылы өтелуiн бақылауды қамтамасыз етсiн.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлiгiне жүктелсiн.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi