Қазақстан Республикасы iшкi су жолдарының жағалау белдеуiн пайдалану ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 12 қыркүйектегі N 910 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Iшкi су көлiгi туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегi Заңы  8-бабының  7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы iшкi су жолдарының жағалау белдеуiн пайдалану ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзіледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің         
2005 жылғы 12 қыркүйектегі
N 910 қаулысымен     
бекiтiлген        

  Қазақстан Республикасы iшкi су жолдарының
жағалау белдеуiн пайдалану ережесi

      1. "Iшкi су көлiгi туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шiлдедегі Заңы  8-бабының  7) тармақшасына сәйкес әзiрленген Қазақстан Республикасы iшкi су жолдарының жағалау белдеуiн пайдалану ережесi (бұдан әрi - Ереже) оны пайдаланудың тәртiбi мен шарттарын айқындайды.

      2. Iшкi су жолдарының жағалау белдеуiнде заңнамада белгіленген тәртiппен:
      1) кемелердiң және өзге де жүзу құралдарының айлаққа келуiне, арқандап байлануына және тоқтап тұруына, жүктердi тиеуге, түсiруге және сақтауға, жолаушыларды кемелерге отырғызуға және кемелерден түсiруге арналған уақытша құрылғылар мен жүзбелi имараттар орналастыруға;
      2) кемелердiң алдын ала болжанбаған қыстап қалуы немесе олардың көлiк оқиғаларына ұшырауы жағдайында уақытша имараттар мен құрылыстар салуға және басқа да қажетті жұмыстар жүргiзуге рұқсат етіледi.
      Уақытша имараттар мен құрылыстарға жағалау белдеуiн уақытша пайдалану кезеңiне арнайы салынған немесе лайықталған объектілер жатады.

      3. Iшкi су жолдарының жағалау белдеуiнде навигациялық шырақтарды қоспағанда, кеме жолына қарай бағытталған қандай да бiр тұрақты шырақтар орнатуға тыйым салынады.

      4. Кеме қатынасы өзендерінің жағалауларын және онда орналасқан жасанды көшеттердi бүлiнуден және бұзылудан сақтау мақсатында жағалау белдеуiнiң жекелеген учаскелерiнде жер жырту, орманды қопару және басқа да жұмыстарды жүргізу су көлiгi саласындағы уәкiлетті органмен (бұдан әрi - уәкілеттi орган) келiсiм бойынша жүргізіледi.

      5. Iшкi су жолдарының жағалау белдеуi шектерiнде құрылыстар мен имараттар салуға уәкілеттi органмен келiсiм бойынша рұқсат етiледi.
      Жағалау белдеуi шектерiнде руда емес құрылыс материалдарын өндiрудi, орман кесудi, көпірлер салуды және басқа да жұмыстарды жүргізетiн ұйымдар, осы белдеуде орналасқан кеме қатынасы мұқтаждарына арналған имараттардың сақталуын қамтамасыз етедi және жұмыстарды жүргiзу кезiнде болған осы имараттардың ақауларын уақтылы жөндеудi.

      6. Уәкiлеттi орган, жағалау белдеуiнiң учаскесi қарауында болатын кәсiпорынның ұсынуы бойынша пайдаланушыға бұл учаскенi осы орган белгiлейтiн мерзiмге уақытша пайдалануға рұқсат бередi. Жағалау белдеуiн уақытша пайдалану мерзiмiн әрбiр нақты жағдайда уәкiлетті орган белгілейдi.

      7. Егер мұндай қызмет кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етумен сыйыспайтын болса, жағалау белдеуiн шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асыру үшiн пайдалануға жол берiлмейдi.

      8. Жағалау белдеуiнде орналасатын объектілер құрылысының немесе оларды қайта жаңартудың жобалары уәкiлетті органмен мiндеттi түрде келiсiлуi және мемлекеттiк экологиялық сараптамаға ұсынылуы тиiс.