Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi Балалардың құқықтарын қорғау комитетiнiң мәселелерi

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 13 қаңтардағы N 36 Қаулысы

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының Yкiметi туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Конституциялық заңының  24-бабына  сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Балалардың құқықтарын қорғау комитетi (бұдан әрi - Комитет) құрылсын.

      2.  Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 2007.10.22.  N 984  (қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан  қараңыз) Қаулысымен.

      3.  Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 2007.10.22.  N 984  (қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан  қараңыз) Қаулысымен.

      4. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне мынадай толықтырулар мен өзгерiстер енгiзiлсiн:

      1)  Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 2007.10.22.  N 984  (қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан  қараңыз) Қаулысымен.

      2) "Штат санының лимиттерiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2005 жылғы 24 қаңтардағы N 47  қаулысында :
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген министрлiктердiң, агенттiктер мен ведомстволардың қызметкерлерi штат санының лимиттерiнде:
      "Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi" деген реттiк нөмiрi 12-жолда:
      "Штат санының лимитi" деген бағанда "297" деген сандар "317" деген сандармен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
      "Балалардың құқықтарын қорғау комитетi                  20".

      5. Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi заңнамада белгiленген тәртiппен осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсiн.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрінің
      міндетін атқарушы

Қазақстан Республикасы    
Үкiметiнiң          
2006 жылғы 13 қаңтардағы   
N 36 қаулысымен       
бекiтiлген         

  Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң
Балалар құқықтарын қорғау комитетi туралы
ереже

  1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Балалар құқықтарын қорғау комитетi Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң құзыретi шегiнде балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерiн қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi функцияларды, сондай-ақ оның құзыретiне жатқызылған саладағы арнайы атқарушылық және бақылау функцияларын жүзеге асыратын ведомство болып табылады.
      Комитеттiң негiзгi мiндетi балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк саясатты iске асыру болып табылады.

      2. Комитет өз қызметiн ҚР  Конституциясына  және Қазақстан Республикасының  заңдарына , Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң кесiмдерiне, Қазақстан Республикасы бекiткен  халықаралық  шарттарға, сондай-ақ осы ережеге және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Комитет мемлекеттiк мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы  заңды тұлға  болып табылады, өз атауы мемлекеттiк тiлде жазылған мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Қазынашылық комитетiнде шоттары болады.
      Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
      Комитеттiң егер оған заңнамаға сәйкес өкiлеттiк берiлген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.

      4. Комитеттiң  құрылымы  мен штат санының лимитiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      5. Комитеттiң заңды мекен-жайы:
      473000, Астана қаласы, Бейбiтшiлiк көшесi, 11.

      6. Комитеттiң толық атауы - "Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгінiң Балалар құқықтарын қорғау комитетi" мемлекеттiк мекемесi.

      7. Осы ереже Комитеттiң  құрылтай құжаты  болып табылады.

      8. Комитеттiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
      Комитетке кәсiпкерлiк субъектiлерiмен оның функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау мәнiнде шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Комитетке заңнамалық кесiмдермен кiрiс әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлген болса, онда мұндай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.

  2. Комитеттiң функциялары мен құқықтары

      9. Комитет заңнамада белгiленген тәртiппен мыналарды жүзеге асырады:
      1) мынадай саладағы мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын қамтамасыз ететiн функцияларды:
      балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерiн қорғауға бағытталған тұжырымдамаларды, бағдарламаларды және жобаларды iске асыру, әлеуметтiк жетiмдiктiң алдын алу, панасыз қалуды болдырмау;
      балалар құқықтары мен олардың заңды, оның iшiнде халықаралық ынтымақтастық iсiнде де мүдделерiн қорғау саласындағы басқа да мүдделi уәкiлеттi органдардың қызметiн үйлестiру және бағыттау;
      бiлiм беру ұйымдарының бiлiм алушылары мен тәрбиеленушiлерiн әлеуметтiк қолдаудың және әлеуметтiк қорғаудың негiзгi мақсаттарын шешуде салааралық көзқарасты жүзеге асыру;
      өз құзыретiнiң шегiнде балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерiн қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
      балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерiн қорғау мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдармен, үкiметтiк емес ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара iс-қимыл жасау;
      республикадағы балалардың жағдайы туралы ақпараттық-талдамалық материалдарды дайындау;
      өз құзыретiнiң шегiнде мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға ғылыми-әдiстемелiк және құқықтық көмек көрсету;
      балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерiн қорғау, сондай-ақ оларға көрсетiлетiн қызметтердiң сапасы мәселелерi бойынша қамқоршылық және қорғаншылық органдарының iс-қимылына қатысты хаттар мен өтiнiштердi қарау;
      2) мыналар жөнiндегi мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын мемлекеттiк бақылауды қамтамасыз ететiн функцияларды:
      балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерiн қорғау саласындағы заңнаманы мемлекеттiк органдардың, заңды және жеке тұлғалардың сақтауы;
      балалардың әлеуметтiк және құқықтық кепiлдiктерiн қамтамасыз ету;
      өмiрде қиын жағдайға душар болған балаларды толық және жан-жақты есепке алу;
      өңiрлiк ерекшелiктердi есепке ала отырып балалардың өмiрiн жақсартуға бағытталған мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттарды сақтау.

      10. Комитет заңнамада белгiленген тәртiппен мыналарға құқылы:
      өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнаманы жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
      балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерiн қорғау, халықаралық бала асырап алу (қыз асырап алу) мәселелерi жөнiнде әдiстемелiк көмек көрсетуге;
      балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерiн қорғау саласындағы ғылыми-практикалық әзiрлемелер мен социологиялық зерттеулерге арналған тапсырысты қалыптастыруға, белгiленген тәртiппен Комитет қызметiнiң белгiленген саласына жатқызылған мәселелердi пысықтау үшiн ғылыми және өзге де ұйымдарды, ғалымдар мен мамандарды тартуға;
      заңнамада белгiленген тәртiппен мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан және азаматтардан ақпаратты және материалдарды, сондай-ақ балалардың әлеуметтiк және құқықтық кепiлдiктерiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi басқа да мәлiметтердi сұратуға және алуға;
      Комитеттiң құзыретiне жататын мәселелер бойынша түсiнiктемелер беруге;
      балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерiн қорғау мәселелерi бойынша халықаралық шарттар жасасуға және оларға қосылу туралы ұсыныстар енгiзуге;
      кеңестер, семинарлар, конференция өткiзу, сондай-ақ Комитеттiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша халықаралық конференциялар мен кеңестердiң жұмысында Қазақстан Республикасын бiлдiруге және оған қатысуға;
      балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерiн қорғау мәселелерi бойынша баспа қызметiн жүзеге асыруға;
      балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерiн қорғау, әлеуметтiк жетiмдiктiң алдын алу жөнiндегi жұмыстарға инновациялық технологияларды енгiзуге;
      балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерiн қорғау, балалар ортасындағы әлеуметтiк жетiмдiктiң, қараусыздықтың, құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың және басқа келеңсiз құбылыстардың алдын алу бойынша оң тәжiрибенi қорытуға және таратуға;
      балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерiн қорғау проблемалары бойынша азаматтарды және кәмелетке толмағандарды қабылдауды жүзеге асыруға.

  3. Комитеттiң мүлкi

      11. Комитеттiң оқшауланған мүлiктi жедел басқаруға құқығы бар.
      Комитеттiң мүлкi оған мемлекет берген мүлiктiң есебiнен қалыптастырылады және негiзгi қорлар мен айналымдағы қаражаттан, сондай-ақ құны Комитеттiң теңгерiмiнде көрсетiлетiн өзге де мүлiктен тұрады.

      12. Комитеттiң өзiне бекiтiлiп берiлген мүлiктi өздiгiнен иелiктен шығаруға немесе оған өзге де тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ. Комитетке заңнамалық кесiмдерде белгiленген жағдайларда және шектерде мүлiкке билiк ету құқығы берiлуi мүмкiн.

  4. Комитеттiң қызметiн ұйымдастыру

      13. Комитеттi Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрiнiң ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төраға басқарады.
      Комитет төрағасының заңнамаға сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын екi орынбасары болады.

      14. Комитеттiң төрағасы Комитеттiң жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, Комитетке жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшiн жеке жауаптылықта болады.

      15. Комитеттiң төрағасы осы мақсаттарда:
      1) өзiнiң орынбасарлары мен Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының мiндеттерi мен өкiлеттiктерiн белгiлейдi;
      2) Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрiмен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен штат санының лимитi шегiнде Комитеттiң штаттық кестесiн бекiтедi;
      3) заңнамаға сәйкес Комитеттiң қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      4) заңнамада белгiленген тәртiппен Комитеттiң қызметкерлерiн көтермелейдi, оларға тәртiптiк жазалар қолданады;
      5) Комитеттiң бұйрықтарына қол қояды;
      6) Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
      7) қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттiк органдарда және өзге де ұйымдарда Комитеттi бiлдiредi.

  5. Комитеттi қайта ұйымдастыру және тарату

      16. Комитеттi  қайта ұйымдастыру  және  тарату  Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы     
Үкiметiнiң           
2006 жылғы 13 қаңтардағы    
N 36 қаулысымен        
бекiтiлген          

  Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi
Балалар құқықтарын қорғау комитетiнiң
құрылымы

Басшылық
Балалар құқықтарын қорғау бөлiмi
Балаларды асырап алу (қыз асырап алу) мәселелерi бөлiмi
Сараптама-талдау бөлiмi
Ұйымдастыру-құқықтық, кадрлық және қаржылық қамтамасыз ету бөлiмi