Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексiне және "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шiлдедегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Реттелмелi туризм мен рекреацияны жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер аумағындағы жер учаскелерiн жалға беру ережесi бекiтiлсiн.
2. "Барлық санаттағы жерлерден ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және кеңейту үшiн жер учаскелерiн алу (сатып алу), ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы бөгде үйлер, ғимараттар мен oбъектiлердi құлату, сыртқа шығару, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жер учаскелерiн, үйлер мен ғимараттарды ғылыми, туристiк және рекреациялық қызметтер үшiн жалға беру ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 27 ақпандағы N 240 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., N 10, 130-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2006 жылғы 7 қарашадағы
N 1063 қаулысымен
бекiтiлген
Реттелмелi туризм мен рекреацияны жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер аумағындағы жер учаскелерiн жалға беру ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Реттелмелi туризм мен рекреацияны жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер (бұдан әрi - ұлттық парк) аумағындағы жер учаскелерiн жалға беру ережесi (бұдан әрi - Epeжe) "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шiлдедегi Заңына, Қазақстан Республикасының жер және азаматтық заңнамасына сәйкес әзiрлендi және реттелмелi туризм мен рекреацияны жүзеге асыру үшiн ғимараттар мен құрылыстар салу көзделмейтiн жер учаскелерiн жалға беру тәртiбiн айқындайды.
Реттелмелi туризм мен рекреацияны дамыту мақсатында ғимараттар мен құрылыстар салу (қайта жаңарту) үшiн жер учаскелерiн жалға беру Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристiк және рекреациялық мақсаттағы oбъектiлердi салуға конкурстар өткiзу ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жер учаскелерi жеке және заңды тұлғаларға ұлттық парктiң аумағын мақсатты пайдалану мен зондылауды ecкepe отырып, оларды туристiк соқпақтар мен бағыттар, демалу тұрақтары, шатырлы лагерлер, жағажайлар, тамашалау алаңдары үшiн пайдалануға, сондай-ақ уақытша құрылыстарды (сауда орындары, дүңгiршектер, жазғы кафелер, қайық станциялары және жалға беру пункттерi, жылжымалы вагондар, трейлерлер) орналастыру үшiн 5 жылға дейiнгi қысқа мерзiмге жалға берiледi.
3. Осы Ереженiң 2-тармағында көрсетiлген объектiлердi орналастыру ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) бекiткен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар паспортына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жер учаскелерiн жалға беру тәртiбi
4. Ұлттық парк реттелмелi туризм мен рекреацияны жүзеге асыру үшiн жалға берiлетiн жер учаскелерiнiң бар-жоғы туралы мәлiметтердi баспасөзде және интернет-ресурстарда орналастырады.
Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.12.30 № 2305 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
5. Жеке және заңды тұлғалар жер учаскелерiн жалға алу үшiн ұлттық паркке мыналарды қамтитын өтiнiмдi ұсынады:
1) жеке немесе заңды тұлғаның атауы мен деректемелерi, сұралып отырған учаскенiң орналасқан жерi, оның алаңы, пайдалану мақсаттары, жалға алу мерзiмi көрсетiлген өтiнiш;
2) заңды тұлғалар үшiн - заңды тұлға жарғысының және оны тiркеу туралы куәлiктiң нотариалды расталған көшiрмесi, жеке тұлғалар үшiн - жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi және кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру құқығына арналған патент;
3) мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiн сақтау жөнiндегi iс-шараларды, санитарлық-гигиеналық және өртке қарсы iс-шараларды қоса алғанда, сұралып отырған жер учаскесiн пайдалану және жайластыру жоспары.
6. Ұлттық паркке келiп түскен өтiнiмдi ұлттық парктiң бiрiншi басшысының бұйрығымен құрылған арнайы комиссия бiр ай мерзiмде қарайды.
Комиссия мүшелерiнiң саны кемiнде бес адамды құрайды, ұлттық парк басшысы немесе оның орынбасары комиссия төрағасы болып тағайындалады.
Комиссияның құрамына уәкiлеттi органның аумақтық органының, жергiлiктi атқарушы органдардың, жер қатынастары жөнiндегi, сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi аумақтық органдардың өкiлдерi олардың келiсiмi бойынша кiредi.
Жер учаскесiн жалға беру немесе жалға беруден бас тарту туралы шешiмдi комиссия мүшелерi көпшiлiк дауыспен дауыс беру нәтижесiнде анықтайды. Дауыстар тең болған кезде комиссия төрағасының даусы шешушi болып табылады.
7. Комиссия отырысының нәтижелерi бойынша мынадай ақпаратты қамтитын хаттама жасалады:
1) отырысқа қатысқан комиссия мүшелерiнiң тiзiмi;
2) өтiнiш берушiнiң атауы және оның заңды мекен-жайы;
3) жер учаскесi үшiн жалдау ақысының мөлшерi;
4) өтiнiш берушiге ұсынылатын жер учаскесiн қорғау мен жайластыруға қаржылық салымдардың көлемi;
5) комиссияның шешiмi.
8. Хаттамаға комиссияның отырысқа қатысып отырған барлық мүшелерi қол қояды. Комиссия мүшелерiнiң ерекше пiкiр бiлдiруге құқығы бар, ол жазбаша түрде берiледi және хаттамаға тiгiледi.
Комиссияның шешiмi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағымдалуы мүмкiн.
9. Хаттаманың негiзiнде ұлттық парктiң бiрiншi басшысы және өтiнiш берушi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер учаскесiн жалға беру шартына қол қояды.
10. Шарт Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тiркеуден өткеннен кейiн күшiне енедi.
11. Жалдау мерзiмi аяқталғаннан кейiн жалға алушының жер учаскесiн жалға алу мерзiмiн ұзартуға артықшылықты құқығы бар.
12. "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шiлдедегi Заңы 52-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекеттiк табиғи резерваттар мен өңiрлiк табиғи парктердiң аумағында реттелмелi туризм мен рекреацияны дамыту мақсатында жер учаскелерiн қысқа мерзiмге жалға беру осы Ережеде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.