Қазақстан Республикасында ядролық материалдар мен иондаушы сәуле шығару көздерiн есепке алу мен бақылаудың мемлекеттік жүйелерiн ұйымдастыру ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 22 шілдедегі N 769 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Атом энергиясын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 сәуiрдегi Заңының  15-бабының  4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасында ядролық материалдар мен иондаушы сәуле шығару көздерiн есепке алу мен бақылаудың мемлекеттiк жүйелерiн ұйымдастыру ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы алғаш ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы   
Үкіметiнің         
2005 жылғы 22 шілдедегі   
N 769 қаулысымен      
 бекiтiлген         

  Қазақстан Республикасына ядролық материалдар мен иондаушы сәуле шығару көздерiн есепке алу мен бақылаудың
мемлекеттік жүйелерiн ұйымдастыру ережесi

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасында ядролық материалдар мен иондаушы сәуле шығару көздерiн есепке алу мен бақылаудың мемлекеттік жүйелерiн ұйымдастыру ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Атом энергиясын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 сәуiрдегi  Заңына  сәйкес әзiрлендi.

      2. Ереже ядролық қаруды таратпау режимiн қамтамасыз ету, ядролық материалдармен (бұдан әрi - ЯМ) және иондаушы сәуле шығару көздерiмен (бұдан әрi - ИСК) кездейсоқ зиянды сәулелену немесе оларды халыққа немесе қоршаған ортаға залал келтiру үшiн қасақана қолдану ықтималдығын азайту мақсатында ЯМ мен ИСК-нi есепке алу мен бақылаудың мемлекеттiк жүйелерiн ұйымдастыру тәртiбiн айқындайды.

      3. Осы Ереже меншік нысандарына, ведомстволық бағыныстылығына және ұйымдық-құқықтық нысандарына қарамастан, ЯМ-мен және ИСК-мен жұмыс iстеу, ЯМ-дi, радиоактивтi заттар мен радиоактивтi қалдықтарды өндiру, пайдалану, қайта өңдеу, тасымалдау және орналастыру, ЯМ мен ИСК-нiң экспорты мен импорты кезiнде оларды Қазақстан Республикасының кедендiк шекарасы арқылы өткiзу, ЯМ мен ИСК-нi пайдалана отырып ғылыми зерттеулер жүргiзу жөнiндегi қызметті жүзеге асыратын барлық заңды тұлғаларға қолданылады.

      4. ЯМ мен ИСК-нi мемлекеттiк есепке алу және бақылау:
      1) ЯМ мен ИСК-нің бар мөлшерiн олар табылған пункттерде (жерлерде) дәлме-дәл анықтау;
      2) жоғалуын, рұқсатсыз пайдаланылуын және ұрлануын болдырмау;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының уәкiлетті органдарына, халықаралық ұйымдар мен басқа мемлекеттерге ЯМ мен ИСК-нің бар-жоқтығы және орын ауыстыруы, есептен шығарылуы және көмiлуi, экспорты және импорты туралы жедел ақпарат беру;
      4) халық қауiпсiздігі мен қоршаған ортаны қорғау мүддесiнде ЯМ-мен және ИСК-мен жұмыс iстеу жөнiндегi басқарушылық шешiмдер қабылдау үшiн уәкілетті органдарды ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.

      5. Осы Ереже уран рудасы мен табиғи уранның химиялық концентраттарын және басқа радиоактивтi рудаларды өңдеу өнiмдерiне қолданылмайды.

  2. Мемлекеттік есепке алуға және бақылауға жататын
ядролық материалдар мен иондаушы сәуле шығару көздерi

      6. Мемлекеттік есепке алуға және бақылауға:
      1) мөлшерi 1 грамнан бастап, құрамында уран-235, уран-233, плутоний мен торий изотоптары бар ядролық материалдар;
      2) мөлшерi мен белсенділігі алып қою деңгейiнен асатын ашық және жабық иондаушы сәуле шығару көздерi жатады.
      Дайындалған ИСК-лер дайын өнiм қоймасына түскен кезде есепке алынады.
      Бiр граммен немесе одан аз мөлшерде өлшенетiн, бақылау-өлшеу аспаптарында сезiмтал элементтер ретiнде пайдаланылатын арнайы бөлiнетiн ЯМ пайдаланушы ұйымдарда ғана есепке алынады.
      Иондаушы сәуле шығаруды генерациялайтын қондырғылар, радиофармацевтикалық препараттар, иммунологиялық талдауға арналған жинақтар, медициналық мақсаттағы радиоизотоптық генераторлар, радионуклидтермен белгiленген қосылыстар, сондай-ақ, 125-йодты қоса алғанда, жартылай ыдырау кезеңi 60 (алпыс) тәулiкке дейiнгi аз өмiр сүретiн радионуклидтер негiзіндегi радиоизотоптық препараттар мен ерiтінділер оларды пайдаланатын ұйымдарда ғана есепке алынады.

  3. Ядролық материалдар мен иондаушы сәуле шығару көздерiн
есепке алу және бақылау

      7. ЯМ мен ИСК-ні есепке алуды уәкілеттi орган және пайдаланушы ұйым өздерiнiң құзыретiне сәйкес жүзеге асырады және оларды бастапқы өндiру сатысынан бастап түпкілікті көмгенге дейiн жүргiзіледi.
      Өкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның заңдық құзырындағы ЯМ мен ИСК-нi бақылауды жүзеге асырады.

      8. ИСК-ні мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыру мақсатында оларды есепке алуды, олардың бар-жоқтығын және орын ауыстыруын бақылауды қамтамасыз ету үшiн, сондай-ақ, олардың жиналып қалуын, қызмет көрсету көлемiн, ИСК өндiретiн кәсiпорындардың және ИСК-ні есепке алу мен бақылаудың мемлекеттік жүйесi шеңберiнде радиоактивтi қалдықтармен жұмыс iстеу жөнiндегi мамандандырылған кәсіпорындардың өндiрiс қуаттарындағы қажеттілiктерiн болжау үшiн ИСК-нiң мемлекеттік тiзiлiмi құрылады.

      9. ИСК-нi мемлекеттік тiркеудi арнайы есепке алу нысандарының негізiнде уәкілетті орган жүзеге асырады.

      10. ЯМ мен ИСК-нiң нақты бар-жоқтығын анықтау үшiн пайдаланушы ұйым жыл сайын оларды түгендеу жүргiзедi.

      11. ЯМ мен ИСК-нi мемлекеттік есепке алу мен бақылау, оларды Қазақстан Республикасының кедендiк шекарасы арқылы өткiзудi есепке алуды қоса алғанда, пайдаланушы ұйым жүзеге асыратын ЯМ мен ИСК-нi өндiру, пайдалану, қайта өңдеу, кәдеге жарату, сақтау, тасымалдау және көму кезiндегi алғашқы есепке алу деректерiне негізделедi. ЯМ мен ИСК-нi есепке алу олардың мөлшерi, көлемi, белсендiлігі, радионуклидтік құрамы, орналасқан, сақталған және көмiлген пункттерi (жерi) бойынша жүргізіледi.

      12. ЯМ мен ИСК-нi мемлекеттік есепке алу мен бақылау ақпарат жинауды, өңдеудi және берудi, оны рұқсатсыз қол жеткiзуден қорғауды, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес басқа ақпараттық жүйелермен ақпарат алмасуды қамтамасыз ететiн ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жүзеге асырылады.

      13. Уәкілеттi орган өз құзыретiнің шегiнде:
      1) ЯМ мен ИСК-нi есепке алу мен бақылау жүйелерiнің құрылуын және жұмыс iстеуiн;
      2) ЯМ мен ИСК-нi есепке алу және бақылау жөнiндегi ақпарат жинау мен сақтауды басқаруды;
      3) пайдаланушы ұйымда ЯМ мен ИСК-нi есепке алу мен бақылау жүйелерінің жай-күйiн тексеру бойынша инспекциялар жүргiзудi;
      4) ЯМ мен ИСК-нi есепке алу мен бақылау жүргiзу жөнiндегi нұсқаулықтарды әзiрлеудi ұйымдастыруды;
      5) ЯМ дерек қорын және ИСК тiзілімiн жүргiзудi және уақтылы жаңартып отыруды;
      6) мемлекеттiк органдарға, олардың сұрау салуына сәйкес ЯМ мен ИСК-нің бар-жоқтығы және орын ауыстыруы, сондай-ақ, экспорты мен импорты туралы ақпарат берудi;
      7) қолданыстағы заңнамаға сәйкес ЯМ мен ИСК-нi есепке алу мен бақылау мәселелерi жөнiндегі халықаралық келiсiмдер мен бағдарламалар (жобалар) шеңберiндегi ынтымақтастықты;
      8) оларға рұқсатсыз қол жеткiзудi болдырмау үшiн ЯМ мен ИСК туралы ақпараттың құпиялылық режимiнiң сақталуын қамтамасыз етедi.

      14. Пайдаланушы ұйым:
      1) өзiнің теңгерiмiндегi ЯМ мен ИСК-нi есепке алуды;
      2) уәкілеттi органға ЯМ мен ИСК-нiң бар-жоқтығы, орналасқан жерi, мөлшерi, орнын ауыстыруы, экспорты және импорты туралы шынайы деректер берудi қамтамасыз етедi.