"Қазақстанның Даму Банкi" акционерлiк қоғамының кейбiр мәселелерi туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 11 қазандағы N 979 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Қазақстанның Даму Банкi туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 25 сәуiрдегi  Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. "Қазақстанның Даму Банкi" акционерлiк қоғамының (бұдан әрi - банк) 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларының коммуналдық меншiгiнде тұрған, жария етiлген акциялардың жалпы санының 9431646000 (тоғыз миллиард төрт жүз отыз бiр миллион алты жүз қырық алты мың) теңге сомасына 188632 (бiр жүз сексен сегiз мың алты жүз отыз екi) дана акцияларының мемлекеттiк пакеттерi заңнамада белгiленген тәртiппен республикалық меншiкке қабылдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлiгi заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетiмен және облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдiктерiмен бiрлесiп, осы қаулының 1-тармағында көрсетiлген банктiң акциялар пакеттерiн республикалық меншiкке қабылдап алу-тапсыру жөнiндегi қажеттi шараларды қабылдасын;
      2) "Қазына" орнықты даму қоры" акционерлiк қоғамына (бұдан әрi - қор) жарғылық капиталын ұлғайтуға 2007 жылы республикалық бюджеттен бөлiнетiн қаражат есебiнен 61368 (алпыс бiр мың үш жүз алпыс сегiз) данадағы банктiң орналастырылмаған акцияларын қордың сатып алуын қамтамасыз етсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі