Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асыру ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 13 сәуірдегі N 276 Қаулысы

Қолданыстағы

     "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шiлдедегi Заңының  13-бабы  1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

     1. Қоса берiлiп отырған Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асыру ережесi бекiтiлсiн.

     2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң        
2006 жылғы 13 сәуiрдегi 
N 276 қаулысымен    
бекiтiлген    

  Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асыру ережесi

  1. Жалпы ережелер

     1. Осы Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асыру ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына  (бұдан әрi - Заң) сәйкес әзiрлендi.

     2. Осы Ереже табиғи монополиялар салаларындағы қызметтi бақылауды және реттеудi жүзеге асыратын  орталық мемлекеттiк органның  (бұдан әрi - орталық уәкiлеттi орган), өз қызметiн Заңда белгiленген құзырет шегiнде жүзеге асыратын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының (бұдан әрi - жергiлiктi атқарушы орган) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын сақтауын бақылауды жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi.

  2. Жергiлiктi атқарушы органдарды бақылау түрлерi

     3. Орталық уәкiлеттi орган жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын сақтауын бақылауды:
     1) жергiлiктi атқарушы органдарды олардың орналасқан жерi бойынша жоспарлы тексеру;
     2) жергiлiктi атқарушы органдарды жоспардан тыс тексеру;
     3) жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмдерi мен кесiмдерiн iрiктемелi түрде сараптау арқылы жүзеге асырады.

  3. Жергiлiктi атқарушы органдарға тексеру жүргiзу тәртiбi

     4. Орталық уәкiлеттi орган жергiлiктi атқарушы органдарды жоспарлы тексерудi жылына кемiнде бiр рет жүргiзедi.

     5. Жергiлiктi атқарушы органдарға жоспарлы тексеру жүргiзу үшін негiз жыл сайын орталық уәкiлеттi органның басшысы не оның мiндетiн атқарушы тұлға бекiтетiн орталық уәкiлеттi органның жұмыс жоспары болып табылады. Жоспар жергiлiктi атқарушы органдардың тiзбесiн қамтуға тиiс, оларға қатысты тексерудi жүзеге асыру және тексерудi жүргiзу мерзiмi болжанып отыр.

     6. Жергiлiктi атқарушы органдарды жоспардан тыс тексерулер түрлерi:
     1) жергiлiктi атқарушы органның орналасқан жерi бойынша;
     2) жергiлiктi атқарушы органның орналасқан жерiне бармай.

     7. Жоспардан тыс тексеру жүргiзу үшiн мыналар негiз болып табылады:
     1) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өтiнiштерi;
     2) мемлекеттiк органдардың ақпараты;
     3) құқық қорғау органдарының өтiнiштерi;
     4) қоғамдық ұйымдардың өтiнiштерi;
     5) бұқаралық ақпарат құралдарының хабары;
     6) жергiлiктi атқарушы органдардың есептерiнен алынған ақпарат.

     8. Осы Ереженiң 7-тармағында көзделген негiздердiң туындаған күнiнен бастап он жұмыс күнiнен кешiктiрмей орталық уәкiлеттi орган:
     1) тексеру жүргiзу туралы шешiм қабылдайды;
     2) осы Ереженiң 7-тармағының 1) - 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда тексеру жүргiзу үшiн негiздердiң жоқтығы туралы жазбаша қорытынды бередi;
     3) қажет болған кезде, Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде белгiленген коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жариялауға қойылатын талаптарды сақтай отырып, жергiлiктi атқарушы органнан, сондай-ақ олардың лауазымды тұлғаларынан тиiстi ақпаратты сұратады.

     9. Жергiлiктi атқарушы органдарды, олардың орналасқан жерi бойынша жоспарлы және жоспардан тыс тексеру орталық уәкiлеттi органның шешiмi бойынша жүргiзiледi.

     10. Орталық уәкiлеттi органның шешiмi мыналарды:
     1) жергiлiктi атқарушы органның атауы мен орналасқан жерiн;
     2) тексерудi жүзеге асыратын лауазымды тұлғаның тегi мен аты-жөнiн;
     3) тексеру түрiн;
     4) тексеру мәселесiн;
     5) тексеру жүргiзу мерзiмiн;
     6) тексерудi тағайындау негiзiн;
     7) егер жергiлiктi атқарушы органның белгiлi бiр уақыт кезеңi iшiндегi құжаттарын зерделеу талап етiлетiн жағдайда, тексерiлетiн кезеңдi;
     8) жергiлiктi атқарушы органға тексеру жүргiзудiң негiзгi мiндеттерi мен мақсаттарын көрсете отырып, тексеру бағдарламасын, тексеру барысында анықтауға жататын мәселелер мен жағдайлар тобының тiзбесiн қамтуға тиiс.

     11. Орталық уәкiлеттi органның шешiмiне орталық уәкiлеттi органның басшысы не оның мiндетiн атқарушы тұлға қол қояды және орталық уәкiлеттi органның мөрiмен расталады.

     12. Жергiлiктi атқарушы органның орналасқан жерi бойынша оған жоспарлы немесе жоспардан тыс тексеру жүргiзу кезiнде орталық уәкiлеттi органның лауазымды тұлғасы жергiлiктi атқарушы органның басшысына не оның мiндетiн атқарушы тұлғаға орталық уәкiлеттi органның шешiмiн және қызметтiк куәлiгiн көрсетедi.

     13. Орталық уәкiлеттi органның шешiмiн және қызметтiк куәлiктi көрсеткен кезде жергiлiктi атқарушы органдар орталық уәкiлеттi органның лауазымды тұлғасын оларға тиесiлi аумаққа немесе үй-жайға жiберуге және тексерілетiн жергiлiктi атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларынан, басшылары мен басқа да қызметкерлерiнен тексеру жүргiзу үшiн қажеттi ақпараттар, құжаттар және тексеру барысында туындаған мәселелер бойынша ауызша және жазбаша түрдегi түсiнiктемелер сұрату және алу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге тиiс.

     14. Жергiлiктi атқарушы органға оның орналасқан жерi бойынша жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жүргiзу мерзiмi алдағы жұмыстардың көлемi мен қойылған мiндеттердi ескере отырып белгiленедi, бiрақ 30 күнтiзбелiк күннен аспауға тиiс.
     Мән-жайды қосымша тексеру қажет болған жағдайда, жергiлiктi атқарушы органға оның орналасқан орны бойынша жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жүргiзу мерзiмi орталық уәкiлеттi органның шешiмiмен 30 күнтiзбелiк күнге ұзартылуы мүмкiн.
     Жергiлiктi атқарушы органдарға олардың орналасқан жерi бойынша жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жүргiзу мерзiмiн ұзартуды орталық уәкiлеттi органның бiрiншi басшысы не оның мiндетiн атқарушы тұлға жүргiзедi.

     15. Жергiлiктi атқарушы органдарды олардың орналасқан жерi бойынша жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жергiлiктi атқарушы органды тексеру қорытындылары туралы анықтама (бұдан әрi - Тексеру қорытындылары туралы анықтама) жасау арқылы аяқталады.
     Тексеру қорытындылары туралы анықтамаға жергiлiктi атқарушы органды тексерудi жүзеге асыратын лауазымды тұлға мен тексерiлетiн жергілiктi атқарушы органның басшысы не оның мiндетiн атқарушы тұлға қол қояды.

     16. Тексерiлiп отырған жергiлiктi атқарушы органның басшысы не оның мiндетiн атқарушы тұлға өзiнiң ерекше пiкiрiн жазбаша түрде баяндай алады, ол Тексеру қорытындылары туралы анықтамаға қоса берiледi.

     17. Тексерiлiп отырған жергiлiктi атқарушы органның басшысы не оның мiндетiн атқарушы тұлға Тексеру қорытындылары туралы анықтамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, жергiлiктi атқарушы органды тексерудi жүзеге асыратын орталық өкiлеттi органның лауазымды тұлғасы Тексеру қорытындылары туралы анықтамаға тиiстi жазба енгiзедi.

     18. Жергiлiктi атқарушы органды тексеру аяқталғаннан кейiн Тексеру қорытындылары туралы анықтаманың екiншi данасы жергiлiктi атқарушы органның басшысына немесе оның мiндетiн атқарушы тұлғаға олардың қолдары қойылып табыс етiледi, ал олар болмаған не Тексеру қорытындылары туралы анықтаманы алудан бас тартқан жағдайда анықтаманы қабылдаған жергiлiктi атқарушы орган қызметкерiнiң тегi мен лауазымын көрсете отырып, тексерiлiп отырған жергiлiктi атқарушы органның кеңсесiне қол қойғызып өткiзiледi.
     Тексеру қорытындылары туралы анықтаманы қолға табыстау не кеңсеге өткiзу мүмкiн болмаған кезде, Тексеру қорытындылары туралы анықтама тапсырысты хатпен оны табыстау туралы почтаның растауымен жергiлiктi атқарушы органға жiберiледi.

     19. Жергiлiктi атқарушы органды оның орналасқан жерi бойынша жоспарлы және жоспардан тыс тексеру нәтижелерiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.

     20. Жергiлiктi атқарушы органның орналасқан жерiне бармай жоспардан тыс тексеру жүргiзудi орталық уәкiлеттi орган қажет болған кезде тиiстi ақпаратты сұратып жүргiзедi.

     21. Сұрауды жолдаған кезде орталық уәкiлеттi орган жергiлiктi атқарушы органның сұратып отырған ақпаратты ұсыну мерзiмiн, бiрақ кемiнде бес жұмыс күнi болатын мерзiмдi белгiлейдi.

     22. Жергiлiктi атқарушы орган орталық уәкiлеттi орган сұратқан ақпаратты белгiленген мерзiмде ұсынады.

     23. Орталық уәкiлеттi орган 20 күннен аспайтын мерзiмде қолда бар материалдарды қарайды.

     24. Жергiлiктi атқарушы органның орналасқан жерiне бармай Тексеру не жоспардан тыс тексеру қорытындылары туралы анықтаманы қарау нәтижелерi бойынша орталық өкiлеттi орган:
     1) бұзушылық фактiлерiнiң болмауы туралы қорытынды жасайды;
     2) жергiлiктi атқарушы органға табиғи монополиялар туралы заңнаманың анықталған бұзушылықтарын жою туралы, оның iшiнде бастапқы жағдайды қалпына келтiру туралы нұсқама шығарады;
     3) тиiстi мемлекеттiк органға кiнәлi адамдарды тәртiптiк жауапқа тартуға ұсыным жасайды;
     4) қылмыстық iс қозғау туралы мәселенi қарау үшiн құқық қорғау органдарына материалдар бередi;
     5) өзге де мемлекеттiк органдарға қарау және тиiстi шаралар қабылдау үшiн материалдар бередi.

     25. Орталық уәкiлеттi орган жергiлiктi атқарушы органдарға тексеру жүргiзуге қатысу үшiн мүдделi мемлекеттiк органдардың мамандарын тарта алады.

     26. Орталық уәкiлеттi орган басқа мемлекеттiк органдармен бiрлесiп жүргiзетiн тексерулерге қатыса алады.

  4. Жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмдерi мен кесiмдерiне iрiктемелi сараптама жүргiзу

     27. Орталық уәкiлеттi орган жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмдерi мен кесiмдерiнiң Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына және тариф түзудiң әдiснамалық негiздерiне сәйкестiгiне iрiктемелi сараптама жүргiзуi мүмкiн.

     28. Iрiктемелi сараптамаға жергiлiктi атқарушы органдардың тарифтер (бағалар, алымдар ставкаларын) және олардың шектi деңгейлерiн; инвестициялық тарифтердi (бағаларды, алымдар ставкаларын); тарифтiк сметаларды; уақытша төмендету коэффициенттерiн; уақытша өтемдiк тарифтердi бекiту туралы; есептiк саясатты келiсу туралы шешiмдерi, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасының бұзушылығына ден қою актiлерi жатады.

     29. Iрiктемелi сараптама жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмдерi мен кесiмдерiнiң Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына және/немесе табиғи монополиялар субъектiлерiнiң реттелетiн қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) арналған тарифтер (бағалар, алымдар ставкаларын) немесе олардың шектi деңгейлерiн есептеудiң кемсiтпеушiлiк әдiстемелерiне сәйкестiгiн анықтау мақсатында жүргiзiледi.

     30. Орталық уәкiлеттi орган қажет болған кезде жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмдерi мен кесiмдерiне iрiктемелi сараптаманы жүзеге асыру үшін ақпарат сұратады.

     31. Сауалды жiберген кезде орталық уәкiлеттi орган жергiлiктi атқарушы орган сұратқан ақпаратты ұсыну мерзiмiн, бiрақ кемiнде бес жұмыс күнiн белгiлейдi.

     32. Жергiлiктi атқарушы орган орталық уәкiлеттi орган сұратқан ақпаратты белгiленген мерзiмде ұсынады.

     33. Жергiлiктi атқарушы органдар қабылдаған шешiмдер мен кесiмдерде табиғи монополиялар субъектiлерiнiң реттелетiн қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) арналған тарифтер (бағалар, алымдар ставкаларын) немесе олардың шектi деңгейлерiн есептеудiң кемсiтпеушiлiк әдiстемелерiне сәйкес келмеу анықталған жағдайда орталық өкiлеттi орган жергiлiктi атқарушы органға тиiстi шаралар қабылдау туралы дәлелдi қорытынды жiбередi.

     34. Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмдерi мен кесiмдерiнiң сәйкес келмеуi анықталған жағдайда орталық уәкiлеттi орган:
     1) жергiлiктi атқарушы органға табиғи монополиялар туралы заңнаманың анықталған бұзушылықтарын жою туралы, оның iшiнде бастапқы жағдайды қалпына келтiру туралы нұсқама шығарады;
     2) тиiстi жергiлiктi атқарушы органға жергiлiктi атқарушы органның қабылдаған шешiмдерi мен кесiмдерiнiң күшiн жою туралы ұсыным жасайды;
     3) материалдарды қылмыстық iс қозғау туралы мәселенi қарау үшiн құқық қорғау органдарына бередi.

  5. Жергiлiктi атқарушы органға табиғи монополиялар туралы заңнаманың анықталған бұзушылықтарын жою туралы нұсқама енгiзу

     35. Табиғи монополиялар туралы заңнаманың бұзушылықтарын жою туралы нұсқама табиғи монополиялар туралы заңнаманы бұзуға жол берген жергiлiктi атқарушы органға енгiзiледi.

     36. Нұсқама орталық уәкiлеттi органның фирмалық бланкiсiнде ресiмделедi және мыналарды:
     1) нұсқаманы жасауға қатысты жергiлiктi атқарушы органның атауын;
     2) табиғи монополиялар туралы заңнаманы бұзудың белгіленген фактісiнiң (фактiлерiнiң), сондай-ақ жергiлiктi атқарушы орган бұзған құқық нормаларының сипатын;
     3) табиғи монополиялар туралы заңнаманы бұзушылықты жою үшiн (немесе оны (оларды) жасаудан ол қалыс қалуға тиiс) жергiлiктi атқарушы орган жасауға тиiс iс-әрекеттi;
     4) нұсқаманы орындау мерзiмiн;
     5) нұсқаманы орындау туралы ақпаратты ұсыну мерзiмiн;
     6) нұсқамаға қол қоюға өкiлеттiк берiлген адамның қолын;
     7) орталық уәкiлеттi органның мөрiн қамтуға тиiс.

     37. Орталық уәкiлеттi органның табиғи монополиялар туралы заңнаманың анықталған бұзушылықтарын жою туралы, оның iшiнде бастапқы жағдайды қалпына келтiру туралы нұсқамаларын жергiлiктi атқарушы органдар, олардың басшылары нұсқамаларда көзделген мерзiмде, бiрақ оларды алған күннен бастап отыз күннен кешiктiрмей орындайды.

     38. Жергiлiктi атқарушы органдар орталық өкiлеттi органның нұсқамаларын орындамаған жағдайда орталық өкiлеттi орган талап арызбен сотқа жүгiнедi.

     39. Орталық уәкiлеттi органның нұсқамасына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.

     40. Жергiлiктi атқарушы орган орталық өкiлеттi органның табиғи монополиялар туралы заңнамасының анықталған бұзушылықтарын жою туралы, оның iшiнде бастапқы жағдайды қалпына келтiру туралы нұсқамасын толық немесе iшiнара жарамсыз деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiне алады.

     41. Орталық уәкiлеттi органның табиғи монополиялар туралы  заңнаманың анықталған бұзушылықтарын жою туралы, оның iшiнде бастапқы жағдайды қалпына келтiру туралы нұсқамасына шағымдану оның iс-әрекетiн тоқтатады.

  6. Қорытынды ережелер

     42. Орталық уәкiлеттi орган бұзушылық фактiлерiнiң болуын тексеру не жергiлiктi атқарушы органға тексеру жүргiзу жөнiндегi өз өкiлеттiктерiнiң бiр бөлiгiн өзiнiң аумақтық органдарына табыстауы мүмкiн.

     43. Осы Ереженiң бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiктi жүктейдi.