"Нұра өзенiн тазарту" жобасын iске асыруды қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi үйлестiру комиссиясын құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 24 сәуірдегі N 320 Қаулысы. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 23 қазандағы N 987 Қаулысымен

Күшін жойған

       Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 23 қазандағы  N 987 Қаулысымен.

      2003 жылғы 17 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкi арасындағы Қарыз туралы  келiсiмдi (Нұра өзенiн тазарту жобасы) iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қосымшаға сәйкес "Нұра өзенiн тазарту" жобасын iске асыруды қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi үйлестiру комиссиясы құрылсын.

      2. Қоса берiлiп отырған "Нұра өзенiн тазарту" жобасын iске асыруды қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi үйлестiру комиссиясы туралы ереже бекiтiлсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

                                             Қазақстан Республикасы
                                                    Yкiметiнiң
                                             2006 жылғы 24 сәуiрдегi
                                                  N 320 қаулысына
                                                       қосымша

      "Нұра өзенiн тазарту" жобасын iске асыруды қамтамасыз ету
       мәселелерi жөнiндегi үйлестiру комиссиясының құрамы

Есiмов                   - Қазақстан Республикасының Ауыл
Ахметжан Смағұлұлы         шаруашылығы министрi, төраға

Сүлейменов               - Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны
Нәсiполла Зейноллаұлы      қорғау министрлiгi Табиғатты қорғауды
                           бақылау комитетiнiң төрағасы, төрағаның
                           орынбасары

Рябцев                   - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы
Анатолий Дмитриевич        министрлiгi Су ресурстары комитетiнiң
                           төрағасы, хатшы

Қалқабаев                - Қазақстан Республикасы Парламентiнiң
Орынбасар Шойбекұлы        Мәжiлiсi Экология және табиғатты
                           пайдалану мәселелерi комитетiнiң мүшесi
                           (келiсiм бойынша)

Петров                   - Қазақстан Республикасының Төтенше
Валерий Викторович         жағдайлар вице-министрi

Баталов                  - Қазақстан Республикасының Индустрия және
Асқар Болатұлы             сауда вице-министрi

Қасымбек                 - Қазақстан Республикасының Көлiк және
Жеңiс Махмұтұлы            коммуникация вице-министрi

Белоног                  - Қазақстан Республикасының бас мемлекеттiк
Анатолий Александрович     санитарлық дәрiгерi, Қазақстан
                           Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi
                           Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық
                           қадағалау комитетiнiң төрағасы

Сизов                    - Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын
Александр Павлович         басқару агенттiгi төрағасының орынбасары

Байнақов                 - Қазақстан Республикасы Қаржы
Рахмет Ғазизұлы            министрлiгi Үкiметтiк қарыздарды тарту
                           департаментiнің директоры

Камалиев                 - Қарағанды облысы әкiмiнiң орынбасары
Берiк Сайлауұлы

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң     
2006 жылғы 24 сәуiрдегі
N 320 қаулысымен  
бекiтiлген    

  "Нұра өзенiн тазарту" жобасын iске асыруды қамтамасыз ету
мәселелерi жөнiндегi үйлестiру комиссиясы туралы
ереже 1. Жалпы ережелер

      1. Осы "Нұра өзенiн тазарту" жобасын iске асыруды қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi үйлестiру комиссиясы туралы ереже (бұдан әрi - Ереже) "Нұра өзенiн тазарту" жобасын (бұдан әрi - жоба) iске асыруды қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi үйлестiру комиссиясының (бұдан әрi - Комиссия) қызметiн реттейдi. Комиссия 2003 жылғы 17 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкi арасындағы Қарыз туралы келiсiм шеңберiнде жобаны iске асыруды қамтамасыз ету жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу мақсатында құрылған.

      2. Комиссия Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.
      Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының  Конституциясын , Қазақстан Республикасының заңдарын және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердi, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.

  2. Комиссияның негiзгi мiндеттерi мен функциялары

      3. Комиссияның негiзгi мiндеттерi мен функциялары:
      1) жоба шеңберiнде сынаппен ластану көзiн - бұрынғы "Карбид" акционерлiк қоғамының ғимараттары мен құрылыстарын (өндiрiстiк цехтарды, ҚарГРЭС-iнiң күл үйiндiсiн, Жауыр батпағын) жою, сондай-ақ өзен арнасы мен жайылмаларын сынаптан тазарту арқылы халықтың әл-ауқатын, өңiрдегi экологиялық және әлеуметтiк-экономикалық ахуалды жақсарту;
      2) Қазақстан Республикасының Үкiметiне берiлетiн Халықаралық Қайта құру және Даму Банкiнiң қарызы қаражатын тиiмдi пайдалану;
      3) жобаны iске асыру жөнiндегi мәселелердi үйлестiру;
      4) ластанған қалдықтарды сақтауға арналған құрылыстарды жобалау мен салуға, сондай-ақ өзен арнасы мен жайылмаларын тазартуды жүргiзу кезiнде жергiлiктi еңбек және материалдық ресурстарды барынша пайдалануды қамтамасыз ету жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу болып табылады.

  3. Комиссияның құқықтары

      4. Комиссияның өз мiндеттерiне сәйкес:
      1) орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардан Комиссияның құзыретiне жататын мәселелер бойынша қажеттi ақпарат алуға;
      2) жобаны iске асыру мәселелерi бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзiрлеуге;
      3) Комиссияның құрамына енгiзiлетiн өзгерiстер және/немесе толықтырулар бойынша белгiленген тәртiппен ұсыныстар енгiзуге құқығы бар.

  4. Комиссияның қызметiн ұйымдастыру

      5. Комиссияны оның қызметiне басшылық жасайтын, Комиссияның отырыстарында төрағалық ететiн, оның жұмысын жоспарлайтын төраға басқарады. Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасар атқарады.

      6. Жұмыстарды ұйымдастыруды және тиiстi материалдар дайындауды Комиссияның хатшысы жүзеге асырады.

      7. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң  Су ресурстары комитетi Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      8. Комиссияның отырыстары қажеттiгiне қарай, бiрақ кемiнде жарты жылда бiр рет өткiзiлiп тұрады.

      9. Отырыстардың күн тәртiбiн, сондай-ақ өткiзiлетiн орны мен уақытын Комиссия мүшелерiнiң келiсiмi бойынша Комиссияның төрағасы белгiлейдi және нақтылайды.

      10. Комиссияның шешiмдерi ашық дауыспен қабылданады және егер ол үшiн Комиссия мүшелерi жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген шешiм қабылданды деп саналады.
      Комиссияның шешiмдерi хаттамамен ресiмделедi және ұсынымдық сипатта болады.

  5. Комиссияның қызметiн тоқтату

      11. Комиссия өз қызметiн жобаны iске асыру аяқталғаннан кейiн тоқтатады.