Борышкердiң мүлкiн (активтерiн) сату жөнiнде сауда-саттық жүргiзу ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 26 сәуірдегі N 326 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 21 қаңтардағы  Заңына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Борышкердiң мүлкiн (активтерiн) сату жөнiнде сауда-саттық жүргiзу ережесi бекiтiлсiн.

      2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң     
2006 жылғы 26 сәуiрдегi
N 326 қаулысымен  
бекiтiлген    

  Борышкердiң мүлкiн (активтерiн) сату жөнiнде
сауда-саттық жүргiзу ережесi

      Осы Борышкердiң мүлкiн (активтерiн) сату жөнiнде сауда-саттық жүргiзу ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының Азаматтық  кодексiне , "Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, басқа да нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкес әзiрлендi және банкроттық рәсiмдерiнде сауда-саттыққа қатысуға тең қол жетiмдiлiк, сауда-саттыққа қатысушылардың бәсекелестiгi қағидаттарында борышкердiң талап ету құқықтарын қоса алғанда мүлкiн (активтерiн) сату жөнiнде сауда-саттық жүргiзу тәртiбiн реттейдi.

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      сауда-саттықтың ағылшындық әдiсi - бастапқы баға неғұрлым жоғары баға ұсынған бiр қатысушы қалған сәтке дейiн алдын ала жарияланған қадаммен өсетiн сауда-саттық әдiсi;
      сауда-саттықтың голландтық әдiсi - бастапқы баға қатысушылардың бiрi аукцион затын жарияланған баға бойынша сатып алуға келiсiм берген сәтке дейiн жарияланған қадаммен төмендейтiн сауда-саттық әдiсi;
      лот - аукционда бiр мезгiлде сатылатын зат немесе бiрнеше зат;
      лоттың ең төменгi бағасы - лот одан төмен сатылуы мүмкiн емес баға;
      жеңiмпаз - аукцион заты үшiн неғұрлым жоғары баға ұсынған қатысушы;
      сатып алушы - сатушымен сатып алу-сату шартын жасасқан қатысушы;
      сатушы - конкурстық басқарушы;
      лоттың бастапқы бағасы - әрбiр лот бойынша сауда-саттықтар басталатын баға;
      уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын, оған берiлген өкiлеттiктер шегiнде банкроттық рәсiмдерiн өткiзудi бақылауды (банктердi, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын қоспағанда), сондай-ақ соттан тыс рәсiмде дәрменсiз борышкердi таратуды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      сауда-саттыққа қатысушы - осы Ережеде белгiленген тәртiппен сауда-саттыққа қатысу үшiн тiркелген жеке немесе заңды тұлға;
      сату бағасы - сауда-саттықтар нәтижесiнде белгiленген лоттың түпкiлiктi бағасы.

      2. Табиғи монополия субъектiлерi немесе тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайды иеленген не республиканың экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәнi бар, азаматтардың өмiрiне, денсаулығына, ұлттық қауiпсiздiкке немесе қоршаған ортаға ықпал етуге қабiлеттi, сондай-ақ мемлекеттiң бастамасы бойынша банкрот деп танылған нарық субъектiлерi болып табылатын ұйымдар банкрот болған кезде Қазақстан Республикасының Үкiметi азаматтардың және мемлекеттiң мүддесiн қорғау мақсатында конкурстық массаны сатудың ерекше шарттары мен тәртiбiн және конкурстық масса объектiлерiн сатып алушыларға қосымша талаптар белгiлеуге құқылы.

      3. Борышкердiң мүлкiн сатуды сатушы белгiленген тәртiппен келiсiлген және бекiтiлген борышкердiң мүлкiн (активтерiн) сату жоспарына (бұдан әрi - сату жоспары) сәйкес сауда-саттық жүргiзу жолымен жүзеге асырады.

  2. Борышкердiң мүлкiн сатудың жоспарын жасау,
келiсу және бекiту тәртiбi

      4. Сату жоспарын сатушы түгендеу деректерiнiң және конкурстық массаны бағалау негiзiнде жасайды және ол лоттарға бөлiнген мүлiктiң тiзбесiн, олардың қысқаша сипаттамасын, сауда-саттықтарды өткiзудiң дәйектiлiгiн, сауда-саттықтардың әдiстерiн, әрбiр лот бойынша бастапқы және ең төменгi бағаны қамтиды.
      Сату жоспары, конкурстық басқарушыны (сатушыны) тағайындаған уәкiлеттi органға келiсуге ұсынылады. Уәкiлеттi орган бес жұмыс күнi iшiнде ұсынылған сату жоспарына келiсiм бередi не орындау үшiн ескертпелердi жою туралы қорытынды жiбередi.
      Уәкiлеттi органмен келiсiлген сату жоспарын борышкердiң кредит берушiлер комитетi бекiтедi.
      Қарсылық болған кезде борышкердiң кредит берушiлер комитетiнiң ұсынылған сату жоспарын уәкiлеттi органға шағымдануына болады, ол бес жұмыс күнi iшiнде қарсылықтың негiздiлiгi туралы қорытынды бередi және конкурстық басқарушыға борышкердiң кредит берушiлер комитетiнiң қарсылығына сәйкес сату жоспарына өзгерiстер және/немесе толықтырулар енгiзудi тапсырады не борышкердiң кредит берушiлер комитетiнiң қарсылығымен келiспейтiндiгi туралы қорытынды бередi. Уәкiлеттi органның борышкердiң кредит берушiлер комитетiнiң қарсылықтарымен келiспейтiндiгi туралы қорытындысына сотқа шағым жасалуы мүмкiн.

      5. Мүлiктi бағалауды жүргiзу үшiн сатушы бағалау қызметiн жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалаушыны тартады, оның қызметiне ақы төлеу банкрот мүлкiнiң есебiнен жүргiзiледi.

      6. Бағалаушыны тарту конкурстық негiзде бағалау ұсыныстарына сұрау салу әдiсiмен, конкурс өткiзу орны, күнi және оның негiзгi шарттары туралы ақпараттық хабарламалар нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде ресми түрде жариялау құқығын белгiленген тәртiппен алған, Қазақстан Республикасының бүкiл аумағына немесе борышкер орналасқан жер бойынша тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкке таратылатын мерзiмдi баспасөз басылымдарында жариялана отырып, жүргiзiледi.

      7. Бағалаушыны тарту үшiн қаражат жеткiлiксiз болған жағдайда конкурстық басқарушы кредит берушiлер комитетiнiң келiсiмiмен мүлiктi сауда-саттыққа теңгерiмдiк құны бойынша шығаруға құқылы.

      8. Сату жоспарын жасау кезiнде сату объектiлердi сауда-саттықтың ағылшындық және голландтық әдiсi бойынша сатудың бастапқы бағалары бағалау құнынан төмен болмайтын мөлшерде, ал бағалау болмаған кезде - теңгерiмдiк құн бойынша белгiленедi.
      Дебиторлық берешек сауда-саттыққа голландтық әдiс бойынша оның номиналды мәнi мөлшерiндегi бастапқы бағасымен шығарылады.

      9. Сауда-саттық ұйымдастыру және жүргiзу үшiн сатушы сауда-саттықты ұйымдастырушыны шартты негiзде тартуға құқылы. Сауда-саттықты ұйымдастыру туралы мәлiметтер, оны тарту қажеттiгi негiздемесiмен қоса сату жоспарына енгiзiледi.

      10. Егер сату жоспарында көзделген сауда-саттық барлық немесе жекелеген лоттар бойынша өткiзiлмедi деп танылса, сатушы сату жоспарына осы Ереженiң 4-тармағында белгiленген тәртiппен келiсiлуге және бекiтiлуге тиiс өзгерiстер және/немесе толықтырулар енгiзедi.

  3. Сауда-саттықты дайындау жөнiндегi iс-шаралар

       Ескерту. 16-тармаққа өзгерту енгізіледі - ҚР Үкіметінің 2007.04.30.  N 352  (2010 жылғы 13 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулыcымен.

      11. Сауда-саттық жүргiзу туралы ақпараттық хабар нормативтiк құқықтық кесiмдердi ресми түрде жариялау құқығын белгiленген тәртiппен алған, Қазақстан Республикасының бүкiл аумағына немесе борышкер орналасқан жер бойынша тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкке таратылатын мерзiмдi баспасөз басылымдарында сауда-саттық жүргiзiлгенге дейiн кемiнде 10 күнтiзбелiк күн бұрын мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде жарияланады.
      Сауда-саттық жүргiзiлмедi деп танылған немесе сауда саттық жүргiзудiң негiзгi шарттары өзгерген жағдайда сауда-саттық жүргiзу туралы ақпараттық хабар осы тармақта белгiленген тәртiппен жарияланады.
      Сауда-саттық жүргiзудiң негiзгi шарттарына сауда-саттық өткiзу күнi, орны, уақыты және әдiсi, қойылатын лоттардың мөлшерi және олардың бастапқы және ең төменгi бағалары жатады.

      12. Ақпараттық хабар мыналарды қамтуы тиiс:
      1) сауда-саттық өткiзу күнi, орны және уақыты;
      2) мүлкi сауда-саттыққа қойылатын борышкердiң атауы, қызметiнiң негiзгi бейiнi және мекен-жайы;
      3) шығарылатын лоттардың әрбiр лотты құрайтын мүлiктiң қысқаша сипаттамасы бар тiзбесi;
      4) әрбiр лот бойынша сауда-саттық өткiзу әдiсi;
      5) сатуға шығарылатын лоттардың бастапқы және ең төменгi бағалары;
      6) кепiлдiк жарнаның мөлшерi және алушының есеп шоты;
      7) мүлiктi сатудың ерекше шарттары және Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген жағдайда сатып алушыларға қойылатын қосымша талаптар;
      8) өтiнiмдердi қабылдау орны және мерзiмi;
      9) қосымша ақпарат алуға болатын телефондар мен мекен-жайлар.

      13. Ақпараттық хабар жарияланғаннан кейiн сатушы барлық тiлек бiлдiрушiлерге борышкердiң сауда-саттыққа шығарылған мүлкi, сондай-ақ аукционды ұйымдастыру мен жүргiзудiң ережелерi туралы ақпаратқа еркiн қол жетiмдiлiктi қамтамасыз етедi.

      14. Сауда-саттыққа қатысуға осы Ережеде белгiленген тәртiппен тiркеуден өткен жеке және заңды тұлғалар, оның iшiнде шетелдiк заңды тұлғалар жiберiледi.
      Сауда-саттыққа кiру билетiн төлеген барлық тiлек бiлдiрушiлердiң қатысуға құқығы бар.
      Бұқаралық ақпарат құралдары сауда-саттықтар жүргiзу кезiнде, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамада көзделген тәртiппен өз журналистерiн тiркей алады.

      15. Сауда-саттыққа қатысушыларды тiркеу ақпараттық хабар жарияланғаннан кейiнгi келесi күннен бастап жүргiзiледi және сауда-саттық басталғанға дейiн бiр сағат бұрын аяқталады. Сауда-саттық өткiзудi бастау жергiлiктi уақыт бойынша сағат 11-ден ерте белгiленбейдi.

      16. Сауда-саттыққа қатысушы ретiнде тiркелу үшiн мыналарды ұсыну қажет:
      1) сауда-саттыққа қатысуға өтiнiм;
      2) паспорт немесе жеке куәлiк;
      3) кепiлдiк жарна енгiзгендiгiн растайтын төлем құжатының көшiрмесi;
      4) өкiлдiң өкiлеттiгiн куәландыратын құжат;
      5) Қазақстан Республикасының Үкiметi конкурстық массаны сатып алушыларға ерекше шарттар мен қосымша талаптар белгiлеген жағдайда осы шарттарға сәйкестiгiн растайтын құжаттар.
      Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары заңды тұлғаның жарғысының, статистикалық карточкасының және тiркеу туралы куәлiгiнiң нотариалды расталған көшiрмелерiн қосымша ұсынады.
      Шетелдiк заңды тұлғалар мемлекеттiк және орыс тiлдерiне нотариалды расталған аудармасы бар құрылтай құжаттарын қосымша ұсынады.

      17. Өтiнiмдер қабылдау және сауда-саттыққа қатысуға тiлек бiлдiрушi тұлғаларды тiркеу, талап етiлетiн құжаттардың толық жиынтығы болған кезде жүргiзiледi.

      18. Кепiлдiк жарна мыналардың:
      1) сауда-саттыққа қатысушының - сауда-саттықтың ағылшындық әдiсi кезiнде бастапқы бағаны жариялаған кезде немесе сауда-саттықтың голландтық әдiсi кезiнде ең төменгi бағаға жеткен кезде сауда-саттықта бәсекелесу, сондай-ақ сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға қол қою;
      2) жеңiмпаздың - сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға қол қою және сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға сәйкес сатып алу-сату шартын жасасуы;
      3) сатып алушының - сатып алу-сату шарты бойынша мiндеттемелердi тиiстi түрде орындау мiндеттемелерiн қамтамасыз ету болып табылады.
      Сауда-саттыққа қатысу үшiн кепiлдiк жарна сауда-саттықтың ағылшындық және голландтық әдiсi кезiнде әрбiр лот бойынша лоттың бастапқы бағасының 10%-ын құрайды.
      Кепiлдiк жарнаны қатысушы үшiн кез келген басқа жеке немесе заңды тұлға енгiзе алады. Кепiлдiк жарнаны алушы сатушы болып табылады.
      Сауда-саттықта жеңiп шыққан және сатып алу-сату шартын жасасқан қатысушының кепiлдiк жарнасы сатып алу-сату шарты бойынша тиесiлi төлемдер шотына жатқызылады.

      19. Сатушы кепiлдiк жарнаны мыналарға қайтармайды:
      1) сауда-саттыққа қатысушыға - сауда-саттықтар өткiзiлгенге дейiн үш күннен аз уақытта оған қатысудан бас тартқан жағдайда; сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда; сауда-саттықтың ағылшындық әдiсi кезiнде бастапқы баға жарияланған кезде немесе сауда-саттықтың голландтық әдiсi кезiнде ең төменгi бағаға қол жеткiзiлген кезде аукциондық нөмiрдi көтермеген жағдайда;
      2) жеңiмпазға - ол сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға қол қоюдан не сатып алу-сату шартын жасасудан бас тартқан жағдайда;
      3) сатып алушыға - оның тарабынан сатып алу-сату шарты бойынша мiндеттемелердi орындамаған немесе тиiстi түрде орындамаған жағдайда.
      Қалған жағдайларда кепiлдiк жарналар сауда-саттық аяқталған күннен бастап бес банктiк күннен аспайтын мерзiмде қайтарылады.

      20. Сатушының мыналарға құқығы жоқ:
      1) сауда-саттыққа қатысушыдан сауда-саттықтарға қойылғандардың қатарынан сол немесе өзге лотты сатып алуға ниетi туралы ақпарат беруiн талап етуге;
      2) сауда-саттыққа дайындаудың және оларды өткiзудiң бүкiл кезеңi iшiнде сауда-саттыққа қатысушыларға қатысы бар ақпаратты жария етуге;
      3) қатысушы ретiнде тiркелу үшiн осы Ереженiң 16-тармағында санамаланғандардан басқа, қосымша құжаттарды ұсынуды талап етуге.

      21. Тiркеуден өткен тұлға сауда-саттық жүргiзiлетiн күнi аукциондық нөмiр алады. Сауда-саттық процесiнде аукциондық нөмiрдi басқа тұлғаның пайдалануына тыйым салынады.

      22. Сатушының айрықша функциялары мыналар болып табылады:
      1) кепiлдiк жарналарды қабылдау;
      2) сауда-саттықтың жүргiзiлу барысын бақылауды жүзеге асыру;
      3) сауда-саттық жеңiмпаздарымен сатып алу-сату шарттарын жасасу және олардың орындалуын бақылау;
      4) сауда-саттыққа қатысушылармен және сатып алушымен есеп айырысуларды жүзеге асыру.

  4. Сауда-саттық өткiзу

      23. Сауда-саттықты сауда-саттықты ұйымдастырушы өткiзедi. Сауда-саттық оны жүргiзу ережесiн хабарлаудан басталады. Қатысып отырған адамдардың сауда-саттықтың барысына ықпал етуге немесе оны жүргiзу ережесiн бұзуға құқығы жоқ, олай болмаған жағдайда сауда-саттықты жүргiзу залынан шығарылып жiберiлуi мүмкiн.
      Сатушы, сауда-саттыққа қатысушылар сауда-саттықтың бейнежазбасын жүргiзе алады.

      24. Әрбiр лот бойынша сауда-саттық сауда-саттықты ұйымдастырушының аукцион затын, оның қысқаша сипаттамасын, сауда-саттықты өткiзу әдiсiн, бастапқы бағаны және бағаның өзгеру қадамын жариялаудан басталады.
      Сауда-саттықты ұйымдастырушы сауда-саттық процесiнде бұл туралы хабарлай отырып, бағаның өзгеру қадамын өзгертуге құқылы. Өзгеру қадамы лоттың ағымдағы бағасының 10%-ға дейiнгi мөлшерiнде белгiленедi.

      25. Сауда-саттық төменде сипатталған екi әдiстiң бiрi бойынша өткiзiледi:
      1) сауда-саттықтың ағылшындық әдiсi - сауда-саттықты ұйымдастырушы лоттың бастапқы бағасын және бағаның өсу қадамын жариялайды. Сауда-саттыққа қатысушылар нөмiрдi көтеру арқылы аукцион затын бастапқы баға бойынша сатып алуға дайындығын растайды. Сауда-саттықты ұйымдастырушы сауда-саттыққа қатысушылардың лот бойынша аукциондық нөмiрлерiн жариялайды, бағаны бекiтiп бередi және оны көтерудi, бiрақ кемiнде жарияланған қадамға көтерудi ұсынады. Лот бойынша сауда-саттық ең жоғары ұсынылған бағаға дейiн жүредi. Сауда-саттықты ұйымдастырушы лоттың соңғы бағасын үш рет қайталайды және кемiнде 10 секунд iшiнде басқа көтерiлген нөмiрлер болмаған кезде балғаның соққысымен осы лоттың сатылғандығы туралы хабарлайды. Лот үшiн неғұрлым жоғары баға ұсынған сауда-саттыққа қатысушы жеңiмпаз деп жарияланады.
      Егер бағаны жоғарылатқан кезде сауда-саттыққа қатысушылардың ешқайсысы лотты сауда-саттықты ұйымдастырушы жариялаған баға бойынша сатып алуға тiлек бiлдiрмеген жағдайда сауда-саттықты ұйымдастырушы бағаның өзгеру қадамын азайту туралы хабарлайды және сауда-саттыққа қатысушыларға сауда-саттықты жалғастыруды ұсынады. Лот үшiн неғұрлым жоғары баға ұсынған сауда-саттыққа қатысушы жеңiмпаз деп жарияланады;
      2) сауда-саттықтың голландтық әдiсi - сауда-саттықты ұйымдастырушы лоттық бастапқы бағасын хабарлайды және оны жаңа бағаны, бiрақ лоттың ең төменгi бағасынан кем емес бағаны хабарлай отырып, мәлiмделген қадаммен төмендетедi. Аукциондық нөмiрдi көтерген кезде сауда-саттықты ұйымдастырушы лоттың бағасын үш рет қайталайды және жарияланған баға кезiнде бiрiншi болып аукциондық нөмiрдi көтерген қатысушының нөмiрiн атайды және кемiнде 10 секундтың iшiнде басқа көтерiлген нөмiрлер болмаған кезде балғаның соққысымен оны осы лот бойынша жеңiмпаз деп хабарлайды. Егер қатысушының нөмiрiн қайталаған кезеңде басқа қатысушы (қатысушылар) нөмiр көтерген жағдайда осы лот бойынша сауда-саттықтың жалғасы ағылшындық әдiс бойынша жүзеге асырылады.
      Лоттың ең төменгi бағасына қол жеткiзiлген кезде көтерiлген аукциондық нөмiрлердiң болмауы сауда-саттықты өткiзу ережесiнiң бұзылуы деп танылады.

      26. Лот бойынша сауда-саттық, егер сауда-саттыққа қатысушылардың саны кемiнде екеу болған жағдайда ғана жүргiзiлдi деп саналады.

      27. Әрбiр сатылған лот бойынша сауда-саттықтың нәтижелерi әрбiр лот бойынша аукцион аяқталғаннан кейiн сатушы, сауда-саттықты ұйымдастырушы, жеңiмпаз және барлық қатысушылар қол қоятын сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамамен ресiмделедi.
      Сауда-саттыққа қатысушы өзiнiң сауда-саттық қорытындысымен келiспейтiндiгiн бiлдiруге құқылы.

      28. Сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттама сауда-саттықтың нәтижелерiн және жеңiмпаз бен сатушының объектiнi сату бағасы бойынша сатып алу-сату шартын жасасу мiндеттемесiн тiркейтiн құжат болып табылады.
      Жеңiмпаз хаттамаға қол қойылған күннен бастап бес күнтiзбелiк күннен аспайтын мерзiмде сатып алу-сату шартын жасасуға мiндеттi.

      29. Егер жарияланған сауда-саттықтарға өтiнiмдер келiп түспеген немесе тек бiр қатысушы тiркелген не сауда-саттыққа қатысушылардың бiреуi ғана келген жағдайда сауда-саттық өткiзiлмедi деп танылады, сауда-саттықты ұйымдастырушы сатушы қол қоятын тиiстi хаттама жасайды.

      30. Борышкердiң айналымы шектелген мүлкiн сату жабық сауда-саттықта жүзеге асырылады. Жабық сауда-саттықтың қатысушылары осы мүлiктi сатып алуға құқығы бар адамдар болуы мүмкiн.

  5. Шарт жасасу және мүлiктi беру тәртiбi

      31. Объектiнi сатып алу-сату шарты сатушы мен сатып алушы арасында жазбаша нысанда жасалады және ол шарт жасасу негiздемесi ретiнде сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға сiлтеменi қамтуға тиiс.
      Сатушы сатып алу-сату шартында, сатып алушыда объектiге меншiк құқығы оны толық төлегеннен кейiн пайда болатындығы туралы көрсетуге мiндеттi.

      32. Сатып алу-сату шарты бойынша есеп айырысулар сатушы мен сатып алушы арасында жүргiзiледi.
      Аванстық төлем мүлiктi сату бағасының кемiнде 30% мөлшерiнде сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап бес банктiк күннен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде енгiзiледi.
      Кепiлдiк жарна тиесiлi аванстық төлемнiң шотына есептеледi. Қалған сома сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап 30 күнтiзбелiк күннен кешiктiрмей енгiзiлуi тиiс.
      Түпкiлiктi төлемнiң мерзiмi өткен жағдайда сатушы шартты бiр жақты тәртiппен бұзуға және сатып алушыдан кепiлдiк жарнамен жабылмаған бөлiгiнде нақты залалды өтеудi талап етуге құқылы.

      33. Объектiнi беру сатып алушы мүлiктiң сату бағасын толық төлегеннен кейiн қабылдап алу-беру актiсi бойынша жүргiзiледi.

      34. Сатып алу-сату шарты бұзылған жағдайда мүлiк сауда-саттыққа қайта шығарылады.

  6. Қорытынды ережелер

      35. Мүлiктi сатудан алынған және де кiру билеттерiн сатудан түскен қаражат конкурстық өндiрiстiң әкiмшiлiк шығыстарын және "Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген кезектiлiкке сәйкес кредит берушiлердiң талаптарын өтеуге жiберiледi.

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң    
2006 жылғы 26 сәуірдегi
N 326 қаулысына  
қосымша       

  Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң күшi жойылған кейбiр
шешiмдерiнiң тiзбесi

      1. "Банкрот деп танылған, таратылатын ұйымдардың мүлкiн (активтерiн) сатуға алдын ала дайындау мен сатудың тәртiбiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 1998 жылғы 11 тамыздағы N 759  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1998 ж., N 27, 232-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 11 тамыздағы N 759 қаулысына өзгерiс енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 5 желтоқсандағы N 1244  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1998 ж., N 45, 411-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 11 тамыздағы N 759 қаулысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 7 желтоқсандағы N 1251  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1998 ж., N 45, 413-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Қазынашылық комитетiнiң аумақтық органдары - мемлекеттiк мекемелерiн қайта атау, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу және күшi жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 24 маусымдағы N 695  қаулысымен  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., N 25, 328-құжат) бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулардың 2-тармағы.