Республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерiн резервте қалдыру ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 29 қыркүйектегі N 943 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексiне және "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шiлдедегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қоса берiлiп отырған Республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерiн резервте қалдыру ережесi бекiтiлсiн.

      2. "Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатқызу және жердi осы аумақтардың резервiне қалдыру ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 8 қыркүйектегi N 910 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., N 36, 369-құжат) мынадай өзгерiстер енгiзiлсiн:
      тақырыбындағы және 1-тармақтағы "және жердi осы аумақтардың резервiне қалдыру" деген сөздер алынып тасталсын;
      кiрiспесiндегi "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шiлдедегi Заңына және" деген сөздер алынып тасталсын;
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатқызу және жердi осы аумақтардың резервiне қалдыру ережесiнде:
      тақырыбындағы "және жердi осы аумақтардың резервiне қалдыру" деген сөздер алынып тасталсын;
      5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15-тармақтар алынып тасталсын.

      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің        
2006 жылғы 29 қыркүйектегі
N 943 қаулысымен     
бекітілген     

Республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерiн резервте қалдыру ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерiн резервте қалдыру ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексiне және "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шiлдедегi Заңына (бұдан әрi - Заң) сәйкес әзiрлендi және республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерiн резервте қалдыру тәртiбiн айқындайды.

      2. Республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерiн резервте қалдыру ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесiн және экологиялық желiлердi дамыту бағдарламаларына және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту бойынша бекiтiлген табиғи-ғылыми негiздемелерге сәйкес жүзеге асырылады.
      Жер учаскелерiн резервте қалдыру туралы шешiмдердi облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдар қабылдайды.

2. Республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту үшiн жер учаскелерiн резервте қалдыру тәртiбi

      3. Құзыретiне жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мәселелерi кiретiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi, облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесiн және экологиялық желiлердi дамыту бағдарламаларына және республикалық не жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға немесе кеңейтуге арналып бекiтiлген табиғи-ғылыми негiздемелерге сәйкес облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органына жерлердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшiн резервте қалдыру туралы ұсыныстар (өтiнiштер) дайындайды.

      4. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы көрсетiлген ұсыныстарды (өтiнiштердi) қарау және қажеттi материалдарды дайындау үшiн құрамында облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органның, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және қоршаған ортаны қорғау саласындағы аумақтық органдардың, облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер қатынастары жөнiндегi органның, жер учаскелерiнiң мүдделi меншiк иелерiнiң және жер пайдаланушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң қатысуымен республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерiн табиғи түрде зерттейтiн басқа да мүдделi органдардың өкiлдерi бар комиссия құрады.

      5. Республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерiн зерттеудiң нәтижелерi жер учаскелерiнiң жоспарын (схемасын) қоса бере отырып, комиссия мүшелерi және жер учаскелерiнiң меншiк иелерi және жердi пайдаланушылар немесе олардың өкiлдерi қол қоятын актiмен ресiмделедi.
      Актiде республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту үшiн резервте қалдырылатын жер учаскелерiнiң орналасқан жерi, олардың алаңы, сапалық жағдайы, қорғау мен пайдаланудың ұсынылатын режимдерi, онда ғимараттар мен құрылыстардың бар-жоғы және олардың бағалау құны, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жердi пайдаланушыларға оларды шаруашылықта пайдалану режимiн шектеуге байланысты залалдарды өтеуге арналған мемлекеттiк бюджеттiң ықтимал шығыстарын алдын ала бағалау туралы мәлiметтер көрiнiс табады.

      6. Комиссияның актiсi негiзiнде облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органның республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту үшiн жер учаскелерiн резервте қалдыру туралы шешiмi қабылданады, онымен резервте қалдырылатын жер учаскелерiнiң шекаралары анықталады, олардың орналасу схемасы мен экспликациясы берiледi, мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiн сақтауды қамтамасыз ететiн оларды пайдалану құқығына шектеулер (ауыртпалықтар) белгiленедi.

      7. Республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту үшiн жерлердi резервте қалдыру жөнiндегi жерге орналастыру жұмыстары құру немесе кеңейту жоспарланып отырған ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың санатына қарай республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен жүргiзiледi.

      8. Жергiлiктi жерлерде республикалық немесе жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту үшiн резервте қалдырылған жер учаскелерiнiң шекараларын белгiлеу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруды мүдделi мемлекеттiк органдардың қатысуымен жер қатынастары жөнiндегi облыстық органдар Қазақстан Республикасының  заңнамасында көзделген тәртiппен жүзеге асырады.