Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2012.02.07 № 209 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
"Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы" Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 15 қаңтардағы Заңының 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiліп отырған Дiнтану сараптамасын жүргiзу ережесi (бұдан әрi - Ереже) бекiтiлсiн.
1-1. Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі Ережеге сәйкес дiнтану сараптамасының жүргiзiлуiн қамтамасыз етсiн.
Ескерту. 1-1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.08.01 N 888 Қаулысымен.
2. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi дiни бiрлестiктердi мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыру кезiнде Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігіне дiни бiрлестiктердiң құрылтай және басқа да құжаттарын дiнтану сараптамасына жолдасын.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.08.01 N 888 Қаулысымен.
3. Осы қаулы ресми жарияланған сәттен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2007 жылғы 30 қаңтардағы
N 70 қаулысымен
бекiтiлген
Дiнтану сараптамасын жүргiзу ережесi
Дiнтану сараптамасын жүргiзу ережесi (бұдан әрi - Epeжe) "Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы" Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 15 қаңтардағы Заңына сәйкес әзiрлендi және дiнтану сараптамасын жүргiзу тәртiбiн айқындайды.
1. Жалпы ережелер
1. Дiнтану сараптамасы (бұдан әрi - сараптама) дiни бiрлестiктер қызметiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестiгiн анықтау мақсатында дiни бiрлестiктердi мемлекеттiк тiркеу кезiнде жүргiзiледi.
Сараптама Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленетiн басқа негiздер бойынша да жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Сараптама дiни ұйымдар, қоғамдық бiрлестiктер, мемлекеттiк органдар өкілдерiнiң, дiнтанушылардың, заңгерлердiң және ар-ождан бостандығы құқығы саласындағы басқа да мамандардың (бұдан әрi - сарапшылар) қатысуымен жүргiзiледi.
3. Сараптама дiни бiрлестiктердi мемлекеттiк тiркеу үшiн маңызы бар мәлiметтер сарапшы арнайы ғылыми бiлiмдер негiзiнде жүргiзетiн зерттеулер нәтижесiнде белгiленуi мүмкiн жағдайда тағайындалады.
Сараптаманы арнайы ғылыми бiлiмi бар мүдделi емес адам жүргiзедi.
4. Дiни бiрлестiктердiң құрылтай және басқа да құжаттары, оның iшiнде мүдделi мемлекеттiк органдар мен дiни бiрлестiктер ұсынған дiни мазмұндағы материалдар және дiни мақсаттағы заттар сараптама объектiсi болып табылады.
5. Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) сараптаманың жүргiзiлуiн қамтамасыз етудi жүзеге асырады.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.08.01 N 888 Қаулысымен.
6. Сараптаманы тиiстi бейiндегi ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындары, сондай-ақ зерттелетiн сараптама объектiсiнiң мазмұнына қарай ғалымдар мен мамандар арасынан тартылатын арнайы ғылыми бiлiмi бар сарапшылар жүргiзедi. Сараптама жүргiзу бiр немесе бiрнеше сарапшыға (сараптама комиссиясына) тапсырылуы мүмкiн.
7. Сараптама объектiсi бойынша әр түрлi мамандықтардың сарапшылары кешендi сараптама жүргiзуi немесе әр алуан түрдегi дербес сараптама жүргiзуi мүмкiн.
8. Сарапшылар ретiнде басқа мемлекеттерден, шетелдiк және халықаралық ұйымдардан мамандар тартылуы мүмкiн.
2. Дiнтану сараптамасын жүргiзудiң тәртiбi мен шарттары
9. Ереженiң 1-тармағына сәйкес уәкiлеттi орган тиiстi сараптаманы жүргiзу, сондай-ақ сараптама жүргiзу үшiн сараптаманың түрi мен сарапшыны немесе сарапшыларды белгiлеу туралы шешiм қабылдайды.
10. Сарапшылардың iшiнен сарапшы немесе сарапшылар белгiленедi, оларды iрiктеудi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасында көзделген тәртiппен уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
11. Қабылданған шешiм негiзiнде уәкiлеттi орган сарапшыға (сарапшыларға) сараптамаға жататын объектiнi және сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер тiзбесiн жолдайды.
12. Сараптама сарапшыға (сарапшыларға) сараптама объектiсiн ұсынған күннен бастап отыз күнтiзбелiк күннен аспайтын мерзiмде жүргiзiледi.
13. Сараптаманы жүргiзу үшiн қосымша материалдар мен ақпаратты зерделеу қажет болған кезде сараптаманы жүргiзу мерзiмi отыз күнтiзбелiк күнге ұзартылуы мүмкiн.
14. Уәкiлеттi орган мүдделi дiни бiрлестiктерге, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарына, ұйымдар мен қоғамдық бiрлестiктерге сұрау салулар жiберу жолымен сарапшыға (сарапшыларға) қосымша материалдар мен ақпарат алуға жәрдем көрсетедi. Шетелдiк мемлекеттiк органдарға, халықаралық ұйымдарға тиiстi сұрау салулар Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi арқылы жiберiледi.
15. Сараптама жүргiзу, сондай-ақ дiни бiрлестiк ұсынған құжаттар бойынша маманның қорытындысын алу қажет болған жағдайда мемлекеттiк тiркеу мерзiмi тоқтатылады.
Сараптаманы жүргiзу кезiнде сарапшы (сарапшылар) Қазақстан Республикасының заңнамасын, уәкiлеттi органмен жасалған шарттың талаптарын, сондай-ақ жалпыға бiрдей қабылданған әдеп нормаларын сақтауға мiндеттi.
16. Сараптама жүргiзу барысында сарапшы (сарапшылар):
1) уәкiлеттi орган қойған мәселелер бойынша дәлелдi, объективтi және толық сараптамалық қорытынды дайындайды;
2) сараптама жүргiзу үшiн ұсынылған сараптама объектiсi, материалдар мен ақпараттар туралы мәлiметтердi жария етпейдi, сондай-ақ оларға жария баға беруден тартынады.
17. Сараптама жүргiзу мүмкiн еместiгi және оны жүргiзуге кедергi келтiретiн жағдайлар туралы сарапшы (сарапшылар) өкiлеттi органды жедел хабардар етедi.
18. Жүргiзiлген сараптаманың нәтижелерi бойынша сараптамалық қорытынды жасалады, ол сараптама жүргiзудiң мәнi бойынша сарапшылардың дәлелдi, ғылыми негiзделген, объективтi және толық тұжырымдарын қамтуға тиiс.
19. Сараптамалық қорытынды сараптама жүргiзген ұйымның фирмалық бланкiсiнде дайындалады, ал сараптаманы жеке тұлға жүргiзген жағдайда қорытындыда оның тегi, аты, әкесiнiң аты және оның құзыреттiлiгiн көрсететiн деректер көрсетiледi.
20. Сараптамалық қорытындыда мыналар көрсетiлуге тиiс:
1) сараптама жүргiзген ұйым немесе тұлға;
2) ғылымның ол бойынша сараптама жүргiзiлген саласы;
3) сараптаманың мәнi мен мақсаттары; сарапшының алдына қойылған мәселелер;
4) сараптама объектiсiнiң атауы;
5) сараптама объектiсiнiң арналуы;
6) қойылған сұрақтарға негiзделген және толық жауаптар.
Сараптама қорытындысында сараптама объектiсi бойынша қосымша мәлiметтер көрсетiлуi мүмкiн.
21. Қылмыстық, азаматтық iстер және әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша iс жүргiзуге байланысты сараптаманы тағайындау ерекшелiктерi тиiстi заңнамалық актiлермен реттеледi .
3. Қорытынды ережелер
22. Сараптамалық қорытындының негiзiнде уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дiни бiрлестiктi мемлекеттiк тiркеуге қатысты тиiстi шешiм қабылдайды.
23. Сараптаманы жүргiзудi қаржылық, материалдық-техникалық және әкiмшiлiк-құқықтық қамтамасыз етудi уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен сарапшымен (сарапшылармен) жасалған шарттың талаптарына сәйкес және тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат есебiнен жүзеге асырады.