Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету мен қорғауды қамтамасыз етудiң кейбiр мәселелерi туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 22 шілдедегі N 771 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер  кодексiне  және "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы туралы" Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 13 қаңтардағы  Заңына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасында (бұдан әрi - Мемлекеттiк шекара):
      1) Қытай Халық Республикасымен:
      шекара маңындағы аудандардың, қалалардың, ауылдық (селолық) округтердiң, темiржол станцияларының, әуежайлардың және өзен айлақтарының аумағы шегінде шекара аймағы;
      Мемлекеттiк шекараға жанасатын жерлердiң 2000 метрлiк белдеуi шегiнде шекара белдеуi;
      шекара белдеуi шегінде Мемлекеттік шекара сызығы бойында енi 500 метрлiк карантиндiк белдеу;
      2) Қырғыз Республикасымен, Ресей Федерациясымен, Өзбекстан Республикасымен және Түркiменстанмен Мемлекеттік шекара сызығының бойында енi 50 метрге дейiнгі карантиндiк белдеу орнатылсын.

      2. Инженерлiк-техникалық құрылыстар мен қоршауларды, шекара белгiлерiн, шекарадағы орман жолдарын, коммуникацияларды және Мемлекеттік шекара арқылы өткiзу пункттерiн жайғастыру мен күтiп-ұстау үшiн Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметiне тұрақты жер пайдалануға:
      1) Қытай Халық Республикасымен шекарада - бұрын бөлiнiп берiлген жерлер, шекара белдеуiндегi де, оның шегiнен тысқары жерлерiндегi де енi 30-50 метр жер телiмдерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы бойындағы бес метрлiк белдеу;
      2) Қырғыз Республикасымен, Ресей Федерациясымен, Өзбекстан Республикасымен және Түркiменстанмен шекарада - Мемлекеттiк шекара сызығына тiкелей жанасатын енi 30-дан 100 метрге дейiнгi жер телiмдерi берiлсiн.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы сызығына тiкелей жанасатын жер телiмдерiн тұрақты жер пайдалану құқығында алғаны үшiн ауылшаруашылығы өндiрiсiнiң шығындарын республикалық бюджетке өтеуден босатылсын.

      4. "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1993 жылғы 30 маусымдағы N 552  қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1993 ж., N 25, 306-құжат) мынадай өзгерiс енгiзілсiн:
      2-тармақ алынып тасталсын.

      5. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі